Валюта бағамы: $ 371.31 419.32 5.59 ¥ 53.83

Оқушылар сарайының құрылысы бітуге жақын

Талдықорғанда құрылысы жүріп жатқан Оқушылар сарайына Қазақстанда теңдесі жоқ соңғы үлгідегі телескоп қойылмақ. Ғимараттың шатырына орнатылатын телескоп оптикасынан көрінген жұлдыздар әлемін ғимараттың арнайы кабинетінде орнатылған үлкен теледидар арқылы бір мезетте 120 бала көру мүмкіндігі қаралған. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың Талдықорған қаласында бой көтерген бірнеше ғимараттың құрылыс жұмыстарымен танысуы барысында белгілі болды, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Өңір басшысының алғашқы тоқталған нысаны – облыстық 300 орынға арналған көп салалы аурухана ғимараты. Нысанда ем қабылдаушыларға арналған бөлмелерден өзге 6 ота жасау, 2 рентген, 1 магнит-резонансты томография кабинеттері және акт залы қарастырылған. Бүгінде ғимараттың құрылысы аяқталуға жақын. Сапалы ем қабылдауға және медициналық көмек көрсету мақсатында соңғы үлгідегі медициналық емдеу және ауруды анықтау қондырғылары орнатылатын болады. Өңір басшысы нысанның құрылысына, дизайнерлік бейнесіне, ішкі безендірілуіне және абаттандыру жұмыстарына қатысты өз ойын білдірді. Сондай-ақ нысанды қолданысқа берудің нақты мерзімін белгіледі. Нысан құрылысын жүргізуші мекеме барлық айтылған сын ескертпелерді назарға алып, уақытылы қалпына келтіретіндігіне уәде берді.
    Осыдан кейін өңір әкімі Амандық Ғаббасұлы күрделі жөндеуден өтіп жатқан облыстық басқармалар орналасқан ғимаратқа атбасын бұрып, жөндеу жұмыстарының қарқынын саралады. Сонымен қатар Талдықорған қаласындағы Оқушылар сарайында болды. Аталмыш ғимаратта үйірменің сан алуан түрлері балалармен және жасөспірімдермен жұмыс жүргізетін болады. Атап айтар болсақ би, актерлік шеберлік, информатика, домбыра, хореография, бейнелеу өнері, шахмат, дойбы, қолөнер шеберлігі, вокал, театр, қолданбалы өнер, робот техникаларын құрастыру, жас тілші, көркемсөз шеберлігі, жас физик, жас математик, жалпы саны 50-ге жуық үйірме жұмыс істейтін болады. Жас қылқалам шеберлерінің шығармалары орналастырылатын галерея, театр қойылымдарын қоюға арналған 300 орындық акт залы, бассейн қарастырылған. Мұнда жұлдыздар әлемін көретін Қазақстанда теңдесі жоқ соңғы үлгідегі телескоп орнатылмақ. Ғимараттың шатырына орнатылған телескоп оптикасынан көрінген жұлдыздар әлемін ғимарат ішінде арнайы кабинетте орнатылған үлкен теледидар арқылы бір мезетте 120 бала көру мүмкіндігі қаралған.
Өңір басшысы Амандық Баталов ғимарат жас жеткіншектердің пайдалы іспен айналысып, бойындағы талпынысын арттыруға жағдай туындататындығына сенім білдірді.

Ибрагим Бекмаханұлы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру