Валюта бағамы: $ 327.42 383.51 5.29 ¥ 51.26

ЫНТЫМАҒЫ ЖАРАСҚАН ЕЛДІҢ – БОЛАШАҒЫ ЖАРҚЫН

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев биылғы «Нұрлы жол–болашаққа бастар жол» атты Жолдауында: «Жалпыұлттық идеяны өміршең ететін – Елдің бірлігі. Ауызбіршілік қашқан, алауыздық тасқан жерде ешқашан да жалпыұлттық идеялар жүзеге асқан емес. Қазақстанның шыққан шыңы мен бағындырған биіктерінің ең басты себебі – бірлік, берекесі.

Біз тұрақтылықты бағалай білгеніміздің арқасында бүгінгі табыстарға жеттік. Ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен ділін мансұқтамай, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келеміз. Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз – Ел бірлігі болуы керек. Осынау жалпыұлттық құндылықты біз әрбір жастың бойына сіңіре білуге тиіспіз» деді. 

 бойына сіңірудің мәні тәрбиеде жатқаны сөзсіз. «Тәрбие – тал бесіктен» десек те, ұядан қанаттанып ұшқан бала тәрбие мен өнегені қоғамнан бойына дарытары анық.
Тәуелсіздігімізді ту ете отырып, өркениетті 30 елдің қатарына ену жоспарланған бүгінгі таңда иман­ды да тәрбиелі, білімді де салауатты ұрпақ өсіруде ұлттық тәрбиенің алатын орны ерекше. Қазір еліміздегі оқу ошақтарында ұлттық тәрбиеге айрықша мән беріліп келеді. Ұлттық тәрбиенің мақсаты – ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын, ұлттық құндылықтар мен  адамзаттық құндылықтарды ұштастыра алатын ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу болып табылады.
Қазақстанның өршіл, білімді, ұлтжанды жастарының элитасы негізінен ЖОО-да  қалыптасып, дамитыны белгілі. Бүгінгі ҚазҰТУ студенті – сапалы білім алумен қатар, ғылым мен салауатты өмір салтын ұстанған, елім, жерім деген, болашағына зор сеніммен қарайтын азаматтар мен азаматшалар. Университетімізде ата-баба дәстүрін қадірлей білетін, бүгінгі күн талабына сай білікті де дарынды жастар легі қалыптасып келеді. ҚазҰТУ бәсекеге қабілетті инженер мамандарын даярлауда тәрбиенің тал бесігіне айналған қара шаңырақ. Тәрбиенің түпкі  мақсаты – жастарға бақытқа жету жолын нұсқау. Бақытқа жету жолының қай-қайсысы  рухани құндылықтармен байланысып, біте қайнасып жатыр. Бұл тұрғыда оқу ордамыздағы ана тіліміздің айбынын асқақтатып, ұлттық бай мұрамызды дәріптеуде «Абай оқуларының» орнын ерекше атағым келеді. Абай өлеңдері қазақ тілінен басқа әлемнің көптеген тілдерінде жатқа оқылып, әндері шетел студенттерімен қосыла шырқалды. Сондай-ақ, жас қыздарымыздың басын біріктіретін «Әй-керім» клубы мамандарды шақыра отырып, қыздарымызға тарихымыздан белгілі Сақ патшайымы Тұмар, халқына ақыл-парасатымен, мейірбандығымен танылған  Домалақ ана, Абайды алғаш ауыз әдебиетімен сусындатып, өнегелі тәрбие берген Зере әжесі, ерлердей ел билігіне араласқан Айғаным, Ұлпан сынды данагөй апаларымыз жайлы, ұлттық құндылықтарымыз, салт-дәстүріміз, ұлттық тағамдарымыз туралы білімдерін толықтырып, көп мәліметтер беруді  мақсат етуде. 
Әрине, заман ағымына қарай студенттердің сұра­нысында да өзгеріс бар. Бірақ қандай жаңа шара болмасын, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, дәстүрден үйренуден кенде емеспіз. Соңғы жылдары университет өміріне жаңаша реңмен енген «Үздік жас отбасы» байқауы, «ҚазҰТУ аруы мен жігіт сұлтаны», жастар театры, дәстүрлі әндер, халық билерінің мерекесіне айналған «ҚазҰТУ көктемі» фестивалі, поэзия, проза жанрында қалам тартып жүрген студенттеріміздің шығармалары топтастырылған алғашқы студенттік альманах – «Бәйшешектің» жарыққа шығуы, т.б. атауға болады. Бір сөзбен айтқанда, оқу ордамыздағы өтетін шаралардың бастысы ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, өскелең ұрпақтың бойына сіңіру болып табылады. 
Халқымыздың сан ғасырлар бойы ұстанған ұлттық салт-дәстүрлері мен рухани құндылықтарын әлем елдерінің озық дәстүрлері мен озық тәрбие үлгілерімен байыта отырып, жастарды ел бірлігіне, елжандылыққа, отансүйгіштікке баулу біздердің парызымыз болып табылады. Тілі мен дінін, ұлтының салт-дәстүріне, еліне, жеріне деген сүйіспеншілікпен білім беру ісі мен ұлттық тәрбие бірлігіне қол жеткізіп, жаңа ғасырдың жаңашыл  интеллектуалды ұрпағын қалыптастыру бүгіннен басталады деп ойлаймын. Қазіргі жаһандану кезінде біздің Батыс өркениетінен аларымыз да, бас тартарымыз да көп болып тұр. Батыстың технологиялық жетістіктерін, ғылым мен техниканы игерудегі озық тәжірибелерін, экономикалық даму үлгілерін, технологияны иге­рудегі озық үлгілерін өзімізге алуымыз маңызды. Ал, Батыстың жастарымызды тәрбиесіне елітіп, одан үлгі алдыру рухани жұтаңдыққа әкеп тірейтіні белгілі.
Тәрбиенің басты нысаны елдік сананы қалып­тас­тырып, ұлттық рух пен ұлттық патриотизмді негіз­деумен қатар,  ұлтсыздықпен күресу дер едім. 
«Тұрақтылық пен келісім дегеніміз не? Ол отбасы­лық әл-ауқат, қауіпсіздік, баспана. Бейбітшілік – ол әке мен ана қуанышы, ата-аналар денсаулығы және біздің балаларымыздың бақыты. Бейбітшілік – ол тұрақты жұмыс, жалақы және ертеңгі күнге деген сенім. Бейбітшілік пен тұрақтылық – күн сайынғы еңбекпен қорғап, нығайтуды қажет ететін жалпыхалықтық жетістік. Мен жастар – біздің болашағымыздың тірегі дегенді әркез айтып келемін. Мемлекет жаңа буынның алдында барлық есіктер мен жолдарды ашты! «Нұрлы Жол», міне, біздің креативті ырғақты жастарымыздың күш-жігер жұмсап, құлаш сермейтін тұсы осы!» – деді Елбасы «Нұрлы жол» атты халыққа үндеуінде.
«Бағалай білгенге бақ қонады» демекші, Елбасының осы сенімін ақтау мен тұлға ретінде, ұлтын сүйген азамат ретінде қалыптасып, уақытын тиімді жұмсап, болашаққа ұмтылу әр жастың өз қолында. «Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз – Ел бірлігі болуы керек. Осынау жалпыұлттық құндылықты біз әрбір жастың бойына сіңіре білуге тиіспіз» деген сөзді Елбасымыз үлкендермен қатар жастарға бағыттап отыр. 
«2015 жыл – ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы. Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз. Осынау тарихи белестер Жаңа Қазақстандық Патриотизмді ұрпақ жадына сіңіруде айрықша рөлге ие. Біз 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жарияладық. Елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығы ең басты назарда» деді Елбасы Жолдауында. Демек, алдағы жыл еліміз үшін, татулығы мен бірлігі жарасқан өзге ұлттар үшін де тарихи жыл болғалы тұр. «Біз тұрақтылықты бағалай білгеніміздің арқасында бүгінгі табыстарға жеттік. Ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен ділін мансұқтамай, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келеміз» деген Елбасы сөзі еліміздегі тұрақтылық пен бейбіт өмірдің айқын дәлелі екені сөзсіз.  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1995 жылдың 1 наурызында тәуелсіз еліміздің тарихында «Қазақстан халқының Ассамблеясы» атты жаңа институт құрғанда,  жаңа мемлекеттің алдымен экономикасын көтеруді басты мақсат еткені де белгілі. Бірақ бұл мақсатқа бірліксіз, ынтымақсыз қол жеткізу мүмкін емес еді. Президентіміз экономикалық дамумен қатар, еліміздегі татулықтың тамырын тереңдету керектігін тәуелсіздік алған жылдардан бері халыққа түсіндірумен келеді. Елімізде ұлтына, тіліне, дініне бөліп алаламай, барша қазақстандықтар тең құқықта өмір сүруінің өзі еліміздің жайлылығы мен тыныштығын көрсетке керек. 
Татулық, бірлік, келісім – ең асыл іс  ел үшін. Қазақстан азаттық алғалы бері осы ұранды ту етіп келеді. Ассамблея дербес қоғамдық институт болып құрылғанына да 2015 жылы 20 жыл толмақ. «Біздің ел – көп ұлтты ел. Кез келген отандасың – қай халықтың баласы болса да, ол сенің досың демекші», Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде көптеген өзге ұлттың жастары білім алуда. Қазіргі таңда ҚазҰТУ-да әлемнің 12 елінен 260 студент білім алуда. Олардың 242-сі бакалавр болса, 17-сі магистрант және 1 докторант. Олардың барлығы да Қазақстанда, ҚазҰТУ-да білім алып жатқанын мақтан тұтады. Осы елдің жері мен салт-дәстүріне аса құрметпен қарайды. Осы елдің тіліне, ұлтқа деген сүйіспеншіліктері түрлі байқау мен басқосуларды сезіліп тұрады. Татулығы мен ынтымағы жарасқан елдің болашағы да табысты болмақ.

Бауыржан Еділбаев,
ҚазҰТУ-дың ақпараттық-аналитикалық 
орталығының директоры,
техника ғылымдарының кандидаты, доцент

 


Пікір(3)

  • Anonymous
    22.02.2018 at 8:47 am

    Рахмет.!!!!!

  • гпа65
    23.04.2018 at 9:51 am

    рахмет!!!

  • Арайлым Калдыбек
    24.04.2018 at 10:52 pm

    Оте жаксы, дурыс жазылган

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру