Валюта бағамы: $ 386.34 427.25 5.88 ¥ 54.57

ҰЛТ ҰЯСЫ – ҰЛЫТАУДАҒЫ ДҮБІРЛІ ТОЙ

Бұланты  шайқасы қаҺармандары құрметіне ескерткіш орнатылды

Кенді өлкеде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған  мерекелік шаралардың  қызықты думаны ұлт ұясы – Ұлытаудың кең төрінен басталды. Оның да өзіндік себебі бар. Елбасының «Ұлытауға тағзым» атты сұхбатында қасиетті төрдің мән-маңызы терең ашып көрсетілген. Мына ұлан-асыр мереке елді, жерді әспеттеудің, бабалар рухын асқақтатудың бір жарқын көрінісі іспетті. 

Салтанатты шеру сәнді де көрікті реңімен көз қызықтырады.  Ең әуелі Бұланты-Білеуті өзендері арасындағы Үйтас қойнауында  болған Бұланты шайқасы қаһармандары құрметіне орнатылған ескерткіш – стелла салтанатты түрде ашылды.
Тарихшылардың зерттеуінше, он сегізінші ғасыр­да халқымыздың  басына түскен ірі нәубет  – «Ақ­табан шұбырынды, Алқакөл сұламаның» ауыр апаты жеті жылға созылған екен. Мұның үлкен қасірет әкелгені анық. Қазақ хандығының шығыс және оңтүстік өңір- лерін басып алған жоңғарлар бағынышты жерлеріне білгенін істеп, өзі күйзелген елді адам  төзгісіз алым-салық төлеуге мәжбүрлеген. Талас пен Сырдария өзендері бойындағы қазақ ұлыстарын ойрандаған дұшпандар енді Ұлытау жақтағы кең далаға көз сұғын қадаған. Осындай сын кезеңде бірігіп, басқыншы жауға тізе қоса қимылдау мақсатында 1726 жылы Бадам өзені маңындағы Ордабасыға жиналған Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Сәмеке, Күшік, Жолбарыс хандар мен сұлтандар Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би бастаған әр рудың билері мен батырларын шақырып, бүкіл қазақтың жиынын өткізеді. Басқыншы жауға тойтарыс беру жайы қызу  талқыланып, біріккен майдан құруға анттасқан алқалы жиында бүкіл қазақ жасағының бас қолбасшысы болып Әбілқайыр хан, сардар бегі болып Қанжығалы Бөгенбай батыр сайланады. 

OLYMPUS DIGITAL CAMERA
Шұбар теңіз шайқасында дұшпандар алғаш ойсырай жеңіледі. Үш жүздің басы қосылған аса маңызды шайқастардың бірі Ұлытау сілемдерінің етегінде 1727 жылдың көктемінде болады. Бұланты өзенінің жағасындағы «Қарасиыр» деген жерде қазақ сарбаздары  қалмақтарға есеңгірете соққы бергені тарихтан белгілі. Қиян-кескі бұл шайқаста жоңғар әскерлері ондаған мың адамынан айрылады. Әбілқайыр хан мен Қанжығалы Бөгенбайдың жалпы басшылығының арқасында Қаракерей Қабанбай, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет, Бәсентиін Малайсары, Тарақты Байғозы батырлар да ынтымақтасқан ұрыс қимылымен ерекше көрінеді. Бағаналы Барлыбай, Төлек, Шұбартулы Жаулыбай, Сағындық, Ұзын қыпшақ Тілеулі, Сүйіндік Жауғаш, Биғаш, Матай Апыр сынды батырлар да осы соғыста ерлікпен шайқасады.
Пошымы басқалардан бөлек батыр, 
Айлакер, аңдасуға зерек батыр 
Әскерін Бағаналы бастап келді
Ақырған арыстандай Төлек батыр.
Дамылсыз ұрыс салған Бөгенбайға 
Жеткізді Орта жүзден көмекті ақыр. 
Жоңғардың қапталынан қалың қолмен
Тиісті ес жиғызбай, кенет қапыл, –
деп Жөкей жырау жырлағандай, Бұланты шай­қасының қаһармандық рухы бізге дейін Үмбетай жырау, Ақтамберді жырау, Тәттіқара жырау, Бұқар жырау, Көкеш ақын туындыларынан жеткен болатын. Мұндай жорық жырлары Ұлытау ақын-жырауларының шығарма­ларында да жиі кездеседі.
Қалай дегенмен, Бұланты бойындағы жеңістің маңызы аса зор болған. Ол қазақ жауынгерлерінің өз күштеріне сеніп, халық санасында үлкен бетбұрыс жасалуына мүмкіндік берді. Халқымызды құлдық қамытын киіп, жойылып кетуден сақтап қалды. Әрі қарайғы Аңырақай шайқасында жеңіске жетуге даңғыл жол ашып берді. 
Батыр бабаларымыздың рухын асқақтатқан ес­керткіштің ашылу салтанатында С.Қожамқұлов атын­дағы Жезқазған қазақ драма театрының артистері ұлы шайқастың мән-маңызын театрландырған көрініс арқылы сәтті жеткізе білді. Театрды бастап барған Қазақстанның халық артисі Досжан Жанботаевтың айтуынша,  Бұланты шайқасының көрінісін небәрі 15 минутқа сыйғызып, әсерлі де нанымды, ең бастысы, шынайы қалпында көрермен назарына ұсыну жолында сахна шеберлері аянбай тер төккен болатын. Мұны көзі қарақты сыншылар да, қарапайым халық та әділ бағалады. 
Бабалардың ерлік рухы жырмен де әспеттелінді. Айтыскер ақын Жанбол Көпбосынов ел тарихының айшықты тұстарын қамтыған арнау жырын төгілдіре орындады. 
Бұланты шайқасына арналған стелланың ашы­лу салтанатына Қарағанды облысының  әкімі Нұрмұха­мед Әбдібеков, облыстық мәслихат хатшысы Нұрлан Дулатбеков және белгілі қайраткерлер мен ақын-жазушылар  қатысты. Халық қаһарманы, қазақтың батыр ұлы Тоқтар Әубәкіровтің арнайы келіп, ерлік рухына арналған ескерткіштің лентасын қиюы – ерлік дәстүрдің ұрпаққа жалғастығын паш еткендей болды.      
Мерекелік мерейлі шараға жиналған жұртшы­лыққа құттықтау тілегін арнаған аймақ басшысы Нұрмұхамед Әбдібеков, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС бас директоры Бақтияр Қрықпышев және Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Шабат Смайылов Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында бабалар ерлігін паш ететін тарихи белгінің ашылуы өте орынды болғанын атап өтті.  
Тарихи ескерткіштің орнатылуына «Қазақмыс» корпорациясы 7 млн теңге бөліп, қаржылай қолдау көрсеткенін айта кеткен жөн. Гранит тас пен тот баспайтын металдан өрілген стелланың биіктігі 7 метр. Авторы – Еуразия дизайнерлер одағының мүшесі, мүсінші Шахибаден Сейткенов, әріптесі Өмірхан Жү­ніс­бековпен бірлесіп жасаған. Төрт жағы ер қаруы — қалқанмен көмкеріліп, ұшар басына көкке қарай шаншылған үшкір найза орнатылған. Үш жүздің таңбалары мәрмәр тасқа қашалған. Ескерткіш бой көтерген төбеден төменгі сайдың бойлары да тарих іздеріне тұнып тұр. Сақ дәуірінің қорғандары, тастағы таңбалар мен петроглифтер әлі талай зерттеуге арқау болары сөзсіз. Қатарлас тұрған кісі бойынан асатын етіп, тастан қалаған Үйтасты кезінде археолог, ғалым Әлкей Марғұлан зерттеп көріп, бұл Бұланты шайқасындағы қазақ жасақтарының алғашқы ерлігіне орнатылған ескерткіш деп байлам жасаған көрінеді. Бүгінгі заман стелласы  жалғыз емес, кешенге парапар біршама белгілер де қойылыпты. Ерлер есімдері жазылған белгітасты батыр ұрпақтары қойған құлпытастар толықтырып тұр. Аттары аңыз­ға айналған Мыңбалаға да шағын ескерткіш қойылғаны құптарлық. 
Бұл күні Бұланты даласын ән мен күйге бөлеген  әсерлі  шаралар кеңінен өрбіді. Сән түзеген киіз ақбоз үйлер қатарында Қ.Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік мұражай ұжымы батырлар шежіресін шерткен мазмұнды көрме ұйымдастырса, Жезді тау-кен және  балқыту ісі тарихының мұражайы Білеуті-Бұланты бойындағы далалық ұстахананың тынысын паш етті. Бір ұрысқа кіргенде қалың сарбаздарға кемінде миллионға жуық жебе қажет болады екен. Жезді мұражайының шеберлері көпшілікке қалайы мен қорғасынды балқытып, қозыжаурын жебенің ұшын жасауды және қылышты желге суаруды көрсетті.   
Батыр бабалар рухына тағзым жасаған тағлымды шара ертеңінде аудан орталығында өткен «Ұлытау – ұлт ұясы» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияға ұласты. Онда республикаға танымал тарихшы ғалымдар  ұлт ұясы – Ұлытау, Бұланты шайқасы, олардың қазақ елі тарихындағы алатын орны,  Қазақ хандығының 550 жылдығы туралы кең мағыналы тарихи әңгімелердің тиегін ағытты. Мұның бәрі бүгінгі жас ұрпақты Отанды, елді, жерді сүюге, ата-бабалардың ерлік  дәстүріне адалдыққа тәрбиелеуге үлкен септігін тигізетін маңызды шара екені даусыз. Ұлытауға барған адам қалай да осындай мөлдір бастаулардан нәр алып, рухтанып қайтады ғой… 
Той қызығы үшінші күні Ұлытау төріндегі екі жүзге тарта тігілген ақбоз  үйлер қалашығы аумағында болған ат жарысы, балуан күресі,  көкке қалықтаған әсем ән-күй, түрлі ойын-сауық бағдарламаларын қамтыған ұлан-асыр той дүрмегімен де ерекшелене түсті. 

Ибрагим БЕКМАХАНҰЛЫ

                                      Қарағанды облысы,
                                          Ұлытау ауданы 


Пікір қалдыру

Пікір қалдыру