Валюта бағамы: $ 335.24 395.82 5.82 ¥ 50.65

Береке бастауы

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби 
атындағы ҚазҰУ
кафедра меңгерушісі 
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

Ел экономикасының халықаралық шаруашылық қарым-қатынастарға кірігуінің басты белгілерінің бірі оның экспорттық әлеуеті болып табылады. Қазақстанның сырт өлкелерге шығаратын ең негізгі өнімдерінің сапын көмірсутекті шикі­заттар бастаса, одан кейінгі орынды түсті және қара металлургия экспорты иеленеді. Индустрия «нанынан» соңғы үшінші қатарда қалам­герлер мен сазгерлер шығармашылығына сан рет арқау болған ауыл шаруашылығының басты өнімі – алтын астық тұр.

Бұл кездейсоқ емес. Кезінде кеңестік идеология­ның басты ұрандарының бірі болған «нан болса – ән болады» атты қанатты сөзде түсіне білген адамға үлкен мән жатыр. Бейнелеп айтсақ, бүгінде қазақтың ұлан-байтақ сахарасы – Сары­арқасында ән шырқалып, әуен тербелуде. Өйткені, жері құнарлы, климаты қолайлы солтүстік ай­мақтар миллиондаған тонна алтын дән  өндіруге өте тиімді өңір болып табылады. Қазақстанда өндірілетін астық тұқымдас дақылдардың ең бас­тысы – бидай стратегиялық шикізат санатында. Сондықтан да осынау негізгі азық-түлік өнімін сақтау және сату үдерісінде пайда болатын қатынастарды реттеп отыратын нормативтік-құқықтық құжаттар өмірге келді, олардың ең бастысы – 2001 жылғы 19 қаңтарда қабылданған «Астық туралы» Қазақстан Рес­публи­касының Заңы.
Статистика ұйымдарының деректеріне сүйен­сек, бүгінгі таңда біз әлемде бидай экспорттайтын алғашқы ондықтан берік орын теуіппіз. Саланы жандандыру бойынша қабылданған шаралар астықтың жылдық өнімділігін 20 миллион, ал экспорт көлемін 10 миллион тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Соңғы жылдары дәнді дақылдардың орташа түсімі артып келеді. Соның арқасында жыл сайын 8 миллион тоннадай алтын дәнді экспортқа шығаруға мүмкіндік туып отыр. «Жаздың қамын қыста» ойлап, диқандар алдағы егін орағы науқанына қажетті комбайндардың, жаткалардың, механикаландырылған қырмандар­дың, астық кептіргіштердің әзірлігін тексеріп, кем-кетігін жөндеу үстінде. Сонымен қатар, климаттың соңғы кездегі өзгерістеріне байланысты негізгі астық өсіретін аймақтарда жазда жауған жауын-шашын мол болып, оның өзі өнім деңгейін кемітпеуғе ықпал етеді, деп тон пішіп отырмыз. Алайда, тіпті көк аспан сараңдық танытып, құрғақшылық болған күннің  өзінде де республиканың астық өндірісі ішкі сұранысты толығымен қамтамасыз ете алатынына статистика деректері куә.
Егін орағының дер кезінде сапалы өтуіне қажетті жанар-жағармай материалдарын толық қамдап алудың маңызы зор. Бұрындары  дизель отынының егін орағы науқаны қарсаңында қымбаттап, диқандарды әуре-сарсаңға салып келгені өздеріңізге белгілі. Осы түйткіл ескеріліп, ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің дизель отынына қажеттілігін толық қамтамасыз ету үшін еліміздің мұнай өңдеу зауыттарына облыстар шартты түрде бекітіліп берілді. Бұл шара өз нәтижесін берді де.
Бүгінгі таңда астық экспортының көліктік ифрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған  инвестициялық жобалар қолға алынып, жүзеге асырылды.  Соның бірі-Қытаймен шекарадағы темір жол астық терминалы көршілес елге бидайды еш қиындықсыз жөнелтуге мүмкіндік беріп, жылына 500 мыңнан 1 миллион тоннаға дейін астық жөнелтуге жол ашуда. Ал, Иран Ислам Республикасының Әмірабад портындағы астық терминалының негізгі мақсаты Каспий аймағы елдеріне және әлемдік нарыққа Қазақстан астығын шығару болып табылады. Оның жобалық қуаты жылына 500-ден 700 мың тоннаға дейін жетеді. Каспий теңізінде құрылған инфрақұрылымдар есебінен экспорттық сатылымдар қамтамасыз етілуде. Аталған инфрақұрылымға қазір Ақтау мен Бакудің (Әзірбайжан) теңіз порттары қызмет етуде. кіреді. Астық терминалы арқылы Ақтау портынан айына 50-55 мың тонна астықты Иран мен Әзірбайжан бағытына жіберуге болады. Бұл терминалдың жылдық өнімділігі – 600 мың, бірмезгілдік сақтау сыйымдылығы 22,5 мың тонна астықты құрайды. Ал Баку портындағы астық терминалының бірмезгілдік сақтау қуаты 15 мың тонна, дегенмен оның 30 мың тоннаға дейін ұлғаю мүмкіндігі бар, жылдық өнімділігі – 500 мың тонна. Бұл порттағы терминал аумағында жылдық өнімділігі 35 мың тоннаны құрайтын диірмен комбинаты іске қосылады. Сөйтіп, осы шаралар нәтижесінде Каспий теңізі айдынында көлік дәлізін құру іске асырылады.
Қазақстанның астық экспорты саласындағы басты бақталастары Ресей мен Украина болып табылады. Бірақ, елімізде өндірілетін бидайдың қатты сорттары таразыны басып тұрғанын атап өтуіміз керек. Сонымен қатар Қазақстан Орта Азия елдерін, Иран мен Ауғанстанды,  Әзірбайжанды дәстүрлі түрде астықпен қамтамасыз етіп келе жатқан ел қатарында. Жалпы айтқанда, қазіргі уақытта Қазақстан астығын  тұтынатын мемлекеттер саны 70-тен асып жығылады. Негізінен бұлар ТМД, Таяу Шығыс, Солтүстік Африка және Еуроодақ елдері. Сөйтіп, әлемдік нарықта Қазақстан өзін жоғары сапалы астық жеткізуші ретінде көрсетіп отыр.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X