Валюта бағамы: $ 371.31 419.32 5.59 ¥ 53.83

Кәсіпкерлер үшін енді мөр міндетті емес

Үкімет отырысында елімізде кәсіпкерлік қызметті түбегейлі жақсарту мәселелері талқыланды. Отырыс қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов пен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Ғалия Жолдыбаева кәсіпкерлік қызметті түбегейлі жақсарту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру жөніндегі шаралар жөнінде баяндады.


Мемлекет басшысы жуырда қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды түбегейлі жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы ағымдағы жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енді. Аталған заң аясында еліміздегі бизнес-ахуалды жақсарту мақсатында мол мүмкіндіктер қарастырылып отыр. Атап айтқанда, заңға сәйкес жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін құру және тоқтату үшін заңды кәсіпорындарды тіркеу мерзімі 1 сағатқа дейін қысқартылған және 100 теңге мөлшеріндегі ең аз жарғылық капиталының болуы туралы талаптар жойылған. Сондай-ақ жеке кәсіпкерлік субъектілері үшін мөрдің міндетті түрде болуы туралы талап жойылды. Жеке кәсіпкерлік субъектілерін тарату рәсімі айтарлықтай оңайлатылып, енді өз қызметін тоқтатқан салық төлеуші таңдау құқығына ие болады. Ол салық органының тарату тексеруін жүргізуі немесе аудиторлық ұйымның қорытынды жасауы арқылы жүргізіледі. 
Тимур Жақсылықов атап өткендей, 2015 жылдың сәуір айына дейін бақылаушы мемлекеттік органдарда тәуекелдерді бағалау жүйесін ұйымдастырудың жаңа әдістемесі әзірленіп, Президент Әкімшілігіне енгізіледі. Әдістеме жобасы бүгінгі күні әзір және осы мақсатта арнайы құрылған, барлық мүдделі органдар мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері кірген жұмыс тобымен пысықталу үсінде. Аталған әдістеме салалық ерекшелікті ескере отырып әрбір мемлекеттік бақылау-қадағалау органының ведомстволық тәуекелдерді басқару жүйелерін әзірлеуі үшін негіз болады. Мұндай жүйелер 2015 жылдың бірінші жартыжылдығында дайындалуы тиіс.
Сондай-ақ, басым жобалар бойынша инвестициялық келісім жасаған инвесторлар үшін «бір терезе» қағидасы енгізіледі. Мемлекеттік органдар «бір терезе» қағидасы бойынша құрылыстың жобалық-сметалық құжаттамасының салалық сараптамасын алуды ұйымдастыру үшін заңға сәйкес қажетті барлық нормативтік-құқықтық базаны әзірлеуді қарастырады.
Вице-министрдің айтуынша, адам факторын болдырмау және жемқорлық тәуекелдерді азайту үшін мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау қызметін кезең-кезеңмен автоматтандыру қажет болады. Осыған байланыс-ты биылғы жылы Бас прокуратурамен бірге автоматтандыру бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін бақылаудың барлық салаларын толық талдау жоспарланған.
Ұлттық экономика министрлігі Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және сарапшылық топпен бірлесіп, жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын, мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру кезінде тексеруге жататын талаптарды қысқарту үшін оларға тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша 5 228 талаптың ішінде 1810 талап немесе олардың жалпы санының 34,6 пайызы қысқартылған.
Ұлттық банкпен бірлесіп тексерулерге балама ретінде кәсіпкерлік субьектілерінің жауапкершілігін сақтандыру мүмкіндігін көздейтін заң нормаларын іске асыру бойынша ұсыныстар әзірленеді. Сақтандыру қолданылуы мүмкін салаларға талдау жүргізіледі, тиісті есептеулер жасалады және Үкіметпен мақұлданған жағдайда тиісті заңнамалық өзгерістер көзделеді.
Сондай-ақ мемлекетпен өзара қарым-қатынасты барынша ықшамдау мақсатында заңда кәсіпорынды тарату рәсімін жеңілдету, құжаттар көшірмелерін міндетті нотариалды куәландыруды жою, коммерциялық мақсатта пайдаланылмайтын, пайдалану мерзімі 7 жылдан аспайтын жеке автокөлікті техникалық байқауды жою, көлік құралын жүргізуге сенімхатты жою қарастырылып отыр.
Кәсіпкерлік қызметті түбегейлі жақсарту мәселелері жөніндегі заңның қолданысқа енуі инвестициялық және кәсіпкерлік ахуалға оң әсер етіп, бизнеске әкімшілік жүктеменің төмендеуіне әкеледі, делінуде. Ал бұл өз кезегінде еліміздің экономикалық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етпек.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру