Валюта бағамы: $ 335.24 395.82 5.82 ¥ 50.65

ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯДАҒЫ АЛҚАЛЫ ЖИЫН

28-29 қазанда  «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы АҚ, «Теміржол техникалары өндірушілері бірлестігі» коммерциялық емес әріптестігі және «М.Тынышбаев атындағы көлік және коммуникация Қазақ академиясы» АҚ  Кеден одағы көлік секторы басшылары мен мамандарының кең шеңберде қатысуымен «Жаңа жағдайдағы темір жол секторын стандарттау және техникалық реттеу» тақырыбы бойынша халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізді.

Халықаралық конференцияның алғашқы жұмыс күні әсем Алматының төріндегі Royal Tulip Luxury Hotels қонақ үйінде басталды. Осында жиынға қатысушыларды ұлттық халық асаптар оркестрі сазды музыка әуенімен қарсы алды. Халықаралық форумға Қазақстан Республикасы және бірқатар шет елдер жоғары оқу орындарының басшылары мен ғалымдары, сондай-ақ, теміржолшылардың, Кедендік одақ көлік секторы мен бизнес қауымдастықтарының өкілдері қатысты.
Конференция мінберіне көтерілген Ресей Федерациясы көлік министрінің орынбасары А.С.Цыленов, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы АҚ президенті кеңесшісі, қоғам қайраткері, ҚР тұнғыш көлік министрі Н.Қ.Исенғарин мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы АҚ вице-президенті Б.П.Орынбасаров Кедендік одақ аясында өтіп отырған алқалы жиынның жұмысына сәттілік тіледі.
Жаңа жағдайдағы көлік саласын стандарттау мен техникалық реттеудің түйінді мәселелерін шешу ісі әлі де болса жетілдіруді және бірлесіп жұмыс жасауды талап етеді. Сондықтан да конференцияда ортаға салар ойлар мен кеңесіп пішер келелі мәселелердің көп болуы заңды. Өйткені, тіршіліктің күретамыры – темір жол бір ғана елдің үстін басып өтпейді. Ол жұмыр жердің бір шетін бір шетіне жалғастырып, досық пен ынтымақтастық арнасын кеңейтіп жатады. 
Конференцияда күн тәртібіне қойылып отырылған мәселе төңірегінде «Темір жол техникалары өндірушілері бірлестігі» Коммерциялық емес әріптестігі  президенті,  «Ресей темір жолы» ААҚ аға вице-президенті  В.А.Гапанович, «Қазақстан темір жолы»  Ұлттық компаниясы АҚ басқарушы директоры-бас инженер С.К.Төлебаев, «Беларусь темір жолы» Мемлекеттік ұйымының бас инженері В.П.Шубадеров, М.Тынышбаев атындағы  көлік және коммуникация Қазақ академиясы АҚ президент-ректоры  Б.М.Қуанышев, Халықаралық темір жол одағы теміржолдар жүйесі Шығыс-Батыс департементі бойынша үйлестірушісі В.Киндерис, тағы басқалар көлік саласын стандарттау, техникалық реттеудің жана жүйесін енгізу, білікті кадрлар даярлау, менеджмент жүйесін сертификаттау мәселелері төңірегіндегі ой-тәжірибелерімен бөлісті.
Бұл күні конференция барысында арнайы топ Темір жолдың жылжымалы құрамы және инфрақұрылымы жөніндегі кодекс пен Темір жол көлігі және көліктік машина жасау  инновациясын дамыту үшін инженер кадрларын даярлауды жетілдіру жөніндегі меморандумға және бірқатар маңызды құжаттарға қол қойды.   


Конференцияда темір жол көлігі саласында үздік еңбек жетістіктеріне жеткен бір топ отандастарымыз бен шетелдік меймандарға «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының «Қазақстан темір жолына – 110 жыл» медалі мен Құрмет грамоталары салтанатты түрде табыс етілді.
Екі күнге созылған халықаралық конференция темір жол көлігі саласындағы қордаланған мәселелерді кеңінен талқылауға, дөңгелек үстел басында тәжірибе алмасуға, барлық аудиторияда айтылған құнды ұсыныс-пікірлерді жинақтау мен нақты  шешімдер қабылдауға мол мүмкіндік ашты.

Ибрагим БЕКМАХАНҰЛЫ

 


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X