Валюта бағамы: $ 386.34 427.25 5.88 ¥ 54.57

Қазақстан – Пәкістан: Екіжақты ынтымақтастықтың жаңа қырлары

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Пәкістан Ислам Республикасының премьер-министрі Наваз Шарифпен кездесті. 

Кездесуде сауда-экономикалық, көлік-тран­зит­тік, ғылыми-техникалық және мәдени-гу­ма­­нитарлық салалардағы екіжақты ынтымақ­тас­тықты нығайту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті жайт­тар сөз болды, деп хабарлайды Ақорданың бас­пасөз қызметі. 
Қазақстан Президенті Пәкістанның жүйелі дамуындағы Н.Шарифтің атқарған рөлін атап көрсетті. «Сіз күрделі жағдайда елде экономика­лық және саяси реформаларды табысты іске асырып, Пәкістанның беделі мен рөлін көтеретін белсенді халықаралық саясат жүргізіп отырсыз. Қазақстан мен Пәкістан орналасқан өңір­дің елдері өзара сауда және мәдени қарым-қа­тынастар тұрғысынан әрдайым тығыз бай­­­ла­нысты болды. Ілгеріде Сіз біздің бұрынғы ас­та­намыз Алматыға келген болатынсыз. Содан бергі аз уақыт ішінде біз жаңа елорда салдық, оны бүкіл қазақстандықтар мақтан тұтады. Бұл қала – біздің тәуелсіздігіміз бен еліміз егемендік жыл­дарында жеткен жетістіктердің символы», – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Н.Шариф Нұрсұлтан Назарбаев­қа шақыртуы үшін алғыс айтып, екі халықтың байланыстарының сан ғасырлық тарихы бар екенін атап өтті. «Мен Сіздің көшбасшылық қасиетіңізге тәнтімін және Сізді ерекше қабілет иесі деп есептеймін. Бүгінде Астанадан біздің көретіндеріміздің бәрі – Сіздің еңбегіңіз», – деді Пәкістан премьер-министрі.
Пәкістан премьер-министрімен кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында Елбасы: «Сіз­дің сапарыңыз біздердің сонау 1992 жылы кездесуімізде негізі қаланған қарым-қатынас­тарымыздың жандануына тың серпін береріне сенімдімін», – дей келе, өз сөзінде Пәкістан үкіметі басшысымен арадағы сол кездесу әлі есінде екендігін және қазақстандықтардың өз тәуелсіздігін Пәкістанның әлем елдерінің ал­дың­ғы қатарында мойындап, қолдау білдір­генін естен шығармайтындығын атап өтті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақ­стан мен Пәкістанның халықаралық күн тәрті­біндегі ұстанымдары ұқсас екендігін, ғасырларға созылған достық, мәдени байланыстар екі мемлекетті бауырлас елге айналдыра түсетіндігін баса айтты. «Қазіргі шынайы жағдайда біздің қарым-қатынастардың жаңа парақтарын ашу сәті келіп тұр. Сіздің бұл сапарыңыз қарым-қатынастың дәл осы бағытта дамуына септігін тигізеріне сенімдімін», – деді Елбасы.
Наваз Шариф Пәкістан Қазақстанмен және Орталық Азияның барлық елдерімен өз қарым-қатынасын кеңейтуге ниетті екендігін атап өтті. «Біз бұл қарым-қатынастарды энергетика, сауда-экономикалық, көлік салаларын қоса алғанда көптеген бағытта дамытқымыз келеді. Қазақстанды біздердің елдеріміздің Орталық Азия елдеріне және Парсы шығанағының жылы су айдынына шығуға мүмкіндік беретін қытай-пәкістан көлік жүйесінің бір бөлігіне айналуға шақырамыз», – деді ол.
Сонымен қатар ол барша қазақстандықтарды Қазақ хандығының 550 және ҚР Конститу­ция­сының 20 жылдық мерейтойларымен құттық­тады.
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Пәкістан премьер-министрі Наваз Шариф кеңей­тілген құрамдағы келіссөздердің қорытын­дысын­да бірлескен мәлімдемеге қол қойды.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру