Валюта бағамы: $ 313.9 342.03 5.52 ¥ 45.54

Банк саласындағы алаяқтық фактілер азаймай отыр

Жалпы, алаяқтық – жақсы іс емес. Оңай олжа іздеген пайдакүнемдер қай заманда да болған. Қазір, әсіресе, екінші деңгейдегі банктерден несие алып, оны өзге біреуді алдау-арбау жолымен рәсімдеп кеткендердің алаяқтығы әшкереленуде. Бұл туралы Орал қалалық прокуратурасы өткізген банк саласындағы алаяқтықтың алдын алу тақырыбындағы жиында кеңінен айтылды. 

Аталмыш прокуратураның бөлім прокуроры Мадияр Мұқановтың айтуынша, биылғы 10 айдың ішінде Орал қаласы бойынша 1122 алаяқтық фактісі негізінде алдын ала тергеу жұмыстары басталған. Олардың 45%-ына (513 факті бойынша) тіркеуден кейін есептен шығару арқылы алдын ала тергеу жұмысы тоқтатылған. Соның нәтижесінде есепті мерзім ішінде 609 факті бойынша алдын ала тергеу жалғасуда, бұл өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 28,4%-ға (былтыр 850 факті) төмен. Жүргізілген сараптамалардың қорытындысына сүйенсек, тіркелген қылмыстық құқықбұзушылықтың 40 шақтысы немесе 6,5%-ы банк саласында жасалған. «Саладағы алаяқтықтың басым бөлігі 22-сі несие алумен және 15-і өзгенің құжаты бойынша іске асырылған. Көп жағдайларда жалған құжаттар  пайдаланылған немесе таныстардың, тума-туыстардың өтініштері бойынша азаматтардың сеніміне кіру жолымен жасалған», — деді Мадияр Мұқанов.
Орал қаласының прокуроры Айдын Рашидовтың айтуынша, биылғы жыл басынан бергі уақыт ішінде банк саласындағы қылмыстар саны 2,5 есеге өскен. 40 қылмыстық құқықбұзушылықтың жартысы үшінші тұлғаларға несие рәсімдеу фактілері бойынша орын алған. Алаяқтар қаржылық сауаттылығы төмен азаматтарды  өздерінің құйтыртқы әрекеттеріне пайдаланған. Шаһардағы «Сулпак», «Зентрум», «Технодом», «Фора-трейд» сауда үйлерінде несие рәсімдеуде алаяқтыққа жол берілген. «Каспий банк», «Альянс банк», «Форте банк» және «Нұрбанк» сықылды банктерде азаматтардың жоғалған құжаттары бойынша несиелер рәсімделген фактілері тіркеліп отыр. Соның салдарынан жеке және заңды тұлғаларға материалдық және моральдық шығын келді. 
Басқосуды қорытындылаған қала прокуроры Айдын Рашидов екінші деңгейдегі банктердің өкіл­деріне алаяқтық жолмен жасалатын қылмысты азайту мақсатында саладағы алдын алу шараларын күшейту бағытында ұсынбалар берді. 

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,
Орал қаласы


Оқи отырыңыз

Пікір(1)

  • Мұратжан
    22.01.2017 at 11:18 пп

    Мен сіздерден несйе алсам деп отрм мен өз кəсібмді бастағым келет мен мал шаруашылығын дамытқым келет сіздерден көмек сұраим 87757481379 көмектесіңіздерш өтнем күтем .?

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X