Валюта бағамы: $ 371.31 419.32 5.59 ¥ 53.83

Ұйысқан қоғам алдында сын-қатерлер әлсіз

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев­тың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңе­сі­нің отырысы  өтті.
Отырыста Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының 2015 жылғы жүзеге асырылу барысы, сондай-ақ көші-қон саясатын жүргізу жайы қарастырылды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі. 
Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет әлемдік эко­­номикалық дағдарыстың теріс ықпалына қа­рамастан, мойнына алған әлеуметтік міндет­темелерді мүлтіксіз орындап, қорғаныс қабілет­тілігінің, қауіпсіздіктің және құқық тәртібінің қажетті деңгейін сақтап қалатынын атап өтті.  

Қазақстан Президенті экономикалық өсім­нің қарқынын бәсеңдететін жаһандық фак­тор­­лар ықпалын, көршілес өңірлердегі діни-экс­тремистік және террорлық сипаттағы қатерлер­дің арта түсуін елеулі қауіптер мен сын-қатерлер қатарында атады.
Мемлекет басшысы сондай-ақ қалыптасқан жағдайда дағдарыс құбылыстарына лайықты түрде қарсы тұру үшін Қазақстан қоғамын ұйыстырудың маңыздылығын атап өтті.
Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңе­сінің хатшысы Н.Ермекбаев өз баяндама­сында мемлекеттік органдардың 2015 жылғы жұмыс қорытындыларына баға берумен қатар, алдағы кезеңнің басымдықтары мен міндеттеріне назар аударды. Ол сондай-ақ әлемдегі экономикалық ахуалдың тұрақсыз­дығы жағдайында Үкімет пен жергілік­ті атқа­рушы органдар экономиканы әртарап­танды­ру және қазақстандықтардың тұрмыс дең­гейін сақтау жөніндегі шараларды жүзеге асырып жатқанын атап өтті.
Н.Ермекбаев құқық қорғау органдарының қызметін бұдан әрі жетілдіру, азаматтардың құқ­ықтарын қорғау және қоғамдық тәртіпті сақ­тау бағытындағы қадамдар туралы әңгіме­леді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т.Дүйсенова және ішкі істер министрі Қ.Қасымов сөз сөйледі. Көші-қон үдерістерін реттеудің маңызды екі мақсаты бар екені атап өтілді. Бір жағынан, экономикалық өсімді ынталандыру үшін еңбек ресурстарын, соның ішінде қайта оралған қандастарымызды және жоғары білікті шетелдік мамандар легін ел ішіне жүйелі түрде орналастыру қажет. Екінші жағынан, Қазақстанға халықаралық тер­рорлық топтардың идеологтары мен үгіт­шілерінің, қылмыс әлемі өкілдерінің, заңсыз мигранттардың келуіне жол беруге болмайды.  
Отырыс барысында елімізде Конституция бойынша қос азаматтықтың мойындалмайтынын, соған байланысты мұндай жағдайларға жол бермеу қажет екені атап өтілді.
Жер телімдерін өздігімен басып алудың, бекітілген ережеден тыс бей-берекет құрылыс­тардың жолы кесілуі тиістігі де айтылды.
Сонымен қатар іс-шараға қатысушылар ұйымдастырылған ішкі көші-қонның маңызды­лы­ғына назар аударды. Бұл азаматтар­дың ел аумағында орналасудағы теңсіздігін жоюды, сондай-ақ Қазақстанның әлеуметтік-экономи­ка­лық даму мақсаттарына жетуді қамтамасыз етеді.
Қазақстан Президенті Қауіпсіздік кеңесі оты­рысының қорытындысы бойынша  Үкімет­ке және мүдделі мемлекеттік органдарға бір­қатар тапсырма беріп, олардың орындалуын бақы­лау­ды Қауіпсіздік кеңесі аппаратына жүктеді.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру