Валюта бағамы: $ 378.56 424.44 5.91 ¥ 56.36

Ұстаз ұлағаты

Әр ұлттың қай кезеңде болмасын алдында тұратын ұлы міндеттерінің маңыздысы – саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ал ұрпақ тәрбиесі тікелей ұстазға байланысты екендігі даусыз. Дана халқымыз «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дейді. Өнегелі ұстаздан жақсы шәкірт шығады. Сондай ұлағатты ұстаздардың бірі әрі бірегейі – 43 жылдан астам уақыт бойы ҚазҰУ-ға адал қызмет атқарып, талай саңлақтарды тәрбиелеген талантты ғалым Алтынғазы Каримов биыл мерейлі 75 жасқа толып отыр. 

 

Алтынғазы Каримов 1941 жылдың 28 ақпанында Шығыс Қазақстан облысы, Көк­пекті ауданында дүниеге келген. Балалық кезі қиын соғыс жылдарында өткен. Соған қара­мастан Алтынғазы аға мейірімді, адал, аса жауапты. Ол мектеп пен институтты Семей қаласында аяқтаған соң еңбек жолын Мәскеу геодезия институтының бөлімшесі – Семей топографиялық  техникумында физика және мате­матика мұғалімі болып бастап, 1967-70 жылдары Павлодар қаласындағы индус­триалдық институттың физика кафедрасында «Молекулалық физика» және «Элетродинамика» сабақтарынан дәріс берді, ал 1970 жылы С.М.Киров атындағы ҚазМУ аспирантурасына «Математикалық теориялық физика» мамандығы бойынша оқуға түсті. Академик А.Т.Лукьянов жетекшілік еткен математикалық модельдеудің зертханасында кіші, содан соң аға ғылыми қызметкер болды. 1982 жылы «Сұйықтықтар, газ және плазма механикасы» мамандығы бойынша кандидаттық  диссертация қорғады.
Қолданбалы математика кафедрасында аға оқытушы, содан соң доцент ретінде қызмет жасау барысында механика мамандығы үшін «Математикалық физика теңдеулері», ал қолданбалы математика мамандығы үшін «Молекулярлық физика», «Электродинамика», сонымен қатар «Сызықтық емес фильтра­цияның математикалық модельдері» атты  арнайы курс дәрістерін оқыды. Сегіз жыл көлемінде Республикалық физика-математикалық мекте­бінде (қазіргі О.Жәутіков атындағы РФММ) бағдарламалау бойынша оқу процесіне жетекшілік етті. 1986 жылы Қазақстанның физика-математикалық мектеп­теріне арналған бағдарламалау пәні бойынша оқу бағдарламасын құрастырып, КСРО ХШЖК-нің қола медалімен (№14278 куәлік) марапатталды. Екі ғылым кандидатын дайындауға өз үлесін қосқан. Халықаралық және республикалық конференцияларға қатысып, 80-нен аса мақалалар жариялаған,   мазмұны жоғары жеті оқу және әдістемелік құралдардың авторы. 
Қазіргі таңда  ньютондық емес сұйықтықтар мен газдардың қозғалысын жалпыланған функциялар теориясы негізінде математикалық модельдеу және көпторлық әдісті қолданып, сандық зерттеуге байланысты ғылыми жұмыстармен белсенді айналысады. Бүгінгі таңда жаңа арнайы курстарды сомдап, студенттерге «Математикалық модельдеуге кіріспе», «Сандық талдау есептеріндегі ақырғы элементтер әдісі», «Гендік инженерия және биологиялық процесстерді математикалық және компьютерлік модельдеу»,  «Жылу және масса ауысу есептерін шешудің сандық әдістері», «Реалогия есептерін сандық шешу» сынды пәндерден дәріс береді. Студенттерді, жас ғалымдарды тәрбиелеуде аса жауапкершілік көрсетіп, қазіргі күнге дейін  аянбай еңбек етуде.  
Ағаның отбасы – баға жетпес байлығы, мақтанышы. 50 жыл отасқан жұбайы Алма Темірболатқызы қашан да қолдау көрсетуге әзір. Балалары – Айгүл, Әлия, Әділет әрқайсысы тұлға ретінде қалыптасып, Отанымыздың игілігі үшін жауапты қызметтер атқаруда. Қазірдің өзінде оқуда үлкен жетістіктер көрсетіп жүрген немерелері ағаның көз қуанышы. 
Бүгінде ұжымның, студенттердің үлкен құрметіне бөленген өнегелі ұстаз, отбасында қамқор әке Алтынғазы Каримовты факультет ұжымы, оның ішінде кафедра мерейтойымен құттықтап, зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасына амандық-саулық, бақ-береке тілейді. Сізді қуантар талантты шәкірттеріңіз көп болып, еңбегіңіз жана берсін!

С.МАУСЫМБЕКОВА,  
физика-математика 
ғылымдарының докторы,
О.КАРУНА,
математикалық және 
компьютерлік кафедра,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

 


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру