Валюта бағамы: $ 386.34 427.25 5.88 ¥ 54.57

ШЫНЫ ЗАУЫТЫНДАҒЫ ШИРАҚ ҚИМЫЛ

Қазір мұнда дайын өнімдер қоймасының іргетасы қалануда

Қызылордада биыл көктемде қазығы қағылған шыны зауытының құрылысы қарқынды жүруде. Бұл өндіріс Қызылорда қаласы, Титов мөлтек ауданында орналасқан индустриалдық аймақта салынып жатыр.

Сырдарияның жағалауындағы бас қаланың индустриялы аймағында аталған зауытқа арнап 50 гектар жер бөлінген болатын. Бюджет қаржысы есебінен негізгі инженерлік инфрақұрылымдар тартылды. Қазіргі күні бұл жерде негізгі ғимарат саналатын дайын өнімдер қоймасының іргетасын қалау жұмыстары жүруде. 

Жер қазу жұмыстары 80 пайызға аяқталса, іргетасын бетондау 20 пайызға орындалды. Келер  аптадан бастап құрылысшылар металл құрастыру жұмыстарына кіріседі. Оған қажетті заттардың барлығы дайын. 
– Бұл зауыт – өңірдегі алып құрылыстардың бірі. Құры­лыстың сапасын ұдайы бақылауда ұстап отырмыз, – дейді облыс әкімінің орынбасары Ғалым Әміреев. – Зауыт іске қосылған жағдайда жылына 197 мың тоннадан астам табақша шынысын шығара алады. Шыны өндірісіне қажетті шикізаттың 95 пайызы жергілікті жерден. Яғни Арал ауданының кварц құмы, доламит пен әк тасы пайдаланылады. Тек сырттан келетін кальцилендірілген сода шикізатын болашақта «Аралтұз» АҚ-мен біріге отырып, өңірімізде өндіру жоспарлануда. 
Жобаның жалпы құны –  52,1 миллиард теңге. Қар­жының 80 пайызын «Қазақстан даму банкі» АҚ бөлсе, қалған 20 пайызын «Steward Engineers» АҚШ компаниясы мен «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ инвестор ретінде қаржыландыруда. 
Қойманың ұзындығы 300, ені 150 метр. Қазір мұнда жүзден астам адам жұмыс жасайды. Құрылыс жұмысы ұлғайған кезде 300 адам жұмыспен қамтамасыз етілетін болады. Ал, зауыт толық іске қосылғанда тұрақты 350-400 жаңа жұмыс орны ашылмақ.     
– Қазір құрылыс жұмыстарына 17 техника жұмыл­дырылып отыр. Бетон шығаратын, арматура кесетін шағын цехтар орнаттық. Жұмыстың барлығы кесте бойынша жүруде. Құрылысқа қажетті материалдардың басым бөлігі жергілікті жерден алынып жатыр. Жұмысшылардың алаңсыз жұмыс істеуі үшін бар жағдай жасалған. Оларға демалу және тамақтану үшін арнайы шағын қалашық салдық, – дейді «Orda Glass Ltd» ЖШС-ының құрылыс жөніндегі директоры Биғалы Тоқаев.
Бұл зауыттың бір ерекшелігі, мұнда энергия үнемдейтін де шыны шығарылады. Жалпы, жаңа технологияға негізделген зауыттың құрылыс жұмыстарын 2017 жылдың қазан айында аяқтау жоспарланған.

Ибрагим Бекмаханұлы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру