Валюта бағамы: $ 389.98 434.01 6.1 ¥ 55.04

Астана процесі: Түйінді тарқатудың тиімді жолы – бітімгершілік

Қаңтардың 23-24 күндері әлемнің назары Еуразия кіндігіндегі Астанаға ауды. Сарыарқа төрінде Сириядағы жағдайды реттеу бойынша екі күнге созылған халықаралық келіссөздер мәреге жетіп, мүдделі тараптар алты жылға жуық  уақыт жалғасып келе жатқан қақтығыстарды бітімгерлік жолмен шешу бағытында бірқатар маңызды шешімдер қабылдады. Алқалы жиыннан ақпарат таратуға  шартараптан келген 320 журналист пен 120 отандық БАҚ өкілі атсалысты.

Өркениет көшінде ықылым заманнан әйгілі Шам елінде осыдан алты жылдай бұрын тұтанған соғыс өрті толастамай тұр. Оқ пен оттан бас сауғалаған бейбіт халық шекара асып, босқын атанды, жүз мыңдаған адам опат болды. Жаһанды алаңдатқан бұл дағдарысты дипломатия жолымен реттеп, жағдайды жақсартуға мүдделі тараптар миссиялары бүгін де жалғасын табуда. 
Соның бір көрінісі ретінде үлкен саясатта Астана процесі деген атауға ие болған Сириядағы жағдайды реттеу бойынша елордамызда өткен халықаралық келіссөздерді атауға болады. 

Халықаралық қоғамдастықтың Сириядағы жағдайды бейбіт түрде реттеуге бағытталған жігер-ынтасының айқын көрінісі болып табылатын осынау алқалы жиынның Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне Тұрақты емес мүшелікті қабылдаған жылы Астанада ұйымдастырылуы да еліміздің бейбітшілікке үндейтін, бейтарап ұстанымға беріктігін, әлемде мәмілегерлік миссиясымен таныла түскендігін  айғақтайды десек болады. Ал Астана процесінің нәтижесі еліміздің Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретіндегі жұмысында көрініс табатыны түсінікті.
Жиынның алғашқы күні еліміздің Сыртқы істер министрлігі ресми Астананың негізгі миссиясы тараптардың жүйелі түрде келіссөздер жүргізуіне жағдай жасаумен шектелетінін, Қа­зақстан өзінің әуел бастағы бейтарап ұстаны­мын сақтайтынын білдірді.
Сирия дағдарысы басталған сәттен бастап халықаралық қоғамдастықты қақтығысты дипломатиялық жолмен шешуге шақырып, өзінің бейтарап ұстанымда екенін, мәселені шешуге мәмілегер болуға дайын екенін білдірген Қазақстан 2015 жылы сәуірде Сирия оппозициясы өкілдерінің қатысуымен келіссөздердің алғашқы  раундын өткізуге мұрындық болды. 
Астананың ресми ұстанымын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев келіссөздерге қатысушыларға жолдаған өзінің үндеуінде де аңғартты. «Сирияда орын алып отырған күрделі жағдай әлем жұртшылығының назарын өзіне аударуда. Алты жылға жуық уақыт бойы жалғасып келе жатқан қанды қақтығыс түрлі өркениеттер мен мәдениеттер тоғысқан өлкеге қайғы-қасіреттен басқа ешнәрсе алып келмегенін мойындауға тура келеді. Қазақстан бейбітшіліксүйгіш мемлекет және Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Таяу Шығыс өңірінде қауіпсіздік пен тұрақтылықтың орнатылуына және нығаюына мүдделі. 
Бүгінгі басқосу халықаралық қоғамдас­тықтың Сириядағы жағдайды бейбіт түрде реттеуге бағытталған жігер-ынтасының айқын көрінісі болып табылады. Қазақстан Сириядағы жағдайды реттеудің жалғыз дұрыс жолы –  өзара сенім мен түсіністікке негізделген келіссөздер болуы қажет деп санайды.
Біздің еліміздің  бүгінгі келіссөздерді өткізу орны ретінде таңдалуы кездейсоқ емес. Өздеріңіз білетіндей, 2015 жылы Астанада бірқатар сириялық оппозиция топтары келіс­сөз­дерінің екі раунды өтті. Сирия халқына түскен ауыртпашылықты жеңілдету мақсатында сириялық босқындарға 700 мың доллардан астам көлемде қаражат бөлдік, жақында 500 тоннаға азық-түлік түрінде ізгілік көмек жолдадық. Осы басқосулардың арқасында бірқатар маңызды келісімдерге, атап айтқанда, гуманитарлық мәселелер бойынша  – босқындардың қауіпсіз өтуіне дәліз қалыптастыру бойынша ортақ келісімге қол жеткізілді. Астана процесінен де осындай оң шешімдер күтіліп отыр», –  делінген Елбасы үндеуінде. 
Сириядағы жағдайды реттеу бойынша жабық есік жағдайында өткен келіссөздерге мүдделі 7 тараптың өкілдері, оның ішінде Ресей, Түркия, Иран және Сирияның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Башар әл-Джафари бастаған ресми Дамаскі делегациялары, Сирия билігіне қарсы оппозиция делегациясы, сонымен қатар Сириядағы дағдарысты реттеу процесі БҰҰ Бас хатшысының Сирия жөніндегі арнаулы өкілі Стаффан де Мистура, АҚШ тарапынан осы елдің Қазақстандағы елшісі Джон Крол қатысты.
Алқалы жиын соңындағы сөзінде сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов атап өткендей, ресми Астана келіссөздер барысында барша қатысушыларға достық ахуал мен қолайлы жағдайды қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. «Астана Сириядағы мәселелерді реттеу жөніндегі халықаралық кездесуді қабылдады. Баршаңыз білесіздер, кездесу Ресей мен Түркия президенттерінің Астанада Сирия үкіметі мен қарулы оппозиция арасындағы мәселеге қатысты келіссөздер өткізу туралы бастамасының негізінде өтті. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл бастамаға толықтай қолдау көрсетті және процесті жүзеге асыру үшін Қазақстан елордасында тұғырнаманы қамтамасыз етуге дайын екендігін жариялады. Біз, халықаралық және жергілікті БАҚ-тарды қоса алғанда, қатысушылар үшін Астанадағы кездесу кезінде барынша достық ахуалды қамтамасыз ету үшін барлығын жасадық»,  – деді министр.
Келіссөзге қатысқан тараптар халықаралық шараның ұйымдастырылу барысы мен  оның ойдағыдай өтуіне жағдай жасаған Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың еңбегіне жоғары баға берді. Қатысушылардың осы тұрғыдағы ой-пікірлерін БҰҰ Бас хатшысының Сирия жөніндегі арнаулы өкілі Стаффан де Мистураның сөзімен түйіндесек дейміз: «Бірінші кезекте  БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериштің атынан осы маңызды шараға мұрындық болған Қазақстанға, Сирия жерінде бейбітшілік орнату үшін маңызды үлес қосып келе жатқан Президент Н.Назарбаевқа ризашылығымды білдіремін. Н.Назарбаев конференция табысты өтуі үшін тікелей үлес қосып, барлық мүмкіндікті жасады. Бұған дейін Сириядағы ахуалды оңынан шешуге белгілі бір жүйе, тиісті механизм болмады. Бұл жолы біз нақты бір жүйе бойынша жұмыс жүргіздік. Гуманитарлық көмекке дейін талқылауға мүмкіндік алдық. Сириялықтар соғыстан мезі болғаны баршаға аян. Ендігі меже – қақтығыстарға жол бермеудің тетіктерін табу. Бұл ретте кешелі-бері Астана процесі аясында қыруар шаруа атқарылды. Сонымен қатар, Ресей, Түркия және Иран елдеріне Сириядағы соғыс режімін тоқтатуда кепілгер болу сынды жауапкершілікті өз мойындарына алғанына алғысымды білдіремін. Біз соғысты тоқтатуымыз керек. Сирия тарапынан Сирия үкіметі мен оппозициясының рөлін атап өткім келеді. Осы жерге келіп, ұзақ жылдардан кейін алғаш рет келіссөз үстелінің басында қатар отыру үшін үлкен саяси күш-жігер керек. Келесі аптада мен Нью-Йоркке ұшамын. Сол жерде Женевадағы келіссөздерге дайындықты бастаймыз. Астана процесінен біз үлкен әлеует көрдік».
Келіссөздер қорытындысы бойынша Ресей, Түркия және Иран тараптары бірлескен мәлімдеме жасады.  Мәлімдемеде қабылданған шешімге сәйкес, Астана процесінің арқасында қол жеткізілген ірі жетістік – Сирияда атыстың тоқтатылуына және тараптардың бір-бірін арандатуына жол бермеуіне кепілдік беретін үшжақты тетік қалыптастырылды. Ресей, Түр­кия және Иран елдері атысты тоқтату режі­міне кепіл болатын болып шешілді.
Сирияға байланысты негізгі келіссөздер алдағы ақпан айында Женева процесі аясында жалғасады. Сондықтан Астанадағы келіс­сөздер Женева кездесуінің табысты өтуіне оң ықпал етіп, алғышарттар жасайды деп үміт білдіреді сарапшылар. Үміт отын жаққан – Сирияның ресми үкіметі мен қарулы оппозиция өкілдерінің алғаш рет бір-бірімен бетпе-бет келіссөз алаңында кездесуімен ерекшеленген Астана процесі. Әрине, екі күндік келіссөз алты жылдық жанжалды тоқтата алмасы түсінікті. Алайда әлемді алаңдатқан шиеленісті бейбіт шешу жолдарын іздеу мақсатындағы ізгі ниеттен туған Астана кездесуінің маңызы ерекше. Өйткені, Шам еліндегі соғысты тоқтатуға қатысты алғашқы қадам Астанада жасалып отыр деуге болады. Яғни Астана процесі – еліміздің халықаралық аренадағы абырой-беделін одан әрі биіктете түсер оқиға екені даусыз.

KarynЕрлан ҚАРИН, 
Қазақстанның Стратегиялық 
зерттеулер институтының директоры:  

 – Кездесудің  Астанада өтуі Қазақстанды әлемдегі саяси орталықтардың бірі ретінде бекіте түседі. Дипломатияда, сыртқы саясатта «саяси астаналар» деген түсінік бар. Мәселен, әлемде қанша ел мен олардың астаналары болғанымен, санаулысы ғана осындай халықаралық кездесулер өтетін орын ретінде танымал. Сондықтан бұл кездесудің Астанада өтуі Қазақстанның халықаралық саясаттағы өзіндік рөлін одан сайын айқындай түседі. Екіншіден,  бұл – еліміздің саяси беделінің көрсеткіші. Сирия дағдарысына қатысты кездесудің өзге елде емес, Қазақстанда өтуінің тағы бір себебі – Ресей тарапынан да, Түркия мен Иран тарапынан да ресми Астанаға мұндай процесті қамтамасыз ете алатындығына деген сенім болып отыр. Сондықтан бұл – Қазақстан үшін өте жоғары маңызға ие оқиға. Сириядағы дағдарыс – бұл мұсылман бауырларымыздың басындағы трагедияға ұласып жатқан жайт. Ал біз өз еліміздің астанасынан Сирия дағдарысын шешуге орын беру арқылы бір дінді ұстанатын, бүгінде соғыс зардабын бастан кешіріп отырған мұсылман бауырларымыздың жағдайын шешуге аз да болса өз үлесімізді қосамыз. Қазақы тілмен айтсақ – бұл сауапты іс.

Andrey2Андрей МАМЫКИН,
Еуропалық Парламент депутаты:

– Тараптардың Астана алаңында кездескені көңілге сенім ұялатты. Қазақстан тарапының араағайындық жасауымен Сирияда бітімге келе алмай жатқан тараптар өз мүдделерін алға тарта беруді тоқтатып, елдің болашағына алаңдаушылық білдіргенін көрдік. Әрине, бұл жағымды жаңалықтың басы деп ойлаймын.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тараптардың өзара мәмілеге келуі үшін барлық жағдайды жасады. Н.Назарбаевтың бұл еңбегі еш кеткен жоқ деп есептеймін.

 

 

ДЖАФАРИБасар әл-ДЖАФАРИ,
Сирияның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі:

– Астанадағы екі күнге созылған кездесуде біз күні-түні жұмыс істедік. Тараптар өзара мәмілеге келудің қаншалықты зор маңызға ие екендіктерін түсініп отырғандарын байқатты. Келіссөздер барысында біз өз мақсатымызға қол жеткізуге, атысты тоқтатуды қамтамасыз етіп, дағдарысты дипломатиялық жолмен, бейбіт саяси шешімдер жолымен шешуге тырыстық. Нәтижелі жұмыс істеуімізге жан-жақты жағдай туғызған Қазақстан Республикасына және Президент Н.Назарбаевқа ризашылығымызды білдіреміз. Астана процесін ұйымдастыру арқылы Қазақстан өзінің күш-жігері жоғары ел екенін көрсетті деген сенімдеміз. Сирия үкіметі елде бейбітшілік орнатуға ұмтылады. Өкінішке қарай, қазір қантөгістер орын алып отыр, соны тоқтату үшін әртүрлі елдерден арнайы делегация жиналды. Баршасы қантөгісті тоқтатуға тырысты. Астана – нақты қадамдар талқыланатын жер. Біз нақты қадамдарды талқы¬ладық және белгілі бір нәтижелерге қол жеткіздік. Бұл процестің орны бөлек. Астананың аты – Астана, Женева кездесуі бір басқа.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Пікір(2)

  • Аруна
    27.01.2017 at 3:46 pm

    Түйіткілді түйінді тарқатуға септігіміз тисе, жақсы болатын еді.

  • Азат
    30.01.2017 at 4:11 pm

    Елбасы мықты дипломат. Ел басқару мен басқа мемлекеттермен байланыс орнытқанда да осы дипломатиялық саясатты мықты қолданады. Елбасының осы саясатын біз жоғары бағалаймыз.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру