Валюта бағамы: $ 386.34 427.25 5.88 ¥ 54.57

Жер жүйелі шаралар арқылы игеріледі

Елімізде 5 млн. гектарға жуық пайдаланылмай жатқан жер аумағы анықталып, оның 1,7 млн. гектары қазір мемлекет меншігіне қайтарылған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді. 


Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы, тұрғын үй және басқа да мақсаттарға арналған жерлерді түгендеу жайы және еркін экономикалық аймақ қызметін жетілдіру мәселелері қаралған болатын. Осы ретте ұлттық экономика вице-министрінің баяндауынша, 2012-2014 жылдары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді түгендеу жүргізіліп, бұл тұрғыда 96 миллион гектардан астам жер қамтылған. Қазірде 2,1 миллион гектар жерді пайдалану жұмыстары басталды, 800 мың гектар бойынша бұйрық шыққаннан кейін қайтару мерзімі әлі басталмаса, 500 мың гектар бойынша талап-арыз соттың қарауында. Қ.Өскенбаевтың айтуынша, қолданыстағы заңнама аясында пайдаланылмай отырған жерді қайтару үдерісі айтарлықтай күрделі. Сондықтан Үкіметте заңнамалық актілерге қажетті өзгерістер мәселесіне назар аударылды.
Жеке тұрғын үй құрылысында да пайдаланылмай, сәтін күтіп жатқан жер телімдері жеткілікті. «Республика аумағында жеке тұрғын үй құрылысына 385 мыңнан астам жер телімі берілді. 328 мың жер телімі тексеріліп, пайдаланылмай отырған 55 мың жер телімі анықталды. Оның ішінде 16,3 мың жер телімін пайдалану жұмыстары басталды, 7,2 мың жер телімі азаматтық-құқықтық мәмілелер нәтижесінде жаңа меншік иелеріне ауысты, пайдаланылмай отырған 20 мың жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды, ал иесіз мүлік ретінде 9 мың жер телімі есепке қойылды. Қалған жер телімдері бойынша меншік иелеріне жазбаша нұсқамалар берілді», деді ол. Жер учаскелерін пайдаланбаудың себептері инфрақұ-рылымның жоқтығынан, яғни жер аумағының сумен, электр энергиясымен және жолмен қамтамасыз етілмеуіне байланысты болып отыр. Мұнымен қоса, кейбір меншік иелерінің қаржы тапшылығы да жер телімдерінің игерілмеуіне себеп болуда. 
Үкімет отырысында сондай-ақ, жер қойнауын пайдаланушыларға қойылатын бірқатар талаптар, оның ішінде, ауыл шаруашылығына арналған жерлерді пайдалану кезінде топырақтың құнарлы қабатын сақтайтын технологияларды қолдану туралы талаптар талқыланған.

     Қ.Өскенбаев бұл мақсатта тиісті шаралар жоспары әзірленіп, жергілікті атқарушы органдармен келісілгенін жеткізді. «Алдымен, мәселе барлық агротехникалық қажетті шараларды жер ресурстарын пайдалану кезінде енгізу туралы болмақ. Ауқымды егіс айналымы, құнарлы қабат құнарсыз болып қалмауы үшін барлық жүйелерді енгізу қажет. Қолданылып жатқан жүйелі шаралар осы мәселеге қатысты», деді вице-министр. Осыған орай жерді пайдалану саласындағы проблемаларды шешуді жүйелеу мақсатында жұмыс тобы құрылып, жергілікті атқарушы органдармен келісілген кешенді жоспар жобасы әзірленген. Министрлік ауыспалы егіс пен агротехнологияны сақтаудан тұратын жердің құнарлылығын сақтауға және арттыруға бағытталған міндетті шараларды қарастыратын ауыл шаруашылығына арналған жерлерді ұтымды пайдалану ережелеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізуге бастамашы болып отыр.

Үкімет отырысында қаралған тағы бір мәселе – еркін экономикалық аймақ қызметін жетілдіру жайында инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Сағадиев баяндады. Өз кезегінде Е.Сағадиев «Еркін экономикалық аймақ қызметін жетілдіру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен қосымшалар енгізу туралы» заң жобасы аясында ЕЭА құру және жою процедурасы өзгертілетінін айтты. Қазіргі уақытта ЕЭА-ға байланысты барлық шешімдер Президенттің Жарлығы және Салық кодексі негізінде қабылданатын болғандықтан, бұл заңға енгізілетін түзетулер жаңа қызмет түрі мен ЕЭА жобаларына рұқсат беру үрдісін едәуір қысқартады. Вице-министрдің айтуынша, салалық бағыттылықты және ЕЭА түрлерін таңдауды бақылауға қатысты қалған мәселелердің барлығы Үкімет деңгейіне түседі.
Сондай-ақ, ол соңғы уақытта Қазақстандағы инвестициялық ахуал айтарлықтай жақсарып, ЕЭА индустриялық аймақтар түрінде бәсекелестер және инвестициялық келісімдер жасау мүмкіндіктері пайда болғанын атап өтті. Бүгінгі таңда Ақтау теңіз портында  жұмыс істеп тұрған 5 инвестор 9,5 млрд. теңге салық төлеуі тиіс және жыл соңына дейін шамамен  5 млрд. теңге сомаға тағы 5 жобаны іске қосу жоспарланған. «Аумағы 200 гектарды құрайтын алғашқы алаңды біз тек 2012 жылы ғана тапсырдық. Бұл мақсатқа 7 млрд. теңге бөлінді. 2015 жылы жалпы сомасы  13,4 млрд. теңгені құрайтын тағы 9 жобаны іске қосу жоспарлануда. Біздің ойымызша,  2-3 жылдың ішінде алғашқы алаң инвесторларға лық толатын болады», деді Е.Сағадиев. Келесі жылдан бастап инвестициялар тарту бойынша шетелдік өкілеттіктер желісін кеңейту жоспарланып, бұл жұмыс шетелдік мамандарды тарту арқылы жүргізілмек. 

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру