Валюта бағамы: $ 335.33 395.49 5.7 ¥ 50.75

«KEGOC»: энергетиканы өркендетудегі нақты қадам

Экономиканың күретамыры – теміржол жесек, ал қантамыры – энергетика ғой. 
Бұл ретте, яғни өнеркәсібіміз бен ғылы­мы­мыздың, мәдениетіміз бен өнеріміздің дамуына ерекше үлес қосып келе жатқан ұлттық «KEGOC» компаниясы айрықша еңбегімен танылып жүрген ұйым деп баса айта аламыз.


«KEGOC» АҚ Қазақстан Республикасы Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің (БЭЖ) Жүйелік  оператор  міндеттерін атқарады. Ком­панияның теңгерімінде Ұлттық электр торабын қалыптастыратын кернеуі 35-1150 кВ, ұзақтығы 24,5 мың км электр жеткізу желілері мен транс­форматорларының белгіленген қуаты 36,38 ГВА  77 электр қосалқы станциясы бар.                                                              
Алдағы жылдары  «500 кВ-тық Солтүстік-Шығыс-Оң­түстік транзитінің құрылысы» жобасы іске асырылатын болады.
Мемлекет басшысының «Нұрлы жол» жаңа эконо­микалық саясат жолдауында айтқанындай, «Екібастұз-Семей-Өскемен» және «Семей-Ақтөбе-Талдықорған-Алматы» бағыты бойынша жоғары вольтты желілер салу нақты міндеті қойылды.
Айтылған жоғары вольтты желілер ірі ауқымды «500 кВ-тық Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік транзитінің құрылысы» жобасының құрамдасы болып табылады.  Жоба  ұзындығы шамамен 1500 км, 500 кВ-тық жоғары вольтты электр жеткізу желілері мен үш жаңа 500 кВ-тық Семей, Ақтоғай және Талдықорған қосалқы станцияларын қамтиды.
Жоба екі кезеңде жүзеге асырылатын болады және 2018 жылы аяқталады. Жобаның құны – шамамен 120 млрд. теңге. Құрылыс мезгілінде 1,8 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары, ал жоба аяқталған бойда – 97 тұрақты жұмыс орны құрылады.
500 кВ-тық Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік  тран­зитін пайдалануға енгізумен Ұлттық электр торабының (ҰЭТ) Солтүстік-Шығыс және Сол­түстік-Оңтүстік бағыттары бойынша өткізу қа­білеті ұлғаяды. Нәтижесінде ҰЭТ-тың транзиттік әлеуеті артады және Солтүстік Қазақстан­ның энергия көздерінен келешекте оңтүстік өңірдің электр тұтыну өсімін жабу үшін, сондай-ақ электр энергиясының Ресей тораптары арқылы транзитінен тәуелсіз Шығыс Қазақстан облысының тапшылықтарын жабуды қамтамасыз ету үшін электр энергиясының қосымша көлемдерін жеткізуге жағдайлар жасалатын болады.
Бұдан басқа, 500 кВ-тық әуелік желісі (ӘЖ)  Ақтоғай – Алматы, Ақтоғай – Достық, Ақтоғай – Мойынты бағыттары бойынша теміржол телім­дерін электрлендіру, тау-кен өнеркәсібінің энергияға сыйымды объектілерін (Ақтоғай ТБК) электрмен жабдықтау, шекаралас аумақтарды дамыту және жаңғырмалы энергияның, соның ішінде Жоңғар қақпасының әлеуетін ауқымды игеру үшін жағдай жасайды.
Осы жобаның іске асырылуы Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесін (БЭЖ) мемлекет экономикасының қажеттіліктеріне сәйкес сенімді қолдануды және тиімді дамытуды қамтамасыз ету жөніндегі Компанияның  міндеттеріне сай келедіі. 
KEGOC бұрын да осыған ұқсас ірі жобаны – Қазақстанның Солтүстік-Оңтүстік транзитіндегі 500 кВ-тық екінші электр жеткізу желісін салуды іске асырды, оны 2009 жылдың қыркүйегінде  Қазақстан Президенті Н.А. Назарбаев іске қосқан болатын.
Жобаның іске асырылуы 2004 жылы бас­талған және үш кезеңге бөлінген: бірінші кезең – 500 кВ-тық «ОҚМАЭС – Шу» ӘЖ, екінші – 500 кВ-тық «Екібастұз – Ағадыр» ӘЖ және үшінші – 500 кВ-тық «Ағадыр – ОҚМАЭС» ӘЖ. Қазақстанның Солтүстік-Оңтүстік транзитіндегі 500 кВ-тық екінші электр жеткізу желісінің жалпы ұзындығы шамамен – 1 097 км.
Сонымен қатар, елімізде электр энергиясының жаңғырмалы көздерін пайдалану мәселесі  неғұрлым өзекті болып отыр. Бұл мәселе электр энергиясын тұтынудың артуынан,  органикалық отынды пайдаланудың экологиялық салдарынан,  сондай-ақ энергия тасымалдауға бағаның көтерілуінен туындады. Осылар Қоршаған ортаны қорғау министрлігі әзірлеген «Жаңғыртылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» заң жобасында қаралады. Заңнамалық база болмай жел энергиясы мен шағын өзендердің энергиясын пайдалану жөніндегі жобалар инвесторларды қызықтырмайды. Еліміздегі гидроәлеует   жалпы қуаты 1450 МВт-қа дейін ГЭС салуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.    Өңірлік жел энергетикасы (әсіресе Жоңғар қақпасының жел өтіне қойылатын энергетикалық қондырғылар) көп мәселені шешетін болар еді. Бұл мұғдарда өз еліміздегі, сондай-ақ шет елдердегі  (мәселен, Франция) үздік технологиялар мен өнертабыстарды пайдаланатын болдық. Біз жел электр станцияларымен бірге күн энергиясы қондырғылары секілді жаңғырмалы көздерді игерудеміз. Бұлардың бір жағынан қоршаған ортаға зияндығы жоқ әрі еліміздің шалғай өңірлерін қажетті электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Осы орайда «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ  мен Қытайдың Гуандун ядролық-энергетикалық корпрорациясы арасындағы келісімге сәйкес қуаты 50 МВт жел электр станциясының құрылысын техникалық-экономикалық негіздемені бірлесе әзірлеу жұ­мыстары жүргізілуде, бұл жоба ары қарай Алматы облысындағы Шелек жел дәлізінде 300 МВт-тық  жел энергиясы қондырғыларын салумен өз жалғасын табуы тиіс. Сонымен бірге Ерейментау өңірінде 50 МВт-тық жел станциясы іске қосылмақ. Сөйтіп, елімізде жасыл экономика дәліздеріне кеңінен жол ашылады.
Ендігі жерде «KEGOC» АҚ Астанадағы «Экспо-17» бағдарламасына белсене атсалысып, өз жобаларын ендіруге күш салуда.

Бақытжан ТОБАЯҚОВ,
инженер-энергетик,
«KEGOC» АҚ менеджері,  
ҚР Еңбек сіңірген энергетигі, 
Ұлттық Инженерлік академияның 
мүше-корреспонденті, 
профессор


Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X