Валюта бағамы: $ 333.08 391.5 5.64 ¥ 50

«Бейнеу–Бозой–Шымкент» құбыры пайдалануға берілді

Бүгінгі таңда кез келген адамның күнделікті өмірі үшін ең қажет энергетика түрлері – газ бен электр энергиясы екені белгілі. Тұрмыс жағдайында олардың маңызы кәдуілгі мұнайдан әлдеқайда зор. Өйткені бұл шикізатты адамдар сол күйінде үйлерінде тұтынбайды. Қарапайым түсінік бойынша, мұнай деген нәрсе, ең алдымен, бензин өндіру үшін қажет деп есептеледі. Ал осы жағармайдың үй ішіндегі тұрмыс үшін тікелей қажеті жоқ. 

Газ бен электр энергиясының жөні басқа. Олар қай үйде және қай отбасында болса да күнбе-күн қажет. Газ тамақ пісіру және көп жағдайда үйді жылыту үшін пайдаланылады. Яғни бұрындары пеш-ошаққа қатысты болған бүкіл қажеттікті атқара алады. Ал электр энергиясы дегеніміз күн батқан кезде жарық беріп қана қоймайды. Ол өз қуатымен бүкіл электрлік тұрмыстық құрал мен жабдықты іске қосады. Демек, газ бен электр энергиясының маңызы экономикалық жағынан ғана емес, әлеуметтік жағынан алғанда да өте зор. Сондықтан еліміздің өзін-өзі энергетиканың осы екі түрімен қамтамасыз ету жағдайының қазіргі уақытта қандай күйде екені кімді де болса бей-жай қалдырмайтын болса керек.
Бірден айтарымыз, бүгінгі Қазақ­стан өзі үшін жеткілікті болатындай ауқымда газ бен электр энергиясын өндіре алады. Және өндіріп те жатыр. Бірақ, өкінішке орай, осы уақытқа дейін газ бойынша да, электр энергиясы бойынша да импортқа немесе шетелден сатып әкелуге тәуелділік сақталып отыр. Ал бұл жағдай Қазақстанның бірқатар аймақтарында халық өзі тұтынатын энергетиканың осы екі маңызды түрінің құнын ел ішінде емес, басқа мемлекеттерде қалыптасатын баға негізінде төлеуге мәжбүр дегенді білдіреді. Бұндайда ақы негізінде өзіміздегі орташа ақыдан жоғары болады. Газ бойынша да, электр энергиясы бойынша да ішкім өнім көлемі үздіксіз ұлғайып жатқанымен, осындай жай-күйдің сақталып қала беруі қынжылтады.

«КӨГІЛДІР ОТЫН» ХИКАЯСЫ

Соңғы кезге дейін елдегі ішкі тұты­ныс үшін жеткілікті көлемде өндіруге қол жетпей жүрген газдың өнімдік көрсеткіші тез өсіп келеді. 2002 жылдың аяғына дейін Қазақстанда тұты­нылатын «көгілдір отынның» жалпы көлемі осы шикізаттың елде шыға­ры­латын жалпы көлемінен аз болған. Тек 2003 жыл барысында барып біздің мемлекет газ тұтынысы көрсеткіші мен газ өнімі көрсеткішінің паритетіне, яғни теңелуіне қол жеткізді. Бұл екеуі сол уақытта 15,5 млрд. текшеметр деңгейінде өзара теңесіпті. Одан соң Қазақстан газды, қатысты түрде, нетто-экспортерге, яғни жалпы есеп бойынша осы  шикізатты сырттан сатып алудан гөрі сыртқа көбірек сататын мемлекетке айналды.
Содан бергі кезеңде газ өндіру көлемі біраз ұлғайды. Ал оны тұтыну көрсеткіші аз-маз ғана өсті. Мәселен,  2013 жылы ол 10,9 млрд. текшеметрді құраған. Ал газды өндіру көрсеткіші болса сол уақытта 39,3 млрд. текшеметрге дейін өскен. Өткен 2014 жылы «көгілдір отын» шикізаты өнімінің көлемі 2,2% ұлғайған. Бұл дегеніңіз — 43,2 млрд. текшеметр. Қазір келіп түсіп жатқан мәліметтерге қарағанда, Қазақстанда газ өндіру көлемі 2015 жыл барысында негізінен 2014 жылғы деңгейге сай болып қала берген. Бұның өзі бәрібір ішкі тұтыныс көрсеткішінен әлдеқайда көп. Дегенмен, еліміз әлі күнге дейін өз азаматтары пайдаланатын газдың біраз бөлігін сырттан сатып әкелуге мәжбүр. 
Мәселен, кейінгі кезге дейін тұрғын­дары елдегі халықтың 40 пайызына жуығын құрайтын оңтүстік аймақта – Алматы қаласында және Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарында – тұтынылатын «көгілдір отын» негізінен Өзбекстаннан алынып келді. Оның беріліп тұруы жағдайы мен бағасының тұрақсыздығы кейде біраз қиындықтар туғызып тұрады. Әрине, егер сол оңтүстік аймақты түгелдей отандық газ есебінен қамтамасыз ету мүмкін болса, бұндай мәселеге бас ауыртудың қажеті болмас еді. Оны шешудің екі жолы бар. 
Біріншісі – жергілікті мүмкіндікті пайдалану. Ол импорттық газға деген тәуелділікті біраз қысқартуға жол ашады.
Екіншісі – оңтүстік аймаққа солтүс­тік жақтан өз елімізде өндірілетін газды жеткізіп беретін құбыр тарту.
Осы екі амалдың біріншісі қазірдің өзінде жүзеге асырылып жатыр. Айтқалы отырғанымыз — Жамбыл облысында орналасқан Амангелді газ кенішін игеру барысы. 2001 жылы жүргізілген бұрғылау жұмыстары ондағы қор көлемінің 51 млрд. текшеметрге дейін жететінін көрсеткен. Бұл кенішті игеруді басында қолға алған «Қазмұнайгаз» мамандары бастапқыдағы өнім жылына 1 млрд. текшеметрге жуық болады деп күткен. Бүгінде қолдануға тапсырылған ұңғылардан біраз газ өндіріледі. Соңғы жыл барысында қол жеткен өнім өсімінің біраз бөлігі сол ұңғылар басында жүзеге асырылған өзгерістер арқасында мүмкін болды. Нәтижесінде оңтүстік аймақтағы газ импортына деген деген тәуелділікті қысқартуға біраз көмек болды.
Бірақ, мәселені түбегейлі шешу үшін жоғарыда аталған амалдардың екіншісі де орындалуға тиіс. Бірақ солтүстік жақтан оңтүстікке газ құ­бырын тарту жобасын жүзеге асыру үшін біраз қаражат керек. Дегенмен, мәселе шешуін тапса керек. «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры қазірдің өзінде салынып жатыр. Оның бірінші сатысы 2013 жылы аяқталады деп жоспарлаған болатын. Жылына 10 млрд. текшеметр табиғи газ жеткізе алатын қуаты бар екінші сатысы 2016 жылы аяқталуға тиіс болатын. Бірақ бұл шаруа белгіленген мерзімінен бұрын орындалған сыңайлы. Қараша айының 23-і күні құрылысы осыдан 5 жыл бұрын басталған «Бейнеу–Бозой–Шымкент» газ құбыры желілік бөлігінің салынып бітіп, іске қосылғаны жария етілді.  Осыған орай ұйымдастырылған салтанатты шара барысында сөз алған «ҚазТрансГаз» АҚ бас директоры Қайрат Шәріпбаев былай деді: «Бейнеу–Бозой–Шымкент» газ құбырын толық пайдалануға беру өзінің ма-ңыздылығына қарай зор оқиғаға айналып отыр. Ол Қазақстанның аумағы бойынша кез келген бағытта газ тасымалдауды әртараптандыруға және импорттық газға деген тәуелділікті толық болдырмауға кепілдік береді. Жалпы, «ҚазТрансГаз» транзиттік әлеуетті арттыру және энергия ресурстарын тасымалдау жөнінде Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауды жүзеге асыруды жалғастыра береді».
