Валюта бағамы: $ 314.4 343.83 5.51 ¥ 45.6

ТӘУЕЛСІЗДІК – БАР БАҚЫТТЫҢ БАСТАУЫ

Оның қозғаушы күші – Қазақстанның Тұңғыш Президенті

Кең байтақ  жерімізде, тәуелсіз елімізде  тойланатын әрбір мерекенің символдық мәні терең, тарихи маңызы мен өзіндік қадір-қасиеті ерекше. Сондай айтулы және халық жүрегіне жақын мерекелердің бірі – Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні екендігі баршаға белгілі. Биылғы Президент күні ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейлі тойымен тұспа-тұс келіп отыр. Осының өзі жаңарған Қазақстанның жаңа өрлеу тарихының айшықты сырларына тағы бір жіті үңілуді қажет етеді. 

Тәуелсіздік – баға жетпес құндылық, бар бақыт­тың бастауы, оның иесі де, киесі де – тәуелсіздіктің тарихын жа­саушы халық, сол халық сайлаған тұңғыш Президенті екен­­ді­гі ешқандай талас тудырмайды. Әлі есімізде, 1994 жылдың 1 жел­тоқсанында, Қазақстандағы бүкілхалықтық сайлаудың нә­тижесінде еліміз өзінің тұңғыш Президентін сайлады және осы күннен тәуелсіздік тарихы шежіресінің қалыптасқандығын бәріміз де жақсы білеміз. Бұл күн жаңарған Қазақстанның әлем қауымдастығы алдындағы беделі мен абыройын асқақтатып жіберді.

Содан бергі Тәуелсіз еліміздің қол жеткен биік жетістіктері мен рухани құндылықтарының қайсы бірін де Елбасының есімімен тікелей байланыстырып айту – жарасымды үрдісімізге айналды. Өйткені, нақты өмірдің шындығы – осы. Елбасы  мен ел мұраты – ажырамас бір ұғым болып кетті.
Уақыттың өзі айшықты мезетттерді айқындап береді ғой. 2011 жылғы 14 желтоқсанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Рес­пу­бли­касындағы  мерекелер туралы» Қазақстан Рес­публикасының Заңына толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Онда 1 желтоқсанда аталып өтілетін жаңа мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін белгілеу көзделген болатын. Міне, содан бері бес жылдың жүзі болды. Президент күні Тәуелсіз еліміздің Күнтізбесінен өзінің берік орнын алды.
Еліміздің жоғарғы заң шығарушы органы мұндай шешімді ең алдымен Қазақстан Республикасында 1991 жылғы 1 желтоқсанда өткен Тұңғыш Президент сайлауымен байланыстырады. Дәл осы 1 желтоқсанда, алғаш рет өткен жалпыхалықтық сайлауда егемен Қазақстанның негізін салушы – Нұрсұлтан Назарбаев Тұңғыш Президент болып сайланды. Тізгінді қолға алған күні-ақ Елбасы қазақстандықтарға алдағы өмірдің жеңіл болмайтынын, бірақ жарқын да жақсы күндерге бірлік пен татулық, іскерлік пен қабілеттілік арқылы жетуге болатынын уәде еткен. Расында, Тәуелсіз Қазақстан­ның қалыптасуынан бастап мемлекеттік дамудың даңғыл жолына түсу Нұрсұлтан Назарбаевтың берік ұстанған бағыты. Жақында ғана соның айқын мысалына тағы бір куә болдық. Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы Декларациясы» қабылданды. Халық қалаулыларының пікірінше, Декларация еліміз үшін маңызды оқиға болып табылады. Онда Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құру тарихына баға беріліп, осы бағыттағы миссияны Елбасының аса сәтті орындап шыққаны атап көрсетілген.
Қазақстан Республикасының Парламенті Қазақ­стан Тәуелсіздігін халқымыздың аса зор құндылығы ретінде бағалай отырып, Тәуелсіз Қазақстанды құру және қалыптастыруда ерен еңбек сіңірген Қа­зақ­стан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стра­те­гиялық бағытына берік ұстанымын таныта отырып, «Қазақстан-2050» Стратегиясының басты мақ­сатына жетуді болашақ ұрпақ алдындағы өзінің та­рихи парызы және жауапкершілігі деп сезіне отырып, «Мәңгілік Ел» қастерлі мекенінде жарқын келешегімізді жасауға ұмтыла отырып, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығы Декларациясын қабылдады.
Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы – өз тарихында тұңғыш рет заманауи мемлекет құрған Қазақстан халқының ауқымды тарихи жетістік­терінің жарқын көрінісі. Қазақстан үшін Тәуел­сіздіктің жиырма бес жылы ілгерілеу мен орнықты дамудың кезеңі болды. Тәуелсіз Қазақстан өзінің жаңа тарихымен табысты және бүкіл Орталық Азия өңірінің көшбасшысы атануға құқығы бар екендігін дәлелдеді. Өз Тәуелсіздігінің 25 жылында Қазақстан экономикасы қарқынды дамыған, табысқа жетудің бірегей тәжірибесі бар саяси тұрақты мемлекет ретінде қалыптасты. Біздің елімізде экономикалық, саяси және әлеуметтік салаларда аса ірі өзгерістер жүзеге асты. Тәуелсіз Қазақстанның барлық жетістіктері мен жеңістері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тегеурінді және дана басшылығымен әрбір қазақстандықтың табанды да тынымсыз еңбегінің арқасында мүмкін болды. Президент Н.Ә.Назарбаевтың саяси ерік-жігері және стратегиялық көрегендігі дамудың қазақстандық үлгісінің табысты болуын айқындап, Қазақстанның орнықты өсіп-өркендеу жолына шығуына мүмкіндік тудырды. Еліміз «Қазақстан-2050» Стратегиясын дәйекті түрде жүзеге асыра отырып, әлемнің озық 30 елінің қатарына қосылуға қарышты қадам басуда. Мемлекет басшысының байыпты және жемісті халықаралық бастамаларымен еліміз биік халықаралық беделге ие болып, ғаламдық ядролық қарусыздану қозғалысының танымал көшбасшысына айналды.
Тәуелсіздіктің бастау алған тұсында, яғни, 1993 жылы Елбасы Қазақстан дамуының басты бағыт-бағдарларын анықтап берді. Ал 1997 жылы бәрімізге белгілі «Қазақстан – 2030» стратегиялық бағдарламасы жасалды. Онда еліміздің тұтастығы, қауіпсіздігі, халықтың әл-ауқаты, жарқын болашағы, бәрі-бәрі толық қамтылған болатын. Осы стратегиялық бағдарламада: «Қазақстан индустриялық-инновациялық елге айналуы керек» деген сөздің тұңғыш естілгені әлі жадымызда. Оның мәнісін де уақыттың өзі дәлелдеп берді. Елбасы айтқандай, Қазақстан өзге елдердің тек шикізат шығаратын аймағы ғана болып қалмай, әлемде теңдесі жоқ мол жер байлығын өзі өндіріп, өңдеп шығаратын іргелі елге айналуы керек болатын. Елбасының көреген бұл саясаты бүгінде толық іс жүзіне асырылып жатыр емес пе! Қайда барсақ та жаңару мен жанданудың, жаңа индустрияландырудың өркенді қадамдарының өріс алып жатқан қызу дүрмегінің үстінен шығасыз. Бұл – бүгінгі күннің нақты шындығы!
Қазақстанның сыртқы саясатында да Прези­денттің сарабдал, ұстамды іс-қимылының  нәти­жесін бүгінде жаһан жұрты көріп отыр десек, еш қателеспеген болар едік. Өйткені, тура, әділ саясатқа мойын бұрмайтын халық болмайды. Елбасының ТМД-ның негізін салуға, осы орайда бұрынғы кеңестер одағының шекпенінен кеше ғана азаттық алып шыққан бұрынғы республи­калардың басын қайта қосуға ерекше тер төккені белгілі. Сөйтіп, ол  саяси, экономикалық, мәдени интеграция құруға арналған көптеген бастама-жобалардың авторы болды. Бұған мысал ретінде Еуразиялық экономикалық қоғамдастық, Бір­ыңғай экономикалық кеңістік, Кеден одағы, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, Шанхай ын­ты­мақтастық ұйымы, т.б. ерекше атауға болады. Сондай-ақ, Түркітілдес мемлекеттер одағының құрамында да біздің еліміздің беделі үлкен. Сыртқы-ішкі саясаттағы осы іс-әрекеттерінің бәрі Н.Назарбаевты, сөз жоқ, әлемнің тамыр соғысының бүлкілін айқын таныған, шартараптардың саяси ағымын түгел бағамдап отырған сарабдал  саясаткер, әлемдік деңгейдегі көрнекті тұлға екендігін дәлелдейді. Айта берсек, Елбасы қолтаңбасын айқындайтын заманауи игілікті істердің тізбесін бұ­дан да әрі соза түсуге болады. Қазақстанның Еуропа­ның қауіпсіздігі және ынтымақтастығы ұйымына, Ислам ынтымақтастығы ұйымына төрағалық етуі, Дәстүрлі әлем діндерінің съездерін Астана төрінде бір емес, бірнеше рет жоғары деңгейде  өткізуі – осы айтқан сөздеріміздің толық дәлелі болып табылады.
Иә, ата-бабаларымыз талай ғасырлар бойы ар­мандаған, бірақ жете алмай кеткен, бейнелі түрде айтқанда «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» аста-төк, бақытты заманда өмір сүріп, ұрпақ өсіріп жатқанымызға бір сәт тәуба көңілмен, қанағат сезіммен қараудың өзі бір үлкен ғанибет екен-ау. Шын мәнінде, бүтін бір ғасырға бергісіз жиырма бес жылдың ішінде қазақ деген ұлтты, Қазақстан атты мемлекетті БҰҰ құрамындағы барлық мемлекет атаулы түгел мойындап, оның тәуелсіздігін толық таныды. Қазіргі жаңарған, тәуелсіздіктен нәр алған Қазақстан төрткүл әлемнің 150-ден астам елдерімен тығыз  дипломатиялық қатынас орнатты. Қазақтың шекарасы тәуелсіздік алған күннен дәл айқындалып, ол Қытайдың, Ресейдің, Өзбекстанның жоғарғы заң шығарушы органдарында тиісті ратификациядан өтті және де заңды күшіне толық енді. Соның нәтижесінде көрші елдермен тату қарым-қатынастың орнығып, беки түскендігін, қысқаша айтқанда, күнделікті барыс-келістің барысынан да анық аңғаруға болады. Елбасының Шығыс Азиядағы  Жапония, Оңтүстік Корея мемлекеттеріне жасаған ресми сапарлары да сәтті өтіп, бұл елдермен сауда-саттық, достық қарым-қатынастарды күшейту бағытында жүргізген келіссөздері өз жемісін бере бастады.
Қазақ елінің тәуелсіздік алғаннан бергі бағындырған шыңдары жетерлік. Жиырма бес жыл. Бұл – тарих үшін қас-қағым сәт болуы мүмкін. Бірақ, тәуелсіз ел азаматтары үшін олай емес. Бұл – үлкен асу және мерейлі асу! Буыны енді беки бастаған тәуелсіз еліміз шын мәнінде, әлемдік деңгейдегі алпауыт елдермен иық тірестіре алатындай дәрежеге оп-оңай жете қойған жоқ, кедергілер де жиі кездесті. Тоқсаныншы жылдардағы ел басына түскен экономикалық қиындықтар, өндіріс, өнеркәсіп өнімдерінің құлдырауы, кедейшілік пен жұмыссыздықтың көбеюі, тауар жұтаңшылығы, бәрі-бәрі күні кешегідей көз алдымызда. Елді осындай тығырықтан Елбасының қажырлы қимылы, ұстамды, сабырлы мінезі, қиындықтан жол таба білетін іскерлік қасиеті, ең бастысы, болашақты болжағыш көреген саясаты  шығарып, құтқарып қалғандығын айтқанымыз жөн. Сондай қиын тұста қазақ елінің астанасын Алматыдан Арқа жеріне көшіру жөнінде батыл бастама көтеріп, оны жеріне жеткізіп іс жүзіне асырудың нәтижесінде Сарыарқаның сауырында, көк Есілдің жағасында жаңа Астана шаһарының бой көтеруі – әлемде таң қаларлық ұлы оқиға ретінде қабылданған еді. Бұл ерлікке пара-пар Елбасының қажырлы еңбегі мен сындарлы саясатының арқасында дүниеге келген Тәуелсіз Қазақстанның үлкен бір жетістігі болып саналады.
Қазақстан әлемде өзінің саяси орнын айқындап алды. Бейбіт саясат пен ұлтаралық келісімді қамтамасыз етті. Қазақстан халқы ассамблеясын құрды. Жаһандық ядролық сынақсыз аймақ құру жөнінде ұсыныс берді. Әлем халқы Қазақстан басшысының ұлы бастамасына қолдау көрсетті. Ұлттың қамын ойлайтын, дамудың келешегін болжайтын дана саясат ұсынған Нұрсұлтан Назарбаев жас мемлекетті экономикасы орнықты елу елдің қатарына қосты. Ендігі мақсат – отыздықтың ішінен ойып орын алу. Қазақстан кешегі тоталитарлық жүйенің түйіндерін шешіп, зайырлы құқықтық мемлекетті құрып, Еуропаның төріне шықты. Ал, жаңа Астана қаласы Еуразияның жүрегіне айналды!
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Қазақ­стан Орталық Азия елдерінің арасында алғаш­қы болып 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Ке­ңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Халықаралық қоғамдастық Қазақстанның халық­аралық қатынастарды дамытудағы үлесін лайықты бағалай отырып, біздің елімізге ЭКСПО-2017 ха­лықаралық мамандандырылған көр­месін өткізуді сеніп тапсырды.
Осы мерзімде Қазақстанның Қарулы Күштері еліміздің сенімді қалқанына айналды. Президент – Жоғарғы Бас қол­басшы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республика­сы­ның тәуелсіздігін, аумақтық тұтас­ты­ғын, оның шекарасының мызғымастығын, хал­қы­мыздың бей­біт және тыныш өмірін сенімді қор­ғауға қабілетті Қарулы Күштерді түбегейлі реформалауды, әскери қуаты мен әлеуетін арттыруды қамтамасыз етті.
Мемлекет басшысының еңбек жолы өткен ғасырда Қазақстан Магнит­касында – Теміртауда домна пешінде басталғанын елдің бәрі де жақсы біледі. Қарапайым болат балқытушыдан Елбасы дәрежесіне көтерілудің оңай болмағандығы және де оның болашақта Президент болам деп ойламағандығы анық. Табиғат берген дарын мен қабылет, туған Отанға деген адал сүйіспеншілік Нұр-ағаны биік белестерге өзі-ақ шығарды. Бәлкім, мұнда ел, халықтың ақ батасы мен риясыз алғысының шапағаты да бар шығар! Елбасы өзінің сөйлеген екі сөзінің бірінде еңбек еткен, кәсіп қуған адамға абырой мен бақтың өзі келетінін жалықпастан айтып келеді. Шағын және орта бизнестің болашағына сенеді. Жастарға туған елге, өскен ортаға пайда келтіріп, ел экономикасын тұрақтандыруға жастық күшпен, жаңа жігермен лайықты үлес қосуды тілек етіп, айтумен келеді. Елбасының үлкен өнегесі, көреген саясаты кім-кімге де болса да үлгі болғандай! Одан тәлім алғанға, ұқсап баққанға не жетсін?! Тегін жерге бәйтерек өспейді, тегін кісі  Президент тағына отырмайды. Елбасы туралы байламды сөз – осы.
Елбасы жастармен кездескенде жер байлығына емес, ең бастысы – ел байлығына сену қажеттігін үнемі ала тартады. Мемлекет үшін басты капитал адам болса, ел байлығы – білім, жаңа технология, заманауи инфрақұрылым, берік те тұрақты отаншылдық сезім екенін айтады. Сондықтан Елбасы ең қайтарымды, ең ізгі капитал – жастардың заман талабына сай білім алуына жұмсалған қаражат деп танып, білімді жастарды «Болашақ» бағдарламасымен дамыған шетелдердің жетекші жоғары оқу орындарына оқуға жіберіп отырады. Қазір де бұл үрдіс толастаған жоқ. Бұрын данышпан Абай: «Интернатта оқып жүр, талай қазақ баласы» деп жырласа, бүгіндегілер: «Шет елдерде оқып жүр, талай қазақ баласы» деп жар салатын болды.
Тәуелсіздіктің 25 жылында Қазақстанда жоғары экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізілді. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқын дәйекті түрде ең жоғары әлемдік көрсеткіштерге жетуге бағыттап келеді. «Қазақстан-2050» Стратегиясы, «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясаты, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары – әлемнің ең дамыған мемлекеттерінің қатарына кіруге қабілетті Қазақстанның қуатын нығайтуға бағытталған жоспарлар. Біздің бәсекелес болатын бірегей басымдықтарымыз – Қазақстанның мол табиғи байлығы, ауыл шаруашылық, коммуни­кациялық және транзиттік әлеуеті еліміздің эконо­ми­калық жетістіктерінің негізіне айналды.
Бүгінде Қазақстан – жекеменшік институты орныққан, орта тап белсенді дамитын, ал кәсіпкерлік экономикалық өркендеудің қозғаушы күші болып табылатын тұрақты нарықтық экономикасы бар ел. Елбасының стратегиялық көрегендігі арқасында Қазақстанда жаһандық қаржылық-экономикалық дағдарыстарға қарамастан, ел экономикасын жаңғырту табысты жүзеге асырылып жатыр. Қазақстан индустриялық қуатын нығайту мен инновацияны дамытуды нық көздеп отыр.
Елбасының қарапайымдылығы мен азаматтық позициясының мықтылығына бір ғана мысал. Күні кеше ғана ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы Декла­рациясының қабылдауына байланысты айтқан сө­зінде: «25 жылдыққа орай барлығы сөз сөйлеп, біз­дің жетістіктеріміз жайында айтуда. Шындығында да мақтанарлық жайттар бар. Біз көп іс атқардық. Егер сіздер жанымда болмағанда жалғыз өзім ештеңе де істей алмас едім. 25 жыл бойы жақтастар іріктеп алуда жолым болды. Олар өз істерін жасады. Мен сіздерді команда деп есептеймін. Сондықтан да жетістіктер бар. Жалғыз адам ештеңе де жасай алмайды. Мен барлықтарыңызға, біздің Парламентімізге, депуттарымызға кешегі декларациялары үшін ризашылығымды білдіремін. Онда біздің дамуымыздың барлық кезеңдері, менің рөлім аталып өтілген. Әрине, адам ретінде бұл ұнады. Парламент – бұл биліктің дербес тармағы, шешім қабылдауға, өз пікірін білдіруге құқығы бар», – деп ағынан жарылған еді.
Елбасы туралы пікірлер тоғысы сан алуан және салиқалы. «Халық айтса қалт айтпайды» дейді ғой қазақ атамыз. Халықтан үлкен ұлық, халықтан биік ештеңе жоқ. Елбасы шын мәнінде, халық үшін жаралған көрнекті тұлға. Алты алашқа әйгілі Тұрмағамбет шайырдың: «Қайратты туған ер болсаң – қамын ойла халқыңның» деген терме жолдары бізді осы ойға жетелейді.

 

ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰҒЫРЫ
немесе Бәйтерек туралы жыр

 

Тәуба, тәуба…
Тәуелсіздік, жеткердің,
Тәңірімдей несібемді көп бердің.
Ел басына бақ құсы боп  қонғалы,
Ғасырдайын ғұмырымды өткердім.

Аңыз емес,
Шындық-шынар жайқалды,
Тұғырымның беріктігі байқалды.
Өз еліне саябағын тарту ғып,
Бәйтерегім һас батырдай найқалды.

Күміс күннің шуағына малынып,
Ел біткенің қарайды оған табынып.
Тәуелсіздік тұғырының бейнесін,
Жер менен Көк қалыпты ғой сағынып.

Бәйтергім – асқар шыңым, асқағым,
Нұрға бөлеп тұрсың елдің аспанын.
Төрткүл әлем – Таңдай қақсын тамсанып,
Керегі не одан артық басқаның?!

Бәйтерегім – айбын күшім, айбарым,
Түп-тегіңнен алдың өмір қайнарын.
Ата жолы – Ақиқаттан айнымай,
Жанып алдым намысымның қайрағын!

Бәйтерегім, желбіре көк байрағым,
Бұлбұлың боп мен бағыңда сайрайын.
Көрсін әлем, көрсін құрлық, мұхиттар,
Тамырыңның кеңге терең жайғанын!

Ибрагим Бекмаханұлы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X