Валюта бағамы: $ 335.24 395.82 5.82 ¥ 50.65

Сапалы даму санадағы өзгерістерден басталады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы өткізген Трансформациялау форумына қатысты. 

Трансформация сөзі өзгеру, түрлену ұғымын білдіреді десек, бір формациядан екіншісіне, оның өзінде бір-біріне кереғар – социалистік қоғамдық құрылыстан капиталистік даму жолына өткен елімізде қоғамдық санадағы өзгеріс бұдан ширек ғасырға таяу уақыт бұрын басталған.

Жалпыға ортақ меншік пен әлеуметтік теңдікке негізделген социализмнен нарықтық қатынастар мен жекеменшік үстем болатын капиталистік қоғамға өту, яғни мүлдем жаңа түрге ауысу, әрине, айтқанға ғана оңай. Санада жәй ғана өзгеріс емес, сілкіністі қажет ететін іс.

Жаңа қоғамға бет түзеген елімізде экономикалық қатынастардың жаңа түрге ауысуының нәтижесіндегі өзгерістердің айқын бір көрінісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының құрылуы болды. Елімізде күні кеше ресми түрде іске қосылған Трансформациялау бағдарламасының  осы қордан басталуы да сондықтан. Жалпы, бүгінгі таңда әлемдік, халықаралық ірі компаниялардың барлығы да трансформациялық жаңару мен жаңғыруды бастан кешіруде. Өйткені жаһандық экономика мен қаржы нарығындағы  орасан өзгерістер олардың да алдына жаңа міндеттер қойып отыр. Осы тұрғыда әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті холдингке айналу үшін «Самұрық-Қазына» қорына да үлкен өзгерістер қажет. Міне, сондықтан да корпоративтік басқаруды жетілдіріп, оңтайландыру, басқару мен бизнес-шешімдердің бірыңғай ақпараттық жүйесін түзу, барлық компаниялар тобында жұмысты үздіксіз жетілдіру мәдениетін қалыптастыру мақсатында Қорды трансформациялау бағдарламасы қолға алынып отыр. Яғни бағдарлама компания топтарына кірісті арттыруға, жоғары технологиялы, тиімді де табысты жобалардың санын көбейтіп, сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін өзгерістерге жол ашуы тиіс.
Аталған форумда бағдарламаның  тұсаукесеріне қатысып, сөз сөйлеген Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» қорын қалыптастырар кезде ел байлығын еселейтін, жоғары технологиялы әрі тиімді компания құру көзделгенін айтты.
– Ол құрылғаннан кейін әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс басталып, оны еңсеру ісіне қор атсалысуға мәжбүр болды. Ол ауыр жағдайдағы бірқатар екінші деңгейлі банктердің активіне кірді. Қазір енді Қордың тікелей қызметімен айналысатын уақыты туды, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев одан әрі қор мемлекеттің мұнай-газ және атом өнеркәсібіндегі, энергетика, көлік және коммуникациялар саласындағы ірі активтерін біріктіретіндігіне тоқталды. Қордың жиынтық активі елдің ішкі жалпы өнімінің жартысына тең екендігін, соңғы үш жылда Қор компаниялары бюджетке 2,5 трлн теңге аударғанын атап өтті.
– «Самұрық-Қазына» еліміздегі ең ірі жұмыс берушілердің бірі саналады – онда 350 мыңнан астам адам жұмыс істейді. «Самұрық-Қазына» қоры – іс жүзінде екінші ұлттық қор. Онда елдің байлығы шоғырланған, ол біздің қазіргі және болашақтағы игілігіміздің көзі болып саналады. Елдің әрі қарайғы дамуы да трансформация бағдарламасын қалай орындайтынымызға байланысты, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президентінің айтуынша, бұл бағдарлама әлемнің жетекші қорларының тәжірибелеріне сүйенген және бірнеше мақсатты көздейді. «Біріншіден, қор компанияларының құнын ұлғайту. Екіншіден, портфельдің басқарылу тиімділігін арттыру. Үшіншіден, үкімет, директорлар кеңесі, қор басқармасы, сондай-ақ қор мен оның портфельдік компаниялары арасындағы жауапкершілікті айқын бөлу», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қордың жиынтық активі бес жыл ішінде 200 млрд долларға дейін еселенуі үшін трансформация аясындағы күш-жігер, бірінші кезекте Қор компанияларының жаңа құнын қалыптастыруға бағытталуы тиіс.
