Валюта бағамы: $ 314.4 343.83 5.51 ¥ 45.6

Ғалия САТЫБАЛДИНА, ҚР Ұлттық банкі Батыс Қазақстан филиалының директоры:«Ұлттық валютадағы салымның пайызы 10-нан 14-ке өсті»

Мемлекет басшысының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты халыққа арнаған Жолдауында дағдарысқа қарсы кешенді іс-шараларды жүзеге асыру мәселелері жан-жақты көрсетілді. Бұл ретте Ұлттық банкке және оның өңірлердегі бөлімшелеріне қаржы секторын тұрақтандыру, жаһандық ахуалға сәйкестендіру міндеттері жүктелгені мәлім. Осыған орай біз ҚР Ұлттық банкі Батыс Қазақстан филиалының директоры Ғ.К.САТЫБАЛДИНАҒА бірнеше сұрақтар қойған едік.

– Ғалия Кәмшатқызы, Елбасының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты халыққа арнаған Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру барысында өңірде қаржы секторының тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан шараларға тоқталып өтсеңіз?
– Жолдауда қаржы секторының теңгенің еркін бағамы жағдайында тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету міндеті жүктелген. Жалпы нарықтық қатынастар жағдайында бағаны нарықтың өзі реттеп отырады. Күні кеше өткен «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XVII съезінде Елбасымыз Ұлттық валютаны Ұлттық қор қаражаты есебінен одан әрі қолдау отандық кәсіпорындардың жабылуына және қаржы жүйесінің бұзылуына соқтыратынын ашып айтты. Бағаны қалыпты ұстаудың бір жолы инфляция деңгейін барынша төмендету болып табылады. Сондықтан Ұлттық банк  инфляция деңгейін инфляциялық таргеттеу шеңберінде 6-8 пайыздан 4 пайызға дейін төмендету шараларын қарастыруға кірісті.
– Ресми дерекерге сүйенсек, өткен жылдың басында елімізде екінші деңгейдегі 38 банк болса, жыл аяғына таман олардың саны 35-ке түсті. Сарапшылардың айтуынша, қазіргі экономикалық дағдарыс жағдайында банктердің әлі де  азая түсуі ықтимал. Әр банктің өз клиенттері, өзіндік орны бар дегенмен, қаржы жүйесін жылдам тұрақтандыру, оны жаңа жаһандық нақты ахуалға сәйкестендіру уақыт күттірмейді. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында Ұлттық банкке екінші деңгейдегі банктердегі жұмыс істемейтін несиелер бойынша стресс-тестілеу жүргізу тапсырылды. Мұның өзі қаржы нарығын «нашар» ойыншылардан тазарту жұмыстарына ұқсаңқырайды ма?    
– Дәл солай деп кесіп айту қиын. Ұлттық Банктің төрағасы Данияр Ақышев биылғы жылдың қыркүйек айына дейін банктердің стресс-тестілеуден өтетіні туралы мәлімдеді. Стресс-тестілеуді өткізу қажет, өйткені қаржы саласында күтпеген жағдай туындамауы үшін оның алдын алған абзал. Мұндай шаралар банк секторындағы тұрақтылықты нығайтып, екінші деңгейдегі банктерде стресс сценарий орын алған жағдайда ықтимал шығындарының шамасын анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар осы шара банктерді капиталдандыру мөлшерін белгілейді. Қаржылық тұрақтылықты орнықтыруға бағытталған жұмыстардың бірі – банктердің қызметіне халықаралық стандарттарды енгізу арқылы реттеу талаптарын оңтайландыру. Нақ осы шаралар еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі болып, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі интеграция жағдайында отандық банктердің бәсекеге қабілеттілігін көтереді.
– Ұлттық валютаны, өзіміздің төл теңгемізді қадірлеу мәселесі маңызды құжат Елбасы Жолдауынан көрініс тапты. Алайда «аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, 2008 жылғы дағдарысты еске алсақ, банк секторына деген сенімділікті нығайту өзекті екені түсінікті. Бұған қатысты пікіріңізді білсек?
– Мемлекет басшысы Ұлттық Банкке долларсыздану тетіктерін кеңейте отырып, өзіміздің теңгемізге деген сенімді нығайтуға қол жеткізуді тапсырды.  Елбасымыз ұлттық валютамыз – теңгеге сенуіміз керек­тігін үнемі айтады. Барлығымыз да теңгемен сауда жасап, теңгемен есептесуге үйренуіміз керек. Сауда орындарына барғанымызда, қажетті бұйымдарды, азық-түлікті теңгеге сатып аламыз. Жалақыны да теңгемен аламыз. Ендеше ақшаны неге доллар түрінде сақтауымыз қажет? Қазіргі уақытта жинағыңызды есепшотта теңгелік депозитте сақтаған тиімді. Екінші деңгейдегі банктердің барлығында теңгелік депозит­тің пайыздық мөлшері долларлық депозитпен салыс­тыр­ғанда едәуір жоғары. Ұлттық Банк теңгенің рөлін көтеруге бағытталған  шаралар топтамасын жасақтауда. 
– Жақында «Каспий банк» басқармасының төрағасы Михаил Ломтадзе мырза еліміздегі банктердің басшыларының бірде-бірінің өз жинақтарын теңгелік депозитте сақтамайтынын, мұндай жағдайда теңгелік депозиттермен қалай жұмыстанамыз деп ашық мәлімдеді. Өзіңізге белгілі Ресейде рубльге қатысты күрделі жағдай орын алғанда, рубльдік депозиттердің пайыздық мөлшерлемесі 15-20 пайызға дейін көтерілді. Бізде пайыз көтеру қашаннан бастап іске қосылады?
– Бәлкім, әлі де кейбір отандастарымыздың санасында шынайы патриотизм қалыптаспаған шығар. Мақтанғаным емес, өз басым жинағымды теңгемен сақтаймын. Ашығын айтатын болсақ, шетелге шықпайтын, тек еліміздің ішінде сауда жасайтын тұрғындарға долларлық салымдардан гөрі теңгелік салымдар тиімдірек. 2016 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жеке тұлғалардың облыстағы банктердің филиалдарындағы салымы 121,2 млрд. теңге шамасында. Өкінішке орай, ұлттық валютадағы депозиттердің көлемі 31,8%-ды немесе 38,5 млрд. теңгені құрады. Бірақ соңғы кездері облысымызда шетел валютасына деген сұраныс азайды деп айтуға болады. Мысалға, өткен жылдың желтоқсан айында облыс тұрғындары 26,5 млн. доллар сатып алса, ағымдағы жылдың қаңтарында бұл көрсеткіш жедел деректерге сәйкес 18,5 млн. доллар шамасында болып отыр. Осының өзі теңгеге деген сенімнің күшейіп келе жатқанын байқатады. Теңгені нығайту бір күндік шаруа емес, сондықтан осы тақырыпта тұрғындар арасында түсіндіру жұмысын жүргізудеміз.
Қазақстанның салымдарға кепілдік беру қоры биылғы жылдың 1 ақпанынан бастап жеке тұл­ға­лардың ұлттық валютадағы депозиттерінің пайыз­дық мөлшерлемесін 10%-дан 14%-ға өсірді.
Ал шетел валютасындағы салымдардың пайызы 3%-дан 2%-ға дейін төмендетілді. Осының өзі теңгелік салымдардың тартымдылығын арттырып, халықтың жиған ақшасының қорғалатынын көрсетеді.
– Доллардың шектеп сатылатыны туралы, депозиттегі салымды алуға тиым салынатыны жөнінде алып-қашпа әңгіме көп. Мұндай шаралар алынуы мүмкін бе?
– Жоқ, Ұлттық Банктің Төрағасы Данияр Ақышев Ұлттық Банктің мұндай шектеулер енгізуді жоспарламайтынын айтты. Оның айтуынша, долларды сатуға және депозиттегі салымды алуға шектеу салу еліміздің заңдарында, валюталық режимді жеңілдету шеңберіндегі міндеттемелерде де қарастырылмаған. Сондықтан әлеуметтік желілердегі жалған ақпараттарға сенуге болмайды.
– Әңгімеңізге рақмет.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,
Батыс Қазақстан облысы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X