Валюта бағамы: $ 389.98 434.01 6.1 ¥ 55.04

Қазақстанның «Менделеев кестесі»

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби 
атындағы ҚазҰУ
кафедра меңгерушісі 
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

Ел экономикасын өрге сүйреп келе жатқан дәстүрлі өндіріс салаларының бірегейі – метал­лургия жөнінде әңгіме болғанда, қанатты сөзге айналған «Менделеев кестесі» тіркесі бірден ойға оралады. Расында да, әрбір мектеп оқушысына етене таныс осынау көрнекі құралда қазақ жерінің үсті мен астындағы қазба байлықтардың барлығы өзінің ғылыми сипатталған бейнесін тапқан. Сонымен қатар жаңадан ашылып жатқан химиялық эле­мент­тердің де туған өлке төсінен табылуы таңдандырмай қоймайды.

Болашақ ұрпақтар игілігі болып табылатын осынау кеніштер  шет елдік және жергілікті инвестицияларды тартуға мүмкіндік туғызып отыр. Сонымен қатар металлургиялық кәсіпорын­дардың басым бөлігі негізқұраушы кәсіпорын­дар болып табылады. 
Олардың жағдайы­ның жақсы болуы бүгінгі таңда көптеген әлеуметтік мәселелер­дің шеші­мін табуға, атап айтқанда жұмыссыз­дық­ты кемітуге,  әлеуметтік инфра­құрылымды дамы­туға оң ықпал етуде. 
Саладағы бағаны қалыптастыратын жала­қының төмендігі, энергетикалық ресурс­тар­­дың арзандығы мен  амортизациялық шығын­дардың аздығы сияқты жетекші факторлар отандық металлургия өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігінің артуына себепкер. Сөйтіп, жаһандық металлургиялық өндіріс орталығы Азияға қарай орын ауыстырған қазіргі ахуалда Қазақстан қуаты жағынан Қытай мен Ресейден кейінгі үшінші орынға жайғасып отыр. Сала білікті жұмысшылар мен инженер-технолог мамандарды сақтап қалды, сонымен қатар жаңа нысандарға жұмыс күшін тартуға қажетті жағдайлар жасалып, мамандардың кәсіби шеберлігін шыңдауға назар аударылып отырғанын атап өтуге болады.
Табиғи қорлардың молдығы және өндіріс көлемінің ауқымдылығы арқасында кен өндіру өнеркәсібі мен металлургия еліміздің ең бәсекеге қабілетті және қарқынды дамушы салаларының бірі болып отыр. Мәселен, титан өндірісі бойынша Қазақстан әлемде 3-орынды, мырыштан 7-орынды, қорғасыннан 8-орынды, темір кенінен 13-орынды, мыстан 15-орынды және болат өндірісінен 35-орынды иеленеді. Мыс, қорғасын және мырыш кені тиісінше әлемдік қордың 5,5, 10 және 13 пайызын құрайды. Қазақстандағы жалпы көмір қоры 150 миллиард тонна және еліміз уран өндірісі бойынша әлемдегі көшбасшылардың бірі болып табылады. 2009 жылдан бері Қазақстан сирек кездесетін металдардың 15 түрінің концентратын өндіруде, өндіріс көлемі жыл сайын 1500 тоннаға дейін артуда. 
Кен өнеркәсібі мен металлургия кешені металл өңдеу бойынша жаңа 30 кәсіпорынды дамытуға есептелген. Бұл орайда жоғары технологиялы тауарларды өндіру қарқынын арттыруға және экспортты ұлғайтуға кеңейтуге басымдық берілген. Елдің металлургия өнімдерін тұтынушы басты нарықтар – Қытай мен Еуропаның  ортасында орналасуы Қазақстан логистикасының дамуына оң әсер етуде.
 Дерек пен дәйекке жүгінсек,  кен-металлургия кешенінің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 7 пайыз шамасында және еліміздің өнеркәсіптік өндірісінің жалпы көлемінің ширек бөлігіне жуығын құрайды. Тау-кен өндірісінің үлесі жалпы экспорттың 30 пайыздайын құрайды, мұнда өндірілген кеннің 80 пайызы сыртқы нарыққа жөнелтіледі. Өңдеуші өнеркәсіпте өнімнің 35 пайызы металлургия үлесіне тиеді. Бүгінде сала құрамына 70-тен астам кәсіпорындар мен ұйымдар кіреді, 16 комбинат жаңадан іске қосылды. Статистика мәліметтеріне сәйкес  металлургия  бойынша 199 ірі және 600 орта кәсіпорын тіркелген, соның ішінде темір кенін өндіруші 10 кәсіпорын, түсті металлургия өндіруші 70 кәсіпорын, қара металдарды қайта өңдеуші 71 кәсіпорын, түсті және асыл металдарды қайта өңдеуші 48 кәсіпорын, дайын өнімдерді өндіруші 600 орта және шағын кәсіпорын еселі еңбек етуде.
Пысықталған жобаларға сәйкес Қостанай облысында жылына 1,4 млн. тонна ыстық брикеттелген темір, 75 мың тонна сұрыпты илемдеу, 450 мың тонна металлопрокат өндіру; Жамбыл облысында  64,8 мың тонна ферросиликомарганец; Ақтөбе облысында 440 мың тоннаға дейін феррохром, 500 мың тонна түйіршіктелген шойын өндіру; Ақмола облысында 8 млн. тонна кен, 15 тонна алтын өндіру; Павлодар облысында 500 мың тонна мыс мыс концентратын, 125 мың тонна бастапқы алюминий, 100 мың тонна рельс өндіру; Шығыс Қазақстан облысында 500 мың тонна концентратын өндіру, қуаттылығы жылына 25 мың тонна мыс балқыту зауытын салу; Қарағанды облысында 10 млн. тонна болат өндіру қолға алынып, өз нәтижесін беруде.


Оқи отырыңыз

Пікір(2)

  • Айбар
    30.01.2017 at 4:07 pm

    Қазақстанда Менделеев кестесінің барлық элементтері бар деп бекер айтпаған ғой. Жеріміз пайдалы қазбаларға бай.

  • Жомарт
    30.01.2017 at 4:08 pm

    Осы пайдалы қазбалар мен элементтерді өндіріп, тиімді пайдаланып жүрміз бе?..

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру