Валюта бағамы: $ 333.08 391.5 5.64 ¥ 50

Басымдық барлық салаға бірдей Кәсіпкерлер «Даму» қорының кепіліне ие болуда

Бүгінгі таңда республикамыздағы 27 қала немесе әрбір үшінші қала моноқалалар мәртебесіне ие. Бұлар негізінен кеңестік кезеңде ашылып, қалыптасқан әрі бүгінгі күні ішінара жұмыс істеп тұрған немесе өз қызметін тұтастай тоқтатқан қала құраушы кәсіпорындары бар қалалар. Моноқалалардағы қала құраушы кәсіпорындардың өндірістік өнеркәсіптегі үлесі жалпықалалық өндіріс ауқымының 20 пайызын  құрайды. Бұл ретте қала құраушы кәсіпорындар моноқаладағы барлық экономикалық және әлеуметтік үдерістерді айқындайды.    

Ал елімізде моноқалалар ретінде тұрғын­дар саны 10 мыңнан 200 мыңға дейін жететін, қала құраушы кәсіпорындарда жалпы жергілікті тұрғындар санының 20 пайызы еңбек ететін қалалық елді мекендер танылады. Осыған байланысты моноқалаларды қолдау бағдарламасының қажеттілігі сол қалалардағы әлеуметтік-экономикалық про­бле­ма­лардың қордалануынан туындап отыр.
Ағымдағы жылдың қыркүйегінде Үкімет қаулысымен «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын. Ондағы негізгі өзгерістер моноқалаларда, шағын қалаларда, сонымен қатар, олардың әкімшілік бағынышты елді мекендерінде жобаларды жүзеге асыру үшін өтініш тапсырған кәсіпкерлердің несиесіне «Даму» қорының кепілін берудегі салалық шектеулерді алып тастауға қатысты. Ал кредит бойынша кепілдендіру мөлшері жалпы несие сомасының 70 пайызын құрайтын болады. Нақтырақ айтқанда, моноқалалардың кәсіпкерлері ендігіде 30 пайыздағы кепілдікті қамтамасыз еткен жағдайда қызмет түріне қарамастан 20 млн. теңгеге дейін, ал 50 пайыздық кепілді қамтамасыз етсе, 150 млн. теңгеге дейін несие алуға мүмкіндігі болады деген сөз. Мұндай өзгерістер монақалалардың орта және ұзақмерзімді перспективада орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуына септігін тигізетін болады.
«Даму» қоры Үкімет қаулысымен енгі­зіл­ген өзгерістердің моноқалалардағы кәсіп­кер­лікті дамытуға тың серпін беретініне, бұған дейін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша басымдық берілмей келген сауда, қоғамдық тамақтандыру секілді басқа да қызмет түрлері саласында шағын және орта бизнес санын арттыратынына сенімді. Мұндай шараның моноқалалардағы әлеуметтік-экономикалық проблемалардың оң шешім табуына, сондай-ақ, келешек да­мудың перспективалық бағыттарын айқын­дауға ықпалы зор болары сөзсіз.
Атап өтерлігі, қазіргі таңда «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында «Қазақстан халық банкі», БТА Банк, Казкоммерцбанк, БанкЦентрКредит, АТФБанк, Евразия Банкі, Ресей Жинақ банкі, Цеснабанк, Нұрбанк, Темірбанк, ВТБ Банк, ForteBank, Эксимбанк Қазақстан, Delta Bank, Альфа-Банк, АзияКредит Банк, Альянс-Банк, БанкАстанаФинанс, «Bank RBK», «Шинхан Банк Қазақстан», «Qazaq Banki», «Қазинвестбанк», «БанкПозитив Қазақстан», «Capital Bank Kazakhstan» банктері кепілдендіру құралы ретінде жұмыс істеуде.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X