Валюта бағамы: $ 389.98 434.01 6.1 ¥ 55.04

Сыртқы факторлармен қатар дамып келеміз

Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелер қаралды. Бұлардың қатарында 2020 жылға дейінгі қызмет көрсету саласын дамыту бойынша бағдарлама жобасы, сондай-ақ 2020 жылға дейінгі табиғи монополиялар салаларындағы тарифтік саясат жөніндегі бағдарламаның жобасы қаралып, қолдау тапты.    


ОКҚ брифингінде ұлттық экономика вице-министрі Мәдина Әбілқасымова Үкіметте сараланған елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысына тоқталып өтті. ҰЭМ өкілінің атап өтуінше, биылғы жылы Қазақстан экономикасы сыртқы факторлардың теріс ықпалымен дамыды. Сөйтсе де, министрліктің алдын ала бағалауы бойынша жиынтық сұраныстың сақталуы есебінен 2014 жылғы қаңтар-қарашада жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,2% құрады. Тауарлар өндірісінің нақты көлемінің индексі 100,2% деңгейінде қалыптасса, көрсетілетін қызметтер өндірісінің нақты көлемінің индексі 106 % құрады. Жыл басынан бері инфляция 6,9%-ды құрады. Негізгі капиталға инвестициялар өсімі, сондай-ақ өнеркәсіптік сектордағы өндіріс өсімі байқалған. «Өңдеу өнеркәсібінің нақты көлемі индексінің 0,7% ұлғаюы есебінен өнеркәсіпте 0,1%-ға өсу байқалып отыр. Бұл ретте тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 0,4%-ға төмендеді», – деп хабарлады вице-министр. 
Жалпы ағымдағы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша елімізде 73,7 млн тонна мұнай өндірілген. Бұл жоспардан 1,4%-ға аз болып отыр. М.Әбілқасымованың айтуынша, 2014 жылға дейінгі елдің экономикалық өсуін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспары шеңберінде ағымдағы жылы мұнай өндіру көлемін 81,8 млн тонна деңгейінде қамтамасыз ету үшін газдың қосымша көлемін жағуға 53 рұқсат және мұнай өндіруші компанияларға жоспардан тыс өндірілген мұнайды экспортқа жіберу құқығы берілді. Нәтижесінде, қыркүйек-қарашада мұнай өндіру көлемі қосымша 244 мың тоннаға ұлғайтылды, сондай-ақ жоспардан тыс 178,3 мың тонна мұнай өндіріліп, экспортқа өтініш берілді.
Мұнай өндіру көлемінің 2,4%-ға төмендеуі Теңізшевройл компаниясының 27 күннің орнына 37 күнге созылған жоспарлы күрделі жөндеуімен байланысты болып отыр. Салдарынан компания мұнай өндіру жоспарын 27,1 млн тоннадан 26,2 млн тоннаға төмендетті, – деп түсіндірді ол.
Қазір министрлік ұлттық валютадағы депозиттерді кепілдендіру көлемінің ұлғаю мүмкіндігін қарастыруда. «Долларсыздандырудың негізгі шараларының бірі – халықтың ұлттық валютаға деген сенімділігінің пайда болуы. Сондай-ақ, коммерциялық банктерде теңге депозитін кепілдендіру көлемінің ұлғаю мүмкіндігі қарастырылуда», – деді М.Әбілқасымова. Бұл ретте Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша экономикалық сала мен Ұлттық банк өкілдерінен жұмыс тобы құрылған. Олар Ресей аймағында болып жатқан келеңсіз оқиғалардың елге зиян келтірмеуі және әлеуметтік жағдайдың банк секторына, қаржы саласына, жалпы Қазақстан экономикасына әсер етпеуін қарастырады. 
Әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ену үшін 2020 жылға қарай қызмет көрсету саласы 1,7 есеге өсіп, ақшалай мәнде 200 млрд астам АҚШ долларын құрауы тиіс. Сонымен қатар, экономикаға ең үлкен табысты сауда саласы әкеледі, ол орташа есеппен жылына 8 пайызға өседі. Оны жедел дамыту үшін тиісті қарқынды қаржы секторы, туризм, кәсіптік, жылжымайтын мүлік, денсаулық сақтау және білім беру саласынан күтуге болады.
Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, орташа кірісті елдерде қызмет көрсету саласы жұмыспен қамтудың көп бөлігін атқарады. Бұл ретте Қазақстанда 2020 жылға қарай қызмет көрсету саласындағы жұмыспен қамту 830 мың жұмыс орнына көбейеді деп болжануда. М.Әбілқасымова атап өткендей, салыстырмалы зерттеу қорытындысы бойынша әртүрлі саладағы «сапа», «қолжетімділік» және «баға» талаптары бойынша Қазақстан 9 саланың 7-уі бойынша Бразилия, Ресей, Қытай, Малайзия, Түркия, БАӘ елдерінен артта қалған.
Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеудің теңдестірілген тиімді жүйесін құруға бағытталған құжат туралы ОКҚ брифингінде ұлттық экономика бірінші вице-министрі Марат Құсайынов баяндады. 
Бағдарламада шығындарды реттеу әдісі, табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнаманы ырықтандыру, тариф құрудың ынталандырушы әдістерін пайдалану қарастырылған. Ұлттық экономика министрлігінің болжауынша, бағдарламаның жүзеге асырылуы тарифтің тұрақтылығын қамтамасыз етеді, жылумен қамту, сумен қамту және суды тарту саласына қосымша жеке инвестицияларды тартып, табиғи монополиялар саласында ескіру мен шығындарды 2020 жылға қарай жоспарланған деңгейге дейін азайтады.
ҰЭМ өкілі коммуналдық қызметтер бойынша халық үшін айтарлықтай өсім болмайтынын хабарлады. Бұл – «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру аясында көзделіп отырған басым міндет. Сонымен бірге табиғи монополиялар салаларындағы тарифтік саясат жөніндегі бағдарлама аясында 1,2-ден 1,4 пайыздық шекке дейінгі аралықта инфляция үлесі шеңберінде халық үшін тарифтердің ақылға сыйымды, біртіндеп өсуі қарастырылды. Бұл ретте көзделген мақсатқа қол жекізу үшін ұзақ мерзімді кезеңге арналған шекті тарифтердің өзгеруі болжанған. «Олардың инвесторлар үшін болжамдылығын және Қазақстан халқы үшін ақылға қонымды, біртіндеп өсуін ескере отырып, табиғи монополиялар субъектілерінің тариф белгілеу тәуілдерін коммерцияландыру көзделіп отыр» – деді М.Құсайынов. Яғни, жұмыс белгілі бір дәліз аясында атқарылады.

 

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру