Валюта бағамы: $ 366.86 424.49 5.6 ¥ 53.02

ТЫНДЫРЫЛҒАН ІСТЕР АЗ ЕМЕС, АТҚАРЫЛАТЫН МІНДЕТТЕР ОДАН ДА КӨП

Әбдіжапар САПАРБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 
ҚР  ҰҒА  Құрметті академигі,  
экономика ғылымдарының докторы,  
профессор

Міне, мешін жылы да тарих қойнауына енді. Тек оның қызыққа толы күндері мен айтулы сәттері санамызда қалып барады.

Қазақ халқында «өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деген даналық сөз бар. Шынында да, 2016 жыл Қазақстан халқы үшін ерекше табысты болды. Сарабдал саясаткер Елбасы Н.Назарбаевты беделі мен іскерлік қабілетіне сай экономикасы дамыған әлем мемлекеттері жетекшілерінің мойындауы да көп мәселенің оң шешілуіне ықпал жасайтыны түсінікті болса керек. 

Бүгінгі Қазақстан – қоғам өмірінің барлық саласында оң өзгерістерге жетіп, экономикасы, білімі мен мәдениеті тұрақты дамыған, ынтымағы жарасып, берік нығайып келе жатқан еңселі ел. Әлем таныған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында әлеуметтік-экономикалық даму үрдісіне қол жеткізгенімізді Қазақстан халқы мақтан тұтады. Жаңарған, сер­пінді дамумен алға ұмтылған бүгінгі Қазақстан, міне, осындай.
2016 жылдың елеулі оқиғасы – еліміздің Тәуел­сіздігінің  25 жылдығы.  Тәуелсіздіктің 25 жыл­дығы қазақ халқының жадындағы тарихи сәттердің біріне айналуда. Тәуелсіздік күні – бүкіл қазақстандық үшін ең қадірлі мереке. Осыдан 25 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев егемендігін енді алған халқын асқаралы да сындарлы белестерге батыл бастады. Көшбасшысын қапысыз таңдаған туған елі енді бүгін әлемдік қоғамдастықтың бел ортасындағы беделді мемлекет болып танылды. Өркениет жолында талай өрелі іс тындырған Қазақстан татулық пен бірліктің, береке мен ырыс-құттың ордасына айналды. Бүгінгі Қазақстан – ішкі-сыртқы саяси-экономикалық тұрақ­тылық пен мәдени-рухани өрлеуден үдемелі даму жолына түскен ел.
Өз Тәуелсіздігінің 25 жылында Қазақстан экономикасы қарқынды дамыған, табысқа жетудің бірегей тәжірибесі бар саяси тұрақты мемлекет ретінде қалыптасты. Біздің елімізде экономикалық, саяси және әлеуметтік салаларда аса ірі өзгерістер жүзеге асты.
Еліміз «Қазақстан-2050» Стратегиясын дәйекті түрде жүзеге асыра отырып, әлемнің озық 30 елінің қатарына қосылуға қарышты қадам басуда. Мемлекет басшысының байыпты және жемісті халықаралық бастамаларымен еліміз биік халықаралық беделге ие болып, ғаламдық ядро­лық қарусыздану қозғалысының танымал көшбасшысына айналды. Біз бүгін – өзіндік бет-бейнесі бар, өзіндік ерекшеліктері мен ұстанымы бар табысты мемлекетпіз. Біздің алғы шепті алуымыз қымбатқа түсті. Ел 25 жыл бойы егемендігіміз бен саяси салмағымызды нығайтуға жұмыс істеді. 25 жыл өткен соң бұл мақсатқа қол жетті. Қалыптасу кезеңі табысты аяқталды.
Бүгінде терең тарихымыз бен мыңжылдық бола­шағымызды сабақтастырып, Мәңгілік Ел болу­дың дара жолына түстік. Ана тілімізді түлетіп, ата дінімізді оралтқан айшықты елміз.
Біз – даламыз бен қаламызды бірге көр­кейткен қуатты халықпыз,  Арқа төсіне Тәуел­сіздігіміздің салтанатты символы – елор­да­мызды орнатқан жасам­паз жұртпыз.  Дос­тық­тың дара дәстүрлерін дамытқан біртұтас ұлтпыз, көршімен тату, шал­аймен сыйлас өмір сүрудің өнегесін көрсетіп, салиқалы сыртқы саясатын жүргізген ұлағатты ұлыспыз. Тұғыры мығым, мәртебесі биік Тәуелсіз ел.
Қазақстан ХХІ ғасырдың басында тәуелсіз әрі өзіне сенімді болып отыр. Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы Отанымызды өзінің сапалы да салмақты міндеттерімен  алдыңғы қатарлы елдерге айтарлықтай жа­қындатты.
Қазақ елі қажырлы еңбектің арқасында 14 мың шақырымдық шекарасы шегенделген, мемлекеттігі мызғымас мықты елге айналды. Аумақтық даулардың туындау қаупі біржола сейілді. Ғасырлар бойы қазақ оғландарының басты мақсаты болған шекара сызығын белгілеу Нұрсұлтан Әбішұлының арқасында іске асты. Шекара – біздің мемлекетіміздің заңды орнының, беделінің белгісі. 100-ден аса этнос пен 17 конфессияның өкілдері тұратын елде ішкі саяси тұрақтылық пен ел бірлігі сақталып, нығайды. Елімізде бейбітшілік пен келісімнің бірегей моделі  қалыптасты. Жалпы халықтың қалауымен құрылған Халық ассамблеясы барлық ұлтты қанатының астына алып, басын біріктіре білді. Ең бастысы, кез келген адам «Мен – қазақстандықпын, бұл – менің елім, мен мұнда бақытымды таптым!» деп айта алатын әділетті қоғам орнатылды.
Жаңа елордамыз Астана – болашақ ұрпақ қа­ласы. Астана – планетамызда ХХI ғасырда пайда болған бірінші астаналық қала. Елорданың миллионыншы тұрғынының биылғы мерейтой жылы дүниеге келгені де қуанышты жағдай. Елордамыз қасиетті Тәуелсіздік рухының – Жасампаздық пен бірлік рухының қайнар көзіне айналды! Астана бүгінде өз тарихының бастауында ғана тұр. Ол біздің мемлекеттік қуатымыздың биік сам-ғауын бейнелей отырып, жылдан-жылға ажарланып келеді. Астана құрылысы жаңа мемлекеттің, жаңа қоғамның құрылысы ретінде киелі мәнге ие болды. Астана өткеннің барлық құндылықтарын жинақтап, болашақтың жарқын келбетін елестетті.
Ұлт денсаулығы, денсаулық сақтау саласын дамыту және саламатты өмір салтын қалыптастыру экономикалық және әлеуметтік дамудың маңызды факторларына айналды. Отандық денсаулық сақтау саласы әлемдік стандарттар деңгейіне көтерілді: заманауи медицина орталықтары, ауруханалар мен емханалар салынды, еліміздің барлық өңір-лерінде зерттеулер мен жоғары технологиялы операциялардың бүкіл спектрі жүзеге асырылуда.
Білім беру саласын кешенді реформалау Қазақстанның әлемдік білім беру кеңістігінде лайықты орын алуына жағдай жасады. Отандық білім беру жүйесі мен ғылымды жетілдіру мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдықтарының бірі және елді әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың шешуші тетігі болып табылады. Қазақстан ересек адамдардың сауаттылығы деңгейі бойынша Адам дамуы индексі әлемдік тізімнің алғашқы үштен біріне кіреді. Қазақстан зияткер ұлтты қалыптастыру үшін дәйекті түрде жағдай жасай отырып, адам дамуының деңгейі жоғары елдер тобынан нық орын алды.
Сондай-ақ, мемлекет білімді – жалпыұлттық басымдық ретінде тани отырып, білім және ғылым жүйесіне ауқымды қаржы бөлуде. Білімге бөлінген қаржы 2015 жылы 1,3 трлн. теңгені құрады. Бұл 2014 жылмен салыстырғанда 312 млрд. теңгеге (31%) артық. Қазіргі таңда білім саласы барлық деңгейлерде жаңғыртылуда. Педагог-ұстаздар беделін арттыру, олардың жалақысын көбейту бойынша жүйелі бастамалар жүзеге асуда. Мектепке дейінгі, орта, кәсіптік және жоғары білімде түбегейлі өзгерістер жүргізіліп жатыр. Электронды оқыту енгізілуде. Білімнің жаңа инновациялық моделі әзірленіп, іске қосылды. Еліміз бойынша 2700-ден астам балабақша және жекеменшік шағын орталық ашылды. Өткен 25 жылда елімізде қазақ тілінде білім беретін бір мыңнан астам мектеп ашылды. Бүгінгі таңда мектеп оқушыларының үштен екісінен астамы, студенттердің 60 процентке жуығы мемлекеттік тілде білім алады. Еліміз бойынша қазақ тілін оқытатын 350 орталық табысты жұмыс істеуде. Еліміздің түкпір-түкпірінде 1350 мектеп жаңадан бой көтерді. Әлемдік деңгейдегі Назарбаев Университеті жоғары деңгейдегі ал­ғаш­қы мың маманды дайындап шығарды. Барлық өңірлерде 20 зияткерлік мектеп ашылды. «Болашақ» бағдарламасы аясында 12 мың жас өренге әлемнің ең белді оқу орындарында білім алуға стипендия берілді. Еліміздің көптеген жоғары оқу орындарында университеттік білім беру деңгейі көтеріліп келеді. Барлық өңірлерде мыңнан астам заманауи мектептер салынды.
Елімізде өшкенімізді жандырып, жоғалтқа­ны­мызды түгендеген «Мәдени мұра» страте­гиялық жобасы  жүзеге асырылды. Елордамызда теңдессіз өнер ордасы «Астана Опера» театры мен Ұлттық Музей жемісті қызмет көрсетуде. Тәуелсіздік жылдарында еліміздегі музейлердің саны екі есеге көбейді. 25 жаңа театр мен жаңа концерт залдары ашылды.
2012 жылы біз әлемнің бәсекеге қабілетті ең жоғары дамыған 50 елінің қатарына кірдік. Тәуелсіздік жылдары ішінде экономика 20 есеге өсті. 1999 жылдан 2016 жылға дейін біздің экономикамыз үздіксіз өсіп келеді. Яғни, 25 жылдың 17 жылы – тұрақты экономикалық өсім.
Елімізде экономиканың тиімді моделі жасалынды. Бізде коммуникацияның, өндірістің, электр таратудың бірыңғай жүйесі болған жоқ.  Олар  Тәуелсіздік жылдары қалыптастырылды. Автомобиль жолдары мен темір жолдар біздің байтақ еліміздің әр тарапын тікелей байланыстырмайтындай етіп салынып, барлығы да солтүстікке қарай кететін. Қазір «Нұрлы Жол» бағдарламасын жүзеге асыру арқылы біз бірыңғай көлік жүйесін құруды аяқтаймыз. Біз оны жаһандық көлік бағыттарының жаңа күретамыры іспетті етіп салып жатырмыз. 1000 шақырым автомобиль жолы, 3000 шақырымға жуық темір жол төселді. 90-жылдардың басында біз ештеңе экспорттамайтынбыз. Бүгінде 2500-ден аса өнім түрі 119 елге экспортталады. Біздің экспортымыз 46 миллиард долларды құрайды. Біз жаһандық астық қорына айналдық.
Бүгінде елімізде екінші индустриялық бес­жыл­дықты жүзеге асырылуда. Барлығы мыңнан аса жаңа өндірістер ашылды. Бұрын ешқашан біздің жерімізде автомобиль, локомотив, вагон, тікұшақ өндірісі және басқа да көптеген өндіріс болған емес. Яғни,  елімізде бұрын шығарылмаған 500 жаңа өнім түрін шығару ісі игерілді. Сондай-ақ, 265 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестиция халқымыздың игілігіне жұмыс істеп жатыр. Теңге айналысқа енгізілген 1993 жылдан бергі 23 жыл бойы тікелей шетелдік инвестициялардың тұрақты келуі байқалып отыр. Бұл – әлемдік бизнестің жаһандық сенімі. Ең қиын жылдары бізге Бритиш Петролеум, Шелл, Эксон Мобилл, Шеврон, Аджип, Дженерал Электрикс, Дженерал Моторс, Миттал, Тойота, Самсунг сияқты көптеген басқа да инвесторлар келді.012
Жуырда ғасыр жобасы – Қашаған мұнай және газ кеніші іске қосылды. Бұл – әлемдік энергетика саласында соңғы 50 жылда болған ең ірі оқиға. Еліміздің осы жаңа жеңісі Тәуелсіздіктің 25 жылдығында айрықша символдық мәнге ие.
Әлемдік дамудың тамырын дәл басып отыратын Нұрсұлтан Әбішұлы төрткүл дүниедегі: даму қарқынының еселенуі, зор демографиялық өсім, азық-түлік, ауыз су тапшылығы, энергетикалық қауіпсіздік, табиғи ресурстардың сарқылуы, индустриялық төңкеріс, әлеуметтік тұрақсыздық, көзқарастар қайшылықтары мен әлемдік жаңа экономикалық дағдарыс сияқты ғаламдық дағда­рыстар мен қауіптерді басты назарға ала отырып, оған еліміздің «Қазақстан-2050» жаңа Стратегиясын қарсы қойып отыр. Болашақты алыстан болжайтын стратег-саясаткер Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетіміздің 2050 жылға дейін әлемнің ең жоғары дамыған 30 мемлекеті қатарына енуін жаңа даму стратегиясына негіз ете отырып, осы уақыт ішінде бағындырылуға тиісті жеті басымдықты белгілеп берді.
Елбасы ауыл шаруашылығын, әсіресе, ауыл шаруашылығы өніміне өсіп отырған жаһандық сұраныс жағдайында ауқымды жаңғырту қа­жеттігін ылғи да қадап айтып келеді. Әлемдік азық-түлік нарығының көшбасшысы болуға және ауыл шаруашылығы өндірісін арттыруға қажетті бағдарды да қадап айтуда. Егістік алқабын ұлғайтуды, ең алдымен, жаңа технологиялар енгізу есебінен елеулі көтеру қажеттігі күн тәртібінде тұрады. «Аса ірі экспорттық нарықты меңгеру үшін біз қай азық-түліктің жаппай өндірісін басты етіп қоятынымызды айқындауымыз керек. Алынған шаралардың нәтижесі 2050 жылға қарай ел ІЖӨ-сіндегі ауылшаруашылық өнімінің үлесі 5 есе артуы болуы тиіс.
Бүгінде Қазақстан – жекеменшік институты орныққан, орта тап белсенді дамитын, ал кәсіп­керлік экономикалық өркендеудің қозғаушы күші болып табылатын тұрақты нарықтық экономикасы бар ел.
Елбасының стратегиялық көрегендігі арқа­сында Қазақстанда жаһандық қаржылық-эко­номикалық дағдарыстарға қарамастан, ел экономикасын жаң­ғырту табысты жүзеге асырылып жатыр.
Қазақстан индустриялық қуатын нығайту мен инновацияны дамытуды нық көздеп отыр.
Ауқымды құрылымдық реформалар барысында мүлде жаңа жоғары технологиялы салалар: мұнай-химия, автомобиль өнеркәсібі, темір жол, машина жасау, IT-технологиялар, ғарыштық спут­­никтер өндірісі салалары құрылды.
Тәуелсіздіктің мерейлі 25 жылында Қазақстан Әлемдік банктің Doing Business рейтингінде 35-орын алды.
Білім мен кәсіби машық – заманауи білім беру, кадрларды даярлау мен қайта даярлау жүйесінің негізгі бағдарлары, білім беру саласындағы жұ­мыстың басымдықтары мен әлеуметтік жауап­кер­шілік жүйесін дамыту, ғылым мен бизнестің кооперациясы секілді көптеген маңызды құнды­лықтарды қамтиды. Осы орайда білім, ғылым және инновация салаларында жаңа бағыттар бойынша ізденістердің жүзеге асып келе жатқанын айтқан жөн. Қазіргі уақытта тікелей назарда тұратын аса маңызды мәселелердің бірі еліміздің инновациялық тұрғыдан дамуы болып табылады. Бұл – барлық салада жаңаны енгізу, үздіксіз жаңғырту, жа­ңаша бастау деген сөз.
Негізінен, кез келген ел өз тасымал нарық­тарының тәуелсіздігін қамтамасыз етпейін­ше, егемендікті толық түйсінбейді. Осы жағынан алғанда, ҮИИДБ аясында алғашқы болып қолға алынған жобалардың стратегиялық маңызға ие болуы кездейсоқтық емес. Елбасымыздың сарабдал сыртқы саясатының арқасында он жыл бойына бойымыз үйренген «Статойл», «Тотал», «Шеврон» секілді компаниялардың қатарына инновациялық технология саласында әлемдегі озық көшбасшылар қосылды: «Дженерал Электрик», CNNC, CGNPC, Тоshiba, Alstom Transport ТМД мемлекеттері ішінде тек Қазақстанға ғана бас бұрып, оның бірқатарымен мемлекетаралық маңызды келісімшарттарға қол қойылды. Соның арқасында «ғасыр жобасы» деген атқа ие болған мұнай мен газ саласында ғана емес, жоғары технологиялық машина жасау, мұнай-химиясын, сирек және жерүсті металдары өндірісін дамыту, атом реакторы құрылысы, теміржол желілерін орнату, жүк тасымалына арналған вагоннан бастап оны сүйрейтін электровоз өндірісіне дейін отандық үлесті арттыра алдық. Нақтырақ айтқанда, «ғасыр жобасы» атауына теңелген теңдесіз жобалар мыналар болып табылады: былтыр Мойнақ су электрстансасы мен елімізді көрші Қытаймен жақындата түсетін екінші шойын жол тармағы – Жетіген – Қорғас теміржолы желісі жобасының алғашқы кезеңдері белгіленген мерзімінде пайдалануға берілді. Мойнақ су электрстансасы толық қуатымен іске қосылса, оңтүстік облыстың ток сұранысының басым бөлігін жаба алатын болады. Ал Алакөл ауданындағы Достық-Алашаңқай теміржол же­лісіне барып қосылатын Жетіген – Қорғас шойын жолының арқасында халықаралық жүк және жолаушы тасымалы артады. Бұл арада екі ел арасындағы жүк тасымалы 15 млн тоннадан астам екенін ескерте кетелік. Қазір Қазақстан, Түрікменстан және Иран елдері Өзен – Берекет – Горган теміржол желісінің құрылысын жүзеге асыруда. Қазақстандық тарап аталған теміржол желісінің 146 шақырымын құрайтын құрылысты 2009 жылы бастап, өткен жылдың соңында барлық нысанымен бірге аяқтаған еді. «Өзен – Түрікменстан шекарасы» Қазақстанды Қытай, Кеден одағындағы әріптестері Ресей және Беларусь мемлекеттерімен сауда қатынастарын одан әрі дамытуға, Парсы шығанағы мен Иранның теңіз порттары арқылы халықаралық нарықтарға тікелей шығуға мүмкіндік беріп, еліміздің экспорттық әлеуетін арттыратын ма­ңызға ие.
Астанада ЕХРО-2017-ні өткізу елорданың, жалпы, бүкіл Қазақстанның экономикалық және инфрақұрылымдық дамуына жаңа серпін беретіндігі сөзсіз. Басқасын былай қойғанда, ЕХРО-2017 көрмесін өткізу нәтижесінде еліміз энергетика саласында озық технологияларды өндіріске енгізу идеяларын қабылдап, бұл саланы дамытуға жаңа тиімді инвестициялар тарту үшін қолайлы мүмкіндіктерге ие болады.
Әсіресе, «жасыл экономика», азық-түлік бағдарламасы сияқты елімізге маңызды салаларды дамытуымыз, оларды әрбір он жыл сайын жаңа деңгейге көтеріп отыруымыз орынды болмақ. Қазақстанды өркениетті бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосамыз десек, шағын және орта кәсіпкерлікті одан әрі дамыту, зиялы қауымға барынша жағдай жасау, соның ішінде ғылыммен айналысатындарға қолдау көрсету ең басты міндет болуға тиіс. Ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып, тілімізді дамыту да назардан тыс қалмағандығын орайы келгенде айта кету ләзім.
Бұл – бұрын-соңды болмаған жетістік. Бұл – Тәуелсіздігіміздің тұғыры – елдің бірлігінің, қоғамның келісімінің арқасында жеткен жемісті жетістік.

 


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру