Валюта бағамы: $ 326.17 401.25 5.31 ¥ 51.84

Техникалық білім және ғылым интеграциясының еуропалық векторы

Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі (2-3 қараша) және Француз Республикасына (4-6 қараша) ресми іс-сапары аясында Қазақстан мен Ұлыбритания, Қазақстан мен Франция жоғары оқу орындарының форумы болып өтті.  

Іс-шараның мақсаты, инженерлік ғылым және жоғары білім орталықтарын қоса алғанда, біздің елдер­дің жоғары оқу орындары арасындағы ғылыми-техникалық алмасу мен студенттік ұтқырлықты дамыту бол­ды. Еліміздің жетекші техникалық университеттері­нің бірі – Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техника­лық зерттеу университетінің басшысы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Жексенбек Мәкейұлы Әділов форумдарда белсенді қатысушылардың бірі болды және елімізде  жүзеге асырылып жатқан Қазақстан мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша салаларда ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Атап айтқанда, «Машина жасау» бағыты бойынша Брунель университеті (Ұлыбритания), «Өндірістік процесстерді автоматтандыру» бағыты бойынша Жан Моне Сент Этьен университеті (Франция) Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ серіктестері қатарына қосылды. Ұлыбританияда, ол сондай-ақ, Абердин университетінің жетекшілерімен және өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізіп, екіжақты ғылыми және білім беру ынтымақ­тастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
Франциядағы форум барысындағы дөңгелек үстел­де Жексенбек Әділов Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ үлгісі ретінде инженерлік-техникалық білім беруді дамыту туралы егжей-тегжелі баяндама жасап, Лотарингия университеті (Франция) басшылары және өкілдерімен келіссөздер өткізді. 
Сонымен қатар, Францияға жасаған іс-сапары аясында, Париж – Сите Сорбонна университетін, Сакл қаласындағы Силиконды алқап, SOLEIL циклдік электрондарды жылдамдатқыш зертханасын, ядролық физика саласындағы зерттеулер жүргізілетін ми қарқынды зертеу орталығы, Жюль Горовиц реактор зертханасы, энергия қалашығын аралады. 
Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың Ұлыбритания және Франция елдерінің жетекші ғылыми орталықтары және жоғары оқу орындары арасында ынтымақтастық туралы қол қойылған құжаттар, университеттің евро­палық білім кеңістігінің интеграциясына жақын­дауына ықпалын тигізіп, техника және технология салаларында халықаралық стандарттар мен ҚМИИБ талаптарына сай кадрлар даярлау мен ғылыми зерттеулер жүргізуіне мүмкіндік туғызады. 

Римма ЖАНБАЕВА, 
ҚазҰТЗУ-дың 
ақпараттық-аналитикалық 
орталығының бас маманы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру