Валюта бағамы: $ 335.33 395.49 5.7 ¥ 50.75

ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІ Н.НАЗАРБАЕВТЫҢ БІРІККЕН ҰЛТТАР ҰЙЫМЫНЫҢ ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІНЕ САЯСИ ҮНДЕУІ

Қауіпсіз, әділ және өркендеген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайту жөніндегі
Қазақстанның тұжырымдамалық көзқарасы

2017 жылғы 1 қаңтардан бас­тап Қа­зақстан Республикасы алдағы екі жылдық кезеңге Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Қауіпсіздік Кеңесінің тұ­рақты емес мүшесі ретінде өз жұмысын бас­тады.

Қазақстан өз кандидату­ра­сына қолдау көрсеткен БҰҰ-ның барлық мүше мем­леке­т­теріне өз ризашылығын біл­­діреді. Қауіпсіздік Кеңе­сіне сайла­нуымызды жоға­ры жауап­кершілік және халық­аралық қоғам­дас­тықтың біздің елімізге және оның бейбіт сая­сатына, қазақстандық бастамалар мен БҰҰ-ның әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде рөлін күшейту бойынша ұсыныстарға сенімі ретінде қарастырамыз.
2017 жылғы 1 қаңтардан жаңа БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерреш мыр­заның өз қызметін бастауын құп­таймыз. Қазақстан Кеңесте қор­ғайтын мақсат-мұраттары мен қағи­дат­тарына толығымен сәйкес келетін оның қөз­қарастарын, басымдықтары мен адал күш-жігерін қолдайды.
2017 жылғы 2 наурызда Қазақстан Рес­публикасының БҰҰ-дағы мүше­лігіне 25 жыл толады.
Ширек ғасыр ішінде біздің еліміз БҰҰ Жарғысының мақ­саттары мен мін­деттеріне, ха­лықаралық құқық нормалары мен қағидаттарына толық бейілділігін көрсетті.
Қазақстан қауіпсіздік пен бейбіт­шілікті сақтау мен нығайтудың бірінші кезектегі маңызын ескере отырып, Кеңестің толық күн тәртібі бойынша әділ және бейтарап қызмет атқаратын болады. 

Біз Қауіпсіздік Кеңесінің бар­лық мүшелерімен тең негізде ынтымақтасуға, халықаралық бей­бітшілік пен қауіпсіздікті нығайту мақсатында ымыраға жетуге және бәтуаластықты қалыптастыруға ни­еттіміз.
Біз БҰҰ-ның барша мүше мем­­ле­кет­тері, ең алдымен, Ке­ңес­тің тұрақты мүшелері ара­сын­дағы өзара іс-қимылды қал­пы­на келтіріп, оны дамытуға жә­не сенімді нығайтуға жан-жақ­ты жәрдем көрсететін боламыз.
Еліміз Қауіпсіздік Кеңесімен және оның қосалқы органдарымен, сондай-ақ БҰҰ Хат­шы­лығымен және оның тиісті бөлім­шелерімен Кеңестің Күн тәрті­бінің барлық мәселелері бойын­ша сындарлы өзара іс-қимыл жасайды.
Біз жаһандық және өңірлік сын-қатерлерді шешуге ұжым­дық жауап­кершілік қалып­тастырылып, Кеңестің мүше елдері арасында XXI ғасырға сәйкес келетін, мемлекеттер қарым-қа­ты­настарының жаңартылған моде­лін құру  маңыздылығы түсінігін нығайтуға ұмтыламыз.
Кеңесте атқаратын жұмыс кезінде өз миссиясының осындай қағидаларын ескере отырып, Қазақстан өзінің алдында келесі басымдылықтарды қояды.
БІРІНШІ. Ширек ғасыр бұрын әлемде бірінші болып Семей сынақ ядролық полигонды жауып, әлемдегі қуатты ядролық арсеналын жойған ел ретіндегі Қазақстан үшін ядролық қарудан азат әлем құруға қол жеткізу адамзаттың өмірін сақтап қалудың ең маңызды мәселесі болып табылады.
Біз ғаламшарды ядролық қарудан құтқару бойынша әлем қоғамдастығының күш-жігерін жұмылдыруды ядролық қаруды таратпау режімін жүйелі түрде бекемдеу мен нығайту, сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесінің 1540 қарарын мүлтіксіз орындау арқылы жалғастыруға ниеттіміз.
Иран ядролық бағ­дар­ламасы бойынша келісімнің жетіс­тіктерін және олардың іске асуын құптай отырып, Қазақстан бүкіл ұқсас жағдайлар мен дағдарыстарда оларды үлгі ретінде қолдануды жақтай­тын болады. Бұл үшін біз Кеңес­тің 2231 қарары бойынша үйлес­тірушісімен белсенді жұмыс істеуге дайынбыз.
Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстан Республикасы Корей түбегіндегі ядролық қару проб­лемасы бойынша көпжақты келіссөздер процесін кідіртпей қайта бастауға шақыра отырып, оны шұғыл және сындарлы түрде ше­шуді бас­ты мақсаттардың бірі ретінде қарайды.
Задында Қазақстан БҰҰ-ның барлық мүше мем­лекеттерін, әсіресе Қауіпсіздік Ке­ңе­сінің тұрақты мүшелерін, 2045 жылы БҰҰ-ның 100 жыл­дығы қарсаңында әлемді ядролық қарудан құтқаруға шақырады.
ЕКІНШІ. Қазақстанның Қауіп­сіздік Кеңесіндегі күш-жігері жаһан­дық және өңірлік деңгейдегі әскери текетірестің дәрежесін азайту ар­қылы жаһандық соғыстың алдын алу және оны толайым жою үшін барлық жағдайларды жасауға бағытталмақ.
Бейбітшілікке жету және мемлекеттер арасындағы проблемаларды реттеу құралы ретінде соғыстан бас тарту адамзаттың XXI ғасырда аман қалуының негізгі мәселесі екеніне қатты сенеміз. Осы орайда Қазақстан қақтығыстар мен зорлық-зомбылықты тоқтату бойынша бірлескен іс-әрекеттер алгоритмін қамтитын менің «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесімді ілге­рі­летуге ниетті.
Қазақстан БҰҰ бітімгершілік жүйе­сін одан әрі жетілдіруді қолдап, БҰҰ-ның бейбітшілікті қолдау жөніндегі мис­сияларындағы бақылаушылары мен бітімгерлердің санын ұлғайтуға ниетті.
Кеңестегі жұмысымыз кезінде біз Палестина-Израиль арасындағы қар­сылықты, Таяу Шығыстағы, Ауған­стан­дағы, ТМД кеңістігіндегі қақты­ғыс­тарды бейбіт түрде шешуге, Корей түбе­гіндегі шиеленісті бәсеңдетуге, Африка мен Азиядағы дағдарыстарды шешуге қол­дан келгенше үлесімізді қосуға ниет­тіміз.
ҮШІНШІ. Қазақстан БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесіне сайланған алғашқы Орталық Азия мемлекеті болып табылады.
Біз өңірдің тұрақтылығы мен қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету, өңір­лік сын-тегеу­ріндер мен қауіп-қатер­лерге тиімді қарсы іс-қимыл жасау, ынтымақтастықты нығайту және оның өсіп-өркендеуіне ықпал ету мен оны дамыту бойынша өңірдегі барлық мемлекеттердің мүдделерін ілгерілету жөнінде белсенді жұмыс істеуге ниеттіміз.
Біз Орталық Азияда барлық мүд­делі елдердің мүдделерін үйлесімді байланыс­тыру негізінде бейбітшілік, қауіпсіздік, ынтымақтастық және даму жөніндегі өңірлік аймақ үлгісін құруға және оны сынақтан өткізуге болатынына сенімдіміз.
Біз өзіміздің Кеңестегі төраға­лы­ғы­мыз кезінде Ауғанстандағы жағдай және Орталық Азиядағы бейбітшілік, қауіпсіздік пен дамуды нығайту шаралары бойынша ауқымды, теңдес­тірілген, мазмұнды және нәтижелі талқылау ұйымдастыруға, сондай-ақ қорытындысы бойынша арнайы құжат қабылдауға бастамашылық жасауға ниеттіміз.
Біз Ауғанстанның бейбіт өмірге жедел оралуы үшін бұл елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына жан-жақты жәрдем көрсету, бейбітшілік пен қауіпсіздік қатеріне қарсы тұруды және елдің әлеуетін нығайтуды  жақтаймыз. Біз Ауғанстан/Талибан жөніндегі 1988 Комитетінің төрағасы ретінде мақсатты жұмыс атқаруға дайынбыз.
ТӨРТІНШІ. Халықаралық терроризм мен зорлық-зомбылық экстремизмі бүгінде жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнген және шиеленіскен сын-қатерлердің бірі болып табылады. Тек барлық мемлекеттер, халықаралық және өңірлік ұйымдар мен басқа да негізгі әріптестердің бірлескен күш-жі­гер­­лерімен ғана осы өрбіген дағда­рыс­ты басқа арнаға ауыстырып, бұл зұл­матты жоя аламыз. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан саяси және діни көш­бас­шылардың, әсіресе, зорлық-зомбы­лық экстремизмі және радикализм сала­сындағы диалогты жандандыруға шақырады.
Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесінің ИЛИМ (ДАИШ) мен Әл-Қағида жө­нін­дегі 1267 Комитетінде осы сеніммен төраға болады.
Осы орайда, БҰҰ БА-ның 70-ші сес­сия­сындағы сөйлеген сөзімде ұсынылған БҰҰ аясында Жаһандық Антитеррористік коалицияны (жүйе­ні) құру үшін негізі болуы мүмкін Халықаралық антитеррористік операциялар жүргізу кезінде Астана Әрекет кодексін дайындау туралы ұсынысты БҰҰ және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүше мемлекеттеріне жасауды жоспарлап отырмыз.
БЕСІНШІ. Африкада толық бейтбіт­шілік пен қауіпсіздікті іске асырмайынша орнықты жаһандық бейбітшілікке қол жеткізу мүмкін емес.
Қазақстан Африка одағының бай­қаушы елі және Қауіпсіздік Кеңесінің Сомали/Эритрея жөніндегі комитетінің төрағасы ретінде Африка мүйісі өңірі мен бүкіл континентте ұлттық татуласу әрі бейбітшілікті қалпына келтіру бойынша халықаралық күш-жігерге үлес қосатын болады.
АЛТЫНШЫ. Біз бейбітшілік, қауіпсіздік пен дамудың бір-біріне байланыстылығын (security-development nexus) қамтамасыз ету арқылы ғана ұзақ мерзімді тұрақтылық пен орнықты бейбітшілікке қол жеткізу бойынша кешенді іс-қимылды келісілген түрде жүзеге асыра алатынымызға сенімдіміз. Соғыс пен жанжалдардың алдын алу, адам құ­қықтарын қорғау, Ор­нық­ты даму мақ­саттарын іске асыру, кли­маттың өзгеру­і­не қарсы күрес, оның ішінде барлық мүше мемлекеттер кли­мат­тың өзгеруі ту­ралы Париж келісімі шең­берінде өз міндет­терін орындау бойынша бірлескен шаралар осындай байланыстың негізі болуы тиіс.
Қазақстан тұрақты дамуға қол жеткізуге өзінің практикалық үлесін қосуда. 2017 жылғы жазда Астанада алдын алу диплома­тия­сының маңызды компоненттері – орнықты энергияны дамыту мен климат өзгеруінің сал­дарын барынша азайтуға бағыт­тал­ған «Болашақтың энергиясы» тақы­ры­бында «ЭКСПО-2017» маман­дандырылған халықаралық көрмесін өткізу осындай қадамдардың бірі болып табылады.
ЖЕТІНШІ. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­­сін­дегі жұмыс барысында Қазақ­стан Кеңес пен бүкіл БҰҰ жүйесін XXI ғасыр­да адамзатқа төнген қауіп-қатерлерге бейім­деуге және Дүниежүзілік Ұйымның әлем­дік істердегі рөлін нығайтуға бағытталған шешімдерді әзірлеп, қабылдауды қол­дайды.
БҰҰ, соғыстан кейінгі кезеңдегі басқа да жаһандық құрылымдар сияқты ХХІ ғасырдың жоғары талаптарына сай келтірілуі тиіс.
Қазақстан Еуропа мен Амери­каның, Азия мен Африканың барлық өңірлік ұжымдық қауіпсіздік ұйымда­рымен ынтымақтастықты кеңейтуге күш салатын болады.
Күшті жұмылдыру және жаһандық әрі өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту, мемлекеттер арасындағы шынайы сенімді қамтамасыз ету бойынша ұжымдық саяси ерікті қалыптастыру мақсатында жылына бір рет немесе екі жылда бір рет Кеңеске мүше мем­лекеттердің мемлекет және үкімет басшылары деңгейінде Қауіпсіздік Кеңе­сінің отырыстарын өткізуді ұсынамыз.
Аталған Саяси үндеудегі мақсаттар мен міндеттер Қазақстанның БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесіне 2017-2018 жылдары төр­а­ғалығы қызметіндегі жұмысының сая­си басымдықтары мен практикалық компо­ненттері болмақ.
Қазақстан Кеңесте барлық мүше мемлекеттермен бірге көрсетілген маңызды бағыттар бойынша ашық, әділ және саяси конъюнктурасыз, жауапты, байыпты және сындарлы түрде жұмыс жасауға ниетті.
Қазақстан маңызды мақсат – ХХІ ғасырда қауіпсіз, әділ және өсіп-өр­кен­деген әлем қалыптастыруға қол жеткізу жо­лындағы өзінің бастамалары әріптестері тарапынан қолдау табады деген сенімде.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X