Валюта бағамы: $ 386.34 427.25 5.88 ¥ 54.57

Жақсының аты өлмейді

Көрген сайын көңілі көлдей тасып жүретін, жадыраған жайдары қалпынан ауытқуды білмейтін, жан сырын жасырмай жайып салып тұратын Айгүл Есенбаеваның өн бойына құдай адамгершілік асыл қасиеттерді құйып қоя салғандай көрінеді де тұрады. Сондай сәттерде «шіркін, осындай адамдардың қатары арамызда көп болса ғой» деп амалсыздан армандап қоясыз. Ол Қазақ ұлттық аграрлық университетінің кітапханашысы. Еңбек өтілінің өзі 37 жылды қамтиды. Өз жұмысының бесаспап маманы екенін университет ұжымы жақсы біледі. Бір күні Айгүлге ойламаған жерден: 

– Айгүл, саған қарап-ақ ата-аналарыңның алтын адамдар екенін анық аңғардым. Сен сол кісілердің тәлімді тәрбиесін көрсетіп жүрсің. Ол кісілер қалай, қазір бар ма? – деп тосын сұрақ қойып қалғанымды өзім де кеш ұғындым. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген осы болар. Айгүлдің жүзі алабұртып, мұңайыңқырап тұрып: 
– Екеуі де жоқ аға. Олар қайтыс болып кеткен, – деп ауыр күрсініп жіберді… 

Күндер өтіп жатты. Осы бір жайсыздықтан кейін менің де мазам кетіп жүрді. Айгүлдің көңілін құлазытып алғаныма қатты қапаландым. Бір күні маған күтпеген жерден Айгүл келіп тұр. Абыржығаны да анық байқалады. 
– Аға, мына бір құжаттарды сізге әкелдім. Өзіңіз танысып шығарсыз. Менің әке-шешемнің көзі тірі кездерінде қандай адам болғандарына қаныға түсесіз, – деп бір бума құжаттарды менің алдыма қойып, ілтипатты ізетімен шығып кетті.
Қатталып әкелінген құжаттарды аспай-саспай, ақырындап қарай бастадым. Артында қалған ата-ана мұраларына не деген ұқыптылық пен құнттылық. Қараған сайын әкесі Қабақай Есенбаевтың, анасы Кәмеш Есенбаеваның өз заманында тегін адам болмағандарына тереңдеп қаныға түстім. Нағыз «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп бетке ұстайтын адамдар екеніне көз жеткіздім. Арттарына өшпейтіндей жарқын із қалдырыпты. «Жақсының аты өлмейді» деп айтуға тұрарлық жандар екен. Екеуі де елінің, жерінің мерейін асырған асылдар.
Екеуінің артта қалған өмір өткелдеріне үңілген сайын өнегемен өріс алған өмірлерінің өрімдері қызықтыра түсіп, бақытты жандар болғанымен баурап алады. Біз тілімізге тиек етіп отырған кейіпкерлеріміздің отбасылы болғандығынан салт-дәстүрімізге сай болуын ескеріп, сүйген жар, отбасының отағасы, бас иесі болған Қабақай Есенбаевтан бастауды жөн санадық. Ол кісі 1921 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданының, Қаратал ауылында қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келіпті. Осындағы жетіжылдық мектепті бітіріп шығады. Сол кезеңдегі ауылды жерлерде бұдан жоғары мектептер болмаған ғой. Сондықтан адам баласы барға қанағат етумен шектеліп келген. Бұдан кейін жастық жалын иесі атанған Қабақай ағамыз Сталин атындағы колхоз жұмыстарына білек сыбана араласып кетеді.
Өмір өз дегенін істемей қоймайды ғой. Қара жұмыстың қақ ортасында жүрген кезінде 1941 жылдың мамыр айында Совет Армиясы қатарына шақырылады. Бұл тарихта таңбаланып қалған Ұлы Отан соғысының қарсаңы еді. Ел басына күн туғанда ол дайын жауынгер ретінде бірден жағадан алып жатқан жаумен арпалысқа түседі. Жылдың аяғына дейін жас жауынгер Челябі облысының Троицк қаласында кіші әуе мамандығының курсанты болатын.  Қабекең осы әуе атқыштар полкінде соғыстың аяғына дейін болады. Атап айтқанда, Карель, І-ІІ Беларусь майдандарында алғы шепте жүреді. Польша, Германия, Кениберг, Штейнді азат етуде асқан қырағылығымен әрі мергендігімен ауызға алынып, абырой арқалайды. Әскери шені бірден майор дәрежесіне дейін көтеріледі.
Қабақай Есенбаев қандай майдан шебінде болмасын тиісті жауынгерлік тапсырмаларды орындауда жанқиярлық ерліктерімен топ басында жүреді. Ол ерліктері орынды бағасын алып, оның жауға деген кеудесін кернеген кекті одан әрі ұштай түседі. Оның алғашқы алған Отан наградасының да орны бөлек. Оған 1945 жылы майдан шебінде көрсеткен ерлігіне орай Кеңес Одағының маршалы К.Рокосовский мен Солтүстік майдан шебіндегі әскери кеңестің мүшесі С.Шатиловтың қолдары қойылған Алғыс хаты беріледі. Сол сияқты бұдан кейін ІІ Беларусь майданында көрсеткен ерлігі үшін Жоғары Бас Қолбасшы Сталиннің атынан Алғыс хат алады.
Отан тарапынан оған көрсетілген сый мен құрмет осымен ғана бітпейді. Оның омырауына «І-ші Дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордені, «Кеңестік Заполярьяны қорғағаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңісі үшін», «Ерен ерлігі үшін», «Кеңес үкіметінің Солтүстігін азат еткені үшін», «1941- 1945 жылғы Ұлы Отан соғысында фашистік «Германияны жеңгені үшін» медальдары қадалған. Бұған Жеңіс мерекесі құрметіне арналған мерекелік медальдарын қосатын болсақ, омырауын одан әрі жауып қалады. Қабакеңнің бір атап айтар ерекшелігі – ол соғыс аяқталғаннан кейін де Совет Армиясы қатарынан қол үзбейді. 1946 жылдың соңына дейін Баку әскери округінде қызмет етумен болады. Сөйтіп, Отанға шынайы берілгендіктің үлгісін көрсетеді.
Соғыстан кейін Қабақай Есенбаев бейбіт еңбектің берекесін тасытуға да белсенділігі жоғары сүйіспеншілігімен атсалысады. Ауыл шаруашылығы кадрларына қатысты қысқа мерзімді курстарды және Семей малдәрігерлік институтын бітіріп алады. Мұның өзі оған шаруашылық бағытында еркін көсілуіне кеңінен жол ашады. Алғашқы еңбек жолын шаруашылық төрағасының орынбасарлығынан бастайды. Өткен ғасырдың елуінші жылдарының өзінде осы өңірдегі Жамбыл атындағы және «Освобождение» колхоздарына басшылық жасайды. Алпысыншы жылдардың орта шенінде ол «Қарабұлақ» қой совхозына директор болып тағайындалады. Бұдан кейінгі жерлерде Бақасу мал бордақылау пунктінің директоры, «Қаратал» совхозының ірі қара фермасының меңгерушісі қызметтерін білгірлігімен, іскерлігімен атқарғаны әлі күнге дейін халықтың жүрегінде келеді. 
Ауыл шаруашылығы салаларында басшылық қызметтерде жүрген кезінде Қабақай Кәрібайұлы халық алдында салмақты сабырлылығымен, ақыл-ой арқалаған басшыға тән шешімталдығымен, бәрінен де асып-тасып кетуді білмейтін қазақи қарапайымдылығымен көпшіліктің көңілінен жол тауып жүрді. Қарамағындағы адамдармен қарым-қатынасқа азаматтық көзқараспен қарап, олардың қажетті жағдайларына немқұрайды қарамай құлақ асып, жасап беруге, көмегін көрсетіп отыруға күш салып отырды. Сондықтан болар оны халық құрақ ұшып сыйлап тұрды. Қабакең басқарған шаруашылықтар қашан болсын экономикасы еселеп артып, көшбасынан көрініп отырыпты. Соның бірі – «Освобождение» колхозы. Бұл колхозды Есенбаев миллионер колхоз деңгейіне көтеріпті. Оның осы еңбегінің әлі күнге дейін елдің есінде жүргенінің өзі тіл жетпейтін үлкен қуаныш.
Оның осынау басшылық қызметтерде жүргендегі жемісті еңбегі де лайықты бағасын алды. «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен және «Еңбектегі жетістіктері үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбек ардагері», В.И.Лениннің 100 жылдық мерекелік медальдарымен марапатталып, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңес Президиумының мақтау қағазына да ие болған. Бірнеше мәрте Қазақстанның және Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне шақырылған. Қабакең сол кезде шаруашылық орталығынан мәдениет үйін, мектеп пен интернат салғызып, халықтың игілігіне жаратты. Осынау еңбегі үшін оны сонда Қазақ ССР Оқу министрлігі «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен марапаттап, мерейін тағы бір тасытып тастады. Қазір «Қарабұлақ» ауылында көрнекті бір көше Қабақай Есенбаевтың атымен аталады. Қаратал ауылындағы Ұлы Отан соғысына қатынасқандарға арналған мрамор ескерткіш тақтаға оның да аты-жөні жазылған. Сөйтіп, халықтың қамын жеген қайраткердің дүниеден өтіп кеткеніне де 26 жылға таяп қалыпты.
Қабақай Есенбаевтың сүйген жары, өмірлік қосағы болған Кәмеш Мұхаметжанқызының да халқының қалтқысыз сүйген перзенті болғанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Бұл кісі де осы Зайсан топырағының тумасы. 83 жасында о дүниелік болып кеткен Кәмештің арамыздан алыстап кеткеніне де 8 жылдай уақыт болып қалғанының өзі уыста тұрмайтын уақыт жылдамдығын көрсетсе керек. Бірақ, Кәмештің де сүйікті жары Қабақай сияқты артында өшпейтіндей жарқын ізі қалды. Ана деген ардақты атты шаң жуытпай аялап ұстаған ол, ұстаз деген ұлағатты да ар-ұжданынан артық көрмесе, кем көрген емес. Кәмештің аңқылдаған ақжарқын мінезі, пайымы бөлек парасаттылығы, ұрпақ тәрбиесін ұлы борышындай сезінетін ұстанымы, айналасына мейірім шуағын төгілте қарайтын қамқоршыл пейілі жүрген ортасының әрі мен сәні болатын. Оның көпшілдік қасиетінің де қадірі бөлекше еді. 
Кәмеш Мұхаметжанқызы жасынан ұстаздық жолды жүрек қалауымен таңдап алды. Осыған жету мақсатында табан ет, маңдай терімен ізденіс жасауда аянып қалған жері жоқ. Ол да жетінші сыныпты бітіргеннен кейін Зайсан қаласындағы қазақ-орыс мұғалімдер дайындайтын училищені тәмамдап, еңбек жолына қадам жасайды. Ә дегенде Үлкен Қараталдағы Киров мектебінде, одан соң «Бесжылдық» мектебінде мұғалім болады. Содан соң «Қаратал» бастауыш мектебінің меңгерушісі міндетін атқарады. 1946 жылы осында жүргенінде Қабақаймен көңілі жарасып, тұрмыс құрады. Сол жылдан бастап Сталин атындағы колхоздың «Сайқан» қой фермасында мұғалімдігін жалғастырады. 
Білімін үнемі жетілдіріп отыруды басты мұраты санаған Кәмеш Семей қаласындағы мұғалімдер институтында сырттай оқып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алып шығады. Ол осымен ғана шектеліп қалған жоқ. Өзіне-өзі көңілі қанағаттанбай, білім шыңына ширыға шығуды армандап, Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтынан білім алып шығуды да сенімді серігі етті. Оның бұл мақсаты да ойдағыдай орындалды. Үздіктер қатарында диплом алды. Мұның өзі ұстаздыққа деген ұмтылысы мен құлшынысын бұрынғысынан да мығымдап, берік бекіте түскендей болды. Кемел келешекке, жас ұрпақтың ертеңіне жауапкершілік тұрғысынан қарауды ешқашан да есінен шығармады.
Кәмештің өмірлік қосағы Қабақайдың қызмет бабына орай Зайсан елді мекендерінің біраз жерлерінде жұмыс істеуіне тура келді. Одан ол да шет қала алмады. Сол жерлердегі мектептерде еңбек жолын жалғастыра берді. Қайсы ауылда болмасын халықпен тез тіл табысып, қоян-қолтық араласып кетті. Аудан халқы балаларын білім нәрінен сусындатып жүрген үлгілі ұстазды жандарына жақын тартып, аса ардақ тұтты. Жамбыл атындағы, Абай атындағы, Қаратал мектептері Кәмештің соңғы істеген жерлері еді. Оның аудан мұғалімдерінің алдындағы абыройы мен беделі де аса жоғары болғандығы жыл сайынғы өтіп тұратын тамыз мәслихаттарында айырықша аталып жүрді. «Өзі жақсы адамға бір кісілік орын бар» деген осы болар.
Кәмеш Есенбаеваның ұзақ жылдарғы еңбегі ескерусіз қалып көрген емес. «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» және Ұлы Жеңістің 30,40,50,55,60 жылдығында алған мерекелік медальдары мен «Еңбек ардагері» медалі оның жемісті еңбегінің айқын көрінісі екені анық. Сонымен қатар «Қазақ ССР Білім беру ісінің үздігі» белгісі мен көптеген мақтау қағаздары оның тегін адам болмағандығын көрсетеді. Оның тәрбиесін көрген жүздеген, мыңдаған шәкірттері ұстаздарының ерен еңбегін ұмытпай жыл сайын құрметпен естеріне алып тұрады. Кәмештің басындағы мына бір жайды айта кетпесе болмас. Ол айтулы ақын-жазушылардың таңдаулы кітаптарын көп оқыған адам. Оларды жас ұрпақтың санасына да сіңірді. Оның сондай 100 кітапты және Абайдың бейнесі кестеленген кілемшені өзі қызмет еткен Абай атындағы орта мектепке сыйға тартуы ерекше елеулі оқиға. Жас ұрпақтың қамын ойлауды жадынан шығармайтын жақсылығының көрінісі.
Тірлігінде ел сыйлап өткен ерлі-зайыптылар Қабақай Кәрібайұлы мен Кәмеш Мұхаметжанқызының тек Есенбаевтар әулетінің ғана мақтанышы емес, халықтың мақтанышы болғаны олардың артында қалған игілікті іздерінен анық байқалады. Екеуі ел қадіріне бөленген ұл-қыздар тәрбиелеп, тамаша тағлымдарын да танытып кетті. Үлкен ұлдары Төлеген зейнеткерлік демалыста болса, Айгүлі қыздары басында айтып кеткеніміздей кішіпейілділігі мол кітапханашы, одан кейінгі Айманы Зайсан қаласындағы мектепте анасы Кәмештің жолын қуып, қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп жүр. Күйеу балаларының бірі Айтқазы Тоқтамұратов ішкі істер органынан зейнеткерлік демалысқа шығып отыр. Ал екіншісі, Айманның күйеуі Бақытберген Узбаев автобус жүргізушісі. Оншақтыдан астам немерелері мен шөберелері олардың көз қуаныштары екенін балалары орынды әдеппен тілдеріне тиек етіп отырады. Аяулы ата-аналарының әруақтары мен рухтары өздерін желеп-жебеп келе жатқандарын үлкен демеу көреді. Бұл оларға деген ілтипаттық ізеттері.


Қанат ТӘКЕБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағы 
сыйлығының лауреаты

 


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру