Валюта бағамы: $ 333.08 391.5 5.64 ¥ 50

ҰЛТ МЕРЕЙІН АСЫРАТЫН ШАРАЛАР

Елорда төрінде қазақ ауылдары бой көтереді

 

Астанадағы «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі кезінде баламалы энергетикаға арналған озық ғылыми-техникалық жетістіктермен қатар, Қазақстанның ұлттық мәдениеті мен салт-дәстүрлері де кеңінен таныстырылатын болады. Осыған орай, мәдени-спорттық шаралардың кешенді бағдарламасы әзірленді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған бағдарламада атап көрсетілгеніндей, қазақ халқының тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүрлерін жан-жақты көрсету шараларына ерекше басымдық беріледі. Осылайша, «Қазақтың дәстүрлі өнері» бағыты бойынша «Қазанат» ипподромында этноауыл салынады. Ол жерде қызқуу, көкпар, аударыспақ, бәйге, түйме алу, аламан бәйге, ақсүйек, жамбы ату, тоқты алу, жігіт жарыс, жорға жарыс, күміс алу, теңге алу, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, жекпе-жек, алыпсоқ, арқантарту, жұдырықтасу, асық ату, хан дойбысы және тағы басқа жарыстар ұйымдастырылады.
Бұдан бөлек, қазақтың ұлттық тағамдары мен қолөнер бұйымдары кеңінен таныстырылмақ. Қолөнершілер қыш, киіз бен зергерлік бұйымдарды сол жерде жасап, кілем тоқу мен кесте тігу, ағаш, тері, сүйек өңдеу және тағы басқа ұлттық мұраның үлгілерін көрсететін болады.
«EXPO-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін Астанада өткізу – Қазақстанның негізгі ірі жобаларының бірі. Бүкіл әлемдік көрме 3 айға дейін жалғасатын болады (10 маусым – 10 қыркүйек аралығы). Оған әлемнің 100-ге жуық елі және 10 халықаралық ұйымы қатысады деп күтілуде.
«ЕХРО-2017» көрмесінің тақырыбы – «Болашақ энергиясы». Кешен құрамында 4 мың пәтер, жаңа мейманханалар, Конгрес-холл және университеттен орталыққа дейін ұласатын жабық қала салынады. Көрме аймағында ұлттық павильон, тақырыптық және корпоративтік павильондар, ойын-сауық және қызмет көрсету нысандары орналасады.
Көрме кешенінің жалпы ауданы – 174 гектар. Қазақстан 1997 жылдан бастап Халықаралық көрмелер бюросына мүше ел болып саналады және ЕХРО көрмелеріне 2005 жылдан бастап қатысып келеді.


Ибраш тұрымбет


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X