Валюта бағамы: $ 335.24 395.82 5.82 ¥ 50.65

Теңге – экономиканы басқару құралы

Тәуелсіздік туындысы, ұлттық валютамыз – теңге 1993 жылдың 15 қарашасы күні айналымға енгізілді. Содан бергі 23 жылдың ішінде кескінделуі жағынан әлемдегі ең үздік банкноталардың қатарынан орын алған теңге бүгінде Орталық Азиядағы тұрақты валюталардың біріне айналды. Теңге айналымға шыққан күн – Мемлекет басшысының 1997 жылғы қарашаның 12-дегі Жарлығымен Ұлттық валюта күні, еліміздегі қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып жарияланды.

Биылғы мерекелі жылғы Ұлттық валюта күні Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы: Ұлттық валюта» атты алқалы жиынмен аталып өтті. Ұлттық банк ұйымдастырған конференцияға Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова, Конституциялық кеңес төрағасы И.Рогов, Бас банк төрағасы Д.Ақышев, Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, жетекші экономистер мен қаржыгерлер, танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, сарапшылар қатысты. Конференцияға қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова: «Мемлекет басшысының ерен көшбасшылығының арқасында Қазақстан тұтастай дәуірмен теңесетін жолдан өтті. Жарқын жетістіктер мен толағай табыстардың 25 жылы – Елбасының көреген және сарабдал саясатының салтанатына айналды», – деп атап өтті.ERA_1028-1
Мемлекеттік хатшы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жалпы­ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімнің бірегей үлгісі Қазақстанның жарқын жетістіктерінің шешуші факторына айналғанын, Қазақстан халқы ассамблеясы оның басты ұйытқысы болғанын айтты.
Мемлекеттік хатшы конференцияға қатысушыларды кәсіби мереке – Ұлттық валюта күнімен құттықтап, Мемлекет басшысының 1993 жылы төл теңгемізді енгізу туралы тарихи шешімі көреген әрі тағдыршешті қадам болғанын атап өтті.
Еске алар болсақ, теңгені айналымға енгізуден үш күн бұрын мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасында Ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлығы шықты.

Жалпы, төл теңгемізді дайындау жұмыстары 1992 жылы қолға алынып, сол жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Тәуелсіздігіміздің бір тірегі – ұлттық валютаны теңге деп атауды Халықаралық инженерлер академиясының академигі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, «Құрмет» орденінің кавалері, белгілі ғалым Сауық Тәкежанов ұсынған еді. Егемен еліміз Ұлттық банкінің алғашқы  төрағасы, экономика ғылымдарының докторы, қаржыгер Ғалым Байназаров бізбен әңгіме барысында атап өткендей,  сол бір қысылтаяң уақыт ішінде қаржы институты ұжымы іскерлігінің арқасында банктің өз кірісі есебінен 1993 жылдың 1 шілдесіне дейін қаржы нарығының барлық инфрақұрылымы құрылып болды. Атап айтқанда, Электронды валюта биржасы, Теңге (Монета) сарайы, Банкнот фабрикасының бірінші кезеңі, Алтын-валюта қоры, Мемлекеттік валюта қоры мен қымбат бағалы металдарды сақтау қоймасы жасалды, Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы төлем жүйесі құрылып, жұмыс жүргізуге толық әзірлікте еді. Дербес мемлекетін, жаңа экономикасын құрып жатқан еліміз үшін сындарлы сол бір кезеңде, 1993 жылдың қазан-қараша айларында Қазақстан рубль аймағынан толықтай шығып, 15 қараша күні төл валютамыз – теңге ресми айналымға енді. Ұлттық валютаның пайда болуы нарықтық қарым-қатынастың дамып, тиімді банк жүйесінің қалыптасуына тың серпін берді.
1993 жылы қолданысқа енген еліміз­дің төл валютасы Англиядағы ежелден әйгілі «Харрисон және ұлдары» атты технологиялық қуаты жоғары банкнот фабрикасында басылып шықты. Алғашқы жылдардағы теңгеміздің түрлі номиналында белгілі тарихи тұлғалар­дың портреттері, еліміздің тарихи-мәдени ескерткіштері мен көрікті табиғаты бейнеленді. Алғаш айналымға енгізілгеннен бергі 23 жылдық тарихында теңге кескінделуі мен жасалу сапасы жағынан әлемдегі ең үздік валюталардың қатарынан көрінді. Атап айтсақ,  2012 жылы Ұлттық банктің еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған номиналы 10 000 теңгелік ескерткіш банкноты интернет-дауыс беру арқылы жылдың ең үздік банкнотын анықтайтын Халықаралық банкнот қоғамдастығының «2011 жылғы ең үздік банкнот» атағына ие болды. Келесі жылы «Қазақ Елі» сериясы бойынша номиналы 5000 теңгелік банкнот екінші рет «2012 жылғы ең үздік банкнот» атағын иеленді. Ал, көне түркі жазба ескерткішіне арналған номиналы 1000 теңгелік «Kүлтегін» банкноты 2013 жылдың ең үздігі болып танылды. Төл теңгеміздің осылайша көптеген елдердің валюталары арасынан жыл үздігі аталып, барша әлемге танылуы тәуелсіз еліміздің жылнамасына жазылар маңызды оқиға екені даусыз.
Осы орайда Ұлттық банктің Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында шығарған жаңа сувенирлік банкноты – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бейнеленген 10 000 теңгелік купюра және 5 000 теңгелік мерейтойлық монетаның өмірге жолдама алуы да осы қатардан көрінер тарихи сәт десек болады. «Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы: Ұлттық валюта» атты конференция барысында мерейтойлық жаңа банкнот пен монетаны  таныстыру барысында бас банктің төрғасы Данияр Ақышев атап өткендей, Ұлттық банк сувенирлік банкнот пен монетаны Қазақстан Респбуликасының Тұңғыш Президенті күні – 1  желтоқсанда жа­рық­­қа шығарады.  
Банкнотты таныстыру салтанатында айтылғандай, 10 мыңдық жаңа банкнотта сақтар дәуірінен бүгінгі күнге дейінгі тариx жинақталған. «Ондағы галограмма – символдық бейнелер арқылы көрсетілген Астананың панорамалық бейнесіндегі қорғаныш элементтері. Ал ынтымақтастық идеясы Қазақстанның картасы көпұлтты xалықтардың ортақ үйі ретінде бейнеленген. Қазақ Елі монументіндегі Самұрық құс кешегі мен бүгінгінің сабақтастығының белгісі болып табылады. Мерейтолық купюра Президенттің, Ұлт көшбасшысының ел дамуына сіңірген ерен еңбегінің көрі­нісін бейнелеуге бағытталған», деп сипатталады жаңа банкнот таныстыру бейнебаянында.
Ал, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы құр­метіне шығарылған естелік монета жалпыұлттық «Мәңгілік ел» идеясының құндылықтарын сипаттайды. Оның бет жағында Қазақ елі монументі, қазіргі Қазақстанның картасы аясында xалықтар бірлігінің символы болып табылатын ұлттық киімдегі әр ұлт өкілдері бейнеленген. Бес мың теңгелік монета алтындалған күн шығыс бейнесімен әшекейленген. 925 сынамды күмістен жасалған оның салмағы 777,5 граммды құрайды.


Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X