Валюта бағамы: $ 315.15 340.05 5.53 ¥ 45.74

БАСТЫ МІНДЕТ – ІЛГЕРІ ДАМУ

Жыл қорытындысындағы байлам – осы

Облыстық әкімдікте өткен жиын барысында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдің 2016 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын-ала қорытындысын шығарды.

2016 жылы Ақтөбе облысы алға бағыттал­ған даму қарқынын одан әрі жалғастырды. Елбасшылығының, ҚР Үкіметінің қолдауы­мен, жергілікті атқарушы органдар Мемлекет бас­шысының негізгі әлеу­меттік-эко­но­­микалық көрсеткіштер­дің төмен­деуін бол­­дырмау бойынша берілген тапсырмасын жү­зеге асырды.
Соңғы статистика­лық мәліметтерге сәй­кес, өнеркәсіп өнді­рісі көлемі, негізгі ка­­пи­талға инвестиция­лар тарту, белсенді ша­ғын және орта бизнес субъектілерінің саны, ауыл шар­уа­­шылығының жалпы өнімі, облыс­тағы мем­лекеттік кіріс бюджетінің т.б. жылдық жоспары 100%-дан астам жүзеге асырылған. Сондай-ақ, құрылыс жұмыстары және бөлшек тауар айналымы көлемдері де жыл қорытындысы бойынша толық орындалады деп күтілуде.
Жекелеген аудандардың кейбір әлеумет­тік-экономикалық көрсеткіш жоспарын жүз пайыз орындамағанына қарамастан, облыста оң нәтижелерге қол жеткізілді. Белгіленген болжамдық көрсеткіштердің игерілмеу себеп­тері қаңтар айының екінші онкүндігіне өтетін кеңейтілген отырыста егжей-тегжейлі талқыла­натын болады.
Кеңес барысында сондай-ақ, бюджеттің шығыс бөлігі 99,5%-ға орындалғаны айтылды. Бердібек Сапарбаев бюджеттік бағдарламаларды іске асыратын басқарма басшыларына қаржыны игермегені үшін олардың жеке жауапкершіліктері қаралатынын еске салды. Әсіресе 320 миллион теңгеге жуық қаржыны игермеген облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының жұмысы қатаң сынға алынды.
– Спорт мектептерін жарақтандыру, спорт инфрақұрылымын жақсарту үшін тиісті ми­нистрліктер, ведомстволармен қаржы бөлу жөнінде жыл бойы жұмыс жүргізілді. Ал нәти­жесі осы! Бұл жауапкершіліктің жоқтығын көрсетеді. Әсіресе әлеуметтік-мәдени сала нысандарына «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша бөлінген қаражаттың игерілмегені қынжылтады. Біздің мектептердің, бала бақшалардың, жолдардың жай-күйін жақсы білемін. Мемлекет бізге жағдайды дұрыстау үшін, жақсарту үшін қаржы бөледі, ал біз оны игере алмаймыз. Жауапкершіліктен қашамын деп ойламаңыздар, олай болмайды, – деді өңір басшысы мемлекеттік бағдарлама әкімшілерінің басшыларына.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі бір қатар тапсырмалар белгіледі.
– Біз жылды қалай бастасақ, солай қо­рытын­дылаймыз. Өткен жылы атқарылған қарқынды жұмыс 2017 жылы да жалғасатын болады. Осы жылғы бюджет былтырғымен салыстырғанда 15%-ға артты. Бөлінген қара­жатты уақытында игеру үшін конкурстық процедураны дер кезінде өткізу маңызды. Біз халық игілігі үшін бірлесе отырып бұдан да артық жұмыс жасауымыз керек. Бүгінгі күні біз өткен жылы қандай кемшіліктерге жол бергенімізді саралап, қандай мәселелер­ге ерекше назар аударуымыз қажеттігіне көңіл бөліп, жұмыстың бірыңғай бағытта­рын айқындауымыз қажет. Біздің міндетіміз – Мем­лекет басшысының халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған тапсырмаларын орындау мақсатында кемшіліктерімізді жойып, өңірді одан әрі дамыту үшін барлық резервтерді пайдалану, – деп жиынды қоры­тындылады Ақтөбе облысының әкімі.

Ислам АСФЕНДИЯР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X