Валюта бағамы: $ 333.08 391.5 5.64 ¥ 50

ЕЛ БАҒЫНА ЖАРАЛҒАН ТҰЛҒА

Тәуелсіз елімізде тойланатын әрбір мерекенің өз ерекшелігімен қатар, өзіндік тарихи орны, қасиетті мән-маңызы бар. Сондай айтулы мерекенің бірі-Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні екендігі баршаға аян. Президент күні – 1 желтоқсанды жыл сайын жаңа табыстармен және жоғары көтеріңкі көңіл-күймен лайықты қарсы алу – біздің елімізде аса бір жарасымды дәстүрге айналып отыр.

Тарих демекші, өткен ғасырдың 1991 жылғы 1 желтоқсанындағы бүкілхалық­тық сайлаудың нәтижесінде еліміз өзінің тұңғыш президентін сайлады және осы күннен тәуелсіздік тарихы бас­тал­ғанын бәріміз де жақсы білеміз. Бұл күн жаңар­ған Қазақстанның әлем қауымдастығы алдындағы беделі мен абыройын көкке биік самғата түсуімен де бүкіл жамағаттың жадында қалғаны анық. Содан бергі Тәуелсіз еліміздің қол жеткен биік жетіс­тіктері мен рухани құндылықтары­ның қай бірін де Елбасының атымен тіке­лей байланыстыратынымыз жасырын емес. Өйткені елін сүйген ерді елі де сүйеді деп, ойымызды осылай түйіп айтқанды жөн санаймыз.
Әңгімемізді тағы бір шегініспен өрбітер болсақ, 2011 жылғы 14 желтоқсанда мем­лекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қа­зақ­стан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына толықтырулар енгізу туралы» Қа­зақстан Республикасының Заңына қол қой­ды, онда 1 желтоқсанда аталып өтілетін жаңа мемлекеттік мереке – Қазақстан Рес­публикасының Тұңғыш Президенті күнін белгілеу көзделген болатын. 

