Алматы әкімдігі ұсыныс жолдады

Парламент Мәжілісінің депутаттары мен Алматы қаласы әкімдігінің жұмысшы тобы ПИК  қызметін ретке келтіру бойынша еліміздің тұрғын үй  заңнамасына өзгерістер енгізу туралы Үкімет пен Мәжілістің қарауына жіберілген ұсыныстарды қарап, талқылады.

Алматыда бүгінгі күні 8,5 мыңнан астам көп­пәтерлі тұрғын үйлер бар және тұрғын үй қорын лайықты ұстау мәселесі қала басшылығы іс-қызметінің маңызды бағыттарының бірі. Бұл ретте пәтер иелері кооперативтеріне жүктелер міндет зор. Қазіргі кезде қалада 800-ден астам ПИК-тер бар. Сонау 1997 жылы қабылданған «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң ПИК-тердің жұмысына айтарлықтай өзгерістер  әкелген жоқ, әрі  бұл саланың талапқа сай дамуына ықпал етпеді.
Алматы қаласы Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Әнуар Өскенбаев өзінің сөзінде тұрғындар алдында ПИК-тердің жауапкершілігін арттыру мақсатында Алматы қаласы әкімдігі жұмысшы тобының еліміздің тұрғын үй заңнамасына өзгеріс енгізу бойынша 29 ұсыныс жасағанын айтты.
«Қаржыны жұмсауда ашықтықтың жоқтығы салдарынан кейбір ПИК-терде  әкімшілік шығындарға ақшаның 80%, ал үйлерді ұстап тұруға небәрі 20% ғана жұмсалады. Демек, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға өзгерістер енгізу қажет, сонда ғана ПИК-тердің ағымдағы қаржыларын есептеуге әрі ортақ мүлікті күрделі жөндеуден өткізуге  жұмсалатын шығынды дәл  анықтауға болады. Тұрғындардың ПИК төрағаларын ауыстыруға байланысты сот шығындарына қаржы жұмсауын да тоқтатқан жөн», – деді Ә.Өскенбаев.
ПИК-терге жиналған қаржыны тек тұрғындар­дың келісімімен ғана жұмсауды міндеттеп, оның тек 50 пайызын ғана әкімшілік шығындарға жұмсауды заңдастыру қажет. Сонымен қатар, ПИК төрағаларының өкілеттігі үш жылға дейін ғана ұзартылып, оларды өздеріне қарас­ты үйлер мен аулаларды, бала  бақ­шаларды, спорт алаңдарын таза ұстауға міндеттеп, жиналған ақша­ның жұмсалуы мен ортақ мүлікті жалға беруден түскен қаржыны тексеру үшін Тұрғын үй инспекциясына өкілеттік беру керектігі де айтылды. Сонымен қатар, қаржының мақсатты жұмсалуын қадағалау, олай болмаған жағдайда ПИК төрағасын ауыстыру және мақсатсыз жұмсалған қаржыны ПИК-ке қайтару үшін сотқа жүгіну үшін Тұрғын үй инспекциясына өкілеттілік беру де ұсынылды.
«ПИК-тердің жұмысына жаңа­лықтар енгізіп, олардың тұрғын­дармен және мемлекеттік органдармен ара-қатынасын жақсарту қажет. Талқыға салынған ұсыныстардың барлығы орынды. Бұл өзгерістердің барлығын қарайтын боламыз», – деп атап өтті Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Серік Құсайынов тұрғын үй қа­тынастары саласында ПИК-тердің жұмыстары бойынша арыз-шағым­дардың көп түсетіндігін жеткізді.
«Біз бұл ұсыныстарды басқа қалаларда да талқылаймыз, одан соң олар түрлі мемлекеттік са­рап­тамадан өтеді, толықтырулар енгізіледі, ме­ніңше, бұл өзгерістер қолдау табады деген сенім­демін. Өйткені, аталған ұсыныстар­дың барлығы еліміздің барлық азамат­тарының тұрмыс жағдайын жақсар­туға бағытталған», – деді С.Құсайынов.
ПИК-тер ассоциациясының төр­айымы Бибігүл Жүнісбаева да ұсы­нылып отырған өзгерістер­дің бар­лығы ұтымды екенін және заманауи талапқа сай әр тараптың атқаратын міндеттерін нақты­лай­тын­дығын қа­дап айтты.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың маусым айында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек осы мәселеге қатысты арнайы жиын өткізіп, өзгерістерді жасап, ұсынатын құрамына мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүше­лері, ПИК-тер ассоциациясы­ның өкілдері енген жұмысшы  тобын құруды  міндеттеген болатын. Ұтымды ұсы­ныстардың барлығы ПИК-тердің тұрғындар алдын­дағы жауапкершілігін арттырумен қатар жи­налған қаржының ашық жұмсалуын қамтамасыз ететін болады.


Шерхан МОЛДАХМЕТ

Пікір қосу