Валюта бағамы: $ 356.54 419.43 5.42 ¥ 51.86

Маңызды міндеттер белгіленді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қа­зақ­стан Республикасы Қауіпсіздік  ке­ңесінің отырысы өтті.


Ақорданың баспасөз қызметі хабар­лағандай, отырыста Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының 2014 жылғы жүзеге асырылу барысы, елдің Қарулы Күштерін нығайту мәселелері талқыланды, сондай-ақ биылғы жылға арналған мейлінше өзекті міндеттер белгіленді.
Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Н.Ермекбаев ұлттық қауіпсіздіктің ахуалы мен мемлекеттік органдардың осы саладағы қызметі туралы баяндады.
Мемлекет басшысы қабылданып жатқан шаралар арқасында ұлттық мүдделерді тиісті деңгейде сақтау қамтамасыз етіліп отырғанын атап өтті. Сонымен қатар діни-экстремистік, террористік, сондай-ақ жаһандық және өңірлік үрдістерден туындаған эконо­микалық сипаттағы қатерлер сақта­лып отыр.
Қазақстан Президенті осыған байланысты лаңкестікке қарсы қолда бар инфрақұрылымды жетілдіру қажеттігіне тоқталды.
Атап айтқанда, мемлекет терроризмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі құқықтық және ұйымдас­тырушылық тетіктерді жетілдіруді жал­ғастырып, арнаулы бөлімдердің жаб­дық­талуын және олардың лаңкестікке қарсы операцияларға дайындығын арттыру жөнінде шаралар қабылдайды. Түсіндіру жұмыстары азаматтарымыздың бойында экстремистік идеологияға қарсы иммунитет қалыптастыру ісіне бағыт­талады. Қабылданатын құқықтық және алдын алу шаралары радикалдық идеяны ұстанатындар санын қысқартуға мүмкіндік береді.
Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ үкімет пен жергілікті атқарушы органдар елдегі және біздің негізгі сауда серіктестеріміздің нарықтарындағы эко­но­микалық ахуалды ұдайы талдап оты­руға, қажет болған жағдайда шара қабыл­дауға тиістігіне назар аударды.
Сонымен қатар, қалыптасқан жағ­дайда ішкі саяси тұрақтылықты сақтауға, әлеуметтік және еңбек қақтығыстарына әкелетін себептерді жоюға айрықша назар аудару қажет.  Бұл ретте  еңбек және шаруашылық дауларына қатысушы бар­лық тараптың заңдылықты сақтауы ма­ңызды.
Қазақстан Президенті біздің республикамыз Украинадағы ахуалды реттеу ісіне барынша күш жұмылдыруды жалғастыратынын айтты.  Бұл мақсатқа жету үшін барлық дипломатиялық ресурстар пайдаланылатын болады.
Отырыста сондай-ақ әскери, қоғам­дық, экологиялық, ақпараттық қауіп­сіз­дікті қамтамасыз етуге байланысты мә­селелер қаралды.
Талқылау қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы үкіметке бірқатар нақты тапсырма беріп, олардың орындалуын бақылауды Қауіпсіздік кеңесінің хатшылығына жүктеді.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру