Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

Мен көрген Мұқағали Жазылар естеліктер мен туралы

Жазылар естеліктер мен туралы,

Біреулер жан еді дер өр тұлғалы.

Біреулер тұлпар еді дер де мүмкін,

Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы.

Аңыз ғып айтар мүмкін қылығымды,

Қылығымды ұнатқан жұлынуды.

Жақсы көрген дер мүмкін «жылынуды»

Әйтеуір, қазбас былық-шылығымды.

Жоқ жанды қиған емес жамандауға,

(Сол үшін рақмет адамдарға!!!)

Білемін, әйтеуір, бір замандарда,

Жүреді жүз жыл жасап жаман қарға…

Жазылар естеліктер нешелеген,

Көрерміз онын, бәрін пешенеден.

Әйтеуір, білетінім бір-ақ нәрсе –

Көшеді өлең немесе өшеді өлең!

Қулары, таудың қызыл түлкісі дер,

Момындар, біздің үйдің кірпіші дер.

Мәңгілікке өзіммен ала кеткен,

Менің нәзік жанымды кім түсінер!?

Бүгінде өлеңдері ең көп оқылатын ақын – Мұқағали Мақатаев. Мұнымен ешкім дауласпайды да! Күнделігінде Мұқаң: «Ей, безгелдектер, сендер емессіңдер маған бата беретін. Жылдар өтеді, жаңа ұрпақ келеді, біздің әрқайсымызды солар өз орнына қояды. Мен өз жайымда мынаны айтамын: мен – ХХІ ғасыр ұрпақтарының құрдасымын, бәлкім, одан әрідегі ұрпақтың туысымын да» деп жазыпты. Ақиық ақынның 80 жылдық мерейтойында іске асырылған игілікті істің бірі – «Мұқағали» журналының негізінде мақалалар жинақталып, үш томдық кітап жарық көрді. Оның бірінші томында естеліктер, ал екінші томы түгелдей ғылыми зерттеулерге толы болса, үшінші томында Мұқағалиға арналған өлеңдер, арнаулар жазылды. «Жазылар естеліктер мен туралы…» деп ақынның өзі жырлағандай Мұқағалидың көзін көріп, бірге жүргендер арасында бүгінде ақынның әр ісін аңыз қылып айтып, ақын жайлы естелік жазбағандары кемде-кем. Сол естеліктердің бірнешеуіне көз жүгіртсек…

Жары Лашын Әзімжанова:

Мені балаларымен қоса ұйықтатып тастап барып өлең жазуға кірісетін. Осылайша таңды атыратын кездері де бар. Жұмекеңнің: «Мұқаңның шамы таң атқанша сөнбейді» деп әзілдейтіні де содан. Бір жазғанда өндіріп тастайтын. Ал үлкен дүниелерге әбден әзірленіп болған соң барып отыратын. «Ильич», «Райымбек, Райымбек», «Аққулар ұйықтағанда» поэмалары осылай туған. Мұндайда ұйқыны да, тамақты да ұмытатын. Бізге беймәлім бір құдіреттің әсері ме, көзінде нұр жайнап, жүзінде қан ойнап алабұртып отыратын. Ертесіне жазған өлеңін шабыттанып, мақтанып, шай үстінде ең әуелі маған оқып беретін. Сонсоң үйде отыра алмай қанаттанып, Одақ жағына асығатын. Қайсыбіреулердің осы күнгі айтып жүрген «Мұқаң қызып алып, бұрқыратып өлең жазады» дегені өтірік. Ішіп алып өлең жазушы ма еді адам?! Тұнық сезім, тұма сезім ащыны жұтқан сайын лайланып, былғанбай ма. Өз басым өмірімде Мұқаңның мұндай күйде өлең жазғанын көрген жоқпын.

Оразақын Асқар:

Мұқағали менімен танысқан кезінде 1955 жылы ауылда қазақ мектебінде орыс тілінен сабақ беретін мұғалім екен. Жасы жиырма бестерде. Темекі тартпайды, арақ ішпейді. Орыс тілін өздігінен меңгерген. Ауылда, ауданда, мектептерде кітапханалардың бәрін де оқып алған еді. Сонда Лашынның інісі Мәскеуде жұмыс жасайды екен. Сол жігіттен арнайы Ресейден кітаптар алдырады екен. Мұқағали өзін өзі оқытып, өздігінен білім алған. Бір қызығы, Казгудың филология факультетіне түсіп, екі жылдан кейін ол жақтан шығып кеткен. Одан кейін ақын шет тілін білуі керек деп, неміс тіліне қызығып, шет тілдері институтына оқуға түскен. Оны да солай тастап кеткен. Тіпті Мәскеудегі екі-ақ жыл оқытатын Горкий институтына түсіп, келесі жылы кетіп қалған екен. Өзінің күнделігінде жазады ғой, «білімім орташа, бірақ жоғарыдан кем емес» деп. Ол расында да артық білген. Алла оған дарын берген.

Азаматтығын айтар болсақ, Мұқағали өте ашық мінезді, керемет адам болған. Ол өзінің жазғандарының дәрежесіндегі кісілерді өзіне дос деп есептейді. Сондай жағдайда жалғыздық көргенін байқаймыз. Ал қоғамдағы қарым-қатынасына келер болсақ, ол өте тілтапқыш, бір көргеннен сөйлесе кететін адам болатын. Достарына келер бослақ, Шәмілмен, Төлегенмен, Оспанханмен, Қадірмен, Тұманбайлармен дос болды ғой.

Бибігүл Төлегенова:

Әлі есімде, 1950 жылдың бас кезі. Мұқағали екеуміз Қазақ радиосында бірге жұмыс істедік. Мен – әншімін, ол – диктор. Біз секілді студенттер үшін бұл деген – үлкен олжа. Менің байқағаным, ол қашанда кеудесін тік ұстайтын. Көңіліне кір жасырмайды. Кімнің алдында болса да пікірін ашық, әрі нық айтады. Бірақ шуағы мол. Әдемі қалжыңдайды. Тектілігі көрініп тұрады. Әйтеуір өзіме деген сый-құрметінен басқа бөгде қылығын көрген емеспін. Талантты, өнерді өте жоғары бағалайтын.

Нұрғали Нүсіпжанов:

70-жылдардың басында Мұқағали ақынмен алғаш рет дидарластым. Жаңадан комсомол сыйлығының иегері атанған кезім. Опера және балет театрында үлкен концерт болды. Соның арасында сусын ішейін деп, «Алматы» қонақүйіндегі мейрамханаға кірдім. Ту сыртымнан «Бей, әнші бауырым, аман ба?» деген тұнық, үні зор дауыс естілді. Қарасам, тұлғасы таудай болып Мұқаң өтіп барады. Өлеңін іздеп жүріп оқитын ақынға ұшып тұрып құрмет көрсеттім. Ол кісі де мені сыртымнан едәуір біледі екен. Ағалы-інілі болып, жарасқан қалыпта әңгімелестік. Танымы, білімі бірден жаныңды баурап алды.

Әбіш Кекілбаев:

Мұқағали – қазақ поэзиясының ұзақ сағынып көрген асыл перзенттерінің бірі. Ол – шын мәніндегі ұлттық құбылыс… Ол халық болмысымен біте қайнасып кеткен ұлы тұлға. Ұлы құбылыс. Ұлы ақын. Мұқағалиы бар халық өлмейді. Мұқағалиы бар әдебиет күннен-күнге жаңара, жасай береді. Тіршіліктің тәттілігі мен ақиқаттың ащылығынан мейірі қанғанша дәм татқан қауымның өскелеңдігі мен өміршеңдігі де осында. Мұқағали халқымен бірге мәңгі өмір сүреді.

Ұлықбек Есдәулет

«Мұқағали Мақатаевқа жол беріңдер!»

Бірде ақын досым Ерлан Бағаев екеуміз тротуарда келе жатыр едік, соңымыздан:

– Жол беріңдер! Жол беріңдер! – деп айғайлаған зор дауыс естілді. Аңтарылып тұра қалдық. Күркіреп келеді.

– Жол беріңдер! Жол беріңдер! Мұқағали Мақатаевқа неге жол бермейсіңдер? Әлде оның еңбегі сіңген жоқ па? Жол беріңдер! Жол беріңдер!

Әлгінде ғана «Шахта» деген асханада қос қолын қайшылап, шашы төгіліп: «Әлдиле, өлім, әлдиле», – деп өлең оқып отырғанын көрген едік. Барып сәлем бергенбіз. Шарабын әпергенбіз.

– Жол беріңдер!

Ығысып жол бердік. Күндей күркіреп, бұлттай бұрқырап қасымыздан өте шықты. Соңымыздан мырс-мырс күлкі естілді. Мойын бұрсақ, жоғары курс студенттері Сауытбек Абдрахманов пен Заманбек Әбдешев екен. Мысқылшыл Сауытбек:

– Үлкен ақын келе жатқанда кішкентай ақындар жол береді екен ғой, – деп түйреді.

Сәл жүре түскенде Алматының қазіргі Абылай хан және Бөгенбай көшелерінің қиылысында әлгінде ғана екпіндей озып кеткен Мұқағали ағамыз тұр екен.

– Әй, балалар, бері келіңдер. Мына қаптаған машиналардың біреуі мені басып кетер немесе мен біреуін басып кетермін. Көшеден өткізіп жіберіңдер, – деп Ерлан екеумізді құшағына алды. Сөйтіп қолтығына кіре берген бізге алма-кезек қарап қойып:

– Сенің әкең Ұзақ маған көп жақсылық жасаған. Сен менің өз бауырымсың. Оны білемісің? – деп Ерланның бетінен сүйді де, маған бұрылып, көзін алайтып:

– Сен қызталақ қайдан жүрсің? – деді. Көшеден өтіп болған кезде, – қазір Жазушылар одағына барамын. Мен кіргенде ондағы отырғандардың бәрі қашып, індеріне тығылады. Тіпті кабинеттерін кілттеп алады. Бірге жүріңдер, қызық көресіңдер, – деді. «Іздегенге – сұраған», біз екеуміз елеңдеп, елеурей бастап едік, Мұқаң Жазушылар одағының табалдырығына жете бере кілт тоқтады. – Жоқ, «қызық көрсетем» деп сендерге зияным тиіп кетер. Әлі жассыңдар. Болашақтарың алдарыңда. Менімен жүргендеріңді біреу-міреу көріп қалса: «Бұл екеуі Мұқағалимен бірге ішіп жүрген», – деп ағаш атқа теріс мінгізер. Қайтыңдар, қызталақтар! – деп екеумізді өз қолымен кері бұрып, сауырымыздан сипап қоя берді де өзі ішке еніп кетті. «Қайт» дегенге қайта қояр деген, ізінше біз де кірдік.

Мұқағали аға кіреберістегі айна алдына барып, шашын тарап, костюмінің жағасын, өңірін түзеп, түймесін салып, салиқалы-салмақты болып шыға келді. Сол-ақ екен, іштен шығып келе жатқан бірнеше жазушы бұрыла қалып, онымен жамыраса амандасып жатты. Біз жақындамай, сырттай бақылап тұрдық. Әлгі жазушылардың біреуі:

– Әй, Мұқағали, сен енді адам болыпсың ғой, – деп қалып еді, Мұқаң бірден шарт кетті:

– Сен, немене, мені бұған дейін адам емес, есек деп пе едің?!

Ағамыз нілдей бұзылып, бұрқан-талқан ашуланып, «Қаламгерге» қарай тартты. Әлгі абайсыз ба, қасақана ма, айтылған бір ауыз сөзден-ақ жараланып қалғаны анық еді…


Оқи отырыңыз

Пікір(20)

  • Надира Шалхарова
    03.01.2014 at 7:39 pm

    Сенсің менің мәңгі жүрегімде!
    Мен біріншірет бір ақынды қатты үлгі тұттым ол – Мұқағали Мақатаев. Мен әр кез өлең жазған сайын Мұқағали атам секілді терең мағыналы, бір ойды білдіріп тұратын, менің ішкі сезімімді аша білетіндей қылып жазам. Әрине Мұқаңнын жазатын өлеңдеріне жетпейді ғой…
    мен сіздерге бір қызық жағдай айтып берейін:
    Ақпанның кезі болатын мен мектепке бардым. Бір сабақ өткеннен соң мұғалімдер мені іздеп келіпті сол кезде Рабиға апай:
    – Надира осы айдың 10-11леріне дейін Мұқағали Мақатаевқа арнау жазып кел – деп тапсырма берген болатын. Мен қатты қуандым, себебі маған мұғалімдер бірінші рет берген еді. Ол кезде ол мектепке жаңадан 8 сыныпқа келген едім. Қазір 9 сыныпта оқимын егер қазір арнау өлең жаз десе еш таңданбаймын.
    Негізі мен өлең жазуға Мұқағали атамның көп септігі тиді…

  • Саулетбай Хумаргажы
    24.01.2014 at 3:29 pm

    Мұқагалиға арнауды қалай жазсам екен 2 айдың 1 мүшәра болат

  • Саулетбай Хумаргажы
    24.01.2014 at 3:31 pm

    кей ақындар Мұқағалиды жаксы көрып сүйып ал кей біреулер ше…………………..

  • 123
    25.01.2014 at 7:10 pm

    Mұқағали атамыз өлендері өткір болғаны соншалық тұрған жерде нақ айтады

  • Мейрамгүл Макамбетова
    07.02.2014 at 3:06 pm

    Мұқағали ақын не жазса да шын жазған. Оның дәлелін өзі жазып кеткен мына бір өлең шумақтары айқындай түседі. Жазылар естеліктер мен туралы, Біреулер жан еді дер өр тұлғалы. Біреулер тұлпар еді дер де мүмкін, Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы

  • Ләззәт Теміржановна
    10.02.2014 at 10:58 pm

    Мұқағали өлеңдері шындық жырлайды, сол себепті мен ол кісіні үлгі тұтам

  • Асел
    16.02.2014 at 7:36 pm

    Мен Мұқағалиді үлгі тұтам

  • сая
    02.04.2014 at 6:48 pm

    мұқағали өлеңіне ғашықпын

  • мөлдір
    02.04.2014 at 6:49 pm

    ӨЛЕҢІН ЕСТІГЕНДЕ ӨЗІҢДІ ЖАҚСЫ СЕЗІНЕСІҢ

  • Анар
    15.01.2015 at 3:53 pm

    Осындай біртурар ақыны бар біз қандай бақытты халықпыз… Әр өлеңінен жаныңа қуат аласың, оқыған сайын оқығың келе береді, келе береді.

  • Арайлым
    03.02.2015 at 9:20 pm

    оте керемет

  • Аружан
    09.02.2015 at 3:01 pm

    Мұқағали Мақатаев Сүлейменұлы өз еңбегін адал тапқан

  • Аружан
    19.02.2015 at 11:36 am

    Мұқағали атамыздың аты ешқашан қазақ жүрегінен өшпейді

  • Айша
    18.04.2015 at 12:45 pm

    Мұқағали көріпкел секілді.Өзі туралы ол Алматыдағы бір көшеге менің есімім беріледі бірақ мен оны кормим деген жане болашақта өзі туралы естеліктер жазылатынын да білген

  • Рая
    17.08.2015 at 6:20 pm

    өте керемет! Мұқағали Мақатаевтың кітабын осыдан 26 жыл бұрын сатып алғанмын, сол кезден бері менімен бірге келеді. Бір туар қайталанбас тұлға.

  • Гулзира
    10.09.2015 at 4:26 pm

    Мұқағалидың өзі өлгенмен артындағы ізі өлмейді

  • фарида
    08.02.2016 at 11:53 am

    Мукагали олендер шындыкты жырлап кеткен акын

  • аяжан
    21.02.2016 at 1:39 pm

    ақйық ақын

  • Ерзат Еркегүл
    05.02.2018 at 7:29 pm

    Мұқағали Мақатаев қазақтын ешбір ақынына тең келмейтің, ерекше дана, дара тұлға!осы кісінің өлеңдері жанға жылулық силап қоймаи, ерекше бір толғанысқа түсіруді!

  • Anonymous
    13.02.2018 at 11:52 am

    маган мукагалига арнау керек еди отинем шыгара аласыздарма

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру