Валюта бағамы: $ 335.33 395.49 5.7 ¥ 50.75

Іледегі іргелі шаруашылықтар қарқынды дамуда

Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Үмбетов арнайы жұмыс сапармен Алматы облысының іргелі аудандарының бірі Іле өңіріне келіп қайтты. Аудан әкімі Қыдыркелді Медеуов бастаған делегация Байсерке ауылындағы сүт өндіретін «Danone» зауытына барды.

Әлемнің 120-дан аса еліне өнімдерімен танылған француздық бренд 2010 жылы облысқа Серік Үмбетов басшылық жасаған тұста ашылған болатын. Бүгінгі күні «Danone» шетелдік импорт емес, нағыз отандық өнімге айналып үлгерді.
Зауыттың өндірістік нысандары шикізатты сақ­тау мен өңдеудің соңғы үлгідегі экологиялық технологияларын қолдана отырып, яғни өнімнің экологиялық таза және сапалы болуына маңыз бере отырып жобаланған. Алғаш ашылған кезеңнен бастап қарқынын күшейткен зауыт бастапқыда 11 түрлі өніммен жұмысын бастаса, жылдан жылға шығаратын өнім түрлерін көбейтіп келеді, анықтап айтқанда 58-ге жеткен.
«Danone» зауытының бас инженері Юрий Ершовтың айтуынша, зауыт өзінің жобалық қуатына толық шыққан, яғни жылдық өнім шығарылымы 14 мың тоннаға жеткен. Сонымен қатар ол бүгінгі таңда зауыттың 2300 тасымалдаушымен жұмыс істеп отырғанын, соның 1800-і қазақстандық компаниялар екенін де тілге тиек етті.
Ю.Ершовтың сөзіне сүйенсек, «Danone» компаниясының жергілікті шаруаларды қолдауға бағытталған арнайы бағдарламасы, оқыту курстары, кеңес беру және техникалық көмек көрсету қарастырылған. Мәселен, фермерлерге тоңазытқыш беріледі.
«Қазақстан осындай ірі кәсіпорындары арқылы 200 миллионнан астам халық тұратын Кедендік одақ пен Орта Азия елдерінің арасында жаңа көпірге айналып отыр. Осы өндіріс ошағында 400-ге жуық адам еңбек етеді. Алыс ауылдардан жеткізілетін құнарлы сүт малшаруашылығын дамытуға үлкен серпіліс беріп отыр. Бұл зауыттың әлі де шарықтап дамуына сенеміз. Ойға алған мақсаттарына жететініне көзіміз жетеді», – деді Серік Әбікенұлы өз сөзінде.
Жұмыс кестесіндегі келесі бағыт «Даму» логистикалық орталығы болды. Орталық аймағында «Amanat Invest Group» ЖШС президенті Сәкен Тойлыбаевпен аз-кем әңгімелесті. Сонымен қатар аудандағы «Междуреченск-Агро» ірі қара мал шаруашылығы фермасына тоқтап, жағдайларымен танысты.

Сағыныш НАМАЗШАМОВА,
Алматы облысы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X