Валюта бағамы: $ 386.34 427.25 5.88 ¥ 54.57

АТА ЗАҢ – ЕЛДІГІМІЗДІҢ АЛТЫН ДІҢГЕГІ

Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған киелі Тәуелсіздіктің арайлы таңының қадір-қасиетін сөзбен айтып тауысу мүмкін емес. Сол Тәуелсіздіктің басты алтын діңгегі – Ата Заңымыз екенін айту – үлкен ләзім және де әрбір Қазақстан азаматының қастерлі борышы екені баршаға аян. Тәуелсіздігіміздің баянды, елдігіміздің берік болуында осыдан 20 жыл бұрын қабылданып, мемлекетіміздің тұрақтылық нышанына, одан әрі өркен жаюының ұйытқысына айналған Қазақстан Республикасы Конституциясының алар орны мүлдем ерекше. Ата Заң осындай құдіретті күшімен де бәріміз үшін қымбат!

Қалай десек те, елдігіміздің түп бастау қай­нарына үңілмей өту мүмкін емес. Ата Заңы­мыздың іргетасы тарихтың терең түкпірінде жатыр. Ол дала тіршілігімен тығыз сабақтас. Олай дейтініміз – ата-бабалары­мыз­дың өмір сүру дағдысымен біте қайнасқан, халық жүрегінде жатталып қалған әз Тәукенің «Жеті Жар­ғысы», Қасым хан­ның «Қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» секілді дала өмірінің заңнамалары тегіннен-тегін қалыптаспаған. Бүгінгі Ата Заңымыз да солардың заңды жалғасы екендігі даусыз. Бірақ, арада қаншама ғасырлар өтті. Заман өзгерді, ұрпақтар алмасты. «Мың өліп, мың тірілген» қазақтың бағына егемендіктің таңы атты. Бұл елдігіміздің қайнары, теңдігіміздің айбары – Ата Заңымыздың жаңа заманға лайық нұсқасын өмірге әкелді.
Қазақстан халқының жаңа өмірге бет бұруына, оның Тәуелсіздігінің баянды болуы мен Ата Заңы­мыздың қабылдануына Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың сіңірген еңбегі өлшеусіз екені белгілі. Мұны бүкіл төрткүл әлем әлдеқашан мойындап та үлгерді. 
1995 жылдың 30 тамызында, яғни бұдан 20 жыл бұрын Қазақстан халқы біртұтас таңдау жасаған ұлы бетбұрыс күнін бастан кешірді. Дәл осы күні өткен бүкілхалықтық референдумда Ата Заңымыз қа­былданып, қазақ халқы ескі мен жаңа тоғысқан алмағайып кезеңде барша әлемге білігі мен даналығын, көрегенділігі мен парасаттылығын көрсете білді.
Елбасы сол бір тарихи күндерді биыл да үлкен ілтипатпен еске алып, барша халықты Конституция күнімен құттықтады. Сондай-ақ ол ел Ата Заңының 20 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция барысында да барша қазақстандық­тарды ұлы мерекемен құттықтап, басты құжатымыздың ерекше маңыздылығын атап өтті. 
– Біз – ортақ тағдыр біріктірген Қазақстан халқы деп басталатын Ата Заңымыздың бойына еліміздің ең басты құндылықтарын түгел сыйғыза білдік. Мен Конституцияның бір жылдығына арналған салтанатты жиында «Біз заң аясында өмір сүруге үйренуіміз керек» деп айтқанмын. Ата Заңымызбен жүріп өткен 20 жылға көз сала отырып, бүгін біз заң аясында өмір сүретін елміз деп мақтанышпен айта аламыз. Себебі, адамзат дамуының үшінші мыңжылдығының қарсаңында қабылданған Ата Заңымыз егемен еліміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өміріндегі аса зор тарихи оқиғаның бірі болып қана қоймай, ол республикамыздағы өрелі өзгерістерді: бейбіт өмірге деген құштарлығымызды, қауымдасуға деген қалауымызды, мемлекетіміздің құқықтық негіздерін, оның саяси жүйесін, азаматтарымыз­дың құқықтары мен міндеттерін, меншік нысан­дары­ның сан алуандығын дәйектеп берді. Еліміздің басты Заңы – қоғамның қарқынды қалауы мен әлемдік жүйенің үздіксіз өзгерістеріне төтеп берумен қатар, жасампаздықтың кез келгенінің іске асуына жол ашар мол мүмкіндіктердің алтын көпіріне айналды. Конституциямызда өкіметтің заң шығарушы, атқарушы, сот буындарына бөлінуі және оның өкілеттіктерінің нақты белгіленуі, нарықтық экономика қағидаларының кең көрініс табуы, қоғам өмірін демократияландыру үдерістерінің уақыт өткен сайын қарқын алуы, бастан өткерген қаржы дағдарыстарына қарамастан, мемлекетіміздің межелі биіктерден көрінуі – зайырлы және құқықтық мемлекет құру жолына түскен республикамыздың әлемнің бәсекеге барынша қабілетті 30 елінің қатарынан орын алуының басты белгілері деп білеміз, – деді Қазақстан Президенті, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы атап өткеніндей, биылғы жыл айтулы мерекелер шоғырын құрап отыр. Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан халқы ассамблеясының және Ата Заңымыздың 20 жылдығы өтпелі экономикалық сынақтарға қарамастан, «Бәрі­міз біргеміз, берік іргеміз» ұранын ұстанған кең-байтақ еліміздің 130-дан астам ұлттары мен ұлыстары тарапынан ауызбіршілікте тойланып жатуы да Негізгі Заңымызда көрсетілген азаматтарымыздың ортақ арман, ортақ мұрат, тілектерін бір арнаға ұштастырғандығының жарқын белгісі болып табылады.
Елбасы ел Конституциясының 20 жылдығына арналып Астанада өткен «Конституция: бірлік, тұрақтылық, өркендеу» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда 1995 жылғы 30 тамыздағы бүкілхалықтық референдумға тағы да ерекше тоқталып: «Егер біздің мемлекет құру жолындағы қадамдарымыз асығыс, саяси тұрғыдан абстрактілі жобаларға негізделетін болса, онда сәтсіздікке ұшырайтынымыз анық еді. Оның залалы орасан болар еді. Біз мемлекет құру аса жауапты, күрделі, ұзақ әрі шетін үдеріс екенін көптеген тәуелсіз жаңа мемлекеттердің тәжірибесінен, кейде аса өкінішті мысалдарынан білеміз. Мемлекет құру қатаң кесте немесе утопиялық жоспарлар негізінде жүзеге асырылуы мүмкін емес. Экономикалық прогресс және халық бақуаттылығы болмайынша орнықты тұрақтылық болмайды. Ал елдегі тұрақтылықсыз табысты өзгерістер жасау мүмкіндігі де қалмас еді», – деп кезінде дұрыс таңдау жасалғанын атап көрсетті.
Өмірдің өзі көрсетіп отырғанындай, Негізгі Заңы­мыз­дың барлық ережелері мен қағи­дат­тарының нақты іс жүзіне асып жатқанды­ғына мысал көп. Біздің Ата Заңымызда табысты даму үшін де, Ұлттың өзін-өзі жаңғыртуы үшін де қажетті барлық құқықтық тетіктер бар. Бұл туралы: «Біз 2050 жылға дейінгі стратегиялық бағдарламамыздың негізінде алдымызға Қазақстанды әлемдегі ең дамыған 30 елдің біріне айналдыру жөнінде жаһандық мақсат қойдық», – деді Елбасы. 
Ата Заңның 20 жылдығына орай кең байтақ Қазақ елінің барлық аймақтарында, үлкен қалалары мен ауылдық, селолық округтерінде той дүбірінің қыза түскендігінің куәсі болғандарын кез келген азамат мақтанышты сезіммен айта алады. Астана мен Алматыда Конституция күніне арналған мерекелік шаралардың мазмұны бай, тағылымы мүлдем зор болғанын жұртшылық жақсы біледі.
Өзіміз тұрып жатқан Алматы қаласында жексенбі күнгі ауа райы мамырадай қалып танытты. Ата Заңың 20 жылдығын тойлауға қала халқы кең көлемде қатысты және ұмытылмастай әсерлерге бөленді. Қала­дағы Орталық демалыс паркінде Конституция күніне арналған мерекелік концерт жұртшылықты бірден баурап алды. Паркке халық көп жиналды. Әсіресе, жас бүлдіршіндердің қуанышында шек болмады. Балалар үшін түрлі аттракциондар дамылсыз жұмыс жасап тұрды. Сусындар тегін үлестірілді.
Мерекелік алаңдарда еліміздің эстрада әншілері мен бишілер тобы ән мен биден шашу шашты. Түрлі спорт жарыстары мен конкурстар ұйымдастырылды. Конституция күні қарсаңында кәсіпкерлер қаладағы  жетім және тұрмысы төмен отбасылардың балаларына мектепке қажетті заттарды сыйға тартты.
Жалпы Ата Заңымыздың 20 жылдығына арналған мерекелік бағдарламалар  Алматының 8 ауданында да  қызық әрі мазмұнды сипатта өтті.
Бір айтарлық жәйт, Конституция күніне орай республикамыздың барлық аймақтарында  Ата заңның 20 жылдық мерекелік медалымен мара­патталған азаматтардың шоғыры молая түсті. Сөйтіп, ел, халық болып, тағы бір айтулы мерекені қуанышты жағдайда атап өтті.
Тойдың тойға ұласқанын көрудің өзі – мың ғанибет емес пе?!

Ибрагим Бекмаханұлы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру