Валюта бағамы: $ 389.98 434.01 6.1 ¥ 55.04

«Өмірге қайта келсем, бәрібір журналист болар едім»

Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы Жұмабек КЕНЖАЛИНМЕН сұхбат

– Жұмабек аға! Алыс жол алғашқы адымнан басталады ғой. Әңгімені жур­налистикаға қалай келуіңізден бастасақ…

– Мен ес білгелі бері журналист болуға тас түйін бекінген адаммын. Мектепте жүргенде қоғамдық жұмыстардың барлығына белсене араластым. Жас тілші ретінде қолыма қаламды 13 жас­та алған екенмін. Ең алғашқы мақалам «Қазақстан пионері» газетінде жарық көріпті. Сол кездегі республикалық басылымдардың барлығына мақала жолдап, жауап алып жататын едік. Ол хаттар бізді қанаттандырып қана қоймай, біз өмір сүрген өлкеде қандай тіршілік барын, ауыл-елдің кемшілігі жайлы сұрап, үзбей материалдар жазып тұруды тапсыратын. Облыс көлемінде, аудан аясында қандай жаңалықтар болса, соған жаршы болуға үндейтін еді.

Әрине, мектеп бітірген соң біз де Алматыға оқуға түсуге келдік. Алайда, конкурстан өте алмадым. Бірақ, бірден оқуға түсіп кетпедім деп баз кешіп кеткен біз жоқ, әскер қатарына алындық. Онда жүргенде де қолымнан газет-журнал түспеді. Оқуға неге түспей қалғанымды біліп, жазуды тоқтатпай, керекті кітаптарды алдырып оқи бердім.

Осылайша, әскерден оралғаннан кейін жолым болды. Армандаған КазГУ-дің журналистика факультетіндегі дайындық бөліміне қабылдандық. Бәрін неге жіпке тізгендей айтып отырмын? Осының бәрі журналист болсам дейтін мақсатыма жеткізді. Өйткені, көп балалы отбасынан шыққан мені өзімнен басқа сүйрейтін ешкім болған жоқ.

Студент кезімде намысқа тырысып, үздіктер қатарынан көрінуге тырыстым. Тағдыр онымды қош көріп Лениндік стипендиант атандым, Алматы қалалық кеңесіне депутат болып сайландым. Осының бәрі еңбектің арқасында. Әрі үздіксіз ізденудің арқасында кел­ді. Әйт­песе, мен сияқты Торғайдан жала­ң­аяқ келген балаға төрден кім орын береді?!

– Білуімше, сіз сол кезде Орталық Комитеттің жолдамасымен бірден республиканың ең үлкен газеті «Социалистік Қазақстанға» келген университет түлегісіз?

– Университеттегі оқу басқа, тәжірибе басқа. Осы газеттің арқасында нағыз журналистиканың мектебінен өттік. Осы газеттің арқасында баспаналы болдым. Еліміздің әр қиырына сапар шегіппін. Осы газеттің арқасында алқалы жиындарға қатысып, қазақтың мықты-мықты азаматтарымен дидарлас, дәмдес бола бастадық.

Қоғамда үлкен өзгерістер жүре бас­тағанда бұл газет мені үлкен арнаға салды. Демократиялық дүмпулер басталды. Балама пікірлер пайда болды. Бірақ, кеңес дәуірі кезіндегі журналистикаға менің топырақ шашқым келмейді. Өйткені, бұл кезең де жазу мен жауапкершіліктің мәнін үйретті. Әрбір фактінің ақиқатына жету үшін қаншама уақытты сарп еттік десеңізші.

– Шындап келгенде, тәуелсіздіктің алғышарттары журналистикадағы өзгерістерден басталған сияқты?

– 90-жылдары елімізде демократия, ой еркіндігі басталғанда, сол кездерде газеттің мазмұнында да түбегейлі өзгерістер байқала бастады. Сипаты бөлек мақалаларды біз ой елегінен өткізіп, мәселелерге басқаша қарай бастадық. Бұрынғы саусақпен санарлық газет-журналдардың қатары көбейді. Демократиялық думпулердің арқасында бірнеше тәуелсіз басылымдар пайда болды. Сол кезде Қазақстанның қоғамдық құрылысында, мемлекеттік құрылымында жаңа типті Жоғарғы Кеңес, жаңа Парламент сайланып, оның өз басылымы дүниеге келді. Сол «Халық кеңесі» газетінің бас редакторлығына Сарбас Ақтаев бекітілді. Осы газеттің бас редакторының бірінші орынбасары болу жауапкершілігі маған жүктелді. Бұл қырыққа енді ғана ілініп, бойда қуат, көзде от деген сияқты жалындап жүрген жылдарым еді. Елдегі ең тәжірибелі, қаламы жүйрік деген журналистерді жинап алып, газет шығаруды бастап кеттік. Сол кезде «Халық кеңесі» көп оқылатын, жаңа тұрпаттағы, жаңа форматтағы газетке айналды. Біз газетті көтердік, газет бізді көтерді.

Осы күні халыққа танымал Жанболат Аупбаев, Марат Тоқашбаев, Самат Ибраимов, Мейрамбек Төлепберген, Талғат Сүйінбай, Әділғазы Қайырбеков, Самат Мұса сынды аузымен құс тістеген журналистер осы газетте жұмыс істеді. Бүкіл облыстарда тілшілеріміз болды. Газет бір жылда 120 мың тираж жинады.

1990 жылы жарық көрген «Халық кеңесі» Парламенттің тынысына сай болды. Бірер жылдан кейін осы га­зеттің бас редакторы болып тағайын­дал­дым. Бұл жылдар мені журналист ретінде де, қоғам қайраткері ретін­де де өсірді. Қаламы жүйрік жас жур­налистерді танып, тақырыбын тауып беріп, журналистикадағы жаңа ізденістерге бардық. Ел ішіне шығу, бұрын көтерілмеген мәселелерді қаузау біздің міндетіміз болды. Бірінші болып жаңашыл көзқарастарды батыл жариялаған басылым ретінде мақтанатын едік.

Қазақ тарихында «Қазақ» газеті, «Айқап» журналы қандай рөл ат­қар­са, Қазақстан мемлекеттілігін қалып­тас­тыруда да «Халық кеңесі» сияқты газеттердің лайықты үлес қосқанын атап өту керек. Өйткені, бұған тарих куә.

– Осыдан кейін сіз «Ақиқат» журналына басшылыққа келдіңіз.

– «Ақиқат» журналы бұрынғы «Қазақстан коммунисі» журналы болатын. Бұл журналды да жаңа сапалық деңгейге көтеруге қал-қадеріміз жеткенше күш салдық. Қазақ зиялыларының, қазақ ойшылдарының мінберіне айналды. Өтпелі-өліара кезеңнің өзінде ауылдарды аралап, жер-жерлерге барып жүріп, журналдың тиражын көтердік. Манаш Қозыбаев, Мәмбет Қойгелдиев, Талас Омарбек, Ғарифола Есімов секілді ғалымдар тоқайласқан қазақ зиялыларының клубын құрдық. Клуб дүркін-дүркін бас қосып, келелі істер төңірегінде өз жиналыстарын өткізіп тұрды. Жұмыс істеп жүрген журналис­тер журналды да өсірді, журналмен қоса өздері­нің шығармашылық әлеуеттерін көтерді.

– «Қазақ әдебиетіне» бас редак­тор­лыққа келген кезіңізде дүние тоқырап қалмаса да әдебиеттегі іркі­лісті кезеңдердің болғаны ақиқат қой. Өліара кезеңде қаламақы көзден бұл-бұл ұшқан қаламгерлердің басылымына келудің қиындығы қандай болды?

– Шынында да бұл басылым қыз­мет­керлерінің өзі қаламақы түгілі, айлап жалақы ала алмай жүретін жылдары еді. Газеттің бір нөмірі шықса, келесісі тоқтап тұратын. Баспахана, тасымалдау мекемелеріне, салық жүйесіне қарыздары шаш-етектен. Жарық көрген нөмірлердің қарызынан құтылмай, келесі нөмірін басу мүмкін емес еді. «Халық кеңесі» газетінде, «Ақиқат» журналдарынан жинаған тәжірибем осы жерде көмектесті. Өтпелі жылдары ұжым таршылық көрмеу үшін редакция жанынан қор құрып, соның арқасында қызметкерлерімізді азық-түлікпен, картоппен, күріш-ұнмен қамтамасыз етуге тура келді. Қордың мүшелері облыстарға, аудандарға шығып, жеке кәсіпкерлермен мәмілеге келіп, айырбастар жасауға мәжбүр болдық. Тапқанымызды қызметкерлерге теңдей таратып отырдық. Үйінде бала-шағасы аш отырған журналист қалай жазу жазады? Қазір мұның бәрі тосын, тіпті күлкілі естілсе де, бұл сол кездің ақиқаты еді.

«Қазақ әдебиетіне» келгенде осы мәселе тағы қарсы алды. Бірақ, бұл арада бірінші кезекте жинақталып қалған көп қарыздан құтылу үшін алдымен газеттің техникалық базасын жасақтау керектігін түсіндік те, өзіміздің компьютер орталығын құрдық. Бұрын «Дәуір» баспасында жасалатын терімге, корректорлық қызметіне шығындардың бәрін азайтып, осының бәрін редакцияда атқаруға көштік.

Газет деген өмір бойы компьютерлермен басылған емес. Бұл істі біз «Халық кеңесінде» жүргенде қолға алғанбыз. Қазақ баспасөзі тарихында алғаш рет газетті компьютерде беттеуді біз бастаған болатынбыз. Осылайша, біртіндеп шығындарды азайтқаннан кейін, кірістің біраз бөлігі өзімізде қалатын болды. Газеттің беделі мен тиражын көтеру үшін, әлі де «Қазақ әдебиеті» деген газеттің шығып жатқанын қалың елге жеткіздік. Базар жағаладық, мекемелер араладық. Талай байшыкештердің алдына бардық…

– Басылымдары осындай болып жатқанда жазушыларымыз не істеді?

– Бір ғажабы, сол кезеңдерде үлкен-үлкен дөңгелек үстелдер ұйымдастырып, халықтың қорғаны да, елге жөн сөз айтатын да қаламгерлер болды. Ел рухын қаламгер көтермегенде кім көтереді? Шығармашылық иелері өліара мезгілде көпке демеу бола білді. Осы іске газет жазушыларды жұмылдырды. Қаламгерлер азаматтық парызын ұмытқан жоқ. Аш-жалаңаш жүрген ашаршылықта да, Ұлы Отан соғысы жылдарында да халықтың сағын сындырмау үшін жүректері жылап тұрса да, жүздері жарқырап, ұлтты ұйытуға барын салған «Қазақ әдебиеті» газеті осы миссияны атқарды.

Кейін 1999 жылы Елбасының тіке­лей өкімімен нарықтық кезінде мате­риал­дық-техникалық жағдайы шатқаяқтап тұрған газет-журналдардың басын қосып, жабық акционерлік қоғам құру ту­ралы шешім шықты. Сөйтіп, өзім бұрын басқарған «Ақиқат», бұрынғы өзім басқарған «Қазақ әдебиеті» газетіне «Ана тілі» басылымын қосып, «Мысль» мен «Ұйғыр авазиды» қатарымызға алып, бір күнде бір ұжым болып шыға келдік.

– Қазір басы біріккен алты бірдей басылымды басқарып отырсыз. Де­ген­мен, қазір осы медиа-холдинг туралы түрлі-түрлі пікір бар. Бір кездері кей­бір басылымдар өзінше отау құр­ғысы келгенін білеміз. «Қазақ газет­тері» ЖШС құрамындағы газет-жур­нал­дардың еншісін беретін кез жетті ме?

– Бұл медиахолдингтің мәні мынада. Мәселен, біздің құрамымызда таралымы жақсы бір ғана «Ана тілі» газеті бар. Ал «Ақиқат» пен «Мысль», «Үркердің» таралымы шектеулі, өз аудиториясына қызмет етеді. Егер оларды өз бетінше жібере салсаң, ертең-ақ жабылады. Бірақ, бұл журналдар қалай болғанда да қазақ руханиятына керек. Белгілі бір дәрежеде өзінің авторлары арқылы қоғамның қажеттігін қанағаттандырып отыр. Бұл басылымдар әлі төрт аяғынан тұрып кеткен жоқ. Әлі де түгендейтін шаруалары жеткілікті. Мәселен, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтеміз деп отырмыз. Бұл тойлау емес. Бүгінгі жеткен жетістігімізді, жеткен жерімізді тарих тұрғысынан таразылау. Ол жұмысты атқаратын осы газет-журналдар. Бұл басылымдар экономикалық табыс табудың көзі болған емес, осы газет-журналдардың бәрі сана құралы, әрқайсысының өз жауапкершілігі бар.

Жарайды, осы басылымның біреуін бір іскер сатып алды делік, бірақ ол сол адамның әулетін, туған-туысқанын, өзін мақтауға көшеді. Осылайша, онсыз да аз таралымы мен оқырманын айырылып, жабылып қалғаны кімге керек?! Сондықтан жоғарыдағы басылымдар әлде де кемеліне келіп, өз арбасын өзі сүйретіп кеткенше ұстай тұруға тура келеді. Сол кезде ауыздық-шылбырын шешіп, ақпарат айдынына жіберуге болады.

– Қағазға басылған газет-жур­нал­дардың күні бітті, барлық басылымдарды электрондық нұсқаға айналдыру керек дейтін пікірге қалай қарайсыз?

– Жоқ, олай емес! Газетті сайттан оқу кімге тиімді болса, заманына бейімделе берсін. Бірақ, аудандық, ауылдық жерлерде пошталар жұмыс істеп тұр. Оқырман дәстүрлі мерзімді басылым оқудан бас тартпайды. Газеттер де, журналдар да керек. Барлық ақпараттардың түпнұсқасы осы басылымдар. Газет, журналдардың тігінділері – орталық мұрағаттар мен кітапханалардағы бір нөмірі жоғалмай жиналып тұрған басылымдар тарихтың өзі.

– Есте бар жылдардағы жур­на­листиканың бәрі көз алдыңыздан өтіп жатыр. «Бұрын замана шындығын әдебиетшілер айтушы еді, енді замана шындығын журналистика айтатын болды» деседі.

– 90-жылдары шын мәнінде журналистика алдыға шықты. Әдебиет өліара кезеңде өзгерістерді ағзасына сіңіріп, ми қазанында қайнатқанша, журналистика күтіп тұрмайды.

Ал соңғы жылдары әдебиет пен публицистикадағы сөз сөресі үзеңгілес келе жатқан сыңайлы. Енді замана поэ­зияда болсын, прозада болсын көрініс бере бастады. Мұны жақсылыққа жоруымыз керек. Қоғамның бүгінгі болмысына әдебиетшілер де үлес қосуға кірісті.

– Жазбағаныңыз үшін өкінген ма­қа­лаңыз болды ма?

– Жазбағаным үшін емес, жария­лата алмағаным үшін өкінген кезім болды. «Социалистік Қазақстанда» бөлім меңгерушісі болып тұрғанымда мені басшылық Аралға жіберді. Осы Қызылорда өңірінде бір жарым апта материал жинап жүрдім. Бұл Орталық партия комитетінің Арал туралы қаулылар шығарып, Арал трагедиясын көтеріп жатқан кезі еді.

Мен де осы мәселеге азаматтық үнімді қосу үшін сол жақта мәселені бүге-шігесіне дейін зерттеп, он күн жаттым. Сол кезде Сібір өзендерін Аралға бұру туралы ұсыныстар болған. Залыгин деген жазушы бастаған бір топ бұл идеяның қате екенін айтып, басылымдарға мақалалар беріп жатты. Сібір өзендерін Ертіс арқылы Аралға құйсақ, экология да дұрысталады деп, жігерленіп отырғанымызда Одақ күйреді. Қаулы-қарарлар жайына қалды. Іссапардан келгеннен кейін Арал тұрғындарын ауыл-ауылымен Солтүстік Қазақстанға көшіру қажет. Бұл солтүстіктің келешегі үшін де, аралдықтардың денсаулығы үшін де керек деген тұрғыдағы мақала жазылды. Бұл Байқоңыр ғарыш айлағы жабылады деген сыбыстың ұшығы да жоқ кез. Сөйтіп, Аралдың болашағына қатысты әр қырынан келген құлаш-құлаш мақала жаздым. Бірақ, мені Аралға жұмсаған басшылық бұл мақала біздің жағдайымызға келмейтіндігін айтып, жариялаудан бас тартып, мақаланың шолтиған нұсқасы жарық көрді. Ал менде бір өкініш қалды. Сол мәселеге қатысты бір азаматтық парызым өтелмей қалғандай көрінеді де тұрады.

– Ал енді жазғаныңыз үшін өкінген кезіңіз болды ма?

– Жалпы кез кезген мақалаға отыр­ғанда жүз ойланып, мың толғанамын. Сондықтан әне бір мәселені қаузағаным үшін өкінемін деп айта алмаймын.

 – Сөз өнері – сіздің тағдырыңыз, табысыңыз. Сөздің киесі болады дегенге не айтасыз?

– «Журналистика– сөз ұстаханасы», деген бекерге айтылмаған. Орнымен айтылған сөз – адамның бағын ашады, қиялына қанат бітіреді. Ойланбай, оспадарлықпен айтылған сөз – адамның түбіне жетеді. Ұстараның жүзіндей сөзді орнымен ойнататын журналистердің жаңа буыны бізге керек.

– Профессор Сағымбай Қозы­баевтың: «Если нет искры в мозгу, не поможет и КазГУ» деген қалжың тектес қанатты сөзі бар. Журналист болу – Құдайдың берген қабілеті ме?

– Жазу өнері – қанмен келуі керек. Жүректе қонақтаған нәзік бір сезім­дер болмаса, сезіну құдіреті болмаса, жүз жерден оқытсаң да – журналист шық­пайды. Қолдан журналист жасай алмайсың. Мүмкін журналистика маман­дығын алып шыққан қаражаяу адам редакциядағы толып жатқан техникалық міндеттердің бірін атқара алар. Журналистика жазу өнері, сараптай білу қасиеті ғана емес, өмірдің көп салалы қырынан тілші өз тақырыбын таппаса, журналистикадағы да орнын таба алмайды.

Әйтпесе, аты дардай жоғары оқу орындарын бітіріп келіп, операторлықтан аса алмай отырған қыз-жігіттер табылады. Сонан соң газет-журнал мен радио және тележурналистиканың арасы жер мен көктей. Бұлардың жазу мәнерінде, ой жүйелеуінде, сөз сабақтауында көптеген айырмашылықтары бар. Теледидар журналистерін газетке әкеліп салсаң, қиналып қалады.

– Ақпараттық технологиялар журналистердің жұмысын жеңілдетті. Бүгінде табаны тозып жүгіріп жүрген тілшілер аз. Бірақ, есесіне журналистикада жиендік белең алып тұр. Дегенмен, «Қазақ газеттері» осы дерттен қазірге сау.

Біздің холдингке алты бірдей басылым қарайды. Әрбір ұжымның шығармашылық бағыты мен жетістігін талдап, елеп, екшеп отыратын Бас редакторлар кеңесі бар. Бұл кеңес плагиаттыққа жол бермейді. Үздік шығармашылық иелерін ынталандырып жүрміз. Бұл жай марапат үшін ғана емес, моральдық тұрғыда қолдауы бір бөлек, екінші жағынан журналистердің шеберлігін шыңдауына, ізденісіне баға беру үшін осы шараларды жүргіземіз.

Жиендік деген бірнеше адам ғана газет-журнал шығаратын жеке басылымдарда, сайттарда бар. Үлгере алмай, бірдеңе етіп, басылымдарын шығару керек, толтыру қажет. Бұл жақсы үрдіс емес. Бұл ешбір БАҚ-қа абырой әкелген емес.

– Енді бір ұйықтап тұрсақ, Жылқы жылы да аяқталады. Өткен жылға өкпе жоқ шығар?

– Өтіп бара жатқан жыл желіп кірді, желдей зулап өте шықты. «Қазақ газеттері» медиа-холдингі үшін биылғы жыл табысты болды. Алты басылымның жеке-жеке жобалары пайда болды. Жылды жақсы қорытындыладық. 15 жылдық мерейтойымызды халықаралық мәжіліс тұрғысында атап өттік. Шетелдерден ғалымдар келді. Қазақ баспасөзінің оңы мен солын, проблемаларын талдайтын жиындар өтті. Ол жинақ болып жарыққа шығады.

– Өткен өміріңізге қайырылып қарағанда ризасыз ба?

– Ризамын. Жарықтық, анам – «Ардақты Ана» Алтын жұлдызының иегері Ұлмекен Төленқызынан, ардақты әкем – Ұлы Отан соғысының ардагері Омар Кенжалыұлынан қайта тусам, қайтадан осы тағдырымды таңдар едім. Өмірім тақтайдай тегіс болды деп айта алмаймын, бірақ қиналысымнан қуанышым көп болыпты.

Әке-шешем 90-жылдары бірінен кейін бірі о дүниелік болып кеткеннен кейін бауырларымды жетелеп Алматыға әкелдім. Екі бөлмелі үй жалдап, интернатқа беретінін интернатқа беріп, мектепте оқитынын мектепте оқыттық. Мен әкенің орнына әке болдым. Адал жарым Әлима шешелерінің орнына шеше болды. Енді қазір бәрі бір-бір отау болып отыр. Омырылып кетпеу­ге тырыстық. Қазір қиналғанда, сондай сы­нақтардан да өттік қой деп өз өзімді жі­гер­лендіріп қоямын. Тұмсығыммен тіс­теп жүріп, елдің қатарына қосып, өз жол­дарын табуға күш-жігерімді жұмса­дым.

Жыл сайын 30 желтоқсанда барлық бауырым, ағайын-туған біздің шаңырақта жиналады. Әрі Жаңа жыл, әрі менің туған күнім.

– Отбасында да көшбасшы болу маңдайға бұйырған десеңізші. Тома­ғаңызды сыпырған «Егемен Қазақ­стан» газеті де сізге абырой тілейді. Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.


Оқи отырыңыз

Пікір(1)

  • Гүлжанат
    25.01.2015 at 11:37 am

    Жұмабек ағаны университет қабырғасында жүріп, ағам деуші едім. Себебі фамилиялас едім. Осындай ағаларымның барына шүкір! Аман болыңыз,аға!

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру