Валюта бағамы: $ 383.43 432.47 6.12 ¥ 55.78

Дарындыларға дара көзқарас қажет

Тума таланттардың түп қазығы – ауыл екендігіне қазақ ғылымы мен техникасының, әдебиеті мен мәдениетінің, спортының  кешегісі мен бүгінгісі куә. «Классиктер провинцияда туып, Парижде өледі» дегенде француздар осыны мегзеген болуы керек. Жуырда журналистік іссапармен Жамбыл облысына жол түсіп, Шу аудандық «Еңбек туы» («Знамя труда») газетіндегі Назарбаев зияткерлік мектебіне қатысты материалға көзім түсті. Шағын мақалада «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» суырылып шығатын білім бәйгесінің бүгінгі жайы сөз болған. Жаңалыққа жаны құмар халқымыздың білекті бірді, білімді мыңды жығатынына жіті назар аударып отырғандығы көңілге қуаныш ұялатты.  

Ғылым мен білімнің сан алуан салалары бойынша таңдау жасаған мақсаттары биік, армандары асқақ талантты балаларды іріктеп, тәрбиелейтін Назарбаев зияткерлік мектептері бастауын 2008 жылдан алады. Үкімет қаулысымен бұл жылы «Тұңғыш Пезиденттің 20 интеллектуалды мектебі» жобасының аясында жалпы білім беретін мектептер желісін құруды  мақсат тұтқан «Өркен» акционерлік қоғамы құрылды. Ал, келесі жылы Астанада физика-математикалық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебі талапты оқушыларға өз есігін айқара ашты. Содан бергі кезеңде мұндай білім ордалары республикамыздың бүкіл аймақтарында дерлік бой көтерді. Бір айта кетерлігі – осындай өркениет ошақтары Тәуелсіз мемлекеттер достастығының өзге елдерінде де, Орталық Азияда да ұшыраспайды. Бұл мектептерде шалғай елді мекендерден келген оқушылардың замануй білім алуларына барлық жағдай жасалған.  Айталық, Тараз қаласындағы физика-математика бағытындағы  мектепте облыс аудандарынан келген оқушыларға арналып 120 орынды жатақхана салынған. Ал, Астанамыздағы зияткерлік мектепте болғанымда шәкірттерді баулудың іс жүзіндегі озық тәжірибесін көзіммен көріп, көңіліммен бағаладым. Мектеп оқущылары үштілді ортада оқиды. Берекелі бастаманың жемісін көретін сәт те алыс емес деген ойдамын.  
Назарбаев зияткерлік мектептерінде жоғары білікті педагог кадрлар жұмыс істейді, қазіргі заманғы ғылыми-лабораториялық жабдықтар, интерактивті мультимедиялық құрылғылар орнатылған. Мұның өзі талапкерлердің өздері қалаған бағыттар бойынша терең білім алуларына мүмкіндік береді. Осының нәтижесінде аталған мектеп шәкірттері жыл сайын әлемде, Достастықта және республикамызда өткен алқалы сайыстарда жеңіс төрінен көрініп, жүлделі орындарды иеленіп келеді. Британияның Кавендиш-колледжі филиалының қалай құрылғанын көзімізбен көріп, перзенттеріне әйгілі  ордада  оқуын жалғастыру бақыты бұйырған ата-аналардың шат-шадыман, қуанышты көңіл-күйлеріне куә болдық.  
Енді жамбылдық ата-аналардың пікіріне құлақ түрелік. Оңтүстік өңірде халықтың тығыз тұратыны, мұнда ел өсімінің жоғары деңгейде екендігі белгілі. Сондықтан да аймақтарда Назарбаев зияткерлік мектептерін осы өсімге сәйкес орналастыру қажет болады. Яғни  бір емес, кемінде екі мектеп ашу қажет! Дерек пен дәйекке жүгінейік. Тәуелсіздік кезеңінде, 1992-2016 жылдары Қазақстанда 7 373 671 сәби өмірге келген екен. Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметтеріне сәйкес 1992 жылдың қаңтарынан 2016 жылдың наурызына дейін 3 597 820 қыз және 3 775 851 ер бала туыпты. Солардың ішінде Оңтүстік Қазақстан облысында 1 502 632 сәби, Алматы облысында – 826 196,  Жамбыл облысында – 556 168 және Қарағанды облысында  524 559 сәби дүние есігін ашыпты. 
Соңғы 15 жылда Маңғыстау облысы (халықтың 1000 адамына шаққанда орта арифметикалық  27,84 нәресте) және Оңтүстік Қазақстан облысы  (27,78) демографиялық өсімі жоғары өлкелер болып табылады. Сондай-ақ Қызылорда (24,83) және Атырау (24,66) облыстарында туу жоғары. Осыған орай зияткерлік мектептер желісін демографиялық көрсеткіштерге орай орналастыру қажеттігі туындайды. Сөйтіп, ұрпағының болашағына алаңдаған ата-аналардың да, сапалы білім, саналы тәрбие алуға ұмтылған балалардың да мүдделері бір арнада түйіспек. Сондай-ақ осы арқылы отандық білім деңгейіне деген ел сенімі нығаймақ. Бұл әрі  елдің зияткерлік болашағына салынған тамаша инвестиция болып табылмақ. Алтын бесік – ауылға деген ынта-ықылас қай кезде де үзілмеуі тиіс.
Сөз соңында өткеннің тәжірибесіне тағы бір көз жүгірткім келіп отыр. Кеңес заманының оқушылары Мәскеу, Новосибирск мемлекеттік университеттері жанындағы физика-математика мектептері жайлы жақсы хабардар болатын. Осы игі үрдісті әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жалғастырып, өзінің бейіндік мектебін ашты. Бұл мектепте  білім беру қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағытта жүргізіледі. Мектептің негізгі мақсаты «бейіндік мектеп-колледж-университет» сатысындағы үздіксіз оқыту жүйесін құру. Бұл жүйе білім беру реформасының заманауи талаптарына сай жалпы орта білім беру моделін жасауға, оқушыларды ғылыми-зерттеушілік және эксперименттік жұмыстарға дайындауға, белсенді өмірлік ұстанымы бар тұлғаларды тәрбиелеуге, отандық білімнің  халықаралық деңгейде бәсекелестік қабілетін арттыруға бағытталған. 
    Елімізде ғылым мен техниканың, мәдениеттің барлық салаларына маман даярлайтын жоғары оқ орындары әр облыс орталығында, ірі қалаларда жұмыс істейді. Бұл білім ордаларындағы білікті оқытушылар мен професорлар құрамының көмегіне жүгініп, жоғарыда аталған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бейіндік мектебінің үлгісімен тәрбие беру жолға қойылса, талапты да талантты жастардың жолы ашылып, нұр үсіне нұр болар еді.  

Гүлнар МҰҚАНОВА, 
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доцент
і


Пікір(1)

  • мұрагер
    18.08.2016 at 5:50 pm

    Жақсы пікір. Осындай ұсыныстарды жергідлікті билік орындарына, министрліктерге жіберіп отыру керек.
    Өйткені, оқу мен білімге салынған қаржы қазір болмағанмен, кейін еселеп қайтады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру