Валюта бағамы: $ 386.34 427.25 5.88 ¥ 54.57

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚҰҚЫҚ НЕГІЗІ

Кез келген өркениетті елдің Ата заңы – Конституциясы оның баға жетпес құндылығы болып табылады. Бұл тұжырым егемен Қазақ елінің Конституциясына тікелей  қатысты.    

Біздің Ата заңымызда адамның негiзгi құқықтары мен еркiндiктерiне кепiлдiк берілген. Бұл құқықтар мен еркіндіктер, атап айтқанда экономикалық және әлеуметтік құқықтар мен бостандықтар адамға өзінің мүмкіндіктерін материалдық өндіріс және оның өнімдерін пайдалану саласында, сонымен қоса, жеке басының рухани қажетін өтеуі үшін қажет. 
Мәселен, Қазақстан Республикасының кез келген азаматы өзіне ұнаған, өзінің қолынан келетін кез келген кәсіп түрімен шұғылдана алады. Өйткені, еркін еңбек ету құқығы азаматтардың негізгі құқықтарының бірі болып табылады. Еліміздің Еңбек кодексі бойынша жұмыстан бос уақыт адамның өз еркімен демалатын уақыты болып саналып, бұл азаматтардың демалу құқығын білдіреді. Республика заңдары бойынша азаматтардың баспана салуға, сатып алуға, белгіленген тәртіптер бойынша мемлекеттің тұрғын үй қорынан пәтер алуға құқығы бар. Азаматтардың денсаулығын сақтау құқығы олардың өмір сүру құқығымен сабақтасып жатыр. Осы тұрғыда,  денсаулық адамға еңбек етуге, табыс тауып, материалдық жағдайын қамсыздандыруға, Отанын қорғауға, отбасын құрып, ұрпақ өсіруге мүмкіндік береді. Сондықтан да Қазақстан Республикасының Конституциясы «адамның өмір сүруі мен денсаулығына қолайлы айналадағы ортаны қорғауды мақсат етіп қояды».
Қазақстан Республикасында азаматтардың экономикалық және әлеуметтiк  құқықтарын қамтамасыз ету саласында мынандай заң актiлерi: Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексi (жалпы және ерекше бөлiмдері), Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексi, Қазақстан Республикасының «Шетелдiктердiң құқықтық жағдайы туралы», «Жеке кәсiпкерлiк туралы», «Қазақстан Республикасындағы банктер мен банк қызметi туралы», «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы», «Табиғи монополиялар туралы», «Сауда қызметiн реттеу туралы», «Демпингке қарсы шаралар туралы»,  «Дене шынықтыру және спорт туралы», «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы»,  «Мемлекеттiк атаулы әлеуметтiк көмек туралы», «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы»,  «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Халықтың көшi-қоны туралы» заңдары қолданылады. 
Ата заңымыздың  24-бабына сәйкес, әркiмнiң еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсiп түрiн еркiн таңдауына құқығы бар. Ерiксiз еңбекке соттың үкiмi бойынша, не төтенше жағдайда немесе соғыс жағдайында ғана жол берiледi. Әркiмнiң қауiпсiздiк пен тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайына, еңбегi үшiн нендей бiр кемсiтусiз сыйақы алуына, сондай-ақ жұмыссыздықтан әлеуметтiк қорғалуға құқығы бар. Азаматтардың өздерiнiң конституциялық еңбек бостандығы құқықтарын iске асыру үдерісінде туындайтын еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексiмен реттеледi. Кодекстiң 6-бабына сәйкес, әркiмнiң еңбектi еркiн таңдауға немесе еңбекке қандай да болмасын кемсiтусiз және мәжбүрлеусiз еркiн келiсуге, өзiнiң еңбек қабiлетiне иелiк етуге, кәсiп немесе қызмет түрiн таңдауға құқығы бар. Кодексте жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы аптасына 40 сағаттан аспауға тиiс. 

Бұған қоса, жеке, ұжымдық еңбек шарттарда ақысы жұмыс уақыты қалыпты ұзақтығындай төленетiн, жұмыс уақытының қысқа ұзақтығы көзделуi мүмкiн (77-бап).
Халықты жұмыспен қамту саласындағы саясат елдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуының жетекшi басым­дық­тары қатарына көтерiлген.  Жұмыспен қамту сала­сындағы мемлекеттiк саясат азаматтардың, оның iшiнде әйелдердiң, жастар мен мүгедектердiң лайықты еңбекке деген мүмкiндiктерiн ұлғайтуға және конституциялық құқықтарын iске асыруға, жұмыссыздықтан әлеуметтiк қорғауға, жұмыс таңдауға және жұмысқа орналасуға жәрдемдесуге бағытталған. 
Елімізде жұмыспен қамтылған халық саны 1997-1999 жылдары тұрақты төмендеген болса, 2000-жылдан берi тұрақты түрде артып келедi.
Еңбек нарығындағы ахуалдың жақсаруына кедейлiкпен және жұмыссыздықпен күрес (2000-2002 жылдар), кедей­лiктi азайту жөнiндегi (2003-2005  жылдар), әлеуметтiк ре­фор­маларды одан әрi тереңдету, халықты жұмыспен қамту (2005-2007 жылдар) жөнiндегi бағдарламалардың қабыл­дануы ықпал еттi.
Еңбек Кодексінiң 7-бабына сәйкес, әркiмнiң өзiнiң еңбек саласындағы құқығы мен бостандықтарын iске асыруға теңдей мүмкiндiктерi бар. Ешкiмдi де жынысына, жасына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, мүлiктiк және лауазымдық жағдайына, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне, азаматтық, қоғамдық бiрлестiктерге қатыстылығына қарай қандай да болмасын кемсiтуге болмайды. Кодекс күшi Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдiктерге және Қазақстанда өзiнiң еңбек қызметiн жүзеге асырушы азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады.
Еңбекақыны мемлекеттiк реттеудегi неғұрлым басым бағыттардың бiрi Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкес, мемлекет кепiлдiк беретiн жалақының ең төмен мөлшерiн белгiлеу болып табылады (Конституцияның 28-бабы). Айлық жалақының ең төмен мөлшерi – бұл бiлiктiлiктi талап етпейтiн қарапайым (онша күрделi емес) еңбек адамына еңбек нормаларын (еңбек мiндеттерiн) қалыпты жағдайларда және жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы кезiнде орындағанда берiлетiн, Кодекспен бiр айға белгiленген кепiлдi ең төмен ақша төлемдерi. Айлық жалақының ең төмен мөлшерi жыл сайын тиiстi жылға арналған республикалық бюджет туралы заңмен бел­гiленедi және ол қосымша ақылар мен үстеме ақыларды, өтемақы төлемдерiн, сыйақылар мен басқа да ынталандыру төлемдерiн қамтымайды әрi жұмыс iстеген уақытына парапар төленедi (Кодекстiң 122-бабы). Орындалатын жұмыстың саны, сапасы мен күрделiлiгi жалақының деңгейiн анықтаудың өлшемі болып табылады. 
Қызметкердiң айлық жалақысының мөлшерi оның бiлiктiлiгiне, орындалатын жұмыстың саны мен сапасына, күрделiлiгiне, сондай-ақ еңбек жағдайларына қарай белгiленедi. Жұмыс уақытының белгiлi бiр кезеңiне белгiленген еңбек нормаларын (еңбек мiндеттерiн) толық орындаған қызметкердiң айлық жалақысының мөлшерi Қазақстан Республикасы Заңымен белгiленген айлық жалақының ең төмен мөлшерiнен кем белгiленбеуге тиiс (Кодекстiң 121-бабы). Қызметкерлерге қойылатын бiлiктiлiк талаптары мен белгiлi бiр жұмыс түрлерiнiң күрделiлiгiн жұмыс берушi жұмыстар мен жұмысшылар кәсiптерiнiң тарифтiк-бiлiктiлiк сипаттамаларына басшылардың, маман­дар­дың және басқа да қызметшiлердiң бiлiктiлiк анықта­малығы негiзiнде белгiлейдi.  
Еңбекақы төлеу саласында жүргiзiлiп отырған мемле­кеттiк саясат нәтижесiнде құқықтық база құрылды, ол нарықтық экономика жағдайында ұйымдарға еңбекақы төлеу мәселелерiн өздерiнiң ұйымдық-құқықтық нысанына қарай әлеуметтiк сұхбат барысында ұжымдық шарттар мен салалық келiсiмдер қабылдау арқылы шешуге мүмкiндiк бередi. Осылайша, Қазақстан Республикасында еңбекақы деңгейi орындалатын жұмыстың санына, сапасына және күрделiлiгiне қарай, еңбек жағдайлары үшiн берiлетiн қо­сымша ақылар мен үстемеақыларды (оның iшiнде мереке күндерiндегi жұмысы үшiн), ынталандыру төлемдерiн ескере отырып, қандай да болмасын, оның iшiнде жыныстық белгiсi бойынша, кемсiтушiлiксiз айқындалады. Ерлер мен әйелдер жалақысы арасындағы айырмашылық гендерлiк белгiсi бойынша емес, қызметкерден белгiлi бiр бiлiктiлiк деңгейi мен даярлықты талап ететiн лауазымына, орындалатын жұмысына, яғни санына, сапасына және соңғы нәтижесiне қарай болады. 
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, кәсiпкерлер мен еңбеккерлердiң өздерiнiң кәсiпкерлiк қызметiн үйлестiру, ортақ мүлiктiк мүдделерiн қорғау, еңбек құқықтарына уәкiлеттiк етуге және оларды қорғау, еңбек жағдайларын жақсарту, сондай-ақ әлеуметтiк, мәдени, ғылыми, бiлiм алу, қайырымдылық, басқарушылық мақ­сат­тарға қол жеткiзу; азаматтардың және ұйымдардың құқықтарын, заңды мүдделерiн қорғау; даулар мен таластарды шешу; азаматтардың рухани және өзге де қажеттiлiктерiн қанағаттандыру; азаматтардың денсаулығын сақтау, қоршаған ортаны қорғау, дене шынықтыру мәдениетiн және спортты дамыту; заңгерлiк көмек көрсету мақсатында, сондай-ақ қоғамдық игiлiктердi және өз мүшелерiнiң (қатысушыларының) игiлiгiн қамтамасыз етуге бағытталған өзге де мақсаттарда бiрiгуге құқығы бар. 
Республика Конституциясы 5-бабының 2-тармағына сәйкес, барлық қоғамдық бiрлестiктер заң алдында тең. 1993 жылғы 9 сәуiрдегi «Кәсiподақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, барлық кәсiподақтарға теңдей құқықтық мүмкiндiктер берiледi. Кәсiптiк одақтың құрылуына кедергi жасау, сондай-ақ оның қызметiне қарсы әрекет ету заң бойынша қудаланады. 
Кәсiподақтарға мүше болу азаматтардың заңдарда кепiлдiк берiлетiн еңбек ету, әлеуметтiк-экономикалық, саяси, жеке құқықтары мен бостандықтарына қандай да бiр шек қойылуына әкеп соқтырмайды. Еңбекшiлердiң жұмысқа қабылдануын, жұмыста жоғарылауын, сондай-ақ жұмыстан босатылуын олардың белгiлi бiр кәсiподақта болуы, оған кiруi немесе одан шығуы себебiмен байланыстыруға тыйым салынады.
Жамиғат жарасымдылығы – қоғамның ілгері дамуының сенімді кепілі. Жоғарыда аталған нормативтік-құқықтық актілер жеке адамның толыққанды өркендеуіне қажетті объективті жағдайлар туғызып, еңбеккер мен мекеме, кәсіпкер мен мемлекет, адам мен қоғам арасындағы күнделікті қарым-қатынастарды ретке келтіреді, сөйтіп, іркіліссіз ілгерілеуге даңғыл жол ашады. Болашаққа ұмтылған қоғамға керегі де – осы.


 
Жекен ЖАҢБЫРШЫ,
журналист

 


Оқи отырыңыз

Пікір(2)

  • Anonymous
    15.01.2016 at 9:00 pm

    оте кушты

  • Anonymous
    16.04.2019 at 10:16 pm

    Керемет
    Кушті.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру