Валюта бағамы: $ 314.4 343.83 5.51 ¥ 45.6

ҰСТАЗ ҰЛАҒАТЫ

Бастапқыда мен ұстазым, ғылым жолындағы ақылшым Болатхан Махатұлын көріп, танысуға асықпадым. Оның себебі де бар еді. 2005 жылы университетте оқытушы қызметіне қалдырылып, сол жылдың күзінде аспирантураға күндізгі бөлімге конкурс арқылы қабылданып, оқуға түстім. Негізгі бітірген мамандығым – биолог-аңшылықтанушы. Бұл жаңадан ашылған мамандық әрі мамандардың аздығынан аспирантурасы да жоқ еді. Сол себепті оған сәйкес келеді-ау деген дербес зоотехния, мал шаруашылығы өнімдері өндірісінің технологиясы мамандығына аспирантураға түстім. 

Шыны керек, сол уақыттағы кейбір аға­лардың келеңсіздік­терінен біраз уақыт жетекшісіз жүрдім. Бірде сол кездегі Анимология институтының директоры Макбуз Аманжол ағамыз «университетте Болатхан Махатов деген ағаң бар, сол кісіге жолық», деп кеңес берді. Содан біраз уақыт өткен соң, кездесіп қалғанда «бардың ба?» деп сұрады. Мен болсам, «бармадым» деймін. Осыдан кейін ол бір жолы мені кабинетіне шақырып, мұның себебін сұрады. Мен «кейбір ағалардың бірі шығар деп бармадым», деймін. Ағамыз көп ойланбай, телефон тұтқасын алды да, «қазір барады», деп, мені сөзге келтірместен Болатхан Махатұлына жіберді. Ол кісіге келген соң, жөн сұрасып, танысып, әңгімелесіп кеттік. Қысқасы, екі сағатқа созылған әңгіменің әсері болар, алғашқыда аяғымды әзер басып келген мен әңгіме соңында алдыма үлкен міндет қойып, «үлкейіп» қайттым.
Солай бөдене дейтін ғажайып құсты зерттеу жұмысы басталды. Ұстазымның бағыт-бағдар беруінің және оның қойған талаптарын бұлжытпай орындап отырудың нәтижесінде 2008 жылы «Жергілікті бөдене популяциясының өнімділік қасиеттері» тақырыбындағы кандидаттық диссертациямды қорғап шықтым. 
Ғылым жолында дұрыс бағдар берген ұстазымның өмірлік ұстанымы ерекше. Ол Абай атамыздың қара сөздерін сөз арасында келтіріп отыратын ғалым ғана емес, әдемі ауызекі әңгіменің де сөзсіз шебері. Шаршаған кезінде «өлең оқышы», деп қолқалайтыны да бар. Оған қоса, кітапты айнымас дос еткен тамаша ой иесі. Оқыған кітаптарындағы кейіпкердің аузына керемет сөз салатын мықты авторларға ризашылығын айтып отырады.
Талантты ұстаздың кісі бойындағы жақсы адами қасиеттерді көріп, бағалай білетін ерекшелігін бірден байқадым. Мейірім мен шапағат азайған заманда көзіне көрінген жан баласына қамқорлық сыйлайтын ұстазымның бойында ерекше қасиеті бар.
Менің ұстазым – адамдарды адалдыққа тәрбиелей алатын текті жан. Текті әулеттің ұрпағы болғандықтан шығар, осы биігінен еш төмендеген емес. Тіпті елдік мұратты алдыңғы орынға қойып, жеке отбасы істерін кейінге қалдыратын ғажайып жан. Қашанда жаңалыққа толы өмірді қалайтын жандардың жабықпауын, солардың қамықпауын іздейтін ұстазым өзін адам баласына сенімнің сертін санаңа сіңіріп, уәденің беріктігін бойына бойлата алатын тұлға ретінде байқатты.
Басында жүрексініп, қашып жүрсем, қазір ерекше құрмет тұтатын жан жайында жазу әрі жеңіл, әрі қиын. Жеңіл келетін себебі, ойына тек жақсы ой иірімдері оралып, жылдам жазылады. Ал қиыны сол, осындай құрмет пен сенімге лайық азаматтың жақсы қырларын ашып көрсете алдым ба деген ой келеді. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының құрметті академигі, Моңғолия Ұлттық Ғылым академиясының академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор және де көптеген марапаттардың иесі Болатхан Махатұлы Махатов туралы айтқым келген ықыласты лебізім осы еді.


Мұхтар БАЙБАТШАНОВ,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты,
Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі


Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X