– Бұл реттегі өсім портфельдік компаниялардың жаңа құнын қалыптастыру есебінен жүруі қажет. Бұған өнімділікті арттыру, жоғары технологиялы және табысты жобаларға инвестициялау жолымен жетуге болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы 5 жылдан кейін Қордың үш компаниясы әлемдегі ірі компаниялардың Fortune-500 тізіміне кіруі керектігі жөнінде міндет қойды.
Қазір бұл рейтингке негізінен түсімдері 5-тен 500 миллиард долларға дейін құрайтын батыс компаниялары кіреді. Сонымен қатар, кейінгі кездері азиялық компаниялардың үлесі айтарлықтай өсті. Мәселен, 2003 пен 2014 жыл аралығында қытайлық компаниялардың саны 8-ден 95-ке дейін өсті, ал CNPC мемлекеттік мұнай корпорациясы алғашқы бестікке кірді. Сондай-ақ, тізімде ресейлік 8 компания бар. «Fortune» тізіміне кірудің негізгі өлшемдері түсім мөлшері мен қаржылық есептіліктің айқындығы болып саналады. Түсім мөлшері жөнінен Қордың кемінде екі компаниясы – «ҚазМұнайГаз» және «ҚТЖ» аталған тізімге әлден-ақ кіре алады», – деді Президент.
Елбасы бұдан әрі өз сөзінде елімізде бүгінде «Самұрық-Қазына» компаниясына бәсекелес іс жүзінде жоқ екеніне, бірақ ол әлі тиімділік көрсеткіші жағынан трансұлттық компаниялармен және шетелдік жетекші мемлекеттік корпорациялармен салыстыруға келмейтініне назар аударды.    «Біз шетелдік стратегиялық серіктес тартқан «Эйр-Астана» ғана қазіргі кезде жаһандық нарықта лайықты бақталас бола алады. Тек сол ғана әлемдік бәсекелес-компанияларға қарағанда, капиталды пайдалану тиімділігін жоғары деңгейде көрсетіп отыр. «Қазатомөнеркәсіп» және «Қазақстан темір жолы» да жақсы нәтижелер мен капиталды пайдалану тиімділігін көрсетуде. Бірақ Қордың басқа компаниялары, өкінішке қарай, мұндай жетістікпен мақтана алмайды. «Қазпочта», «КЕГОК» тиімділігі төмен компаниялар ретінде қалып, бүгінгі таңда әлемнің осы тектес компанияларымен бәсекелесуге қауқарсыз болып отыр. Қор үшін олар не ұсынды, даму стратегиясы қандай? Үкіметке не ұсынды?»  
Мемлекет басшысы осыған байланысты бәсекеге қабілеттілікті көтеру үшін бірқатар бағыттарды атады. Атап айтқанда, Қорға өзінің тиімділігі мен өнімділігін едәуір көтеру керек. Бұл реттегі өсім таяу 5 жылда 30-40 пайызға секіріс жасауы керек. Ол үшін өндіріс пен басқару технологияларына, нарықтық сараптамаға ие стратегиялық серіктестер мен инвесторларды белсенді түрде тарту қажет болады. Соның арқасында Қор компаниялары, бірінші кезекте Кеден одағы елдерінің нарығына, сосын сыртқы нарықтарға шығып, бәсекелестікке түсуі тиіс.
Мемлекет басшысы Қордың өз ғылыми-техникалық әлеуетін дамытқаны жөн екендігіне де ерекше назар аударды. Сондай-ақ «Халықтық ІРО» бағдарламасын жүзеге асыруды жалғастырудың, оған қазақстандықтарды барынша көп тарту қажеттігін атап өтті.
– Акциялар бірнеше ірі әрі шапшаң инвесторлардың қолына емес, халықтың қолына тиетіндігіне сенімді болу үшін нақты ережелерді анықтау керек. Барлық үдерістердің толық айқындығы мен ақпараттың қолжетімділігі қажет, – деді бұл ретте Мемлекет басшысы.
Елбасы «Самұрық-Қазына» қоры елдегі жеке сектордың дамуына септігін тигізуі керектігін айтты және табиғи ресурстары шектеулі болса да индустрия көшбасшысы болған компанияларды шығара білген Оңтүстік Кореяны мысалға келтірді. «Самұрық-Қазына» қоры еліміздегі жеке сектордың дамуына үлес қосуы тиіс. Сингапурлық Темасек кезінде өз алдына мемлекет активтерін басқарып қана қоймай, сондай-ақ  өз жанынан ел экономикасын нығайтатын жаңа кәсіпорындарды  ашу міндетін қойған болатын. 60-шы жылдар соңында Темасек шағын кеме жөндейтін кәсіпорын құрып, оны әлемнің ірі кеме жасаушы компанияларына дейін дамытты. Бүгінгі күні Қор аталмыш корпорацияның тек 20 пайызына ғана ие болып отыр», – деді.
Мемлекет басшысы сонымен қатар осы елдің кезінде мата, күріш, автокөлік жабдықтарын сауда­лаған шағын компанияларды жеке индустриялық корпорацияларға айналдырғанын мысалға келтірді. «Бізде мұнай, газ, көмір, алтын, күміс, мыс қоры жеткілікті. Менделеев кестесінің 54 элементі біздің елімізде өндіріліп жатыр. Ал Оңтүстік Кореяда мұның бірі де болмады, дегенмен олар жаңа технологиялар мен өндірістегі әлемдік көшбасшыларға айналған Samsung, LG сынды компанияларды дамытып шығарды», дей келіп Президент, «Самұрық-Қазына» қорының да осындай компанияларды құрып, өндіріс орындарын ашып, дамытуға әлеуеті бар екендігін тілге тиек етті. «Белгілі бір деңгейге жеткенде Қор мұндай компаниялар құрамынан шығып, осылайша, еліміздің жеке секторын дамытуға өз үлесін қоса алар еді. Осы мәселеде «Самұрық-Қазына» қорының көшбасшылығы мен маңызды міндеті көрініс табады», –деді Президент.
Елбасы шағын және орта бизнесті дамытуды ұлттық мәселе деп атады. 2050 жылға қарай шағын және орта бизнестің ІЖӨ-дегі үлесі 50 пайызға жетуі тиістігін, «Самұрық-Қазына» бұдан шет қалмауы керектігін жеткізді. Осыған орай, «Қор өзінің әрбір компаниясының айналасында шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасауы қажет. Трансформация осы міндетті жүзеге асыруға жағдай жасайды, өйткені, Қорда тек негізгі бизнес қана қалуы тиіс, ал қосалқы функцияларды ШОБ атқара алады», – деді.
«Самұрық-Қазынаға» жаңаша жұмыс істей алатын жастарды тарту қажеттігіне тоқталып өткен Нұрсұлтан Назарбаев: «Маған жоғарыда ел үшін, өзі үшін жұмыс жасағысы келетін жас адамдардың тізімі мен суреттерін көрсетті. Оларды компанияға қалай тарту қажеттігі – бұл маңызды мәселе болмақ. Бұларды кәсіби білігі, тәжірибесі, білімі бойынша қалай жоғарылатуға болады? Яғни атқарған істеріне байланысты. Қоңырау шалса, танысы болса жеткілікті, ондайлар жұмысқа орналасып жатады. Олар ол жақта қол қусырып бос отырады. Міне, бұл басты міндет», – деп қордың басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеевке қадап айтты.
Мемлекет басшысы сонымен қатар мемлекеттік компания корпоративтік нарықтық қағидаттарға сүйенген жағдайда проблемаларды табысты шешуге болатынын атады. Бұл ретте Елбасы осының жарқын мысалы ретінде шығыстағы көршілес Қытайдың мемлекеттік компанияларын атап өтті. «Бір кездері Горбачевтың қайта құрулары бір орында табандап тұрып, оның ешқандай да жетістігі болмайтыны аңғарыла бастағанда, оның жанындағы жақын адамдардың бірі болатынмын, маған көп кеңестер беріп, ұзақ түсіндіруге тура келді,  – деді Нұрсұлтан Назарбаев. – Мен «ақыры ешқандай бағдарлама мен стратегия болмаса, Қытайға қарайық», деп кеңес бердім. Өйткені, Қытайда тура сол кездегі Кеңес Одағындағыдай мемлекеттік құрылым болатын, басшылық күш коммунистік партияның қолында болды. Бұл партия тәртіптің нағыз тірегі іспеттес еді. Осы арқылы Орталық комитеттің қаулысымен-ақ Компартияға нарықтық реформа жүргізуге бұйырса, ол жүргізілетін еді. Тәртіп сондай болатын. Бұған ол көнбеді, Қытай деген біз үшін кім дегендей болды. Ал шындығында, дәл сол Қытайда жүргізілген реформалар жақсы нәтиже берген болатын».
Сөзін қорытындылай келіп, Нұрсұлтан Назарбаев трансформациялау бағдарламасының басталуы еліміз үшін маңызды оқиға екенін, оның барысы қатаң бақылауда болуы тиістігін қадап айтты.

 


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X