Валюта бағамы: $ 366.43 420.11 5.58 ¥ 52.87

Еркін ОҢҒАРБАЕВ, ҚР Бас прокуратурасы Құқық қорғау органдары академиясының бірінші проректоры:Заңдылық пен құқықтық тәртіп – уақыт талабы

Биылғы жылдың 1 қаңтарынан «5 институционалдық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталды. Оның ауқымды бөлігі тәуелсіз сот төрелігіне, заң үстемдігін жүзеге асыруға арналған. Осы жоспардың негізгі ережелерін қалай жүзеге асыруға болатыны туралы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқық қорғау органдары академиясының бірінші проректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Еркін Оңғарбаевпен сұхбаттасқан едік.

– Еркін Әнуәрұлы, «100 нақты қа­дам» Ұлт жоспарында заңдылық пен құқықтық тәртіпке ерекше маңыз берілген. Сіз осы ұғымдардың мазмұ­нын кеңірек ашып бересіз бе?
– Әңгімені осы жылдан бастап елімізде 59 жаңа заң қолданысқа енгі­зілгендігін айтудан бастасақ, мұның өзі бес институттық реформа кезең-кезеңімен жүзеге асырыла бастағандығының көрінісі.
Өткен жылы күшіне енген осы заңнамалық актілер мен заңнамалық өзгерістер – Қазақстан Республикасының Қыл­мыс­тық, Қылмыстық-про­цес­суалдық кодекстері – еліміздегі құқық­­тық жүйені ізгілендіру шаралары екендігі өз алдына, сонымен қатар құқықтық мемлекет құрудағы өркениетті жолдың клас­сикалық үлгісі де болды. 
Құқық қорғау органдары жүйесі кадрларын даярлау міндеттерін жүзеге асыратын Құқық қорғау органдары академиясының өкілі ретінде мына нәрсені айтқым келеді: 16 бөлім, 73 тарау және 672 бап енгізілген жаңа Қылмыстық-процессуалдық кодексте тұңғыш рет Миранда ережесі күшіне енді, яғни азаматтардың құқықтары мен бостандығын жүзеге асыру бағытындағы процессуалдық келісімдерге қатысты келісім шаралары, соттық бақылау бойынша тергеу судьялары институты енгізілді.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мақаласында құқық тәртібі мен заң­дылық мәселелеріне ерекше назар аударылған. Уақыты келді, жаңа кезеңге аяқ бастық деп қана қойсақ – ештеңе айтпаған болып шығамыз.
Ежелгі Рим философы Эпиктеттің заңнамалық жинақтардың негізгі құндылығын айқындайтын мынадай сөзі бар: «Ең жақсы заңдар дегеніміз – әділ заңдар». Бұл сөз күні бүгін де өзекті. Тек әділ заң ғана қоғамда құқық тәртібінің негізін құрай алады.
Қағазға түскен заң орындалуы тиіс, «заңдылық» деген ұғым да осыдан келіп шығады. Солай бола тұрса да, өмірде барлық құқық нормаларының сақталып, мүлтіксіз орындалуына қол жеткізу өте қиын. Күнделікті өмірде заңбұзушылықтар аз емес.

Сондықтан да құқық нормалары талаптарының орындалуы, оның әрбір азаматтың іс-әрекеттік дағды­сына айналуы «құқықтық тәртіп» ұғымының көрінісі болып табылады. 
Іс-қимылдың заңдылықпен астасып жатуын оны (заңдылықты) жүзеге асырудың көрінісі дей аламыз, яғни бұл әрбір адамның және баршамыздың құқық нормалары талаптарын жүзеге асыруымыз, оны ұстануымыз.
Құқық қорғау қызметін жүзеге асыруда заңдылықты қадағалауды тікелей жүзеге асыратын прокуратура органы маңызды орын алады. Тек прокуратура ғана заңдылықтың кепілі.
Конституциялық институт ретіндегі прокуратура құ­қық­тық мемлекет құрудың маңызды тетігі болып табы­латын конституциялық заңдылықты жүзеге асыруда белсенді іс-қимыл жасайды.
– Еркін Әнуәрұлы, республика бойынша алынған статистикалық мәліметтер ойландырмай қоймайды: 2015 жылы 386 718 қылмыс тіркелген екен, бұл 2014 жылға қарағанда 13%-ға көп, оның ішінде қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке қарсы 26 474 қылмыс жасалыпты. Осындай сандарды көріп отырып, ұсақ құқықбұзушылықтарға «көңіл бөлмей» отыруға бола ма?
– Сөз жоқ, бұл жерде қоғамдағы ұсақ құқықбұзушы­лықтарға «атымен төзбеушілікті» қалыптас­тыруға ба­ғыт­талған ең маңызды құжат – Қазақстан Республи­касы Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекет­тің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын басшылыққа алуымыз керек. Біздің Президентіміздің көрегендігінің бір айғағы – алдыңғы қатарлы шетелдің озық тәжірибелерін талдай отырып, соның негізінде Қазақстанның құқық қорғау органдарының жұмыстарын жетілдіру әдістемелерін енгізуі болып табылады.
Әлемнің барлық елдерінде (мысалы, Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Германия, Австралия) өзінің тиімділігін дәлелдеген негізгі бағдарламалар ретінде мыналарды атауға болады: «Көршіні бақылау»; «Сыртқы ортаны ұйымдастыру арқылы қылмыстың алдын алу бағдарламалары (Сынық терезелер)»; «Қылмысты тоқта­тамыз»; жекелеген әлеуметтік топтарға, мысалы, балалар мен жас өспірімдер және т.б. арналған қауіпсіздік бағдарламалары.
Оған мысал ретінде жалпы криминалдық жағдайдың өршуіне себеп болатын ұсақ құқықбұзушылықтар мәсе­лесін қарастыратын «Сынық терезелер теориясы» бағ­дарламасының Қазақстанға енгізілуі болып табылады. Америкалық әлеуметтанушылар Джеймс Уилсон және Джордж Келлинг 1982 жылы құрған бұл теория әлемнің көптеген елдерінде кең қолданыс тапты.
Кезінде Рудольф Джулиани (1994-2001 жылдар аралығындағы Нью-Йорк мэрі) және Нью-Йорктің полиция комиссары Уильям Браттон метрода билетсіз жүретіндерге, қайыршыларға және т.б. сияқты ұсақ тәртіп бұзушылықтарға қарсы күресті бастаған еді. Бұл жағдайға оған дейін аса мән берілмеген еді. Жұртшылық тарапынан сынға ұшырағандарына қарамастан, Джулиани «сынық терезелермен» тоқтаусыз күрес жүргізді, нәтижесінде, қалада қылмыс саны біраз азайып, қала көшелері таза әрі қауіпсіз болып, тұрғындар полицияның тек ұсақ құқықбұзушылықтармен ғана емес, ауыр қыл­мыстармен де күресе алатын мүмкіндіктері бар екен­дігіне көз жеткізген еді.
Шет мемлекеттер бұл шараларды қолдана отырып, оның қылмыспен күресте нәтижелілігіне қанық болған. Осыдан екі жүз жыл бұрын Чезаре Беккария: «Жазалай бергеннен гөрі, қылмыстың алдын алу тиімдірек болады» деген еді.
Басқа да құқық қорғау органдары сияқты прокуратура үшін де құқықбұзушылықтың алдын алу және оны болдырмау негізгі міндет болып табылады. Сондықтан қылмыстың алдын алудың бір саласы ретіндегі үйлес­тірушілік қызметтерінің тиімділігін жетілдіру бойынша шаралар жүзеге асырылуда.
«Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында айқындалған 30 қадамды жүзеге асыру бағытында жергілікті полициялық қызмет құрылды. Ол қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үрдісіне азаматтардың белсенді қатысуына ықпал етеді.
Қоғамда құқықбұзушылыққа және тәртіпсіздіктің қандайына да жол бермеу бағытында құқық қорғау органдарының күштерін үйлестіру бойынша прокуратура қызметін жетілдіру жалғасуда.
– Ақпарат көздеріндегі деректерге қарағанда, бүгінде пенитенциарлық жүйені реформалау бірден байқалып жатыр.
– Прокуратура органдарымен пенитенциарлық жүйені жақсарту бойынша жұмыстар кең көлемде өткі­зі­ліп жатыр. Бас прокурордың басшылығымен Президент Әкімшілігі, Конституциялық кеңес, Парламент, Жоғары сот, дипломатиялық миссиялардың басшылары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, ХПҰ, халықаралық ұйымдар, ғалымдар, эксперттер, ірі бизнес өкілдерінің қатысуымен үш форум өткізілді.
2013 жылы өткізілген І-форум «Түрме тұрғындарын» азайту бағытындағы 10 іс-шара» жобасына арналды. Қазақстан көп жылдар бойы түрмелік индекс бойынша АҚШ және Ресейден кейін әлем бойынша үшінші орынды иемденіп келген еді. Кейінгі II және III-форумдарда «Колония – 2017» бағдарламасы бойынша түрмеде отыр­ғандардың жұмыспен қамтылуы, қайта әлеуметтенуі мәселелері қарастырылды.
Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылып жатқан осындай реформалар бойынша құқық қорғау органдары қоғамдық қадағалауды қамтамасыз ету саласында бақылауды едәуір күшейте алды.
Түрмеде отырғандар саны 4 жылда 25%, яғни 52-40 мың адамға кеміген. Әлемдік рейтингте Қазақстан өз позициясын 55-орынға дейін жақсартты; соттар бірден бас бостандығынан айырып тастаудан гөрі, басқа жазаларды қолданудың амалдарын қарастыра бастады, яғни бас бостандығынан айыру емес, бас бостандығын шектеуге басымдық берілді.
2013 жылмен салыстырғанда пробация қызметінің есебінде тұрғандардың жасаған қылмыстары 33%-ға төмендеген. Яғни бұған дейін рақымшылдық бойынша босатылғандарға қарағанда, кейінгі санаттағы сот­талушылардың қоғам үшін қаупі азайған; 2015 жылы колонияларда 137 жеке бизнес субъектілері жұмысын бастады.
Колония тарихында алғаш рет 20 сотталушы ЖК ашып, өзінің жеке бизнесімен ай-налысуда. Осындай прецеденттер бұрындары болған ба еді? Әрине, жоқ.  Жүргізіліп жатқан осындай маңызды жұмыстар шеңберінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 33-қадамын іске асыруға бағытталған заңнамалық, ұй­ым­дас­тыру­шылық және басқа да құжаттарды әзірлеу жүзеге асырылып жатқанын да айтпай кетуге болмайды.3 ши реформа
– Өткен жылы Елбасы Бас прокуратура жанынан Құқық қорғау органдарының академиясын құрды. Осы академияның миссиясы не?
– 2015 жылдың 4 мамырында «Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанынан Құқық қорғау академиясын құру туралы» Президенттің Жарлығы шықты.
Мұндай шешімнің қабылдануы қызметкерлерді сапалы даярлау мәселесіне негізделген: құқық қорғау органдарының білім беру және ғылыми қызмет саласы аясындағы өзара ықпалдастығы мен үйлесімділігінің әлсіздігі; құқық қорғау органдарының шынайы қажеттілігі мен білім беру үдерісінің арасындағы алшақтық; жоғары оқу орындары түлектерінің білім дәрежесінің төмендігі; алғашқы даярлық жүйесінде қазіргі оқыту әдістерінің жоқтығы; жоғары оқу орындарының халықаралық стан­дарттарға және практика талаптарына жауап бере алмайтындығы, материалдық-техникалық базасының төмендігі осындай шешімнің қабылдануын талап етті.
Сол жылдың тамыз айынан бастап, академия қызметі: құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру, оның ішінде Президенттік резерв; құқық қорғау қызметі саласындағы ведомствоаралық ғылыми зерттеулер жүргізу; жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыру сияқты негізгі бағыттарын жүзеге асыруға кірісті.
Президенттік резервті оқыту – басшылық қызметкер­лерін даярлаудың мүлдем жаңа формасы. Бұл жаңа заман талабына сай басшыларды даярлайтын болады.
Біз қызметкерлердің жоғары адамгершілік, зият­кер­лік және мәдени тұлғасын дамытуды негізгі миссиямыз ретінде алға қойдық.
Одан кейінгі міндеттер мыналар: Елбасының талаптарына толықтай сай келетін тәжірибелік, тиімді ғылыми зерттеулер жүргізу, қолданбалы білім беру, біліктілікті арттыру және даярлауды тиімді ұйымдастыру.
Қазіргі таңда академия ғылыми қызмет субъектісі ретінде ҚР Білім және ғылым ми-нистрлігінің кешенді аккредитациясынан өтті.
Барлық құқық қорғау органдары қатарынан келген магистранттар мен докторанттарды оқыту басталды. Конкурс бойынша бір орынға магистратурада – 3 адам, докторан-тураға – 8 адамнан келді.
Академияда құрамына барлық құқық қорғау орган­дарының уәкілетті өкілдері кіретін консультативті-кеңес­тік орган ретінде ғылыми-әдістемелік кеңес құрылды. Осыған байланысты барлық зерттеулердің қолданбалы сипаттамасы қамтылады және кері байланыс бекиді.
Бас прокурор академияны «біздің республикада ғана емес, сонымен бірге ТМД елдері арасында теңдесі жоқ жоба» деп атай отырып: «барлық құқық қорғау блогына және олардың басшылығына кадр дайындау үшін қадағалау органының құрамы тарихында бірінші рет білім беру мекемесінің құрылғандығын» ерекше астын сызып көрсетті. Сондықтан да академияны тез арада қалыптастыру және одан әрі дамыту барлық құқық қорғау жүйесі үшін жалпы міндетті болады.
Біздің елімізде болып жатқан жаңғырту үдерістеріне Ұлт көшбасшысының жүргізіп жатқан ішкі және сыртқы сенімді саясатының нәтижесінде қол жеткізіліп жатыр. Егер құқықтық реттеу жоғары деңгейде және қажетті жағдайда қамтамасыз етілмесе, қызметтің қай саласында да оң үдерістерге жету мүмкін еместігі барлығымызға белгілі.
Қазақстан әлемдік қоғамдастықта өзінің тиісті орнын иеленді, аймақтық және әлемдік деңгейдегі жан-жақты құрылымдарда оның рөлі өсуде. Осындай көпқырлы жүйенің қалыптасу жағдайында тәуелсіз Қазақстанның ұлттық мүдделерінің міндетті түрде ескерілуі еліміз басшылығының орындауға тиіс маңызды міндеттері қатарынан саналады.
Австриялық атақты суретшінің мынадай сөзі бар: «Егер біреу жалғыз өзі ғана армандаса, бұл жай ғана арман. Ал егер де қандай да бір арман көпшілікті біріктірсе, онда бұл жаңа бастаманың көзі». Біздер қазақстандық арманның жүзеге асуына бар күш-жігерімізді саламыз.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбатты жүргізген 
Аманкелді ШОПАН


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру