Валюта бағамы: $ 333.08 391.5 5.64 ¥ 50

«Маленковтың байталы» немесе экономикалық саясат

Құпиясын ішіне бүккен тылсым құбылыс атаулының сырына үңіліп, жұмбағын шешуге ұмтылатын кез-келген ғылым сияқты экономика да шаруашылық өмірдің даму заңдылықтарын ашуды мақсат тұтады. Бұл орайда қоғамдық өндірістің сан алуан салаларынан ағындаған ақпаратты бір арнаға бұрып, сын тезінен өткізу үшін талдау таразысына салатын экономикалық теорияның алар орыны ерекше. Сөйтсе де, қаншалық қисынды болғанымен, теория атаулының күнделікті тірліктен алшақтау қонатыны бар.

Экономика ғылымын шартты түрде позитивтік (теориялық) және нормативтік (қолданбалы) ғылым салаларына бөлуге болады. Осы екі сала да тәжірибе-практиканың әсерімен дамиды. Қазіргі таңда елімізде экономикалық теория мамандары әлеуметтік бағытты нарықтық шаруашылыққа өту, ұлттық экономикалық даму моделін қалыптастыру, ілкімді тауарлар мен қызметтерді арттыру арқылы халықтың әл-ауқатын жақсартып, жұмыс орындарын көптеп ашу мәселелерімен айналысуда. Осы орайда адамның өнімді еңбек қызметі мен ұйымдаса шаруашылық жүргізуін   зерделеп, заңдылықтарын айқындайтын теорияшылар «қалтасынан ақыл суырып», дайын ұсыныс бермейтінін атап өтуіміз керек. Оның есесіне экономикалық теория ілімі қоғамның шаруашылық заңдары мен даму заңдылықтарына сүйенетін экономикалық саясат қалыптастырудың іргетасы бола отырып, ықтимал қауіптерден қорғануға және таяу болашаққа көз салуға мүмкіндік береді. 

Шаруашылық құбылыстарын талдаудан туындайтын теориялық тұжырымдарды іс жүзіне асыру экономикалық саясат үлесіне тиеді. Мемлекет алдына мақсат пен міндет  қойып, оны жүзеге асырумен айналысатын саясатшылар экономикалық өлшем атаулыны ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік, психологиялық, экологиялық және саяси себеп-салдарлардың барлығын  қаперге алады. Сөйтіп, материалдық игіліктерді өндіріп, бөліске салу және тұтыну тұрғысынан алғанда мемлекет атқаратын іс-шаралар экономикалық саясат өзегін құрайды.  Қоғамның өркендеп-дамуының өзегі – өндіріс ауқымын реттей отырып, мемлекет әлеуметтік ілгерілеу қарқыны мен келешегін айқындай алады және осы арқылы елдің көкейтесті әлеуметтік-экономикалық түйткілдерін шешеді. 
Көзделген мақсат тұрғысынан алғанда экономикалық саясат экономикалық стратегия мен тактикаға жіктеледі. Экономикалық стратегия қоғамның ұзақ мерзімді даму келешегін белгілеп, ірі ауқымды міндеттерді шешуді көздейді. Ал, ғылыми-техникалық ілгерілеу, қоғамдық еңбек өнімділігін арттыру, қызметкерлерді тастүйін жұмылдыру  экономикалық тактика еншісінде. Бұл міндеттер ғылыми қисын негізінде жүзеге асырылуы тиіс. Ал, керісінше, объективтік заңдылықтар бұрмалана отырып орындалған экономикалық саясат қоғамды тығырыққа тіреп, адымын аштырмауы әбден ықтимал. Алысқа бармай-ақ, күні кешегі Кеңестер Одағын мысал ретінде ұсынуға болады. Партиялық-мемлекеттік аппараттың қолында шоғырланған орасан билік тар шеңберлі ведомстволық мүдделерді ғана көздеді. Мұның өзі экономикалық өсуге, қоғамның әлеуметтік ілгерілеуіне кедергі келтірді. Әкімшілдік-әміршілдік әдістерге негізделген экономикалық саясат қоғамдық ғылымдардағы тоқырауға да түрткі болды. Субъективті, өзімшіл-волюнтаристік саясат әлеуметтік өмірді елеп-екшеудің басты құралына айналды, экономика мен саясаттың өзара байланысы бұзылып, шаруашылық жүргізудің авторитарлық-төрешілдік жүйесі орнықты. 
Экономикалық саясаттағы субъективизм мен өзімшілдік мемлекет мүддесін бәрінен жоғары қойды. Жалпыхалықтық меншік нысаны ретінде мемлекет экономикалық саясатты жалғыз өзі қалыптастырды. Мұндай ахуалда экономикалық қарым-қатынастардың нақты қатысушылары – қызметкерлердің, еңбек ұжымдарының мүдделері назарға алынбады, сөйтіп, жұмысшылар мен шаруалар өндіріс құрал-жабдықтарынан алшақтатылып, немқұрайдылық белең алды, шаруашылық жүргізудің әкімшілік-әміршілдік  әдістеріне шаң жуытылмады. Мемлекет экономикалық шешімдер қабылданатын басты орталық ретінде жалпыұлттық меншікті нығайтып, үстемелуге және ұлғайтуға тиіс болды. 
Қазақ-қырғыз арасында «Маленков берген байталды, Хрущев келіп қайта алды, айналайын Косыгин, байталымды қайтарды» деген ащы әжуаның тарайтыны да осы тұс. Бұл кезең Кеңестер Одғаы тарқаған 1990 жылдарға  дейін созылғаны белгілі.

Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің 
кафедра меңгерушісі


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X