Ал сол жердегі жиын барысында өз кезегінде сөз алған Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Сүйіндік Алдашев өңірдің ірі өндірістік аймақ болып саналатындығын тілге тиек етіп, тұрақты экономика өсімін қамтамасыз ету үшін өнеркәсіптің ір­кіліссіз жұмыс істеуіне жағдай жасау қажеттігі күн тәртібінде үнемі тұратындығын айтты. Аймақта биылғы жылдағы қаңтар-қазан айлары барысында газ өндіру қарқыны күннен-күнге артып отырғанын атап өтті. Өткен жылдың 10 айында облыста 1 млрд. 723 млн. текше метр мөлшерінде көгілдір отын өндірілген. Ал биылғы жылдың көрсеткіші бойынша бұл 2 млрд. текше метрді құрады. Облыста газ өндіретін «Шағырлы-Шөмішті» және «Қансу» жаңа кен орындары іске қосылып жатыр екен.
«Өңірде Мемлекет басшысы Н.Назарбаев­тың «Нұрлы Жол – бола­шаққа бастар жол» бағдарламасы бойынша көптеген жобалар жүзеге асуда. Оның ішінде «Бейнеу–Шалқар–Жезқазған» теміржолы, «Бейнеу–Шетпе–Ақтау» күрежолының салынуы көп нәрсені білдірсе керек. Сондай атқарылған жарқын істің бірегейі – «Бейнеу–Бозой–Шымкент» магистральды газ құбырының ел игілігіне берілуі тұрғындарға жасалған нағыз қамқорлықтың шынайы көрінісі. Және де Бейнеу ауданы тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге барынша ықпалын тигізеді», – деп сөзін түйіндеді Сүйіндік Алдашев әлгі жерде.
«Бейнеу–Бозой–Шымкент» магистралінің ұзындығы 1475 шақы­рымды құрайды. Бұл газ құбыры 577 елді мекенді «көгілдір отынмен» қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Оның 230-ы Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан. Аталмыш елді мекендердің бір бөлігі бұрын ешқашанда газдандырылмаған. Екінші бөлігі көгілдір отынды әзірше Өзбекстаннан алып отыр. Осы магистральдің іске қосылуымен Қазақстан толықтай отандық газға өте алады. 
Бір қызығы, осы оңтүстік аймақ­тағыдай жағдай өз газы жетіп артылатын Батыс Қазақстан облысында да қалыптасқан. Бұнда еліміздегі бүкіл «көгілдір отын» қорының 4/1 немесе 25 процентке жуығын қамтитын Қарашығанақ кеніші орналасқан. Ондағы жер қойнауында газдың көлемі  452 млрд. текшеметрден 1,3 триллион текшеметрге дейін жететін көрінеді. Бұны аз десеңіз, сол Батыс Қазақстан облысының үстімен өтетін және түрікмен мен өзбектің «көгілдір отынын» Ресей жаққа қарай тасымалдайтын «Орта Азия-Орталық» халықаралық магистральдік құбырдың да бар екенін еске салайық. 
Дегенмен, бұл өңірдің халқы Ресейден импортталатын газды тұтынады. Бірақ Батыс Қазақстан облысында оңтүстік аймақтағыдай «көгілдір отынның» уақтылы беріліп тұруы мен оның бағасының тұрақты болуына қатысты әзірге айтарлықтай мәселе жоқ. Қазақстан газын бірлесіп игеру туралы келісімдерден соң, Батыс Қазақстан облысындағы осы қолайлы жағдай әрі қарай сақтала беретін шығар. Бұл жердегі мәселенің кілті мынада. Осы күнге дейін бұл облыс өз жерінде өндірілетін газды алдымен өңдеуге Орынбордағы «Оренбурггазпром» өндірістік бірлестігіне жібереді, сонан соң оны кейін сатып алады. Яғни, шындығында, бұндағы халықтың тұтынатын газы – Қазақстанның газы. Сондықтан да оның беріліп отыруы – тұрақты, ал бағасы – айтарлықтай төмен.      
 


ЭЛЕКТР ҚУАТЫ ӘЛІ ДЕ ЖЕТКІЛІКСІЗ

Техникалық жағынан алып қара­ғанда, Қазақстан өз қажетін өтеуге жетіп қаларлықтай деңгейде электр қуатын өндіріп жатыр. Ал іс жүзінде еліміз сол тоқтың қайта-қайта жетпей қалуы кесірінен жапа шегуден арылар емес. Осындай жағдай 1992 жылдан бастап осы күнге дейін созылып келеді. Өткен 2014 жылы елімізде 93,9 млрд. кВ/сағ. (киловатт/сағат) электр қуаты өндірілген және 91,6 млрд. кВ/сағ. электр қуаты тұтынылған. Яғни, өндіріс көрсеткіші тұтыныс көрсеткішінен біршама асып түскен. Дегенмен, еліміз өзі үшін қажет электр қуатының біраз бөлігін әлі де болса сырттан сатып әкелуге мәжбүр. Неге? Бұның екі себебі бар.
Біріншіден, бізде өндірілетін электр қуаты тұтыныс үшін толығымен жеткі­лікті сияқты болып көрінгенмен, ол шындығында жеткіліксіз. ҚР энергетика министрі В.Школьниктің ана бір жолы жасаған мәлімдеуіне қарағанда, елімізде өндірілетін бүкіл тоқтың шамамен 15 проценті тұтынушыларға жеткенше жолда жоғалады екен. Бұған себеп – әбден ескіріп, тозығы жеткен электр желістері. Олардың жалпы ұзындығы 400 мың километрге жуық көрінеді. 
Бұл – ғаламат көрсеткіш. Осыншама ұзын желістер бойымен тасымалданып, әрбір тұтынушыға тарағанша, тоқ біраз шығынға ұшырап үлгереді екен.    
Екіншіден, кеңес заманында құрылған бүкілодақтық біртұтас энер­гетикалық желістер ауқымында қалып­тасып қалған тәртіпке сай, осы күнге дейін Қазақстанның кейбір облыстары тоқты сыртқа жібереді, ал екінші бір облыстары сырттан алады. Өйткені ыңғай солай. Бұл – Қазақстандағы электр тоғын тасымалдау және тарату желістерінің үш бөлек-бөлек жүйе болып қалыптасқанының нәтижесі. 
Осы үшеуінің Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан аймақтарында орналасқан екеуі – және де әрқайсысы өз бетінше – Ресей жақпен тікелей жалғастырылған. Ал олардың өзара байланысы күні кешеге дейін болмаған. Сондықтан осы екі аймақтың электр қуатына қатысты жағдайының екі түрлі болып қалыптасқанына таңданудың қажеті жоқ болар. 
Солтүстік Қазақстанда тоқ арты­ғымен өндіріледі, сондықтан оның бір бөлігі Ресейге экспортқа жіберіледі. Ал Батыс Қазақстанда электр қуатын өндіру көлемі жеткіліксіз. Сондықтан бұл аймақтағы облыстар өздері тұтынатын тоқтың біраз бөлігін Ресейден сатып алады.
Ал үшінші жүйе Оңтүстік Қазақ­стан­да орналасқан және Орта Азияның біртұтас энергетикалық желістерімен жалғастырылған. Бұл аймақта да жер­гілікті электр қуатын өндіретін мүм­­кіндіктер шектеулі. Сондықтан бұндағы облыстар оны Қырғызстан мен Өзбек­станнан сатып алуға мәжбүр.
Оңтүстік Қазақстан да, Батыс Қа­зақстан да электр қуатын сырттан сатып алады дегенмен, осы екі аймақтың импортқа тәуелді аймақтар ретіндегі жағдайы біркелкі емес. Батыстағы облыстардың мәселесі қиынырақ, ал оңтүстіктегі облыстардыкі оңайырақ десе болады. Бұндай айырмашылықты өзінен ауысқан электр қуатын қалаған жағына сата алатын мүмкіндіктің Ресейде бар да, Орта Азия мемлекеттерінде жоқ екенімен түсіндіруге болады. 
Оның үстіне Қырғызстан мен Өзбекстан өздері үшін өте маңызды Ресей және сол арқылы Батыс рыногына шығу жолына байланысты Қазақстанға тәуелді. Сондықтан олар басқа екіжақты мәселелермен қатар электр қуаты мәселесі бойынша да біздің елдегі ішкі рынок мүддесімен санасуға бейімдірек.
Ресейдің өзі де Орталық Азия­ның Түрікменс­таннан басқа мемле­кет­­терінің бәрімен тек біздің ел ар­қылы ғана байланыс жасай алады. Бірақ бұл алып мемлекет үшін Қырғызстан мен Өзбекстан сияқты елдер экономикалық тұрғыдан аса маңызды емес. Сондықтан Ресей тарапы Қазақстанға электр қуатын сату мәселесіне келгенде, өз мүддесінің орындалуы жолында біршама қатаң шараларға барудан тайсалмайды. 
Бұдан, әсіресе, Батыс Қазақстан­дағы Ақтөбе облысы көп қиындық көріп жүрді. Бұл мәселе солтүстіктен батысқа қарай «Солтүстік Қазақстан-Ақтөбе облысы» бағыты бойынша ұзындығы 500 шақырым және қуаты 500 МВт болатын екінші бір желіс тартылған соң шешілді. Бұл жобаны жүзеге асыру шығыны 16 млрд. теңгені құрады.  Оның ашылу рәсіміне қатысып, сонда сөйлеген сөзінде президент Н.Назарбаев: «Тұрақты жабдықтауды қамтамасыз ету үшін біз өзіміздің барлық энергия жүйелерімізді құлыптауымыз керек», деген болатын.  Бұл салаға қатысты стратегиялық мақсат – міне, осындай.


Марал САЛЫҚЖАНОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X