Валюта бағамы: $ 313.9 342.03 5.52 ¥ 45.54

СОЛТҮСТІК ӨҢІРДІҢ ӨНІМДЕРІ Қытайға экспортталады

Сүт, ет және жұмыртқа өндіруден республика көлемінде алдыңғы көрсеткіштерді бағындырып жүрген Солтүстік Қазақстан облысының тауар өндірушілері жаңа жылдан бастап осы өнімдерін Қытай мемлекетіне үстемелеп жөнелтуді жүзеге асыратын болады.

Жаңа жылдың алдында ғана Солтүстiк Қазақстан облысына өңiрдiң инвестициялық әлеуетiмен танысу мақсатында Шэньси провинциясының Сиань қаласынан делегация тобы келдi. Облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлағанындай, сүт, ет пен жұмыртқа Қытайға экспортталады.
Кездесудi ашқан облыс әкiмi Ерiк Сұлтанов өңiр­дiң әлеуметтiк-экономикалық дамуы туралы айтты. «Облыс жылына 500 мың тонна сүт, 90 мың тонна ет, 600 миллион дана жұмыртқа шығарады. Бiз ор­ганикалық, экологиялық таза өнiм өндiремiз. Бүгiнде ҚР Үкiметi мен ҚХР арасында бiздiң азық-түлiк өнiмдерiн Қытайға экспортқа шығару бойынша келiссөздер жүргiзiлуде. Өнiмдерiмiздiң сапасы жо­ғары және бәсекеге қабiлеттi», – дедi өңiр басшысы.
Ерiк Сұлтановтың сөзiне қарағанда, облыста инвестиция аударудың өзге де тиiмдi көздерi бар. Дәстүрлi аграрлық және машина жасау саласынан бөлек, басқа да бизнес-жоспарлар мен бiрлескен жобаларды жүзеге асырудың мүмкiндiктерi көп. Бұл жөнiнде толығырақ облыс әкiмiнiң орынбасары Ратмир Ахметов баяндады. «Қазақстанда мал шаруашылығын дамыту мемлекеттiк деңгейде қолдауға ие. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, өнiмдiлiктi арттыру, мал шаруашылығы өнiмiнiң сапасын жоғарылату саласы субсидияланады. Мал шаруашылығын дамыту кезiнде iрi қара мал терiсi мен жүнiн өңдейтiн өндiрiс ұйымдастыруға мүмкiндiк беретiн шикiзат пайда болады», – деді Р.Ахметов. 
Сондай-ақ, облыс әкiмi қонақтарды инвестиция­лық және кәсiпкерлiк қызметтi жүргiзу бойынша жеңiлдiктер жөнiнде хабардар еттi. 
Өз кезегiнде Шэньси провинциясындағы Сиань қаласының Жалпы қытайлық халық өкiлдерi жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чэнь Баогэнь Солтүстiк Қазақстан облысының басшылығына қо­нақ­жайлылығы үшiн алғысын бiлдiрiп, солтүстiк өңi­рiнiң зор әлеуетiн атап өттi.
– Сiздерге расын айтайын, Қытайда осындай аз уақытта зауыт салынбас едi. Мен Қазақстанның инвестицияларды қабылдау мен дамытуға даяр екенiн көрдiм. Солтүстiк Қазақстан облысына «Айцзю» компаниясының кәсiпорын салуы өңiрдiң ауыл шаруашылығы кешенi мен ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өңдеудi дамытуға әсерiн тигiзедi, – дедi ол.
Чэнь Баогэнь қытайлық инвесторлар арасынан да «Айцзю» компаниясы сияқты Солтүстiк Қазақстан жерiнде жобаларды жүзеге асыруға тiлек бiлдiрушiлердiң табылатынына сенiмiн бiлдiрдi. 
Кездесу соңында тараптар екi жақты ынты­мақ­тастық туралы меморандумға қол қойды. Облыс әкiмi Ерiк Сұлтанов осы кездесу өңiрлер арасында өзара iскерлiк және достық байланыстардың табысты дамуына ықпалын тигiзетiндiгiн атап өттi. 
Айта кетейік, жақында ғана СҚО-да Қазақстан – Қытай жобасы iске қосылып, «Айцзю» компаниясы Тайынша ауданында майлы дақылдарды өңдейтiн зауыт ашқан болатын.

Ибрагим Бекмаханұлы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X