Міне, содан бері төрт жылдың жүзі болды. Президент күні Тәуелсіз еліміздің күнтізбесінен өзінің берік орнын алды.
Егемен мемлекет ретінде бірінші рет өткізіл­ген жалпыхалықтық сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевтың тұңғыш Президент болып сайлануы – елдің бірлігі мен ұйымшылдығының жарқын көрінісіне айналды. Сонда ол халық таңдаулысы, ұлт көшбасшысы ретінде сайлаушылардың 98,78% дауысын жинап, үлкен абырой тұғырына көтерілді. Бұл күн халқымыздың ұзақ жылдар бойы армандаған азат күні ретінде де тарих шежіресіне алтын әріппен жазылып қалды. Міне, содан да Тәуелсіз Қазақ елінің қалыптасуы, тарихымыздың түгенделіп, тіліміздің, дініміздің және діліміздің қайта оралып, мемлекеттік ұлттық рәміздердің қабылдануы, егемен заманға қатысты тағы басқа да игіліктердің бәрінің бастау бұлағы осы шақтардан басталады. Дәл осы тарихи кезеңдерде халықтың Елбасына деген құрметі мен сенімінің бұрынғыдан да арта түскендігінің куәсі болғанымыз бар.
Тәуелсіздіктің бастау алған тұсында, яғни 1993 жылы Елбасы Қазақстан дамуының басты бағыт-бағдарларын анықтап берді. Ал 1997 жылы бәрімізге белгілі «Қазақстан – 2030» стратегиялық бағдарламасы жасалды. Онда еліміздің тұтастығы, қауіпсіздігі, халықтың әл-ауқаты, жарқын болашағы, бәрі-бәрі толық қамтылған болатын. Осы стратегиялық бағдар­ламада: «Қазақстан индустриялық-иннова­ция­лық елге айналуы керек» деген сөздің тұңғыш естілгені әлі жадамызда. Оның мәнісін де уақыттың өзі дәлелдеп берді. Елбасы айтқандай, Қазақстан өзге елдердің тек шикізат шығаратын аймағы ғана болып қалмай, әлемде теңдесі жоқ мол жер байлығын өзі өндіріп, өңдеп шығаратын іргелі елге айналуы керек болатын. Елбасының көреген бұл саясаты бүгінде толық іс жүзіне асырылып жатыр емес пе! Қайда барсақ та жаңару мен жанданудың, жаңа индустрияландырудың өркенді қадамдарының өріс алып жатқан қызу дүрмегінің үстінен шығасыз. Бұл – бүгінгі күннің нақты шындығы!
Қазақстанның сыртқы саясатында да Пре­зи­денттің сарабдал, ұстамды іс-қимылының  нә­тижесін бүгінде жаһан жұрты көріп отыр десек, еш қателеспеген болар едік. Өйткені, тура, әділ саясатқа мойын бұрмайтын халық болмайды. Елбасының ТМД-ның негізін салуға, осы орайда бұрынғы кеңестер одағының шекпенінен кеше ғана азаттық алып шыққан республикалардың өзара ықпалдастығын нығайтуға ерекше тер төккені белгілі. Сөйтіп, ол саяси, экономикалық, мәдени интеграция құруға арналған көптеген бастама-жобалардың авторы болды. Бұған мысал ретінде Еуразиялық экономикалық қоғам­дастық, Бірыңғай экономикалық кеңістік, Кеден одағы, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, Шанхай Ынтымақтастық ұйымы, т.б. құрылымдарды ерекше атауға болады. Сондай-ақ, Түркітілдес мемлекеттер одағының құрамында да біздің еліміздің беделі үлкен. Сыртқы-ішкі саясаттағы осы іс-әрекеттерінің бәрі Н.Назарбаевтың сөз жоқ, әлемнің тамыр соғысының бүлкілін айқын таныған, шартараптардың саяси ағымын түгел бағамдап отырған сарабдал саясаткер, әлемдік деңгейдегі көрнекті тұлға екендігін дәлелдейді. Айта берсек, Елбасы қолтаңбасын айқындайтын заманауи игілікті істердің тізбесін бұдан да әрі соза түсуге болады. Қазақстанның Еуропаның қауіпсіздігі және ынтымақтастығы ұйымына, Ислам ынтымақтастығы ұйымына төрағалық етуі, Дәстүрлі әлем діндерінің сьездерін Астана төрінде бір емес, бірнеше рет жоғары деңгейде өткізуі – осы айтқан сөздеріміздің толық дәлелі болып табылады.
Иә, ата-бабаларымыз талай ғасырлар бойы армандаған, бірақ жете алмай кеткен, бей­нелі түрде айтқанда, қой үстіне бозторғай жұмырт­қалаған аста-төк, бақытты заманда өмір сүріп, ұрпақ өсіріп жатқанымызға бір сәт тәуба көңілмен, қанағат сезіммен қараудың өзі бір үлкен ғанибет екен-ау. Ел болашағы, ұлт қамы үшін Елбасының жасап жатқан қайырымды, шапағатты жұмыс­тарын айтып, тауысу мүмкін де емес. Бірақ, жақ­сының жақсылығын айту – парыз. Оның бәрін ұрпаққа өнеге, тәлім етіп, айтып жеткізу – одан да қастерлі іс емес пе? Сондықтан да Президентіміз арқылы әлем қауымдастығы алдында жүзіміздің жарқын, көңіліміздің көтерікі, мерейіміздің үстем екендігін ерекше айтуға тиіспіз.
Шын мәнінде, бүтін бір ғасырға бергісіз жиырма төрт жылдың ішінде қазақ деген ұлтты, Қазақстан атты мемлекетті БҰҰ құрамындағы барлық мемлекет атаулы түгел мойындап, оның тәуелсіздігін толық таныды. Қазіргі жаңарған, тәуелсіздіктен нәр алған Қазақстан төрткүл әлемнің 150-ден астам елдерімен тығыз дипломатиялық қатынас орнатты. Қазақтың шекарасы тәуелсіздік алған күннен дәл айқындалып, ол Қытайдың, Ресейдің, Өзбекстанның Жоғарғы заң шығарушы органдарында тиісті ратификациядан өтті, және де заңды күшіне толық енді. Соның нәтижесінде көрші елдермен тату қарым-қатынастың орнығып, беки түскендігін, қысқаша айтқанда, күнделікті барыс-келістің барысынан да анық аңғаруға болады.
Қазақ елінің тәуелсіздік алғаннан бергі бағындырған шыңдары жетерлік. Жиырма төрт жыл. Бұл – тарих үшін қас-қағым сәт болуы мүмкін. Бірақ, тәуелсіз ел азаматтары үшін олай емес. Бұл – үлкен асу және мерейлі асу! Буыны енді беки бастаған тәуелсіз еліміз шын мәнінде, әлемдік деңгейдегі алпауыт елдермен иық тірестіре алатындай дәрежеге оп-оңай жете қойған жоқ, кедергілер де жиі кездесті. Тоқсаныншы жылдардағы ел басына түскен экономикалық қиындықтар, өндіріс, өнеркәсіп өнімдерінің құл­дырауы, кедейшілік пен жұмыссыздықтың көбейуі, тауар жұтаңшылығы, бәрі-бәрі күні кешегідей көз алдымызда. Елді осындай тығырықтан Елбасының қажырлы қимылы, ұстамды, сабырлы мінезі, қиындықтан жол таба білетін іскерлік қасиеті, ең бастысы, болашақты болжағыш көреген саясаты шығарып, құтқарып қалғандығын айтқанымыз жөн. Сондай қиын тұста қазақ елінің астанасын Алматыдан Арқа жеріне көшіру жөнінде батыл бастама көтеріп, оны жеріне жеткізіп, іс жүзіне асырудың нәтижесінде Сарыарқаның сауырында, көк Есілдің жағасында жаңа Астана шаһарының бой көтеруі – әлемде таң қаларлық ұлы оқиға ретінде қабылданған еді. Бұл ерлікке пара-пар Елбасының қажырлы еңбегі мен сындарлы саясатының арқасында дүниеге келген Тәуелсіз Қазақстанның үлкен бір жетістігі болып саналады.
Қазақстан әлемде өзінің саяси орнын айқындап алды. Бейбіт саясат пен ұлтаралық келісімді қамтамасыз етті. Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Жаһандық ядролық сынақсыз аймақ құру жөнінде ұсыныс берді. Әлем халқы Қазақстан басшысының ұлы бастамасына қолдау көрсетті. Ұлттың қамын ойлайтын, дамудың келешегін болжайтын дана саясат ұсынған Нұрсұлтан Назарбаев жас мемлекетті экономикасы орнықты елу елдің қатарына қосты. Қазақстан кешегі тоталитарлық жүйенің түйіндерін шешіп, зайырлы құқықтық мемлекетті құрып, Еуропаның төріне шықты. Ал, жаңа Астана қаласы Еуразияның жүрегіне айналды!
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық әлем шындығы тұрғысынан еуразиялық идеяны жетілдіруді теориялық жаңартуға қол жеткізіп, оны тек теория тұрғысында қалдырып қоймай, іс жүзіне асырудағы қимылы да бүгінде әлем жұртшылығының назарын аудартып отыр. Кеден одағының мүшелері Қазақстан, Ресей және Беларусь толыққанды Еуразиялық одаққа бірікті. Бұл экономикалық одаққа соңғы кездері Қырғызстан мен Армения келіп қосылды. Оның құрамына кіруге тілек білдірушілердің қатары да алдағы уақытта көбейері сөзсіз. Бұл Назарбаевтың ЕАЭО  идеясының шындыққа айналғандығын көрсетеді.
Қазір  елімізде Елбасының  өмір, еңбек жолын зерттеу, оған терең үңілу, елдік істер мен ел бірлігін байыпты бағалау, болашақты байсалды болжау, өткен жолдарымызға әділ көзқарас қалыптастыру сияқты жұмыстардың қолға алынып жатқаны белгілі. Бұл –құптарлық және өнеге тұтарлық шаруа. Елбасының еңбек жолы – өмір мектебі. Оны жеткіншек жас ұрпақ жете ұғынуы керек. Елбасының ел үшін, жер үшін, болашақ ұрпақ үшін істеген және істеп жатқан қайырымды істері мен көтерген батыл бастамалары жөнінде көп айтуға болады. Оның  бәрін шағын бір мақаланың ауқымына сыйғызып жазу мүмкін де емес. Қазір елімізде «Мәңгілік ел» идеясының аясында «Елбасытану» бағытында көптеген маңызды жұмыстардың атқарылып жатқандығын айту – ләзім. Ұлт Көшбасшысының туған халқы мен Отанын сүйген күрескерлік қасиетін, адамгершілік ізгі өнегесін жас ұрпақтың бойына дарыту, оның «Мәңгілік ел» идеясын кеңінен насихаттау және сол жастарды осы биік мақсатқа бір кісідей жұмылдыру – бүгінгі күннің басты міндеті. Осындай отансүйгіштік, патриоттық жоғары сезімнің қалыптасуы алға қойған міндеттердің сөзсіз орындалуына, әлемнің ең дамыған отыз елі қатарына қосылуға толық жағдай жасайтындығына еш күмән тудырмайды.
«Өзіңді өзің сыйла, жат бойынан түңілсін» дейді халық даналғы. Мұхиттың тереңінен сүзіп алғандай маржан сөздердің қапысыз айтылғаны – адамға үлкен ой салады, қалғып жүрген сананы селт еткізбей қоймайды. Шынында да солай емес пе?! Әңгіменің  төркіні береке мен бірлікке, тыныштыққа келіп тіреледі. Адамзаттың асыл мұратын айқындайтың бұл ұғымдардың атқаратын қызметі тым ерекше. Өзімізді-өзіміз  сыйласақ, бір-бірімізге құрметпен қарасақ, Ел­басының жүргізіп отырған саясатын терең   түсі­ністікпен қабылдасақ әрі оны іс жүзіне асыра білсек, бізді ешқандай жау да, дау да  алмайды, ешкімге кіріптар да болмаймыз. Әйтсе де, мынау әлемдік дағдарыстардан, әр жерде бой көтеріп, қанды ізін қалдырып жатқан террористердің қаскөй, қатыгез әрекеттерінен, ядролық қауіп-қатерлерден  жұмыр жерді қорғап, абай болудың қажеттігін айдай әлемге жар салып, бейбітшілік пен ізгілік жолында аянбай күресіп жүрген Ел­басының ерен еңбегі шынында да айтуға тұрарлықтай емес пе?!
