Валюта бағамы: $ 333.08 391.5 5.64 ¥ 50

Өзен-көлге бай өлкеде балық өсіру неге мардымсыз?

Ақ Жайық өңірі – өзен-көлге бай. Табиғаттың мол сыйына қоса табиғи климаттық жағдай да балық өсіруге қолайлы. Алайда қазіргі уақытта су айдындарын пайдалануға алған кәсіпкерлердің көпшілігі балық ресурстарын және басқа да су жануарларын өсіруге, көбейтуге және оларды қорғау үшін тиімді жолдарды  қарастыруға аса құштар емес. Анда-санда өтетін жәрмеңкеде болмаса, қала тұрғындары делдалсыз балғын, яки тірі балық сатып ала алмай жүр. Ауылдағылардың да су жағасында тұрып, бал татыған балық сорпасын ішіп отырғаны шамалы. 

Өйткені су қоймаларын меншіктеп алған қожайындар өзен-көл жағасын қызғыштай қорып жолатпайды. Ендігі жерде су қоймаларын пайдаланушыларға қойылатын заңды талап күшейеді, тіпті балық аулау квотасы барлар белгіленген кесте бойынша қалалықтарға тірі балық сатуды  жалғастырады. Бұл туралы БҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мәжіліс залында өткен өңірдегі балық шаруашылығын дамыту, табиғат пайдаланушылардың өз міндеттерін атқаруы жайына арналған кеңесте жан-жақты айтылды.  
Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының  басшысы Амангелді Дәулетжановтың айтуынша, жергілікті маңызы бар 70-тен астам су айдынының 45-і конкурстар бойынша 30 балық шаруашылығы субъектілеріне бекітілген. Олармен балық шаруа­шылығын жүргізу жөнінде келісімдер жасалған. 30 су қоймасы резервтік қорда тұр. Табиғат пайдаланушылар бірнеше жыл бойына (5 жылдан  49 жылға дейін) балық қорын сақтауға, молайтуға, ғылыми зерттеуге, материалдық-техникалық базаны ны­ғайтуға қаржы бөліп, жұмыстануға міндеттеледі. Осы мақсатқа орай 2015 жылы 22 табиғат пайдаланушы 14 млн. 200 мың теңге шамасында қаржы жұмсаған, соның ішінде балық қорын молайтуға 2 млн. 41 мың теңге жұмсап, 707 625 балық шабақтары суға жіберілді.  2016 жылдың 10 айы ішінде 32 табиғат пайдаланушымен 20 млн. 067 мың теңге жұмсалды, 2 млн. 959 мың теңгеге су қоймаларына 730 мың шабақ жіберілген. Өткен жылы балық аулау квотасы 240 тонна болып, ол 90%-ға орындалды. Ал биыл квота шамасы 349 тоннаны құраса, ол қараша айының басында 240 тонна (69%) болып орындалған. 
– Балық шаруашылығының барлық субьектілері өз міндеттеріне адал қарамайды. Келісімшарттарын орындап жүргендердің ішінде «Марченко» ЖК-ын айтуға болады. Ол тоған түбін тереңдету мақсатында бөгет салып, табиғат аясында демалатындарға арнап 4-7 орындық үй тұрғызды. Тұқы балығының шабақтарын өсіретін шағын инкубациялық цех құрылысын салды. 2015 жылы  180000 дана 7-15 грамм салмағындағы шабақтарды өсіріп шығарды. Келешекте тұқының дәрнәсілдері мен шабақтарын өңірдің табиғат пайдалнушыларына таратуды жоспарлап отыр, – деді А. Дәулетжанов. Оның айтуынша, «Алтын дән» ЖК (Рубежка өзеніндегі су қоймасын пайдаланушы), «Алтын бидай» шаруа қожалығы (Корей тоғаны) балық шаруашылығын жүргізу міндеттеріне жүрдім-бардым қарап, ең ақыр аяғы басқармаға есептерін де тапсырмайды. Келісімшарттарына салғырт қарайтын субъектілер қатарында «Мансурова А. Д.», «Жанбузов», «Илиманова Н. А.» жеке кәсіпкерліктері, «Оралагрореммаш» АҚ бар.
Жиында облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Закария Тұралиев,  «Қазақ балық шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» ЖШС БҚФ-ның ғылыми қызметкері Дмитрий Пилин балық шаруашылығын жүргізу және балық ресурстарын қорғау жөніндегі келісімшарттардың  орындалуы, облыс аумағындағы тауарлық балық шаруашылығын дамыту келешегі жайында баяндады. Сонымен қатар табиғат пайдаланушылар  Мүтиғолла Жанбозов, Дмитрий Марченко балық шаруашылығын дамыту жайындағы өз ойларымен бөлісті. 
– Әрбір табиғат пайдаланушымен су айдыны­ның аумағына қарай суға жіберілетін балықтың шамасын анықтап, бекіту керек. 150 мың теңгеге балық аулап, 50 мың теңгеге балық шабағын алып, балықты көбейтемін дейді. Сонда 50 мың теңге жұмсап, балықты қалай көбейтуі мүмкін? Балық қоры жыл санап азайып барады. Су қоры да тапшы. Қазір өңірдегі каналдарды, шлюздерді жөндеуді қолға алдық. Алдағы бес жылда суландыру жүйесін бұрынғы қалпына келтіреміз. Балықты көбірек аулаймыз, Атыраудың балығын квотамен алып, Ресейге сатамыз, ал оны молайту жұмыстары мүлдем мардымсыз. Барлығын тәртіпке келтіруіміз керек. Бұрын ауыл шаруашылығы саласында «Агробизнес — 2020» бағдарламасы болды, енді соны 2017-2021 жылға дейін деп жаңадан бекітеді. Онда балық шаруашылығы саласын дамыту қаралған. Сондықтан балық шаруашылығын дамытудың облыстық бағдарламасын жасақтайық. Мемлекет тарапынан қандай қолдау-көмек керек, қандай көлемде нендей шаруаға субсидия қажеттігін анықтайық. Облыста мал шаруашылығы қалыпты дамуда, салаға субсидиялар бөлінуде, жыл санап асыл тұқымды мал саны өсуде. Осы сықылды балық шаруашылығын да дамытайық. Ешкімге тиын-тебен салып, судан миллиондап табыс табуға жол берілмейді. Өз міндеттерін орындағысы келмегендерді комис­сияға шығарыңыздар, – деген облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов жиынды қорытындылап, тиісті басқарма, инспекция басшыларына табиғат пайдаланушылармен жұмысты ширатуды тапсырды.  

Гүлбар ДЫБЫСҚАЛИ, 
Батыс Қазақстан облысы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X