Валюта бағамы: $ 371.31 419.32 5.59 ¥ 53.83

Экономикалық саясат қайта қаралады

Үкімет елдің экономикалық дамуының жаңа стратегиялық жоспарын әзірлейді. Онда Қазақстан экономикасын дамытудың жаңа бағыттары, тың үрдістер көрініс табады. Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың мәлім етуінше, тиісті бастамаға Мемлекет басшысы қолдау білдірді.  

Әлемдік экономика өзінің қалыпты арнасына түсуі үшін әлі де бес жылдай уақыт керек екен. Көптеген импорттаушы мемлекеттер шикізатқа әлемдік бағаның төмендеуі есебінен өндірісті ұлғайтуға талпынды. Алайда, нарықта сұраныс азайып, керісінше, ұсыныс көбейген шақта экономиканың бұл қағидатын қайта қарастыруға тура келеді. Осылай деген, ҰЭМ басшысы, қазақстандық экономиканың жаңа даму кезеңіне, жаңа шындыққа аяқ басатынын атап өтті. Сондықтан Үкімет пен Ұлттық банк өзінің орта және ұзақ мерзімдегі саясатын қайта қарайды.  
Осыған байланысты министр Үкіметтің алдыңғы отырысында еліміздің 2016 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа болжамы бекітіліп, соған сәйкес параметрлер өзгерісі болжанып отырғандығын жеткізді. «Біріншіден, курсты өткен жылдың қарашасында бекітілген 300 теңгеден 360 теңгеге өзгертеміз. Мұнайдың жылдық  орташа бағасын өзгертеміз, оны халықаралық қаржы ұйымдарының, инвестициялық банктердің, мұнай мен газ саласындағы сарапшылардың болжамына сай, бір баррель мұнайдың бағасын 40 доллардан 30 долларға төмендетеміз. Осыған сәйкес, біз экономиканың өсіміне байланысты болжамды да өзгертеміз. Егер, естеріңізде болса, бір баррель мұнайдың бағасы 40 доллар деп алған кезде, жалпы ішкі өнімнің өсімі 2,1 пайыз болады деп болжаған едік, ал консервативті сценарий бойынша, биыл жалпы ішкі өнімнің өсімі (бір баррель мұнайдың бағасы 30 доллар деп болжанғанда) 0,5 пайызды құрайды деп болжап отырмыз. Біздің экономика әлі де жағымды деңгейде», деп түсіндірді Е.Досаев тілшілерге берген арнайы сұхбатында.
Ұлттық банктің болжамынша, 2016 жылы инфляция деңгейі бұрынғы 6-8 пайыз дәлізінде сақталады. Тау-кен байыту өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 5 пайызға, өңдеуші өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 1,4 пайызға аязаяды деп күтілуде. Ал ауыл шаруашылығы саласындағы өндіріс 3,5 пайызға өспек. «Бұл болжамды қарау кезінде бекітілген негізгі параметрлер. Осылайша, сәйкесінше, 2016 жылдың республикалық бюджетінде параметрлер өзгертіледі», деді Е.Досев.
Бүгінде қуат тасымалдаушыға және металл сынды Қазақстанның негізгі экспорттық материалдарына баға күрт төмендеп отырған кезекті фазаға ендік. Соған байланысты Ұлттық қордың қаржысы ақылға қонымды, нақты мақсатқа сай пайдаланылуы қажет. Осы ретте Үкімет экономиканы дамыту үшін Ұлттық қордан қосымша трансферт сұрамайтынын жеткізген министр: «Біздің ұстанған және жүзеге асырып отырған саясатымыз осы. Оның үстіне, кепілді трансферт  аясында заңға сәйкес, 15 пайыздық деңгейінде қосымша қаржы алуға мүмкіндігіміз бар еді. Бұл мүмкіндіктен бас тарттық. Яғни, 360 теңге бағам бойынша 8 миллиард доллар кетеді», деді Е.Досаев. 
ҰЭМ басшысы «Нұрлы Жол» қаражаттарымен қоса, 2016-2017 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы жоспарға қосымша 1,994 триллион теңге бөлінгендігіне тоқталды. «Үкімет әрбір кәсіпорынға жеке-жеке көмек көрсетуден бас тартты. Біз жүйелі көмек пен қолдау жасаудың жаңа жүйесіне көштік. ДСҰ-ға енгеннен кейін біз ауыл шаруашылығында да жалпыжүйелік қолдауға ауыстық. Бұл жүйеге көшу өсімдік шаруашылығында биыл, ал мал шаруашылығында 2017 жылдың 1 қаңтарынан басталады», деп атап өтті Е.Досаев. Сондай-ақ, жүйелік қолдау ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту, ғылымды дамыту, инновацияларды енгізу бағытында көрініс табады.
Ұлттық экономика министрі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаржыны пайдалану жайына да тоқталып өтті. «Біздің ойымызша, портфель әртараптандырылған болуы керек. Қаржы көлемінің бір бөлігі бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін пайдаланылады. Мемлекеттік құнды қағаздар шығарылып, олар нарықтық жағдайларға сәйкес болады», деді ол.
Министрдің сөзіне қарағанда, шартталған несиелер шағын және орта бизнесті қаржыландыруға бағытталады. БЖЗҚ қаржысы банктер арасында олардың жағдайына және Ұлттық банк талаптарын ескере отырып бөлінеді. БЖЗҚ қаржысының сақталуы мен қайтарылуының кепілдігіне қатысты Қаржы министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі және Ұлттық банк бірлесе отырып салымдардың барынша қауіпсіз болуына жұмыс істейтін болады. 
«Ұлттық банк осыған дейінгі тәжірибесінен жаңа әдістерге ие болды. Мәселен, банктердің қазіргі жағдайын ескерсек, олар БЖЗҚ алдында міндеттерді орындауға мүдделі болып отыр. Бұл жаңа тәртіптер есепті болып келеді, оған Ұлттық банк тәртіптеріне сай келетін банктер ғана қатысады», деді Е.Досаев. 
Бұл мәселе бойынша экономика министрлігі, Үкімет пен Ұлттық банктің қаржы-экономикалық блогы бірлесе жұмыс істеп, банк пен квазимемлекеттік сектордағы жағдайдың қалай дамитынын бақылайтын болады.

 Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру