Валюта бағамы: $ 314.4 343.83 5.51 ¥ 45.6

Еуразиялық экономикалық одақ құрамы кеңейе түсті

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь астанасы Минск қаласында өткен ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың мем-лекетаралық кеңесінің және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мемлекет басшылары деңгейіндегі отырыстарына қатысты.

Алдымен шағын құрамда басталған жиын барысында Достастыққа қатысушы мемлекеттердің өзара іс-қимылына байланысты негізгі жайттар талқыланды. Сондай-ақ өзара мүдделілік танытатын өзекті мәселелер мен ынтымақтастықты көпжақты пішімде дамыту бағыттары жөнінде пікір алмасылды. Сонымен қатар, күн тәртібінде жоспарланған гуманитарлық, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және өзге де салалардағы мемлекет-аралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған құжаттар жайында айтылды.
Шағын құрамдағы кездесуде сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті ТМД 2016 жылы 25 жылдығын атап өтетіндігіне тоқталып, бұдан әрі қарайғы қызметінің бағыттары анықталатын Достастықты дамытудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеу мәселесін талқылауды ұсынды. Мемлекет басшысы сондай-ақ ТМД-ға төрағалық 2015 жылы Қазақстанға өтетініне, біздің еліміз белгіленген жоспарларды сабақтастық негізде жүзеге асыратынына тоқталып өтті.
– Бірлесе шешкеніміздей, төрағалық Қазақстанға өтетін болды. Біз бұл жұмыстарды одан әрі жалғастырамыз. Мүмкін мемлекет басшыларымен кеңесіп, ТМД-ны дамытудың жаңа тұжырымдасын дайындау жөнінде уағдаласып, одан әрі қалай жұмыс  істейтінімізді  айқындап  алармыз. Бұл құжат ТМД-ның құрылғанына 25 жыл толуына орай әзірленеді, Қазақстан оны дайындап, сіздермен кеңесетін болады. Сауда қатынастарын, еркін сауда аймағын дамыту бағытындағы жұмыстарды тоқтатпаймыз. Біз енді көлік, агроөнеркәсіптік кешен, азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға күш саламыз және біздің төрағалық осы мәселелерді, гуманитарлық ынтымақтастық саласындағы қауіпсіздік мәселелерін қамтиды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұдан соң кеңейтілген құрамда жалғасқан мәжілісте мемлекеттер басшылары ТМД төңірегінде түрлі тақырыпты талқылап, қауіпсіздік, сауда-экономикалық бағыттардағы ынтымақтастық жайын ортаға салды. Бұл ретте, ТМД құрамына кіретін Украина секілді іргедегі елдің басындағы жағдай бұл ұйымға мүше барлық мемлекетті де айрықша алаңдатып отырғаны айтылды. 


Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін аталмыш ұйым тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, жиі бас қосып тұрулары керектігі де тілге тиек етілді.
Қазақстан Президенті кең құрамдағы кездесуде біздің елдің алдағы төрағалығы кезінде айрықша назарда ұстайтын басымдықтарына тоқталды.     – Негізгі мәселелердің бірі – Достастықтағы сенім мен өзара түсіністікті нығайту, ТМД кеңістігіндегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдауға бағытталған бастамаларға атсалысу. Елдеріміздің көпжақты пішімдегі ынтымақтастығындағы өзекті мәселелерді шешуде Достастықтың рөлін арттыру маңызды. Тағы бір маңызды бағыт – өзара сауда-экономикалық іс-қимылды арттыру. Бұл тұрғыда Еркін сауда аймағы туралы шарттың әлеуетін көтеру де қарастырылады. Өнеркәсіптегі, энергетика, көлік, аграрлық және басқа да экономика салаларындағы ынтымақтастықты жандандыру жөнінде шаралар қабылданатын болады, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы ғылым, білім, спорт, туризм, жастар саясаты салаларын қамти отырып, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтудың қажеттігін айтты. Ол сондай-ақ 2015 жылды Ардагерлер жылы деп жариялау туралы шешімнің өте маңызды екенін атап өтті. «Тағы бір маңызды аспектінің бірі Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын бірлесіп мерекелеу болмақ. Бұл біздің ортақ тарихымызға қатысты оқиға болғандықтан, Жеңіс мерейтойын лайықты деңгейде өткізуге тиіспіз. Қаза тапқандар мен көзі тірі ардагерлерге құрмет көрсету қажет. Бүгін Достастыққа қатысушы мемлекеттердің халықтары мен әлем жұртшылығына Жеңістің 70 жылдығына орай Үндеу қабылдау соның жарқын көрінісі болып саналады. Ол біздің халықтарымыздың соғыстың ауыр жылдарындағы бірлігі мен қаһармандығын көрсетеді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев ұйымның таяп келе жатқан 25 жылдығы қарсаңында ТМД-ны әрі қарай дамыту тұжырымдамасын әзірлеудің қажеттігіне тағы бір рет назар аударды.
Отырыстың қорытындысында мемлекетаралық ынтымақтастықты түрлі салаларда дамытуға бағытталған бірқатар құжаттарға қол қойылды. 
Президент Нұрсұлтан Назарбаев кеңес отырысының қорытындысына арналған брифингте ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының кездесуі жемісті болғанын, оның қорытындысы бойынша маңызды құжаттарға қол қойылғанын атады.
Мемлекет басшысы біздің еліміз жұмысты сабақтастық қағидаты негізінде құруға ниетті екенін атап айтты. 
Минскіде сонымен қатар Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың мемлекетаралық кеңесінің отырысы өтті. Онда ЕурАзЭҚ жұмысының қорытындысы шығарылып, оның қызметін аяқтау туралы шартқа қол қойылды. Осылайша, бұған дейін келісілгендей, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап ЕурАзЭҚ жұмыс істемейтін болды. Оның жұмысын ендігі жерде Еуразиялық экономикалық одақ жалғастырмақ. Осылайша, еуразиялық интеграцияны дамыта отырып, елдеріміз заңды кезеңдер – еркін сауда аймағы, Кеден одағы, Біртұтас экономикалық кеңістік арқылы батыл ілгерілеп келеді. Яғни осы кезеңдер нәтижесінде әлемдік экономикада толыққанды халықаралық құқықтық субъектілікке ие және Дүниежүзілік сауда ұйымының қағидалары негізінде әрекет ететін жаңа экономикалық ұйым пайда болып отыр. Бір атап өтерлігі, Минскідегі жиында одақ құрамы кеңейе түсті. Мәселен, осыған дейін одаққа қосылу жайы талай талқыланып келген Армения мемлекеті құрамға ресми түрде кірді. Ал Қырғыз Республикасының одаққа кіру алдындағы «жол картасы» қабылданды. 
Қазақстан Президенті сөйлеген сөзінде ЕурАзЭҚ-тің 151 келісімінің 87-сі күшінде қалып, 64-і өз күшін жоятынын атап өтті. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақ органдарының шешімдері мүше елдердің мемлекеттік тіліне уақытылы әрі сапалы аударылуы тиістігін тілге тиек етті. «Бірлестіктен алатын басымдығымызды бизнесмендерге, біздің елдеріміздің халқына қарапайым тілмен түсіндіре алуымыз да барынша маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, Одақ органдарының шешімдерін, халықаралық шарттарды мүше елдердің мемлекеттік тіліне уақтылы әрі сапалы аудару туралы шарт нормасын толық көлемде жүзеге асыру және оларды жариялау қажет. Әріптестер мен комиссия бұл жұмысты жеделдетуі тиіс», – деді Елбасы.
Сонымен қатар, Елбасы Жоғары кеңестің келесі отырысы желтоқсан айында Мәскеуде өтетінін айтып, сол жиынға дейін Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты ратификациялау ресімдері аяқталатындығына сенім артатындығын білдірді.
Мемлекетаралық кеңес отырысы аяқталған соң мемлекет басшылары Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мемлекеттер басшылары деңгейіндегі отырысына қатысты. Мемлекет басшылары Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістікті дамытудың негізгі бағыттарын, сондай-ақ, еуразиялық интеграциялық үдерістерді кеңейту мәселелерін талқылады. 
Бекет КӨКЕНАЙҰЛЫ

 


Оқи отырыңыз

Пікір(1)

  • Рустем
    27.03.2015 at 1:02 пп

    Құрметті отандастар!
    1991 жылының 16 желтоқсан күні ең маңызды тарихи оқиғалардың қатарына тәуелсіздік пен еркіндік қағидаларында негізделген қазақ мемлекеттілігінің жаңа кезеңнің санау нүктесі ретінде кірді. Қазақ мемлекетінің ең негізгі мақсаты қазақ азаматтардың әл-аухат деңгейін өсіру, қауіпсіз өмірді қамтамасыз ету және халқымыздың алдында турған тарихи міндеттерді орындауға мықты серпін беру.
    Тәуелсіздік күні туған Отанымызбен, оның тарихымен, Отанымыздың кәзіргі күні мен болашағымен біздің ажырағысыз байланыс бар екенін көрсетеді. Қазақстанымызды біз бәріміз мықты, еркін, егемен және дамыған мемлекет ретінде көргіміз келеді.
    Ұлттық құндылықтарды сақтап, отаншылдық сезімімізді нығайтып біз бәріміз ерең еңбек етсек алдымызға қойған мақсаттарға қол жеткіземіз.
    Тәуелсіздік алу жолында Қазақстан көп ғасырлық тарихи жол өтті. Еліміздің тәуелсіздігі бұл ұлттық мүдделерді қорғаған оның азаматтарының асқан ерліктерінің және ерең еңбектерінің жемісі. Мысалы ол Қайрат Рысқұлбеков, Ляззат Асанова. Оларды еске алу мен оларға құрмет көрсету бізді бәрімізді біріктіріп жатыр.
    16 желтоқсан күні 1991 жылы мемлекеттік егемендік туралы заң қабылданды, содан бері біз еліміздің ең басты мерекесін тойлап келеміз. Бұл мереке біздің елімізде туратын миллиондаған азаматардың тағдырына әсер етті, шетелде тұратын қандастарымыз үшін де бұл өте қымбатты мереке. Ғасырлар бойы қазақ мемлекеті құрылған, оны біздің бабаларымыз ерең еңбекпен, шабытпен және асқан ерлікпен құрған.
    Тәуелсіздік — еліміз үшін айтулы әрі орны ерек ұлық мереке. Осы азаттық үшін қазақ халқы ғасырлар бойы әрбір арайлап атқан таңын қайғы-қасіретпен, түрлі зұлматпен, ауыз айтуға бармас зобалаңмен өткізді. Азат ел болып, өз алдына туын тігіп, өзгелермен терезесі теңдей ғұмыр кешу бақытын олар аңсады, армандады, осы жолда күресіп бақты. Талай ұлыларымыз, асылдай азаматтарымыз бен рухты қыздарымыз осы жолда жанын пида етіп, құрбан болды. Құдайға шүкірлігі, бүгінде қазақ елі бабалар аңсаған, армандаған тәуелсіздікке қол жеткізді. Биыл өз алдына тәуелсіз мемлекет болғанымызға 23 жыл толды. Өткен мен бүгінді сабақтастыра отырып, тәуелсіздікке тәуба жасап, егемендігімізді онан әрі баянды ету бүгінгі ұрпақ еншісі. Егемендігіміздің қадір-қасиетін бағалап біз оны өзіміздің ерең еңбегімізбен одан ары нығайта беруіміз керек деп білемін.
    Өз уақытында Тәуелсіздік күні біздің еліміздің, біздің бірлігіміздің және өткеніміз бен кәзіргі күніміз үшін жауапкершілігіміздің рәмізі болды. Тек бірлік пен әлеуметтік әріптестік арқылы, бәріміз күш қуатымыз жұмсасақ қана біз үлкен жетістіктерге қол жеткізетін боламыз. Бүгінгі таңда, еліміздің дамуы, мемлекетіміздің кәзіргі күні мен болашағы әрбір азаматтың еңбегіне, жігерлігіне және азаматтық жауапкершілігіне байланысты.
    Біздің ортақ құндылықтарымызды түсінетін және оларды жоғары бағалайтын азаматтар Тәуелсіздік күнін тойлайды, ал біздің ортақ құндылықтарымыз осы: туған мемлекетті мақтан ету, Отанның гүлденуі үшін ерең еңбек ету және өз еліне, отбасыңа, туыстарыңа және туған топырағыңа шексіз сүйіспеншілік. Өйткені біз бәріміз, біздің отбасымыз, біздің балаларымыз бұл Қазақстан.
    Әрбір азаматтың қамын ойлауды, ұлттық құндылықтарды сақтауды бысымдылық ретінде белгілеген мықты мемлекет қана шын мәнінде егеменді мемлекет бола алады. Біз бәріміз өткенімізді құрметтеп, Қазақстанымыздың тағдырын ойлап тұруымыз керек деп білемін. Тәуелсіздігімізді қорғау, ұлттық мүдделерді қорғау, Қазақстанымыздың қарқынды дамуына өз үлесін қосу республикамыздың әрбір адал азаматтың міндеті деп білемін.
    Тәуелсіздік күні Отанымыздың кәзіргі күні мен болашағын талқылауға жақсы сылтау, Отанымызды қуаттандырып дамыту үшін не істеу керек, не істеуіміз керек, осыны ойланып көрейікші ардақты ағайын. Қазақстанның әрбір адал азаматы жемісті еңбекпен Отанымызды күшейтіп оның дамыуына көмектесу керек, өзінің терең ойларымен және пайдалы бастамаларымен елімізді қуаттандыру керек, өзінің парасатты азаматтық көзқарасымен еліміздің ұлттық мүдделерін қорау керек деп білемін.
    Денсаулықтарыңыз мықты, Қазақстан үшін жасалған еңбектеріңіз жемісті болсын ардақты ағайын!
    Қазақстанымыз жасасын!

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X