Мемлекет басшысының еңбек жолы өткен ғасырда құж-құж қайнаған Қазақстан Магнитка­сында – Теміртаудың домна пешінде басталға­нын елдің бәрі де жақсы біледі. Қарапайым болат балқытушыдан – Елбасы дәрежесіне кө­те­рілудің оңай болмағандығы және де оның болашақта Президент болам деп ойламағандығы анық. Табиғат берген дарын мен қабілет, туған Отанға деген адал сүйіспеншілік Нұрағаны биік белестерге өзі-ақ шығарды. Бәлкім, мұнда ел, халықтың ақ батасы мен риясыз алғысының шапағаты да бар шығар! Тегін жерге бәйтерек өспейді, тегін кісі Президент тағына отырмайды. Елбасы туралы байламды сөз – осы.
Биылғы жылғы Президент күні ел Тәуелсіз­дігіне 24 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр. Келер жылы тәу етер Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық тойын атап өтетін боламыз. Осы Тәуелсіздікке қол жеткізу жолында Елбасының сіңірген еңбегі өлшеусіз. Елбасы және Тәуелсіздік ұғымы біздің елімізде қасиетті Құранның сөзіндей, өсиетті Ұранның өзіндей естілетіндігі рас. Тәуелсіздікке қол жеткізудің не екендігін Елбасы сөзімен де, ісімен де дәлелдей білді. Қайратты туған ер екенін байқатып, алған бетінен қайтпады. Күндіз – күлкіден, түнде – ұйқыдан айрылды. Баяғы ел қорғаған батырлардай ат үстінен түспеді. Оқыды, ізденді, нарықтық қатынастарды зерттеді. Бір сөз­бен айтқанда, жаңа заманның экономикалық қатынастарын терең меңгерді. Дамыған мемле­кет­тердің тәжірибесіне сүйенді, олардағы белгілі қаржыгерлер мен экономистердің, ғалымдар­дың жазған дүниелеріне үңілді. Керегін алды. Өз маман­дарымызды да соған үйретті. Сонан кейін барып тәуелсіздік өз жемісін бере бастады.
Елбасы жастармен кездескенде жер байлы­ғына емес, ең бастысы – ел байлығына сену қажеттігін үнемі алға тартады. Мемлекет үшін басты капитал адам болса, ел байлығы – білім, жаңа технология, заманауи инфрақұрылым, берік те тұрақты отаншылдық сезім екенін айтады. Сондықтан Елбасы ең қайтарымды, ең ізгі капитал – жастардың заман талабына сай білім алуына жұмсалған қаражат деп танып, білімді жастарды «Болашақ» бағдарламасымен дамыған шетелдердің жетекші жоғары оқу орындарына оқуға жіберіп отырады. Қазір де бұл үрдіс толастаған жоқ. Бұрын данышпан Абай: «Интернатта оқып жүр, талай қазақ баласы» деп жырласа, бүгіндегі ел: «Шет елдерде оқып жүр, талай қазақ баласы» деп жар салатын болды.
Биылғы қой жылы шын мәнінде, той жылына айналды. Ерте көктемде Қазақ­стан халқы Ассамблеясының 20 жыл­дығын тойладық. Елбасы ел бірлігінің басты белгісі – халықтар достығын бәрінен жо­ғары қояды. Осы арқылы да біздің күшті ел екендігіміз әлемге аян. Ең бастысы, бізде бірлік пен береке бар. Мамыр айында Ұлы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу халықтың рухын көтеріп, Жеңісті жақындатқан ардагерлер мен соғыс құрбандарының даңқын тағы бір асқақтатып жіберді. Ерлік елге – ұран, ұрпаққа – мұра болуымен ел жадында жаңғырып қалды. Одан кейін Ата заңымыздың 20 жылдығы ерекше жағдайда тойланды. Ал, Қазақ хандығының 550 жылдық  мерейлі тойының жаңғырығы әлі толастаған жоқ. Бүкіл республика көлемінде бұл дүбірлі той мемлекеттігіміздің қайнар бастауын айқындап, әруақты бабаларымыздың – хандар мен батыр­лардың, би, шешендердің есімдерін қайта жаңғырту, рухтарына тәжім ету  бағытындағы маңызды әрі тәрбиелік шаралардың алтын арқа­уына айналды.01-05-02
Мемлекет басшысының биылғы жылға арнаған «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауының елдің әлеуметтік-экономкалық дамуына үлкен серпін, тың ырғақ бергенін айтқанымыз жөн. Сондай-ақ, Елбасының бес институттық реформасынан туындайтын «100 нақты қадам» атты Ұлт жоспары барша қазақстандықтарды бір мақсат, бір мүддеге – елдің экономикасын тұрақтандыруға бағытталып жатқаны – баршамызға жақсы белгілі. Қиын­шылықтар да жоқ емес. Әсіресе, доллар бағамының күрт жоғарылап, ұлттық валютамыз – теңгеміздің құнсыздана бастауы – көңілге сәл селкеу түсіріп тұрғанын жасыруға болмайды. Мұны әрине, өтпелі қиындық деп білуіміз керек. Елбасы жақында Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында елде қалыптасып отырған бұл жағдайларға елеулі алаңдаушылық білдірді. Тығырықтан шығудың жолдарын пы­сықтады. Тиісті министрліктер мен құзырлы органдарға нақты тапсырмаларды жүктеді. Үміт пен сенімге толы дүниенің алда екендігі даусыз. Жарқын болашаққа үкілі үмітпен қарап, еселі еңбек етуден жалықпайтын дағдымен алға ұмтылудың қажеттігін Елбасы әрдайым сенімді серт етіп келеді емес пе?! Осыны көңілге – медет, дәтке – қуат еткенге не жетсін?!
Президент күні құтты болсын, той тойға ұлассын, қадірлі ағайын!

АСТАНА 
ТУРАЛЫ ТОЛҒАУ 

Тәуелсіздік таң нұры – Шолпан  жұлдыз атқанда,
Қыдыр кезіп елімді, Бақыт есік қаққанда.
Көшбасшысы байтақтың,
Заман сырын байқап тым, –
Бір бастама көтерді, жаңарып ел жатқанда.

Қара орманы – жұртының қамын жейді асыл ұл,
Ақылдының, дананың сөзін сөйлер ғасыр бұл.
Ақ-қараны айырған,
Тереңнен ой қайырған, –
Тектіліктің белгісі – алаулаған жасын нұр!

Ел-жұрты шын қолдаған оңға басып бастама,
Шаңырағын көтерді Арқада жаңа Астана!
Тамсандырып талайды,
Нұрға бөлеп маңайды, –
Сұлудайын сылаңдап дүр сілкінді Бас қала!

Дүниенің жанарын жаулап көрік, сымбаты,
Аз уақытта бұл қала көтерілді мың саты.
Кемелді кең кеңестің,
Ордасы оны демес кім? –
Бейбітшілік, Ынтымақ әні биік шырқады!

Бір атадан туғандай барлық ұлттың баласы,
Тату-тәтті тірлігі, ортақ – Отан анасы.
Бұлбұл сайрап бағында,
Бақыттың бал шағында, –
Балауса жас ұрпақтың өсті ойы, санасы!

Жаңарған ел жұлдызын жоғары ету арманы,
Құс ұйқылы Елбасы қайбір іске бармады?!
Ұлы өмірдің көшінде,
Сұлу Арқа төсінде, –
Мойындатты әлемді Қазақстан тарланы!

Құрлықтардан әрі асып кетті даңқы шарықтап,
Шапағатын Бас шаһар жер жаһанға дарытпақ.
Париж, Лондон демейін,
Күн мен Айға теңеймін, –
Тұрсын мәңгі Астана жүректерге жарық сап!

Ибрагим Бекмаханұлы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X