Валюта бағамы: $ 389.98 434.01 6.1 ¥ 55.04

Билік реформасы – ел дамуының заңды кезеңі

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  Мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері  жөніндегі жұмыс тобының отырысына қатысты.

Уақыт талабынан туындап отырған бірқатар мәселелерді шешу мақсатында Мемлекет басшысының өкімімен арнайы құрылған жұмыс тобының отырысында Нұрсұлтан Назарбаев күні кеше бүкіл еліміз болып атап өткен мерейлі мереке – Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде Қазақстан халқы Конституцияны басшылыққа  ала отырып, айтарлықтай табыстарға қол жеткізгенін, қоғамдық келісім мен тұрақтылықтың арқасында орнықты дамуға жол ашылғанын,  осы бағыттан айнымай, ел дамуын ілгері бастыру үшін ендігі кезекте мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесі республика дамуының жүйелі және заңды кезеңі болып табылатынын атап өтті. 
– Мен ұсынған бес институционалдық реформаның бірін іске асыру Үкіметке экономика саласында қосымша атқарушылық өкілеттіктер беруді көздейді. Бұл орайда қорғаныс қабілетінің, сыртқы саясаттың, мемлекеттік басқарудың, Конституцияны қорғаудың және мемлекеттік билік тармақтары арасында тиімді жұмысты қамтамасыз етудің негізгі мәселелері Президенттің құзырында қала береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы осыған дейін Қазақстан Президен­тінің ерекше құзырына жатқызылған өкілеттіктер санының азаятынына назар аударды.
– Мысалы, бағдарламаларды бекіту, Үкіметтегі кадрлық өзгерістер мәселелері, жаңа басқару органдарын құру Үкімет пен Парламенттің құзырына берілуі мүмкін, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті мемлекеттік басқару жүйесінде Парламенттің рөлін пәрменді түрде күшейту қажеттігінің маңыздылығына тоқталды.
– Біздің жағдайда Үкімет жеңіске жеткен партиядан немесе фракциядан жасақталады.
Осылайша, көптеген мәселелер бойынша Пар­ламенттің Үкіметке қатысты рөлі қайта қаралуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіліп отырған реформалар мен олардың сәтті іске асырылуына мемлекеттік органдардың жауапкершілігі мәселесіне арнайы тоқталды.
Өз кезегінде жұмыс тобының жетекшісі Әділбек Жақсыбеков Елбасыға мемлекеттік билік тар­мақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу жөнінде әзірленген ұсыныстар туралы баяндады.
– Жұмыс тобы алға қойылған міндетке сәйкес үш бағыт бойынша ұсыныстар әзірледі.
Бірінші. Конституцияға өзгерістер енгізуді қажет етпейтін, Мемлекет бас­шысының заңмен белгіленген өкілет­тіктерін қайта бөлу жөніндегі ұсыныс­тар. Бұған қатысты мем­лекеттік орган­дардың ұсыныстары жүйе­ленді. Жалпы, ұсыныстар әлеуметтік-экономи­калық сала мәселелері реттелетін өкілеттіктерге қатысты. Олар –  экономиканы, қаржыны, мемлекеттік мүлікті басқару мәселелері, әкімшілік-аумақтық құрылымның жекелеген мәселелерін шешуге байланысты өкілеттіктер. 
Екінші. Жоғарғы Сот пен Бас прокуратура сот және құқық қорғау жүйесінің қызметін одан әрі жетілдіру жөнінде ұсыныстар берді. Олар да Конституцияға өзгерістер енгізуді қажет етпейді. Бұл сот бақылауын күшейтуге, прокурорлардың азаматтық және әкімшілік процеске қатысуын одан әрі шектеуге қатысты ұсыныстар. Барлығы сот-құқықтық сала бойынша конституциялық өзгерістерді қажет етпейтін 13 ұсыныс жасалды.
Үшінші. Жұмыс тобы Конституция нормаларын түзетуді көздейтін 40-қа жуық ұсынысты жеке қарады. Бұл мәселеде депутаттық корпус, ғылыми-сарапшылық қауым белсенділік танытты. Енгізілген ұсыныстар Парламент пен оның палаталарының өкілеттіктерін кеңейтуді көздейді, соның ішінде олар Үкімет құрамын жасақтауға да қатысты. Сонымен қатар Үкіметтің Парламент пен оның палаталары алдындағы есептілігін күшейту ұсынылды.
Сонымен қатар, Үкіметтің дербестігі мен жа­уап­кершілігін күшейту жөнінде ұсыныстар келіп түсті. Сот-құқық саласын жаңғыртуға бағыт­талған ұсыныстардың да бір бөлігі Конституцияны өзгерту мәселесімен байланысты. Атап айтқанда, ол Жоғарғы Соттың мәртебесі мен функцияларын нақтылау мүмкіндігіне және судьяларға қойылатын талаптарды анықтауға қатысты. Прокуратура органдарының мәртебесі мен өкілеттігін анықтайтын нормаларға түзету енгізу ұсынылды. Конституциялық бақылау тетігін жетілдіру туралы ұсыныстар енгізілді.
Осылайша, Сіздің қарауыңызға Конституцияны өзгертпей, заңнамамен  белгіленген өкілеттіктерді қайта бөлуді көздейтін базалық ұстанымдар енгі­зіліп отыр.
Сондай-ақ, Конституция нормаларына бірінші кезекте Парламенттің өкілеттігін кеңейтуге, сонымен бірге Үкіметтің дербестігі мен жауапкершілігін күшейтуге бағытталған өзгерістер енгізу мүмкіндігі жөнінде ұста­нымдар әзірленіп, Сіздің қарауыңызға ұсынылып отыр, – деді Ә.Жақсыбеков.
Жұмыс тобының мүшесі, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару акаде­миясының профессоры Зинаида Федотова ұсынылған түзетулердің сындарлы сипатына тоқталды.
– Біз негізінен Үкімет иеленуге тиісті ұйым­дастыру-атқару функцияларын беріп жатырмыз. Бұл – Үкіметтің де жауапкершілігі. Парламенттің жұмысына қатысты алсақ, біз Мәжілістің көп жағдайда келісім беру жөніндегі өкілеттікке ие екенін көріп отырмыз. Бұл мәселенің дер кезінде қолға алынуы көңілімізден шығады. Өйткені, мемлекеттік басқару ісіндегі Президент пен Үкіметтің, Парламенттің және өзге де органдар арасын­дағы өзара қарым-қатынас уақыт талабына сай болғаны жөн, – деді профессор.
Сонымен қатар, жұмыс тобының мүшесі, Әділет министрі Марат Бекетаев Президенттің өкілеттігі бекітілген нормаларды анықтау жөніндегі Үкімет жүргізген талдауды жариялады.
– 11 конституциялық заңға, 20 кодекс пен 298 заңға талдау жасалды. 11 кодекс пен 80 заңда Президенттің өкілеттігін белгілейтін нормалар қарастырылған. Үкімет жұмыс тобымен бірлесіп, Мемлекет басшысының өкілеттігін қайта бөлу жөнінде 32 ұсыныс әзірледі. Бұл ұсыныстар Конституцияға өзгерістер енгізбей-ақ, басқа заңдарға өзгерістер енгізуді көздейді, – деді министр.
Сондай-ақ отырыс барысында «Қазақ­станның заңгерлер одағы» республи­калық қоғамдық бір­лес­тігінің төрағасы Рахмет Мұқашев жүргізіл­ген талдаудың негізінде барлық филиалдарда талқылаулар өтіп жатқанын айтты. Ол атап өткендей, еліміздің заңгерлер қауымы жүргізіліп жатқан реформаның өзектілігі мен уақытында қолға алынғанын айтып,  қолдау білдіруде.
Сонымен бірге жиында сөз алған Қазақ гума­ни­тарлық заң университеті Азаматтық-құқық­тық зерттеулер ғылыми-зерттеу инсти­ту­­тының директоры Төлеш Қаудыров,  Д.А.Қонаев атын­дағы Еуразиялық заң акаде­мия­сының ректоры  Өмірәлі Жалаири  мем­лекеттік билік тармақтары арасындағы өкі­леттіктерді қайта бөлу ісінің  дер уақытында қолға алынғандығын, алға қойылып отырған міндеттердің өте орынды екенін атап өтті.
Жиын барысында ортаға түскен ой-пікір түйіні – дамудың жаңа белесіне қадам басқан еліміз үшін қолға алынған реформаның өзектілігі мен маңыздылығы сөзсіз дегенге саяды.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір(3)

  • Сатыбалды
    26.01.2017 at 5:02 pm

    Реформалар еліміздің болашағына бастайтын жол.

  • Дарина
    27.01.2017 at 3:48 pm

    Биліктегі реформалар жақсылыққа бастасын, ең бастысы.

  • Өркен
    30.01.2017 at 4:05 pm

    Жаңа кезеңнен сүрінбей өтейік.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру