Валюта бағамы: $ 335.24 395.82 5.82 ¥ 50.65

Қазақстан – аймақтағы ең ірі мұнай қоры шоғырланған мемлекет

Беделді зерттеуші орталықтар жариялаған мәліметтерге қарағанда, еліміздегі бас­ты мұнай кеніштері мен оларды игеруге арналған жобаларға қатысты бүкіл шикізат қоры аз дегенде (минимум) 59 млрд. 549,8 млн. баррельді, көп дегенде (максимум) 72 млрд. 749,8 млн. баррельді құрайды екен. Басқаша айтқанда, бұл – 8 млрд.823,1 млн. тоннадан 9 млрд. 951,7 тоннаға дейін жететін мұнай қоры.  

Осыншама көп көмірсутекті шикізаты бар мемлекеттер әлемде тіпті де көп емес. Қазақстан – Каспий аймағындағы ең ірі мұнай қоры шоғырланған мемлекет. Сонымен қатар, еліміз бүгінгі күннің өзінде осы аймақта күніне 2,855 млн. баррель көлемінде өндірілетін бүкіл мұнайдың үштен екісіне жуығын (1,701 млн. баррель) беріп жатыр. Қалғаны – Әзербайжанның (848 мың баррель), Түрікпенстанның (239 мың баррель) және Өзбекстанның (67 мың баррель) үлесінде.
Американың Энергетика министрлігінің ресми ақпараттық бөлімшесі болып табылатын Energy Information Administration мұнай өнеркәсібінің біздің мемлекет үшін қаншалықты маңызды екенін былайша суреттейді: «Қазақстанның мұнай экспорты ел экономикасының фундаменті болып табылады және де ол нақты ішкі өнім көрсеткішінің соңғы жылдары жоғары деңгейде қала беруін қамтамасыз етті». Осы бір сенуге тұратын ақпарат көзінің айтуына қарағанда, Қазақстанның өскелең мұнай өнеркәсібінің үлесі елдегі жалпы ішкі өнім көрсеткішінің шамамен 30 процентін, экспорттан түсетін табыстың жартысынан астамын құрайды екен.
Қазіргі уақытта  Қазақстан бүкіл әлемдегі жалпы мұнай өнімінің (күніне 94 млн. баррельден астам) 1,8 процентін (күніне 1,70 млн. баррель) беріп жатыр. Дүние жүзіндегі ең ірі өндірушілер қатарында еліміз 2014 жылдың аяғында 17-ыншы орында болған. 
Бір қарағанда, бұл онша биік жетістік емес сияқты. Бірақ содан ертерек уақыттарда еліміздің бұл тізімде кем дегенде 10 саты төмен тұрғанын ескерсек, осы нәтижені басқаша бағалауға тиіс екенімізді түсінеміз. Иә, шынында да  санаулы жылдар бұрын мұнай өндіру көрсеткіштері бойынша Қазақстанның алдында бүгінгіге қосымша тағы да бір он шақты ел бар болатын. Мәселен: Оман (1997 ж.  – 904 мың б/к немесе баррель күніне, 1998 ж.  – 900 мың б/к), Египет (1997 ж.  – 856 мың б/к, 1998 ж.  – 834 мың б/к), Аргентина (1997 ж.  – 834 мың б/к, 1998 ж. – 847 мың б/к), Малайзия (1997 ж. – 700 мың б/к, 1998 ж. – 720 мың б/к), Үндістан (1997 ж. – 675 мың б/к, 1998 ж. – 661 мың б/к), Колумбия (1997 ж. – 652 мың б/к, 1998 ж. – 733 мың б/к), Австралия (1997 ж. – 588 мың б/к, 1998 ж. – 544 мың б/к) және Сирия (1997 ж.  – 561 мың б/к, 1998 ж. – 553 мың б/к). Содан бері өткен уақыт ішінде еліміз бұлардың бәрінен басып озды. Бұл Қазақстандағы мұнай өнімінің осы кезең барысында 2 еседен астам ұлғаюы арқасында мүмкін болды.
Бұл саладағы өндірістік көрсеткіштер алдағы уақытта да өсе бермек. Өйткені елімізде ашылып, игеріліп не игерілгелі жатқан мұнай қорының көлемі – ғаламат. Оны игеруге жұмсалып жатқан инвестиция көлемі де өте үлкен. «Қазмұнайгаздың» бұрындары жарияланған мәліметтеріне қарағанда, тек Каспий қайраңындағы жобаларға салынатын инвестицияның жалпы көлемі 2003-2005 жылдардағы 3,8 млрд. доллар деңгейінен 2011-2015 жылдар барысында 16,8 млрд. доллар деңгейіне дейін өседі деп жобаланған көрінеді. 
Инвестициялық шығынның мақсаты ашылған не ашылатын кеніштерді игеріп, пайда табу болып табылады. Осы табыстың қаншалықты үлкен болуы мүмкін екенін түсіну үшін еліміздегі мұнай қорының көлемін ақша есебімен бағалап көрейік. Сонда мынадай нәтиже шығады.      
Бүгінгі халықаралық шикізат биржаларда бір баррельге тиісті түрде қалыптасып жатқан орташа бағаның 50 доллар деңгейінде екеніне сүйене отырып есептегенде, біздегі мұнай қорының жалпы құны аз дегенде 2 триллион 977 млрд. 90 млн. долларға, көп дегенде 3триллион 637 млрд. 49 млн. долларға шығады екен. 
Осы ең ірі деген кеніштердің қазіргі иесі кім? Немесе, басқаша айтқанда, оларды игеруге арналған жобалардағы негізгі үлестерді қазір кімдер иеленіп отыр? Бірден айтарымыз мынау: осы ондаған миллиард доллар баррельмен есептелетін Қазақстан мұнай қорының басым бөлігі шетелдік жекеменшік компаниялар мен мемлекеттік корпорациялардың бақылауында. 
Мәселен, ең ірі деген үш кенішімізді – Теңіз (9 млрд. баррель), Қарашығанақ (2,3-6 млрд. баррель) пен Қашағанды (9-13 млрд. баррель) – алайық. Бұлардың жалпы қоры 20,3 млрд. баррельден 24 млрд. баррельге дейін барады екен. Басқаша айтқанда, еліміздегі 26 кеніштің жалпы қорының шамамен үштен бірі осы үшеуінің еншісінде екен. Олар Қазақстан мұнай өнеркәсібінің ғана емес, жалпы ел экономикасының басты байлығы болып табылады. Өйткені бұл кеніштерде ғаламат көп шикізат қоры ашылған және дәлелденген. 
Алғашқы екеуі – Теңіз бен Қарашығанақ – 1980-інші жылдардан бері игеріліп жатыр. Бірақ олардан ең көп пайда түсер кез әлі де болса алда. Өткен 2014 жыл барысында Теңіз 26,7 млн. тонна өнім не шамамен алғанда бүкіл Қазақстанда өндіріліп жатқан мұнай мен газ конденсатының 28 процентін беріп отырған. «Шеврон/Тексако» компаниясы өкілдерінің айтуына қарағанда, «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны үстіміздегі онжылдықтың аяғына таман күндік есеппен алғандағы өнім көрсеткішін 36 млн. тоннаға дейін жеткізуге бар көрінеді. Қарашығанақта кейінгі жылдар барысында 11-11,5 млн. тонна мұнай және газ конденсаты өндіріліп тұрған. Бұл – бүкіл Қазақстан өнімінің шамамен алғанда 15 проценті. Басқаша айтқанда, осы екі кеніш бүгіннің өзінде еліміздегі жалпы өнімдік көрсеткіштің 43 процентін қамтамасыз етеді екен.
Ал жоғарыда аталған 3 кеніштің соңғысы және ең ірісі – Қашаған енді-енді игеріліп жатыр. Оның өнім беруі 2016 жылы барып басталмақ. Ол жоспарлы күшіне енген соң, аталған үш кеніштің үлесі Қазақстан мұнай өндірісінің негізін құрамақ. Сол кезде түсетін табыс, ең алдымен, соларды игеруге арналған жобаларда меншіктік еншілері бар құрылымдарға бұйырмақ. 
«Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнындағы Қазақ­стан­ның үлесі – 20 процент. Қашағанды игеріп жатқан құрылымдағы еліміздің еншісі – 16,877 процент. Бұның өзі кейінгі жылдары ғана сатып алынды. Бұрындары онда Қазақстанның үлесі жоқ болатын.
Ал Қарашығанақты игеріп жатқан құрылымның ак­ционерлік капиталында біздің еліміздің үлесі 10 пайызды құрайды.

Марал САЛЫҚЖАНОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X