Валюта бағамы: $ 335.33 395.49 5.7 ¥ 50.75

Энергетикалық қуаттарда мәңгі өшпейтін шырақ бар

Кезінде 1920 жылы бүткіл КСРО-ны дүрілдеткен ГОЭЛРО  жоспары да бүгіндері 95 жылдық межеге таяпты. Бұл жоспардың арқасында біздің республикамыз да энергия мен жарыққа, қуат пен жылуға кенелгені рас. Аты-шулы Ақсу, Жамбыл, Қарағанды  аймақтық жылу электр станциялары, Қапшағай, Шүлбі, Бұқтырма, Өскемен ГЭС, Алматыдағы шағын ГЭС-тер каскады салынып, қалалар мен кенттерімізді жарықтандырды, өнеркәсібімізді алға бастырды. Ал, өткен ғасырдың 80-ші жылдарындағы Екібастұз МАЭС бүкілодақтық құрылыс болғаны мәлім. Қалаларымыздағы жарық нұры мен жылу, ыстық су беретін жылу электр орталықтарының өзі бір төбе. Міне, тәуелсіздік алғаны­мызға қос мүшел – 24 жыл толды. Осы кезең  ішінде еліміз электр энергиясының тапшылығын жоя алды ма?  Енді осыған келейік.

Елбасының былтырғы жылғы «Нұрлы жол –бо­лашаққа бастар жол» атты жолдауында атап өт­кеніндей, еліміздегі экономиканың күретамыры іс­петті энергетиканы дамытуда бірінші кезекте  Балқаш ЖЭС-н, Екібастұз №2 МАЭС-ның үшінші энергия блогын салу, Алматы электр станцияларын қайта құру көзделіп отыр. Бұрнағы жылдары Шарын өзеніндегі қуаты 300 МВт-тық Мойнақ ГЭС-і іске қосылды. Бұл станция еліміздің оңтүстік-шығысын электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ 500 кВ-тық Алма қосалқы станциясы пайдалануға берілді, бұл дегеніміз – Алматы қаласы мен Алматы облысының электр энергиясы жетіспеушіліктерін толтырады.    
Қазіргі таңда Қазақстан экономикасы электр тұтыну көлемінің орташа алғанда жылына 5-7 пайызға өсуімен қарқынды дамып келеді. Алдымызда еліміздің 2015 жылға дейінгі үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша электр энергетикасы саласында электр станцияларының қуатын арттыру, ұлттық және өңірлік электр тораптарын дамыту міндеттері тұр. Қысқа мерзімді перспективада 2015 жылға қарай елімізде 125 млрд. кВтсағ. көлемінде, 5 млрд. кВтсағ. дейін экспорттық әлеуетімен және 10 млрд. кВтсағ. шейін транзиттік әлеуетімен электр энергиясына деген қажеттілікті қамтамасыз ететін инфрақұрылым құру жоспарланып отыр. re-to-grid
Бүгінгі күні Қазақстанда электр энергиясы саласын стратегиялық  дамытудың нақты жоспары бар, онда салынған инвестициялардың деңгейіне қажетті жобалар бойынша нақты мерзімдер анықталған. Үкімет бұл жоспарларды қолдап отыр. Осы үдерісте «Самұрық-Қазына» АҚ  елеулі рөл атқарады, мұның арқасында электр энергетикасы саласында ауқымды жобаларды жүзеге асыруға ресурстық әлеует қалыптасты.  
Сонымен бірге жобаларды іске асыру мерзімдеріне байланысты электр энергиясы саласының қарқынды дамып келе жатқандығын ескерсек, қазіргі күннің өзінде бұл саланы 2030 жылға дейінгі перспективада дамыту мәселелерін қарау қажет. Бұл кезеңде еліміздің түрлі өңірінде, атап айтқанда,  Қостанай, Павлодар, Қарағанды облыстарында, республикамыздың батысы мен  оңтүстігінде  кем дегенде қуаты 1000-2000 МВт болатын алты ірі жылу электр станциясын салу қажет.     
Бұрнағы жылы құны 365 млн. доллар тұратын «Солтүстік-Оңтүстік» транзитінің екінші желісін салу бойынша күзгі-қысқы маусым басталғанша 3 телімнің алғашқы «ОҚМАЭС-Шу» телімін пайдалануға енгізу іске асырылды. Бұл Алматы энергия торабы бойынша қуат резервін 100 МВт-қа ұлғайтуға мүмкіндік береді. Өткен жылдары ара қашықтығы 1098 шақырымға созылатын желінің құрылысы аяқталып, оңтүстік бағыттағы энергия босату қабілеті 650 МВт-қа артты. Сондай-ақ «Солтүстік Қазақстан-Ақтөбе облысы» өңіраралық элекр жеткізу желісін салу аяқталды. Өңірге энергетикалық балама беретін осы серпінді жобада «KEGOC» АҚ техникалық бақылауды жүзеге асырды.   
Қазақстанда сондай-ақ электр энергиясының жаңғырмалы көздерін пайдалану мәселесі  неғұрлым өзекті болып отыр. Бұл мәселе электр энергиясын тұтынудың артуынан, органикалық отынды пай­да­ланудың экологиялық салдарынан, сондай-ақ энер­гия тасымалдауға бағаның көтерілуінен туындады. Осылар Қоршаған ортаны қорғау министрлігі әзірлеген «Жаңғыртылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» заң жобасында қаралады. Заңнамалық база болмай жел энергиясы мен шағын өзендердің энергиясын пайдалану жөніндегі жобалар инвесторларды қызықтырмайды. Еліміздегі гидроәлеует   жалпы қуаты 1450 МВт-қа дейін ГЭС салуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.    Өңірлік жел энергетикасы (әсіресе Жоңғар қақпасының жел өтіне қойылатын энергетикалық қондырғылар) көп мәселені шешетін болар еді. Бұл мұғдарда өз еліміздегі, сондай-ақ шет елдердегі  (мәселен, Франция) үздік технологиялар мен өнертабыстарды пайдаланатын болдық. Қазіргі таңда «KEGOC» АҚ Астанадағы «Экспо-2017» бағдарламасына белсене атсалысып, өз жобаларын ендіруге күш салуда.
Электр энергетикасы саласын дамыту жөніндегі Іс-шаралар жоспарын іске асыру шеңберінде энергия үнемдеу жөніндегі арнайы уәкілетті органды, энергия үнемдеу қорын құруды, энергия тұтыну нормативтерін асырғаны үшін жауапкершілік шараларын енгізуді және энергия ресурстарын тиімді пайдалануды ынталандыру тетіктерін бекітуді  көздейтін «Энергия үнемдеу туралы» Заңның жаңа редакциясы әзірленді. Өндірістік және коммуналдық-тұрмыстық секторларда үлестік энергия тұтынуды төмендетуге, жалпы ұлттық өнімді азайтуға экономикалық негізделген энергия үнемдеу әлеуетін іске асыруға бағытталған энергия үнемдеу жөнінде жаңа мемлекеттік бағдарлама әзірленуде. Бұдан басқа Үкімет Еуропалық Қайта құру және Даму Банкімен бірлесе отырып, энергия үнемдеу және республика экономикасының энергия тиімділігі жөніндегі шараларды іске асыруға инвестиция салуды көздейтін «Тұрақты энергетиканы дамыту жөніндегі Іс-шаралар жоспарын» әзірледі. Халықаралық қаржы институттарымен бірлесе отырып арнайы энергия үнемдеу қорын құру жөніндегі дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.   
Еліміздің экономикасын қалыптастыру мен дамы­туға қомақты үлес қосатын Қазақстанның Бір­тұтас энергия жүйесінің жүйелік операторы ретінде «KEGOC» АҚ-ны еуропалық деңгейдегі компаниялар қатарына қосу жоспарда бар. Осы бағыттағы жұмыс бойынша нәтиже де баршылық. 
Біз біртұтас энергия жүйесін техникалық жарақ­тандыру және сенімділігін арттыру жөнінде атқарып жатқан жұмыстар туралы көктей шолып өттік. Таза өндірістік қырлардан басқа маңызды міндеттердің бірі компанияны жоғары деңгейде корпоративтік басқару болып табылады, негізгі элементтерінің бірі ретінде соңғы екі жылда  енгізілген менеджмент жүйесі деп айта аламыз. «KEGOC» АҚ–ның қызметін барлық қырларымен тиімді басқаруға бағытталған біріктірілген жүйені енгізгендігімізді және сертификат алғанымызды айтқымыз келеді. 
«KEGOC» АҚ – Қазақстандағы Standard & Poors агенттігінен әзірге жария емес түрде корпоративтік басқару рейтингін алған санаулы компаниялардың бірі.  «Самұрық-Қазына» АҚ–ның қолдауымен стратегиялық жоспарлау, басқарушылық есептеу жүйесін жетілдіру, операциялық және басқару процестерін автоматтандыру, тәуекел менеджменті, басқару және қызметкерлерді ынталандырудың қазіргі заманғы жүйесін енгізу салаларында елеулі жұмыстар жүргізіліп жатыр.   
Энергетиканы жаңғырту  90-шы жылдарды басынан өткере отырып, түбегейлі нарықтық реформаларға, салаларды қайта жаңарту айналымына жақындады. Бұл бірінші кезекте еліміздің экономикалық даму қарқынымен және экономиканың алдында қойылған міндеттермен негізделген. Алайда, соңғы жылдары бұл салада маңызды өндірістік, қаржы және басқару проблемаларының кешені құрылды. Олар проблемаларды тез арада және жүйелі түрде шешуді талап етеді.       
Олардың біріншісі – экономика мен энергетиканың даму қарқынындағы сәйкессіздік.  
Бүгінгі күні қолда бар электр техникалық қуат жылдам өріс алған энергияны тұтынуды толығымен қамтамасыз ете алмайды. Электр энергиясының тапшылығы, әсіресе, Қазақстанның оңтүстік өңірле­рінде, көлемді экономикалық жобаларды іске асыру жолында кедергі болуда.  Егер біз стратегиялық маңызды саланы осы жағдайдан шығару қажеттілігі туралы айтатын болсақ, мемлекет бұған бейтарап қарай алмайды.
Энергия кешені үшін пәрменді жандандыру шаралары мемлекеттік электр энергетика активтерін бірыңғай басқарушы құрылым – «Самұрық-Энерго» энергетикалық компаниясының қолында шоғырлан­дыру болып табылады. Мақсатымыз – оның өндірістік, ең бастысы, инвестициялық әлеуетін күшейтуге көмектесу.      
Елбасы мен Үкіметтің тапсырмаларына сәйкес, «Самұрық-Энерго» екі басым бағыт бойынша белсенді түрде әрекет етеді. Біріншісі – салада үйлестірілген мемлекеттік саясатқа жағдай туғызатын мемлекеттік электр энергетикалық активтерді тиімді басқару.  Екіншісі – жұмыс істеп тұрған өндіргіш қуатты жаңғырту және жаңа өндіргіш қуатты салу. Энергетиканы жаңғырту туралы айта келе, біз тек қана техникалық немесе шағын өндірістік тетіктерді ғана емес, сондай-ақ ішкі және сыртқы корпоративтік ортаны жақсартуды, басқаруды жетілдіруді, халықаралық сапа стандарттарын ендіруді, бизнес-процестерді оңтайландыруды, айқындықты күшейтуді, есеп беруді, энергетикалық компаниялардың құрылымдық бөлімшелерінің өзара тиімді ықпалдастығын тұспалдаймыз.      
Қазір Оңтүстік Қазақстанда және ішінара Алматы өңірінде энергияның тапшылығы жөніндегі өзекті мәселелер туындап отыр. Проблеманың түп-тамыры – еліміздің оңтүстік өңірлерінде өндірілетін энергияның және трансформаторлық қуаттың жетіс­пеушілігі. Олардың ескіруі және кеңес заманынан келе жатқандығы, электр энергетикасының өндірістік-аумақтық ерекшеліктері ахуалды қиындата түсіп отыр. Атап айтқанда, негізгі өндіруші қуат орналасқан солтүстік өңірлерде электр энергиясының белгілі шамада артықтығы байқалады, сонымен бір уақытта оның оңтүстіктегі тапшылығын байқаймыз. Мысалға, Алматыда – электр энергиясын тұтынушыларға жет­кізу үшін трансформаторлық қуаттың елеулі түрде жетіспеушілігі. Бұдан басқа, бизнес-процестердің нашар басқарылуы, реттелмеуі, қызмет көрсету деңгейінің төмендігі, инвестициялық ресурстардың жетіспеушілігі энергетикалық компаниялардың экономикалық тиім­ділігіне теріс әсерін тигізуде.    
Оңтүстік өңірлерде энергия тапшылығын негіздейтіндей тағы бір қырын айта кетейік. Оны толықтыру үшін энергияны бізге Қырғызстаннан және Тәжікстаннан сатып алуға тура келеді.  Алайда, бұл жеткерулер Орталық Азияның гидроресурстарын пайдалану мәселелерінің реттелмеуі себепті, тұрақтылығымен ерекшеленіп тұрған жоқ. Су-энергетикалық теңгерімнің бұзылуы және елдердің суды тиімсіз пайдалануы жергілікті гидроэлектр станцияларының жұмысында технологиялық бұзылыстардың болуына әкеліп соқтыруда. Сөйтіп, Қырғызстан мен Тәжікстанда энер­гетикалық дағдарыс пайда болды. Ал, көршілес елдердегі қиын энергетикалық ахуал Қазақстанның оңтүстігінде энергия тапшылығы проблемасын қиын­дата түсуде.                 
Осы мәселелерді тиянақты шешу технологиялық жаңғырту бағдарламаларын іске асыруда және энергетикалық кәсіпорындарды басқарудың қазіргі заманғы қағидаларын тез арада енгізуде байқалады. Жаңғырту дегеніміз жаңа өндіруші қуатты енгізу және қолданыстағыларын қайта құруды білдіреді. Келешекте – Балқаш ЖЭС-н іске қосу, Екібастұз №2 МАЭС-дегі үшінші энергия блокты салу, Алматы электр станцияларын қайта құру тұр. Олар оңтүстікті электрмен жабдықтаудың қажетті деңгейін жүзеге асыруы тиіс.
Сонымен қатар, электр көздерін заңсыз қосып алу әрекеттерін анықтау жұмыстары жүргізілуіде.  Егер біз Алматы облысында 20 пайызға дейін жетіп отырған нормадан тыс электр шығындарының көрсеткішін төмендететін болсақ, онда энергия тапшылығы да қысқаратын болады. Екінші бағыт – бұл трансформатор қуатын жүйелі түрде көбейту, ескіргендерін ауыстыру, жаңа қосалқы станцияларды салу болып табылады. Бүгінгі күні АПК теңгерімінде 200-ден астам қосалқы станция бар. Олардың басым бөлігі 30 жыл бойы қолданылған. Бұл желі жұмысының тиімділігіне әсерін тигізуде. Өткен ғасырдың 50-60 жылдарындағы жобалар бойынша құрылған АПК желілерінің жабдығы қай жағынан алсаңыз да ескіріп тозған. Ал, энергетикалық өндірістің барлық әлеуетін табысты жаңғырту үшін және энергия тапшылығы проблемаларын шешудің басты шарты – инвестиция тарту. Капитал салуды қажет ететін технологиялық жабдықтарды жаңарту және жаңа электр станцияларын, трансформаторлық қосалқы станцияларды, электр желілерін салу ауқымды қаражатты қажет етеді. АПК-ны қоса алғанда, энергетикалық компаниялардың өздерінің де инвестициялық мүмкіндіктері шектеулі. АПК объектілерін қайта құруда маңызды көмекті Алматы әкімдігі жасауда. 2009 жылдан бастап АПК электр энергиясын беру тарифіне инвестициялық құрамын енгізу жөніндегі жұмыстар жүргізілуде. Өкінішке қарай, қазіргі кездегі энергетикадағы тарифтік саясат кәсіпорындардың орнықты жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп отырған жоқ,  ол жабдықтарға күрделі жөндеу жүргізу және қайта құру жұмыстарын жүргізу мүмкіндігін шектейді. Компания үшін инвестиция көздерінің бірі «Самұрық-Энергоның» активтерін KASE-ге және халықаралық қор нарығында орналастыру болуы тиіс. KASE отандық ұлттық зейнетақы қор қаражаттарын тарту үшін де алаң бола алады.   Бұл нұсқаларды қазіргі уақытта біз қарастырудамыз. Қазақстанның электр энергетикасын орнықты, тұрақты даму аумағына шығару жекеменшікті қоса алғанда, инвестиция тарту тетіктері арқылы жүзеге асырылуы тиіс; мемлекеттің, қоғамның және энергетикалық субъектілердің мүд­десін ескеретін теңгерімделген тариф саясатын жүр­гізу; электрмен жабдықтау технологиясын жан-жақ­қа тарату. Бұл ретте инвестициялық тартымдылық кепілі ретінде ұзақ мерзімді тариф саясаты қызмет етеді.  Ол ұзақ мерзімді перспективада электр энергиясына белгіленген бағалардың өсуін, компаниядағы айқындылықтың, ашықтықтың және есеп берушіліктің жоғары деңгейін жорамалдайды.
Ал енді атом электр станциясын (АЭС) салу мәселесіне келетін болсақ, біздің пайымдауымызша, бұл әлі ерте.  Өйткен себебі бізде энергия көздері баршылық. Бүгіндері жаңартылмалы энергия көздері жоғарыда айтылғандай бой түзеп келеді. Оның үстіне ядролық энергияның зардабын кезінде ел-жұртымыз тартудай-ақ тартқан екені белгілі. Сондықтан АЭС салуды тоқтата тұрған жөн, бірақ та уранды байыту жөніндегі ресейліктермен жұмысымызды жалғастыра беруге болады. 
Қорыта келгенде, қазір біздің елімізде жаңа энерге­тикалық қуат құрылысы – Балқаш ЖЭС, Екібастұз МАЭС-2 энергия блогын салу жөніндегі көлемді жоба әзірленуде. Сонымен бірге, өзімізге Орталық Азияның нарығында белсенді саясат жүргізу керек. Біз Қырғызстандағы бірінші және екінші Қамбарата ГЭС-ін салуға қатысуымыз жөніндегі мәселелерді пысықтауға көштік. Бұл бізге активтерді шоғырландыруды, экс­порттың әлеуетін арттыруды, оңтүстікте электр­мен жабдықтауға байланысты жағдайларды тұрақ­танды­руды, сондай-ақ жаңа перспективалық энергия көз­деріне қол жеткізуді қамтамасыз ету мүмкіндігін береді. Бір сөзбен айтқанда, ел энергетикасының келешегі айқын да айғақты, көтерер жүгі де салмақты да жан-жақты. 
Бүгіндері 40 мыңнан астам қазақстандықтар компанияның акционерлері атанды. Компания стра­тегиялық объектіге жатқызылатын және 24,9 мың шақырым электр жеткізу желісін, 77 тіректік қосалқы станциясы мен ұзын саны 4,8 мың еңбеккерді қам­титын Ұлттық электр торабының (ҰЭТ) меншік иесі болып табылады. Бұған қоса «KEGOC» АҚ Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйе­сінің Жүйелік операторы болып табылады және осыған байланысты Қазақстанның кәсіпорындары мен тұрғындарын  үздіксіз электрмен жабдықтау ретіндегі маңызды міндетті шешеді. Осы міндет шеңберінде біздің энергетиктер мынадай инвестициялық жобаларды іске асырады: Қазақстанның Ұлттық электр торабын жаңғырту, II кезең;  Павлодар энергия түйінінің Қазақстан БЭЖ-мен байланысын күшейту;  500 кВ «Екібастұз – Шульба ГЭС (Семей) – Өскемен» және «Шульба ГЭС (Семей) – Ақтоғай -Талдықорған – Алма» желілерін салу.  Соңғы екі («Екібастұз-Семей-Өскемен» және «Шүлбі ГЭС (Семей) – Ақтоғай-Талдықорған-Алма») желісі Мемлекет басшысының «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде іске асырылуда және «шығыстық транзит» деп аталатын «500 кВ Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік ӘЖ транзитін салу» жобасының құрамдастары болып табылады. Бұл жоба шеңберінде жалпы 1700 км электр жеткізу желісі (олардың ішінде: 500кВ ӘЖ – 1500 км және 220 кВ ӘЖ – 200 км) және 500 кВ кернеу сыныбындағы үш мүлдем жаңа қосалқы станция салынады. 
Жоспар айқын, жұмыс көлемді, іске сәт дейміз!

Бақытжан Тобаяқов


Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X