Валюта бағамы: $ 332.68 389.4 5.6 ¥ 49.85

Мұнай мен газдан қанша табыс түседі екен?!

Мұнай бағасының түскені жалғыз ОПЕК құрамына кіретін елдердің ғана емес, осы ұйымға кірмейтін ірі мұнай өндіруші мемлекеттердің де табысын қысқартып жатыр. Мәселен, өзімізге жақсы таныс Ресейді алайық. Бұл елдің мұнай экспортынан түсетін табысының көрсеткіші 1998 жылы өте төмен деңгейге түсіп кеткен болатын. Ал 2005 жылы ол екі ортада өткен жеті жыл ішіндегі ең жоғарғы нүктеге жетті. 

Сонда Ресейдің таза мұнай экспорты табысы 2004 жылғы нәтижемен салыстырғанда 44 пайызға ұлғайып, 122 млрд. долларға жеткен екен. Бұл – ғаламат көрсеткіш. Ол ОПЕК құрамына кіретін 11 елдің сол жылы жалпы мұнай экспортынан тапқан таза табысы қосындысының (473,1 млрд. доллар) төртен бірінен астам екен. Осы жағынан алып қарағанда 2005 жылғы нәтиже бойынша Ресейден озған жеке бір-ақ ел болды. Ол – сол жылы мұнай экспортынан 150,2 млрд. доллар таза пайда тапқан Сауд Арабиясы. Жалпы ОПЕК құрамына кіретін елдердің осыдан түскен табысы 2005 жылы оның алдындағы 2004 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 43 процентке өсіп, 473 млрд. доллар деңгейіне жеткен екен. Ресейдегі өсім (44%) бұлардыкінен (43%) 1 пайызға болса да жоғары болды. Ондай да кезең болған. 
Ал қазір болса, яғни тағы да он жыл өткен соң сол 1998 жылғы жағдай Ресей мен Қазақстан үшін ғана емес, басқа да мұнай экспорттаушы елдер үшін қайталануға жақын. 2015 жылғы қаңтар мен шілде аралығында, яғни жеті ай ішінде Ресейдің таза мұнай экспорты табысы өткен жылғы сол кезеңде қол жеткен көрсеткішке қарағанда 1,72 есе қысқарып, 56,229 миллиард долларға дейін төмендеген. Бұл, салыстырмалы түрде алып қарағанда, 2005 жылғы нәтижеден біраз төмендеу көрінеді. 
Қазақстанның жағдайы да осымен шамалас болар. Еліміздің 2012 және 2013 жылдар бойынша берген EITI есептеріне қарағанда, мемлекеттің шикізат өндіру саласынан түскен табысы, жылдық есепке шаққанда, 30 млрд. доллардан сәл астам болған. Бұның ішінде мұнай мен газдың үлесі 93 пайызды құраған немесе шамамен 28 млрд. доллар болған. Өткен 2014 жылы мұнайдың орташа бағасы 2012-2013 жылдардағы көрсеткіштен төмен деңгейде қалыптасты. Ал биыл ол одан да бетер құлдырап жатыр. Яғни биылғы мұнай табысы көлемінің 20 млрд. доллардан да төмен болып шығуы ғажап емес болар. Бұл – бір жағынан алып қарағандағы көрініс.
Ал екінші жағынан алып қарағанда, мұнай-газ секторы мемлекетіміздің фискалдық табысының 55 пайызын беретін көрінеді. Қазақстан экс­пор­тындағы мұнай мен газ конденсатының үлесі 70 пайызға жетеді екен.  
Ал енді біздегі жағдайды Батыс Еуропаның ең мұнайлы елі болып табылатын Норвегиядағы жағдаймен салыстырып көрейік. Ондағы мұнай-газ өнеркәсібі елдің ЖІӨ (жалпы ішкі өнім) көлемінің 21,5 пайыздайын (2002 жылы бұл көрсеткіш тек 20% болған, алайда кейінгі жылдар барысында көмірсутекті шикізат бағасының күрт ұлғаюына байланысты ол да біраз өскен) береді екен. Норвегияның 2014 жылы көлемі $142,9 млрд. доллар болған жалпы экспорты құрамындағы осы саланың үлесі 64,5 пайызды құрайды. Бұл – 92,2 млрд. доллар. 
2014 жылы Қазақстаннан сыртқа сатылған мұнайдың көлемі (күніне 1,719 млн. баррель) осы елдікінен (күніне 1,904 млн. баррель) сәл ғана кем болды. Ал ақшамен есептегендегі олардың арасындағы (Қазақстандыкі шамамен 20 млрд. доллар, ал Норвегияныкі 92,2 млрд. доллар) айыр­машылық – 4,6 есеге жуық. 
Ал енді Норвегиядағы мұнай-газ саласының бюджетке қосатын үлесіне келейік. Бұл жердегі айта кететін нәрсе мынау. Норвегия – ЖІӨ құра­мындағы бюджетке тиесілі үлестің үлкендігі жағынан әлемде алғашқы орындардың бірін иемденетін ел. 
Бұл аз десеңіз, Норвегияның бюджеттен тыс мұнай-газ саласынан түсетін қосалқы табысты жинақтайтын Арнайы қоры бар екенін де айтайық. 2002 жылы ондағы жиналған ақшаның көлемі 88 млрд. доллар болған. Ал 2015 жылдың тамызында осы қорда жинақталған қаржы сомасы 875 млрд. доллар деңгейіне жеткен. Яғни тек осы кезең ішінде Арнайы қор есебіне 777 млрд. доллар ақша түскен. Жылына — орта есеппен 60 млрд. доллардан. 
Ал біздегі сол сияқты құрылым болып табылатын Ұлттық қорда үстіміздегі жылдың тамыз айының басында 68 млрд. доллар ақша жинақ­талыпты.  
Сонымен, Норвегия үкіметінің есебіне көмір­сутекті шикізат саласынан жыл сайын ондаған миллиард доллар таза кіріс кіреді екен. Сондағы оның өндіретін мұнайы да, сол мұнайдың экспорты да қазіргі Қазақстандыкінен сәл ғана артық.  

Аққали КӨПТІЛЕУОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X