Валюта бағамы: $ 335.24 395.82 5.82 ¥ 50.65

ӨНДІРІСІ ӨРГЕ ТАРТҚАН КӘСІПОРЫН

Еліміз тәуелсіздік алған елең-алаң тұста бұрынғы одақтас елдер арасындағы экономикалық байланыстардың жібі үзіліп, өндірісшілердің көбі абдырап қалды. Сол кезде Оралдағы механикалық зауыттың басшылығының орнында бөгде біреулер болғанда аумағы атшаптырым кәсіпорынның орнына сауда-ойын сауық орталығын ашып, ақшаны күректеп емес, вагондап табар ма еді… 

Бірақ кеңестік заманның шекпе­нінен шыққан «қызыл директор» бола тұра Есен Байшекенов ондай әрекеттерге бармады. Өйткені сұм соғыстан кейінгі ауыртпалықты жон арқасымен сезініп, жетімдік тауқы­метін нағашы әжесінің «шүкірімен» жеңілдетіп,  барға қанағат етуді санасына сіңіріп өскен өндіріс «командирі» индустриалдық идеяға, өндіріске адал­дығын танытты. Зауыттың тізгінін отыз жылға жуық ұстап келе жатқан басшы өндірісті оңтайландырып, кә­сіп­орынды дамытудың өзіндік бағ­дар­ламасын жасады. Соның арқа­сында мехзауытта бірде-бір цех есігін жапқан жоқ, қайта бірнеше цех біріктірілді, білікті мамандар нәпақа іздеп еш­қайда кетпеді, жоспарлы түрде өнді­рістік жаңартулар жүзеге асырылды. Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде өндіріс ошағы көпсалалы кәсіпорын деңгейіне көтерілді. 
«Орал механикалық зауыты» ЖШС – тракторларға иінді білік­тер шығаратын Қазақстанның маңда­йына басқан жалғыз кәсіпорын. Ел тәуел­сіздігінің 25 жылы ішінде зауыттағылар Минск мотор зауытының қозғалт­қыштарымен жұмыс істейтін аутотрактор техникаларына арналған иінді біліктердің төрт жаңа түрін өндіруді игерді. Зауыт өнімдерінің  80%-ы таяу және алыс шетелдерге, соның ішінде Ресейге, Белоруссияға және Египет, Вьетнамға экспортқа шыға­рылады. Отандық нарықта да сұранысқа ие. 2009 жылдың басында кәсіпорын мұнайгаз кәсіпшілігі, бұрғылау құрал-жабдығын дайындауға және жөндеу жұмыстарын жүргізуге лицензия алды. Тың салаға бет бұру өндірістік негізгі қорларды қайта құру, жаңа технологияны өндіріске енгізу арқылы іске асты.  Сөйтіп, өндірістік базаның мүмкіншілігін пайдалана отырып, аспапты-жөндеу базасының негізінде жаңа өндіріс ашылды. Жаңа өндіріс әмбебап құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Солардың көмегімен механикалық өңдеудің барлық түрлері, сонымен қатар ірі көлемді бөлшектерді өңдеу жұмыстары атқарылады.  Ал стандартты емес жабдықтар өндірісі цехында өнеркәсіптің түрлі саласындағы кәсіпорын, мекемелердің небір күрделі деңгейдегі жабдықтары тапсырыстар бойынша дайындалады. Мұндағы өндірілетін өнімдердің және жасалатын жұмыстардың күр­де­лілігі өндіріс орнының әлеуе­тін, инженерлік-техникалық кадрлары­ның интелектуалдық деңгейін көрсет­кендей. Осындай ілкімді шаруалардың арқасында бүгінгі таңда механикалық зауыт еліміздің батыс өңіріндегі мұнайгаз саласына қосалқы бөлшектер шығаратын және құрал-жабдықтарға күрделі жөндеу жасайтын көшбасшы кәсіпорындардың бірінен саналады. Бүгінде зауыт мұнайгаз саласындағы «ҚазМұнайГаз Бурение», «Бұрғылау», «Қазбургаз», «Жайықмұнай», «ЗаманЭнерго», «Абылайхан групп», «Нұр Мұнай Сервис», «Си-Бу» инженерлік бұрғылау компаниясы», «Великая стена» қазақстандық-қытай бұрғылау компаниясы», «Ақсайгазсервис» сықылды мүйізі қарағайдай компаниялармен әріптестік байланыс орнатқан. Сонымен қатар батысқазақстандық машина жасаушылардың «Машзауыт» қауымдастығы құрамында еліміздің батыс өңіріндегі Қарашығанақ, Теңіз, Қашаған, Қаражанбас, Бозащы, Қарақұдық, Шынар және өзге де кен орындарындағы жер қойнауын пайдаланушыларға тауар өндіру, тапсырыстарды  орындау және сервистік қызмет көрсету тендерлеріне қатысады. Сондай-ақ зауыт «ҚПО б.в» компаниясының мамандарының сараптамалық бағалауынан өтті.  Осы қорытындының негізінде Қарашығанақ кен орнын дамыту жобасын қамтамасыз ету шеңберінде әлеуетті қызмет көрсетушілер тізіміне енгізілді.
– Механикалық зауыт мұнайгаз саласындағыларға сервистік қызметті қазіргіден 2-3 есе арттыруға әлеуетті. Алайда сервистік қызмет көрсету тендерлері бұлыңғырлау  әрі оның негізгі шарттары ұзақ жылдар бойы ұстанатын ұстанымымыздың үдесінен шықпайды. Кәсіпорынның бүгінгі өндірістік қуаты мен қаржылық жағдайы ешқандай инвестиция құймай-ақ өндіріс көлемін бірнеше есеге бірден өсіруге мүмкіндік береді, – деді «Орал механикалық зауыты» ЖШС-ның директоры Есен Байшекенов. 
Механикалық зауытта құрылыс саласына құрылыс материалдары мен бұйымдары да  шығарылуда. Қазіргі уақытта қабырғалық кірпіш, өрнектас, жиектас түрлері шығарылуда. Жоғары технологиялық  финдік желілерде мырышталған және полимерлік қабырғалық, қаптама, төбе жабын материалдары түрлері өндіріледі. Одан басқа металл пластикалық терезе мен есік құрылымдары дайындалып, монтаждау қызметтері көрсетіледі. Бәскелестік заманында зауыттықтар бүгінгі жетістіктеріне тоқмейілсіп отырмаған сыңайлы. Сондықтан еңбек үрдістерін жүйелі басқару негізінде өндірісті жетілдіру, жаңа технологияларды енгізу, жаңа өндірістерті игеру, шығарылатын өнім түрлерін молайту арқылы өндіріс орнын жетілдіру бағытындағы жұмыстарда тоқталыс жоқ. Мұндағы барлық өнім отандық өндіріс өнімдері ретінде қазақстандық kz сапа жүйесі сертификаттарына ие. 
Компания қаладағы жоғары және орта техникалық оқу орындарымен екі жақты келісімдер бойынша студенттердің зауытта өндірістік машықтан өтуіне және одан кейінгі жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді. 
Зауыттың қаржы-экономикалық жағдайы тұрақты. Ұлттық валютаның девальвациясына қарамастан биылғы өткен 9 айда өндірілген өнім көлемі өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 18 %-ға өсті.  Зауыттың өркендеуінің сыры өндіріс ошағының жоғары технологиялы жабдықтармен жабдықталуында ғана емес, басшылықтың ұжым мүшелерін шынайы қамқорлауында жатса керек. Зауыт цехтары таза әрі жылы. Мұны өзге елдерден ат басын бұрып келетіндер де байқап, сүйсінеді екен. Серіктестік басшылығының айтуынша, мұның барлығы «өзіңде бармен көзге ұрып, өзгеден артылу» үшін жасалып отырған жоқ. Жұмысшыларға еңбек жағдайын жасау басшылықтың басты ұстанымы. Ұжымдағы 170-тен асатын еңбеккердің артындағы бала-шағасының қамын жейтін зауыт­тағылар әлемдік қаржылық дағдарыс салқынын сезіне отырып, жалақыны да көтеруге ұмтылады. Алдағы жаңа 2017 жылдан бастап кәсіпорын ең­бекерлерінің орташа жалақысы 10 пайызға өседі.  
Иә, адам факторын естен шы­ғармайтын өндіріс орнының еңбегі өнімді, жұмысы ширақ болатыны анық. 

Гүлбар ДЫБЫСҚАЛИ, 
Батыс Қазақстан облысы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X