Валюта бағамы: $ 341.08 394.46 5.37 ¥ 52.71

Кемел келешегіміздің негізі

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Білім күні­нің қарсаңында Қазақ ұлттық хореография академиясының ашылу рәсіміне қатысты.
Рәсімді ашқан Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды елордада жаңа жоғары оқу орнының бой көтеруімен құттықтады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қыз­меті.

– Бүгін біз Астанада жаңа өнер ордасын салтанатты түрде ашып отырмыз. Бұл жерде ұлттық балет пен би шеберлерінің жаңа шоғыры оқып-тәрбиеленеді. Мұнда қазақстандық салт-дәстүр дамып, әлемдік деңгейдегі би өнерін дамытуға жаңаша қадамдар жасалатын болады. Ұлттық хореография академиясы – біздің елімізде ғана емес, бүкіл Орталық Азия елдеріндегі осы үлгідегі алғашқы жоғары оқу орны. Онда қазақстандықтармен бірге өзге шет елдердің шығармашыл дарынды жастары оқитын болады. Еліміздегі бұл академия уақыт өте келе бүкіл Еуразиядағы балет пен би шеберлерін дайындайтын жетекші орталықтардың бірі болатынына сенемін, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы академиядағы оқу ісі би мен балет өнерінің негіздерінен бастап жоғары оқу орнынан кейінгі магистрлер мен докторанттарды дайындауға дейінгі білім беру үрдісінің барлық деңгейін қамтитынын атап өтті.
– Бұл көп деңгейлі кәсіби хореогра­фия­лық білім беретін толық тізбекті ака­демияның маңыздылығы мен біре­гей­лігін ескере отырып, оған менің жарлы­ғыммен «ұлттық жоғары оқу орны» айрықша мәр­тебесі берілді. Сіздер осы жаңа өнер ордасында жоғары халықаралық өлшем мен білім берудің отандық қайталанбас стандартын қалыптастыруға тиіссіздер. Сіздер Қазақстанның би мен балет өнерінің жаңа ұлттық брендін орнықтырады деп сенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті оқу орнының бюджеттен тыс қаражат көзде­­ріне салынғанын айтып, сәулетшілер мен құ­ры­лысшыларға атқарған жұмыстары мен шы­ғармашылық еңбектері үшін алғыс біл­дірді.
Рәсім барысында Нұрсұлтан Назарбаев академия ректоры А.Асылмұратоваға бале­ринаның шағын мүсінін табыс етті.
– Бұл мүсінді түлектер жыл сайын бі­рін­ші сынып оқушыларына табыстайды, ол балет әртістерінің кәсіби деңгейінің өсуінің жалғастығы мен академияның дәс­түрлер сабақтастығының символы болады, – деді Елбасы.
А.Асылмұратова Қазақстан Президен­тіне білдірген сенімі мен академияға жағдай жасағаны үшін алғыс айтты.
– Біз үшін мұнда біліктілігі жоғары әр­тістер, педагогтар, өнертанушылар да ғана емес, сондай-ақ еліміздің нағыз патриоттарын, өнерді құрметтейтін мәдениетті азаматтарды тәрбиелеу маңызды. Академия қазіргі мойындалған мектептердің қатарынан өзінің лайықты орнын табады деп үміттенеміз. Біз сол үшін бар күшімізді саламыз, – деді академия ректоры.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев оқыту­шылар мен студенттерге еңбек пен оқуда жетістікке, жаңа шығармашылық жұмыста табысқа жетуіне тілектестік білдірді. 
Қазақстан Президенті академияның Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба және «Уақыт капсуласына» естелік жазба қалдырды. 

Бұдан бөлек, Елбасы балет залын, жатақхананы, асхана мен бірінші сынып оқушыларына арналған оқу сыныптарын аралап көрді.
Нұрсұлтан Назарбаев салтанаттың қорытындысы бойынша өткен БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында барша қазақстандықты келе жатқан Білім күнімен құттықтап, оқушыларға, ата-аналар мен мұғалімдерге табыс пен мықты денсаулық тіледі.

*  *  *
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа оқу жылының қарсаңында Ас­танада ашылған №84 мектеп-лицейде болды. 
Елбасы мектептің оқу сыныптарын аралап, мұғалімдермен әңгімелесті.
Нұрсұлтан Назарбаев жиналғандар­ды жаңа мектептің ашылуымен құттық­тап, тәуелсіздік жылдарында білім беру саласын дамыту және қажетті инфра­құрылымды қалыптастыру үшін мемлекет көп күш-жігер жұмсағанын атап өтті.
– Көптеген жастарымыз шет елдерде білім алуда, бұл жылдарда еліміз бойынша 1700-ден астам мектеп, соның ішінде зияткерлік мектептер ашылды. Биыл 60 жаңа оқу орнын ашу жоспарлануда. Осы қадамдар жас ұрпақтың өсіп-өркендеуі мен еліміздің болашағы үшін жасалып отыр. Бұл мектеп шейх Халифпен келісім негізінде соның қаражаты есебінен салынды. Сол үшін оған алғыс айтамын, – деді Қазақстан Президенті.
  Жалпы ауданы 14 мың шаршы метр болатын, 1200 оқушыға лайықталған жаңа мектептің 48 оқу кабинеті бар. Білім беру қазақ және орыс тілдерінде екі ауысым бойынша жүзеге асырылады.
  Оқу орнының инфрақұрылымы 30 орындық оқу залы бар кітапхананы, 360 орындық мәжіліс залын, спорт залын, жүгіру жолағын, сондай-ақ футбол, баскетбол, волейболмен айналысуға арналған алаңдарды қамтиды.

*  *  *
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Ядролық қарусыз әлем қалып­тастыру» атты халықаралық конференция аясында шетелдік БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.
Нұрсұлтан Назарбаев BBC, Euro­news, CNBC Arabia, «Россия 24» телеарналары өкілдерімен әңгімелесу барысында Қазақстанның ядролық қаруды таратпау және қарусыздану саласында жұмсаған күш-жігеріне, сондай-ақ конференция кезінде ұсынған бастамаларына қатысты сауалдарға жауап берді. Атап айтқанда, Елбасы Семей ядролық сынақ полигонының жабылу тарихы туралы әңгімелеп, ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізудің перспективаларына және осы саладағы сын-қатерлерді еңсеруге қатысты өз көзқарасын біл­дірді. Сонымен қатар, Қазақстан Пре­зи­денті ядролық қарудан азат аймақ құру жөніндегі өз тәжірибесін ортаға салып, алдағы қарашада өтетін Астана бейбітшілік саммиті мен Ядролық қарусыздану үшін берілетін сыйлықты тағайындау жөніндегі бастаманың жай-жапсары туралы айтып берді.

 


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру